1. Сотта жасалатын процестік келісім нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақтарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Егер сотталушы қылмыстар жиынтығын жасады деп айыпталып отырса, онда келісімде әрбір қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері көрсетіледі.
3. Егер сотталушыға үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалса, онда келісімде түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері де көрсетіледі.
4. Келісім оған прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
5. Прокурор қол қойылған келісімді сотқа береді және істі келісімдік іс жүргізу шеңберінде шешу туралы өтінішхат береді.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен Кодекс 13-1-бөліммен толықтырылды
13-1-БӨЛІМ. БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ
64-1-тарау. БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ
629-1-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібі, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің жалпы қағидаларымен айқындалады.
2. Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс, егер:
1) жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса;
2) күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды, оның ішінде, егер санкцияда осы құқықтан айырудың дәл мерзімі белгіленсе, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде міндетті қосымша жаза түрін көздесе;
4) күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
3. Бұйрықтық іс жүргізу:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға;
2) кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға;
3) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.
4. Бұйрықтық іс жүргізу, олардың ішінде ең болмағанда біреуі айыппұл түрінде негізгі жазаны көздемейтін қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидаларын қолдануды талап ететін үкімдер жиынтығы кезінде қолданылмайды.
5. Егер сот іс бойынша бұрын шығарылған үкімнің күшін осы Кодекстің 629-6-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жойған болса, бұйрықтық іс жүргізу қолданылмайды.
6. Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздердің жиынтығы анықталған кезден бастап бес тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтайды.
Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Күдікті, оның қорғаушысы (ол қатысқан кезде), жәбiрленушi, оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттары шешілгеннен кейін сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығарады.
629-2-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулының мазмұны
1. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда:
1) оның шығарылған уақыты, орны;
2) қаулыны кімнің шығарғаны;
3) күдіктінің жеке басы туралы деректер;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы, оның ішінде оқиға, жасалу тәсілдері, уәждері, салдары мен басқа да елеулі мән-жайлар;
5) жәбірленуші, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері туралы мәліметтер;
6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері;
7) жауаптылықты ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар;
8) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері;
9) қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша - қылмыстық істі сотқа бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау үшін жіберу туралы;
10) онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша - бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекіту және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы көрсетіледі.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыға оны жасаған адам қол қояды.
2. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы бекітілгеннен кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, оның көшірмесі айыпталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге, ал қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша прокурорға да табыс етіледі не жiберiледi.
629-3-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны сотқа жіберу тәртібі
1. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы анықтау органының бастығына берілуге жатады, ол қылмыстық істі дереу зерделеп шығып, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша тоқтатады;
3) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тарту уәжді болуға тиіс және бұл туралы мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.
2. Онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша анықтаушы шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы анықтау органының бастығына берілуге жатады, ол қылмыстық істі дереу зерделеп шығып, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тартады.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тарту туралы шешім уәжді болуға тиіс.
3. Тергеу бөлімінің бастығы онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша тергеуші шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны прокурорға жіберуге тиіс.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Прокурор қылмыстық істі зерделеп шығып, іс келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша тоқтатады;
3) осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болмаған кезде қылмыстық істі анықтау не алдын тергеу жүргізу үшін қайтарады;
4) қылмыстық істі жекелеген күдіктілерге қатысты тоқтатады, бұл туралы тиісті қаулы шығарады және істі сотқа жібереді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде тоқтатады.
Прокурор қабылданған шешім туралы мүдделі адамдарды хабардар етеді.
5. Арасында қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бар екі және одан көп қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен сотқа жіберілуге жатады.
629-4-бап. Бұйрықтық іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімі
1. Судья іс сотқа бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде істі ұсынылған материалдар негізінде, сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Судья істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) егер бұйрықтық іс жүргізуді қолданудың осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері болмаса, қылмыстық теріс қылық туралы қылмыстық істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органға қайтару туралы қаулы;
2) егер бұйрықтық іс жүргізуді қолданудың осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері болмаса, онша ауыр емес қылмыс туралы істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімін;
5) егер сот сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажет деген тұжырымға келетін болса, қылмыстық теріс қылық туралы қылмыстық істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органға қайтару туралы қаулы;
6) егер сот сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажет деген тұжырымға келетін болса, онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамға не прокурорға қайтару туралы қаулы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-5-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің құрылымы мен мазмұны
1. Айыптау үкімінің кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны;
3) үкiм шығарған соттың атауы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, іс үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
2. Айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде:
1) сотталушы кінәлі деп танылған, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы;
3) кінәсінің нысаны, қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері мен салдары, келтірілген нұқсанның сипаты мен мөлшері;
4) сотталушыға айыппұл тағайындау уәждері;
5) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері;
6) заттай дәлелдемелердің тағдыры, процестік шығасыларды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тану туралы шешім;
3) сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ);
4) айыппұл мөлшері, оның ішінде теріс қылықтардың және (немесе) онша ауыр емес қылмыстардың жиынтығы кезінде әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58-бабы негізінде тағайындалған айыппұлдың түпкілікті мөлшері;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) сотталушыны белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы шешім;
5) қойылған азаматтық талап бойынша шешім;
6) заттай дәлелдемелер туралы мәселенің шешілуі;
7) процестік шығасыларды бөлу туралы шешім;
8) үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келтіру және үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі туралы көрсету.
629-6-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің көшірмесін жіберу
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімі шығарылған күннен бастап бір тәуліктен кешіктірмей, сот оның көшірмесін сотталған адамға табыс ету туралы хабарламамен, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына жiбередi.
2. Сотталған адам айыптау үкімінің көшірмесін алған күннен бастап жеті тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен үкім шығарған сотқа, айыппұл мөлшерін қоспағанда, үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат жіберуге құқылы.
Егер сотталған адамнан белгіленген мерзімде үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келіп түссе, судья өзі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарған үкімнің күшін жояды және істі сотқа дейінгі іс жүргізу органына қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған үкімнің күшін жою туралы қаулының көшірмесі ол шығарылған күні - сотталған адамға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына табыс етіледі (жіберіледі).
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі үкімнің күшін жою туралы қаулы шағым жасалуға немесе прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-7-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне шағым жасау
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне - көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде жәбірленушінің шағымы және (немесе) прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін, олар осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне, азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде, көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны және айыптау үкімін қайта қарау туралы өтінішхаттарды қарау осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сотталған адам тағайындалған айыппұл мөлшеріне келіспеген жағдайда ғана айыптау үкіміне өтінішхат келтіре алады.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы да және айыптау үкімі де осы Кодекстің 10-бөлімінде көзделген тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
629-8-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі істі тоқтату туралы қаулының және айыптау үкімінің заңды күшіне енуі
Егер белгіленген мерзімде сотталған адамнан, жәбiрленушiден, азаматтық талапкерден, азаматтық жауапкерден немесе прокурордан өтінішхат келіп түспесе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған істі тоқтату туралы қаулы және айыптау үкімі орындауға жіберіледі, бұл туралы сотталған адамға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға хабарланады.
14-БӨЛIМ. ІСТЕР БОЙЫНША АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН IС ЖҮРГIЗУ
65-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
630-бап. Істер бойынша алқабилердiң қатысуымен iс жүргiзу тәртiбi
Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жүргiзiледi.
631-бап. Істердің алқабилер қатысатын сотқа соттылығы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Сот:
1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру;
2) бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;
3) террористік және экстремистік қылмыстар;
4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар;
5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істерді алқабилердің қатысуымен қарайды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында)-баптарында көзделген қылмыстарды да сот алқабилердің қатысуымен қарайды.
ҚР 2019.27.12. № 292-VІ Заңына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамдарын алқабилер қатысатын соттың қарауына жатқызу туралы ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі, (2023 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын редакцияны қараңыз)
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бiрнеше бабында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында)-баптарында көзделген, сондай-ақ:
1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру;
2) бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;
3) террористік және экстремистік қылмыстар;
4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар;
5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған қылмыстың ең болмағанда бiреуi кiрсе, айыпталушының өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қаратуға құқығы бар.
ҚР 2019.27.12. № 292-VІ Заңына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамдарын алқабилер қатысатын соттың қарауына жатқызу туралы ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі, (2023 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын редакцияны қараңыз)
3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхат мәлімдесе, соттың оны алқабилердiң қатысуымен қарауы барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
632-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилер қатысатын сот бiр судьяның және он алқабидiң құрамында әрекет етедi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 633-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
633-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Бүкiл сот талқылауы барысында іс бойынша төрағалық етушінің, мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнің, сотталушының және оның қорғаушысының, сондай-ақ процестiң басқа да қатысушыларының осы iстi қарауға қатысатын алқабилермен белгiленген тәртiптен бөлек қарым-қатынас жасауына тыйым салынады.
634-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi осы бөлiмде көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын, сондай-ақ алқабилер қатысқан соттың үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса алғанда, осындай өтiнiшхатты қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
3. Істiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде, сондай-ақ келесi кезеңде, оның iшiнде сотта iстi алдын ала тыңдауда, бiрақ сот басты сот талқылауын тағайындағанға дейiн күдіктінің, айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат мәлiмдеуге құқығы бар.
4. Күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы не өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарату құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтiнiшхаты күдіктіге тергеу әрекеттерiнің аяқталғанын хабарлау және оның құқықтарын түсiндiру туралы хаттамада көрсетіледі. Кейiннен мәлiмделген өтiнiшхатты күдікті, айыпталушы жазбаша түрде баяндайды және ол осы іс соттылығы бойынша сотқа дереу жiберiледi. Істі алдын ала тыңдау барысында мәлімделген өтінішхат жазбаша және ауызша болуы мүмкін.
5. Сот басты сот талқылауын тағайындағаннан кейiн айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайды.
66-тарау. СОТ ОТЫРЫСЫН ТАҒАЙЫНДАУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
635-бап. Алдын ала тыңдауды өткізу
Осы Кодекстің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу күдіктінің, айыпталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының болуына немесе болмауына қарамастан міндетті.
636-бап. Алдын ала тыңдау өткiзудің ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, оның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.
2. Судья сот отырысының басында қай iстiң қаралуға жататынын хабарлайды, отырысқа қатысатын адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттiк айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылық білдірулерді шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісін жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi-түсініксіз екенін анықтайды, қажет болған жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы берген өтiнiшхатын растайтын-растамайтынын сұрайды. Егер істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.