2) осы Заңның 13-бабының 12-тармағында көзделген шарттарды орындау;
3) клиентке көрсетілетін төлем қызметін ұсыну фактісін растайтын және қажетті деректемелерді қамтитын құжатты беру;
4) төлем агентінің банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен немесе төлем ұйымымен жасасқан шарттың талаптарына сәйкес, ал қосалқы төлем агентінің төлем агентімен жасасқан шартқа, сондай-ақ төлем агенті және банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасындағы шартқа сәйкес сыйақыны өндіріп алуы;
5) осы баптың 3-тармағында көзделген ақпаратты клиентке ұсыну.
3. Көрсетілетін төлем қызметін ұсыну басталғанға дейін төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті клиентке мынадай ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді:
1) көрсетілетін төлем қызметінің атауы және оны ұсыну орнының мекенжайы;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, төлем ұйымының, төлем агентінің, сондай-ақ қосалқы төлем агентінің атауы, сәйкестендіру нөмірі, байланыс деректері (тұрған жері мен заңды мекенжайы, телефон нөмірі).
Дара кәсіпкер болып табылатын төлем агенті және қосалқы төлем агенті өздерінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) туралы ақпаратты қосымша көрсетеді;
3) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензиясының нөмірі не төлем ұйымын есептік тіркеудің тіркеу нөмірі;
4) төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті клиенттен көрсетілетін төлем қызметін ұсыну кезінде ұстайтын сыйақы мөлшері (оны өндіріп алған жағдайда).
4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және төлем ұйымы өздерінің төлем агенттерінің және қосалқы төлем агенттерінің тізілімдерін банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, төлем ұйымының ішкі құжатында айқындалған тәртіппен жүргізуге тиіс.
5. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасында жасалған шартта айқындалған тәртіппен, төлем агенті тартылған қосалқы төлем агенттері туралы ақпаратты оларды көрсетілген тізілімге енгізу мақсатында оны банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға немесе төлем ұйымына ұсынуды қамтамасыз етеді.
6. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы төлем агентінің Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ төлем агенті мен банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы арасындағы шартта белгіленген көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну шарттарын сақтауын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген бақылауды жүзеге асыру тәртібі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы және төлем агенті арасындағы шартта не банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және төлем ұйымының ішкі қағидаларында белгіленеді.
7. Төлем агенті қосалқы төлем агентінің Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын және төлем агенті мен банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және төлем ұйымы арасындағы шартта белгіленген көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну шарттарын сақтауын бақылауды төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті арасындағы, сондай-ақ төлем агенті және банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасындағы шартта айқындалған тәртіппен жүзеге асыруға міндетті.
8. Көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөніндегі агенттік шарттарды жасасқан банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ өздерінің төлем агенттері және қосалқы төлем агенттері туралы мәліметтерді ұсынады.
9. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы төлем агенті мен қосалқы төлем агентінің міндеттемелері бойынша клиент алдында көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөніндегі агенттік шарттар жасасқан төлем агентімен және қосалқы төлем агентімен ортақ жауаптылықта болады.
15-бап. Төлем ұйымын құру
1. Төлем ұйымы ретінде тіркелмеген заңды тұлғаның өзі атауында «төлем ұйымы» деген сөздерді, оның көрсетілетін төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметті жүзеге асыруын көздейтін, одан туындайтын сөздерді пайдалануға құқығы жоқ.
2. Төлем ұйымы өзінің филиалдарын, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде ашуға құқылы.
Төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен өздерінің филиалдарын ашу туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді.
3. Төлем ұйымы бухгалтерлік есеп және есептілікті Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізеді.
16-бап. Төлем ұйымын есептік тіркеу
1. Төлем ұйымдарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеу олардың қызметін реттеу мен бақылау мақсатында жүзеге асырылады және төлем ұйымының көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуы кезінде міндетті шарт болып табылады. Төлем ұйымының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей жүзеге асыратын көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну бойынша қызметі заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Төлем ұйымы есептік тіркеуден өту үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын нысан бойынша өтінішті;
2) төлем ұйымы қызметті үлгілік жарғы бойынша жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, жарғыны;
3) төлем ұйымының көрсетілетін төлем қызметтері бойынша ақша аударымын жүзеге асыратын тиісті банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын құжатты;
4) төлем ұйымының мынадай көрсеткіштерді:
қызмет стратегиясын, көрсетілетін төлем қызметтерінің жоспарланған түрлерін, оларды көрсету тәртібін;
төлем ұйымы бағдарға алған нарық сегментін;
маркетинг жоспарын (клиентураны қалыптастыру), қызметтің перспективалық даму жоспарларын;
төлем ұйымының қызметін қаржыландыру көздерін;
ұйымдық құрылым, ішкі бақылау жүйесін және басқару құрылымын;
мүліктің және меншікті капиталының мөлшерін сипаттаудан, болжаудан және талдаудан тұратын бизнес-жоспарын;
5) атауы не тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатында көрсетілсе), сәйкестендіру нөмірі, өтініш беру күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша капиталдағы үлесінің мөлшері қамтылатын акционерлер (қатысушылар) туралы мәліметтерді;
6) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатында көрсетілсе), сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, білімі, жұмыс орнымен лауазымдарының толық тізбесі, лауазымдық (функционалдық) міндеттерінің сипаттамасы қамтылатын, атқарушы орган басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді өтініш берілген күннің алдындағы растайтын құжаттардың көшірмелерімен қоса;
7) төлем ұйымының басқару органы бекіткен, төлем ұйымының қызметін жүзеге асыру қағидаларын ұсынады.
Төлем ұйымының қызметін жүзеге асыру қағидаларының міндетті шарттарының тізбесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;
8) тәуекелдерді басқаруға қолданылатын жүйе туралы, оның ішінде клиент ақшасының сақталуын қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптар туралы мәліметтерді;
9) жоспарланған көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуға қажетті ақпараттық және технологиялық құралдар, қауіпсіздік жүйелері, бақылау тетіктері және жүйелері туралы мәліметтерді;
10) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын орындауды қамтамасыз ететін шаралардың сипаттамасын ұсынады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем ұйымының есептік тіркеуден өтуге арналған өтінішін осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардың толық тізбесін ұсынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем ұйымы есептік тіркеуден өткен кезінде төлем ұйымына тіркеу нөмірін береді, төлем ұйымдарының тізіліміне жазбаны жүзеге асырады, төлем ұйымына тіркеу нөмірін көрсете отырып, есептік тіркеуден өткені туралы жазбаша нысандағы хабарламаны осы баптың 3-тармағындабелгіленген мерзімде жібереді.
Есептік тіркеуден бас тартылған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем ұйымына бас тарту себептерін көрсете отырып, есептік тіркеуден бас тарту туралы жазбаша нысандағы хабарламаны осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімде жібереді.
5. Есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдарының тізілімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.
6. Төлем ұйымы өзінің тіркеу нөмірін төлем ұйымы туралы ақпаратты ұсыну кезінде көрсетуге міндетті.
7. Төлем ұйымы есептік тіркеу жүргізуіне негіз болған құжаттарға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы осы өзгерістер енгізілгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлайды.
17-бап. Төлем ұйымын есептік тіркеуден бас тартуға негіздер
1. Төлем ұйымын есептік тіркеуден бас тарту:
1) осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге тиіс мәліметтер толық және (немесе) анық ұсынылмаған;
2) құжаттардың толық тізбесі ұсынылмаған немесе құжаттар осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес келмеген;
3) егер төлем ұйымы атқарушы органының басшысы осы Заңның 19-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) егер төлем ұйымы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап бір жыл ішінде есептік тіркеуден өту туралы өтініш бермеген жағдайларда жүргізіледі.
2. Есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, заңды тұлға күнтізбелік отыз күн ішінде есептік тіркеуге қайта өтініш беруге немесе өз атауын өзгерту не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға құқылы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қайта берілген өтінішті он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
18-бап. Төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастауға негіздер
1. Төлем ұйымы:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне көрсетілетін төлем қызметтері туралы мәліметтерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) ұсынбаған;
2) төлем ұйымын есептік тіркеу туралы шешім қабылдауға әсер ететін көрсетілетін төлем қызметтері туралы анық емес мәліметтерді не осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге жататын анық емес мәліметтерді ұсынған;
3) Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамаған;
4) төлем ұйымы қызметін төлем ұйымдарының тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде жүзеге асырмаған немесе өз қызметін қатарынан алты айдан астам кезеңге тоқтатқан;
5) осы Заңның 17-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген мән-жайлар анықталған;
6) төлем ұйымының қызметін тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
7) төлем ұйымы қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген;
8) төлем ұйымы қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) немесе тарату арқылы өзінің қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда төлем ұйымдарының тізілімінен алып тасталады. Бұл ретте төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастау туралы өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемелерін орындайды. Өтінішке бір мезгілде барлық міндеттемелердің орындалуын растау туралы хат қоса беріледі;
9) төлем ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан тексеру жүргізуге кедергі келтірген не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нұсқамаларын орындамаған;
10) мұндай алып тастау көрсетілетін төлем қызметтерін алушылардың мүдделеріне нұқсан келтіруге ықпал ететін жағдайларды қоспағанда, көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынудан бас тартқан жағдайда төлем ұйымының өтініші келіп түскен жағдайларда төлем ұйымдарының тізілімінен алып тасталады.
2. Төлем ұйымдарының тізілімінен алып тасталған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алып тасталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұл туралы ақпаратты төлем ұйымын жазбаша хабардар етеді және өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
Хабарлама есептік тіркеуден өтуге арналған өтініште көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем ұйымын төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастау туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем ұйымын төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастау туралы шешіміне шағым жасау бұл шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
4. Төлем ұйымына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзін төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастау туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуға тыйым салынады.
5. Төлем ұйымдарының тізілімінен алып тасталған жағдайда, төлем ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастау туралы хабардар еткен кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде атауында «төлем ұйымы» деген сөздер болған кезде оны өзгерту не төлем ұйымын қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
19-бап. Төлем ұйымының атқарушы органының басшысына қойылатын талаптар
1. Төлем ұйымының атқарушы органы басшысының жоғары білімі болуға тиіс.
2. Мынадай:
1) таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген, қаржы ұйымын консервациялау не оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімдер қабылданғанға дейін не Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болып табылған;
2) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар адамды төлем ұйымы атқарушы органының басшысы етіп сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, егер:
1) адам осы баптың талаптарына сай келмесе;
2) төлем ұйымы төлем ұйымының атқарушы органының басшысы туралы анық емес мәліметтер не жалған құжаттар берсе, төлем ұйымы атқарушы органының басшысын ауыстыру туралы нұсқама шығарады.
20-бап. Төлем ұйымын қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру)
1. Төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімімен төлем ұйымдары акционерлерінің (қатысушыларының) шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне келісуге:
1) төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру туралы шешім;
2) төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастырудың ықтимал шарттарын, нысандарын, тәртібін және мерзімдерін сипаттайтын құжаттар;
3) төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы;
4) қайта ұйымдастырылатын төлем ұйымдарының атқарушы органдарының басшылары қол қойған біріктіру (қосу) туралы шарт;
5) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудиторлық есепті;
6) ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымының келесі үш жылға жасалған бизнес-жоспары;
7) төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған қызметті жүзеге асыру қағидалары ұсынылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы баптың 2-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттарды қарайды және олар ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабарлама жібереді.
4. Қайта ұйымдастырылатын төлем ұйымдары ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында тиісті хабарландыруды жариялау арқылы өздерінің барлық клиенттеріне және көрсетілетін төлем қызметтерін берушілерге жүргізілетін қайта ұйымдастыру туралы хабарлауға міндетті.
5. Ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымын есептік тіркеу осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
6. Қайта ұйымдастырылған төлем ұйымдарын тізілімнен алып тастау ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізіліміне енгізілген күні бір мезгілде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) егер ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымының атқарушы органының басшысы осы Заңның 19-бабының талаптарына сай келмейтін;
2) егер төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастыру көрсетілетін төлем қызметтері нарығына бақылауды жүзеге асыруға кедергі келтіретін, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін алушылардың мүдделеріне зиян келтіретін жағдайларда, төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға келісім беруден бас тартады.
4-тарау. ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАДАҒАЛАУ (ОВЕРСАЙТ),
КӨРСЕТІЛЕТІН ТӨЛЕМ ҚЫЗМЕТТЕРІ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БАҚЫЛАУ
21-бап. Төлем жүйелерін реттеу және оларды қадағалау (оверсайт)
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төлем жүйелерін реттеу мақсатында:
1) төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
2) Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
3) маңызды төлем жүйелері өлшемшарттарының көрсеткіштерін бекітеді;
4) төлем жүйелерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингін жүзеге асырады;
2) жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін халықаралық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан талдауды және бағалауды, оның ішінде төлем жүйесіне қатысушы маңызды клиенттердің төлем жүйелерінің жұмысына әсерін талдауды жүзеге асырады;
3) бағалы қағаздармен және шетел валютасымен операциялардың нәтижелері бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын талдауды жүзеге асырады;
4) операторлардан, операциялық орталықтардан және төлем жүйелеріне қатысушылардан төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша ақпарат, оның ішінде жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелері арқылы жүргізілген, көрсетілген төлем жүйелеріне қатысушы маңызды клиенттер жүзеге асырған төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының көлемдері жөніндегі мәліметтер алады;
5) жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйелері операторларының және (немесе) операциялық орталықтарының, оның ішінде олармен жасалған шарт бойынша төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызметтер көрсетуге уәкілеттік берілген кез келген өзге де тұлғаның қызметіне «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізеді;
6) жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қатысушылардың ұйымдастыру шараларына және жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды орындауын байқауды жүзеге асырады;
7) жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге төлем жүйелерінің тізілімдерін жүргізеді және өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
3. Төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік органдармен, төлем жүйелері операторларымен және оларға қатысушылармен және Қазақстан Республикасының өзге де қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне бағалау жүргізген кезде шет мемлекеттердің төлем жүйелерінде орталық банктермен және өзге де қадағалау (оверсайт) органдарымен, халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ынтымақтастық туралы келісімдер (шарттар, меморандумдар) жасасу арқылы ынтымақтастық жасайды.
22-бап. Жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингі, жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдау және бағалау
1. Жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингін, жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелерінің операторларынан, операциялық орталықтарынан және оларға қатысушылардан алатын ақпарат негізінде жүзеге асырады.
Жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағалауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қажет болған кезде жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелерінің операторымен, операциялық орталығымен бірлесіп, халықаралық қаржы ұйымдарының мамандарын тарта отырып не оларды тартпастан жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алынған ақпаратқа талдау мен тиісті есептілікті және қадағалаудың (оверсайттың) өзге де нәтижелерін қалыптастыруды жүзеге асырады. Жүргізілген талдаудың жиынтық нәтижелері жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.
23-бап. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу және оларды бақылау
1. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) көрсетілетін төлем қызметтерін беруші көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілерге жатқызылатын көрсеткіштерді бекітеді;
2) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды;
3) көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлейді.
2. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) көрсетілетін төлем қызметтері нарығын талдауды жүзеге асырады;
2) төлем құралдарының қолданылуын талдауды жүзеге асырады;
3) көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер ұсынатын қызметтерді талдауды және бағалауды жүзеге асырады;
4) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілерден олар ұсынған көрсетілетін төлем қызметтері бойынша мәліметтер алады;