Материалдық жеткізгіш тергеушіге, анықтаушыға беріледі.
244-бап. Абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу
1. Абонентттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу - абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар (пайдалану жабдықтары) арасындағы қосылулардың күні, уақыты, ұзақтығы туралы мәліметтерді алу.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тергеу судьясының санкциясы алынғаннан кейін қаулыны орындау үшін құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесіне жібереді, оның қызметкері талап етілетін, кез келген материалдық ақпарат жеткізгіште тіркелген ақпаратты беруге міндетті.
Көрсетілген ақпарат оның берілген кезеңі және абоненттердің және (немесе) абоненттік құрылғылардың нөмірлері көрсетілетін ілеспе хатпен бірге мөрмен жабылған түрде беріледі.
245-бап. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу
1. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу - компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты арнайы ғылыми-техникалық құралдармен және (немесе) компьютерлік бағдарламалармен, қажет болған кезде жасырын кіру және қарап-зерттеу арқылы жүргізілетін жасырын түсіріп алу.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
3. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште тіркеледі, ол қапталып, мөрленеді және жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қойған қолымен куәландырылады.
Материалдық жеткізгіш тергеушіге, анықтаушыға беріледі.
246-бап. Пошта жөнелтілімдері мен өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау
1. Хаттарда, жеделхаттарда, радиограммаларда, бандерольдарда, сауқаттарда және басқа да пошта жөнелтілімдерінде іс үшін маңызы бар мәліметтер, құжаттар және нәрселер қамтылған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде оларға қатысты жасырын бақылау жүзеге асырылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тергеуші, анықтаушы пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қажет деп тауып, уәжді қаулы шығарады.
Қаулыда: пошта-телеграф жөнелтілімдерін кідірту жөнінде міндет жүктелетін байланыс мекемесінің атауы, пошта-телеграф жөнелтілімдері жасырын бақылануға жататын адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), олардың мекенжайы, жасырын бақылау қолданылатын пошта-телеграф жөнелтілімдерінің түрі, осы бақылау қолданылатын мерзім көрсетілуге тиіс.
Көрсетілген қаулы тергеу судьясына ұсынылады және ол санкция берген жағдайда, оны тергеуші, анықтаушы орындау үшін пошта мекемелеріне немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаларға жібереді.
3. Пошта мекемелері немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар тергеушіні, анықтаушыны өздерінің иелігінде бақылануға жататын пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің бар екендігі туралы дереу хабардар етеді.
Тергеуші, анықтаушы хабарламаны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде, қажет болған кезде пошта мекемесінің уәкілетті қызметкерінің немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаның қатысуымен жөнелтілімді қарап-тексереді және (немесе) оның құрамымен танысады, осы жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы шешім қабылдайды.
4. Пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімді қарап-тексерудің және (немесе) олармен танысудың әрбір жағдайында тергеуші, анықтаушы осы Кодекстің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды, онда іс-шараны жүргізуге қатысқан тұлғалардың деректері, қарап-тексеруге және (немесе) таныстырылуға жатқызылған пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің атауы және түрі, жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы мәліметтер көрсетіледі.
5. Тергеуші, анықтаушы қажет болған жағдайларда пошта-телеграф жөнелтілімдерін қарап-тексеруге және алуға қатысу үшін тиісті маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыруға құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылау шарасына қажеттілік жойылған кезде, бірақ кез келген жағдайда да тергеп-тексеру аяқталуынан кешіктірмей тергеуші (анықтаушы) тергеу судьясының санкциясымен осы шараның күшін жояды, бұл туралы пошта мекемесі немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлға үш тәулік ішінде хабардар етіледі.
247-бап. Орынға жасырын кіру және (немесе) оны қарап-зерттеу
1. Орынға жасырын кіруді және (немесе) оны қарап-зерттеуді уәкілетті орган тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайларды, ғимаратты, құрылысты, қойманы, көлік құралын немесе жергілікті жер учаскесіне кіру, қажет болған кезде оларды қарап-зерттеу, сондай-ақ тергеу әрекеттерін дайындау және жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган тергеушіге (анықтаушыға) барлық алынған материалдарды мөрленген түрде толық көлемде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
248-бап. Адамды немесе орынды жасырын байқауға алу
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 232-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген адамдарды немесе орынды жасырын байқауға алу, қажет болған кезде, сөйленетін сөзге және өзге де дыбыстық ақпаратқа аудиожазбаны жүзеге асырмай, бейне-, фотобайқау техникалық құралдары пайдалана отырып жүзеге асырылады.
2. Адамды немесе орынды жасырын байқауға алуды жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамы байқауға алынатын адаммен немесе орынмен байланыс жасаған өзге де адамдарды байланыс жасалған кезден бастап қырық сегіз сағат бойы жасырын байқауға алуды жүзеге асыруға құқылы.
3. Адамды немесе орынды жасырын байқауға алу нәтижесінде күн сайынғы есеп жасалады, оған алынған нәрселер мен құжаттар қоса беріледі.
4. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган тергеушіге, анықтаушыға барлық алынған материалдарды мөрленген түрде толық көлемде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
249-бап. 2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
250-бап. Жасырын бақыланатын сатып алу
1. Жасырын бақыланатын сатып алу жасалатын немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы нақты деректерді жалған мәміле ахуалын жасау жолымен алу мақсатында жүргізіледі.
Бұл ретте өзіне қатысты оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығы бар деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар адамнан еркін өткізуге тыйым салынған немесе айналымы заңмен шектелген, сондай-ақ қылмыстық қолсұғушылық объектілері немесе құралдары болып табылатын нәрселер немесе заттектер ақылы түрде сатып алынады.
2. Уәкілетті органның қызметкеріне немесе жасырын тергеу әрекетіне қатысуға ерікті түрде ниет білдірген адамға оның барысы мен нәтижелерін тіркеудің ғылыми-техникалық және өзге де құралдарын, сондай-ақ еркін өткізуге тыйым салынған не айналымы заңмен шектелген немесе қылмыстық қолсұғушылық объектілері және (немесе) құралдары болып табылатын нәрселерді немесе заттектерді ақылы түрде сатып алу үшін ақша қаражатын беру туралы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес жеке хаттамалар жасалады.
3. Уәкілетті органның қызметкерінен немесе жасырын тергеу әрекетіне қатысуға ерікті түрде ниет білдірген адамнан сатып алынған нәрселерді және заттектерді алу, сондай-ақ оларды қарап-тексеру нәтижелері туралы осы Кодекстің 199 және 219-баптарының қағидаларына сәйкес хаттама жасалады.
251-бап. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
31-тарау. ТІНТУ ЖӘНЕ АЛУ
252-бап. Тiнту
1. Тiнту iс үшiн маңызы бар нәрселерді немесе құжаттарды табу және алып қою, оның ішінде тыйым салынуға жататын мүлікті табу мақсатында жүргiзiледi.
2. Тiнту жүргiзуге көрсетілген нәрселердің немесе құжаттардың белгiлi бiр үй-жайда немесе өзге орында не нақты адамда болуы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.
3. Тiнту iздестiрiлiп жатқан адамды және адам мәйiтін табу үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.
253-бап. Алу
Алу, егер іс үшiн маңызы бар белгiлi бiр нәрселер мен құжаттардың қайда және кiмде екенi анық белгілі болса, оларды, сондай-ақ тәркіленуге жататын мүлікті алып қою мақсатында жүргiзiледi.
254-бап. Тiнту мен алуды жүргiзу тәртiбi
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Тiнту мен алуды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам уәждi қаулы бойынша жүргізеді. Тiнту жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыны тергеу судьясы санкциялауға тиiс.
Тiнту мен алуды жүргізу туралы қаулыны санкциялау осы Кодекстiң 220-бабының 13-1, 13-3 және 13-4-бөлiктерiнде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Тұрғын үй-жайда онда тұрып жатқан адамдардың еркiнен тыс алу осы Кодекстiң 220-бабының он үшінші, 13-1, 13-3 және 13-4-бөлiктерiнiң қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Айрықша жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және (немесе) алып қойылуға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту және алу тергеу судьясының санкциясынсыз, осы Кодекстiң 220-бабының он төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізілуі мүмкiн.
4. Тiнту куәгерлердiң қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда маманның және аудармашының қатысуымен жүргiзiледi.
Алу оның барысы мен нәтижелерін тіркеудің ғылыми-техникалық құралдары міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі, қажет болған кезде оған маман және аудармашы тартылуы мүмкін.
5. Тұрғын үй-жайларда, ұйымдардың үй-жайларында тiнту немесе алу осы Кодекстiң 220-бабының он бесінші және он алтыншы бөлiктерiнде көрсетілген адамдардың қатысуымен жүргiзiледi.
6. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайларда, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұрып жатқан үй-жайларда тiнту және алу осы Кодекстiң 220-бабының он жетінші бөлiгiнде белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiледi.
7. Тiнтуді немесе алуды жүргiзу басталғанға дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам оларды жүргiзу туралы қаулыны көрсетуге мiндеттi.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнтуге кiрiскенде iс үшiн маңызды болуы мүмкiн, алынуға жататын нәрселер мен құжаттарды ерiктi түрде берудi ұсынады. Егер олар ерiктi түрде берiлсе және алынуға жататын нәрселер мен құжаттардың жасырылып қалғанына күмәндануға негiздер болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам одан әрi iздеу жүргiзбеуге құқылы.
Тінту хаттамасында адамның табу үшін тінту жүргізілуі мүмкін нәрселер мен құжаттарды өз еркімен бергені туралы міндетті түрде көрсетіледі.
9. Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесi оларды ерiктi түрде ашудан бас тартса, тiнту жүргiзген кезде олар ашқызылуы мүмкiн. Бұл ретте есiк тиектерін және басқа нәрселерді қажетсiз бұзуға жол берiлмеуге тиiс.
10. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам алуды жүргізу кезiнде алынуға жататын нәрселер мен құжаттарды берудi ұсынады, ал бұдан бас тартылған жағдайда алуды мәжбүрлi түрде жүргiзедi.
11. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнту мен алу кезiнде сол үй-жайда тұрып жатқан адамның немесе басқа да адамдардың жеке өмiрiнiң анықталған мән-жайларының жарияланбауына шаралар қолдануға мiндеттi.
12. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнту немесе алу жүргiзiлiп жатқан үй-жайда немесе орында болған адамдарға және осы үй-жайға немесе орынға келген адамдарға тiнту немесе алу аяқталғанға дейiн ол жерден кетуге, сондай-ақ бiр-бiрiмен немесе өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салуға құқылы.
13. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнту мен алуды жүргiзу кезінде iске қатысы болуы мүмкiн нәрселер мен құжаттарды алып қоюмен шектелуге тиiс. Айналымына тыйым салынған заттар мен құжаттар олардың iске қатысы бар-жоғына қарамастан алып қойылуға жатады.
14. Тінту кезінде алып қойылатын нәрселер мен құжаттар куәгерлерге және басқа да қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, тінту орнында қапталады, мөрленеді және куәгерлер мен оған қатысып отырған адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады.
15. Алу кезінде алып қойылатын нәрселер мен құжаттар қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, алу орнында қапталып, мөрленеді және оған қатысып отырған басқа адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады.
16. Қажет болған жағдайларда тiнту жүргiзілген кезде фотосуретке түсіру, кинотүсiру және бейнежазба жүргiзiледi.
255-бап. Жеке басын тiнту
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстiң 252-бабында көзделген негiздер болған кезде және 254-бабының талаптарын сақтай отырып, тiнтiлетiн адамның денесiндегі немесе денесінің ішіндегі, оның киiмiндегі нәрселер мен құжаттарды және оның жанындағы нәрселерді табу және алып қою мақсатында жеке басына тiнту жүргізуге құқылы.
2. Жеке басын тiнтудi тiнтілетін адаммен жынысы бiр адам ғана және сондай жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Жеке басты тінту, мына жағдайлардың біреуі болған кезде:
1) егер осы Кодекстің 254-бабының талаптары сақтала отырып тінту жүргізіліп жатқан үй-жайдағы немесе өзге орындағы адам іс үшін маңызы болуы мүмкін құжаттарды немесе нәрселерді өзінде жасырып отыр деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса;
2) егер ол адам ұстап алынған немесе күзетпен қамалған кезде жүргізілген болса, арнайы қаулы шығарылмай және тергеу судьясының санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда жеке басын тінту куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
Тінтілетін адамның денесінің ішіндегі нәрселерді табу қажет болған кезде жеке басын тінтуге тиісті бейіннің мамандары қатысады.
256-бап. Тiнту немесе алу хаттамасы
1. Тiнтуді немесе алуды жүргiзетiн адам осы Кодекстiң 199-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып, хаттама жасайды.
2. Хаттамада нәрселердің немесе құжаттардың қай жерде және қандай жағдайларда табылғаны, олардың ерiктi түрде берiлгенi немесе мәжбүрлі түрде алып қойылғаны көрсетiлуге тиiс. Барлық алып қойылған нәрселер хаттамада саны, мөлшерi, салмағы, даралайтын белгiлерi және мүмкiндiгiнше құны дәл көрсетiле отырып, тізбеленуге тиiс.
3. Егер тiнту немесе алу жүргiзілген кезде алып қойылуға жататын нәрселерді немесе құжаттарды жою немесе жасыру әрекеттерi жасалған болса, бұл хаттамада қолданылған шаралар көрсетiле отырып, жазылуға тиiс.
4. Тiнту немесе алу хаттамасының көшiрмесi олар жүргiзiлген адамға не оның отбасының кәмелетке толған мүшесiне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымының немесе жергiлiктi атқарушы органның өкiлiне қолхат алына отырып табыс етіледі. Егер тiнту немесе алу ұйымда жүргiзiлсе, онда хаттаманың көшiрмесi оның өкiлдерiне қолхат алына отырып табыс етіледі.
32-тарау. АЙҒАҚТАРДЫ СОЛ ЖЕРДЕ ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ НАҚТЫЛАУ. ТЕРГЕУ ЭКСПЕРИМЕНТІ
257-бап. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, күдіктiнiң айғақтарын тергелетiн оқиғамен байланысты жерде тексеру және нақтылау:
1) айғақтардың анықтығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;
2) тексерiлетiн әрекеттер жасалған маршрутты және орынды нақтылау;
3) жаңа нақты деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi.
2. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау бұрын жауап алынған адамның зерттелiп отырған оқиғаның жағдайы мен мән-жайларын сол жерде баяндап-көрсетуі; iс үшiн маңызы бар нәрселерді, құжаттарды, iздердi іздеп табуы және көрсетуі; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп-көрсетуі; зерттелiп отырған оқиғада қайсы бір нәрселердің қандай рөл атқарғанын көрсетуі; оқиға орнындағы жағдайдың өзгеруiне назар аударуы; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады. Бұл әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетелеушi сұрақтар қоюға жол берілмейді.
3. Бiрнеше адамның айғақтарын сол жерде бiр мезгілде тексеруге және нақтылауға жол берілмейді.
4. Айғақтарды тексеру және нақтылау жауап алынып отырған адамға оның айғақтары тексерiлетiн маршрут пен орынды ерiктi түрде көрсетудi ұсынудан басталады. Айғақтар баяндалғаннан және iс-қимылдар бейнелеп-көрсетілгеннен кейiн айғақтары тексерiлiп отырған адамға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бұл адам, сондай-ақ процеске қатысатын өзге де адамдар жүргiзiлiп отырған тергеу әрекетiне байланысты өздерiнен қосымша жауап алуды талап етуге құқылы.
5. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау барысында табылған, iс бойынша дәлелдемелік маңызы болуы мүмкін нәрселер мен құжаттар алып қойылып, қапталады және мөрленеді, оларды алып қою фактiсi хаттамада көрсетiледi.
6. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау кезiнде өлшеу, фотосуретке түсiру, дыбыс- және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Қажет болған жағдайларда айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау кезінде маман қатысуға құқылы. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау кезiнде дыбыс- және бейнежазба құралдары міндетті түрде пайдаланылады және осы Кодекстiң 210-бабында көрсетілген қағидалар бойынша жүргiзiледі.
7. Айғақтарды сол жерде тексерудің және нақтылаудың жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып хаттама жасалады. Хаттамада айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылаудың жағдайлары, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi көрсетіледі.
258-бап. Тергеу экспериментi
1. Тергеу экспериментi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi зерттелетін оқиғаның белгiлi бiр іс-қимылдарын, жағдайын, мән-жайларын жаңғырту және тәжiрибе жүргiзу арқылы тексеру мен нақтылау мақсатында жүргiзiледi. Эксперимент жүргiзу кезiнде, атап айтқанда, қандай да бiр фактiлердi қабылдау, белгілі бір іс-қимылдардың жасалу мүмкіндігі, қандай да бір оқиғаның басталуы тексерiлуi, сондай-ақ болған оқиғаның ретi және iздердiң пайда болу тетiгi анықталуы мүмкiн.
2. Тергеу экспериментi оның барысы мен нәтижелерін тіркеудің ғылыми-техникалық құралдары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Қажет болған кезде тергеу экспериментiне өздерiнiң келiсiмi бойынша күдіктi, жәбiрленушi, куә, маман, сарапшы және тәжiрибелiк iс-қимылдарды жүргiзетiн адамдар тартылуы мүмкiн. Экспериментке қатысушыларға оның мақсаты мен жүргiзiлу тәртiбi түсiндiрiледі.
3. Тергеу экспериментiн, егер бұл ретте оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндірілмесе, олардың абыройы мен қадір-қасиеті кемсітілмесе, оларға материалдық залал келтірілмесе, жүргiзуге жол берiледi.
4. Тергеу экспериментi жаңғыртылатын оқиғалар немесе іс-қимылдар болған жағдайларға барынша ұқсас жағдайларда жүргiзiледі.
5. Тергеу экспериментiнің жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып, хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарттары, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар: эксперименттің қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайларда жүргiзiлгені; оқиғаның жағдайы мен мән-жайларын жаңғыртудың нақты неден көрiнгені; қандай іс-қимылдар, қандай ретпен жүргiзiлгені, оны кiмнің және қанша рет жасағаны; қандай нәтижелер алынғаны көрсетiледi.
33-тарау. НӘРСЕЛЕР МЕН ҚҰЖАТТАРДЫ БЕРУ
259-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға нәрселер мен құжаттарды оларға иелік ететін адамдардың бастамасы бойынша беру
1. Тараптар, сондай-ақ өзге де адамдар, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға өздерінің пікірі бойынша іс үшін маңызы болуы мүмкін нәрселерді және құжаттарды беруге құқылы.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 220-бабының қағидалары бойынша берілген нәрсені, құжатты қарап-тексеруді жүргізуге және егер нәрсенің немесе құжаттың іс үшін маңызы бар немесе одан әрі маңызы болуы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, оны қабылдауға міндетті. Осы іс үшін маңызы болмаса да, бірақ айналымнан алып қойылған нәрселер де, құжаттар да қабылдап алынуға тиіс.
Іс үшін маңызы жоқ және айналымнан алынбаған нәрсе, құжат берілген жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәрсені, құжатты қарап тексергеннен кейін тиесілігі бойынша дереу қайтарады.
260-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның талап етуі бойынша нәрселер мен құжаттарды беру
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тінтуді немесе алуды жүргізбей-ақ, кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның басшысынан, сол сияқты азаматтардан тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде уақытша пайдалану үшін қажетті нәрселер мен құжаттарды беруді талап етуге құқылы. Мұндай нәрселер мен құжаттарға:
1) эксперимент жүргізу кезінде зерттелетін оқиғаның жағдайы мен шарттарын жаңғыртуға арналған сол тектестер немесе макеттер;
2) тану үшін ұсынылған нәрсемен немесе құжатпен біртектес нәрсе немесе құжат;
3) егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамда не оның тапсырмасы бойынша әрекет етуші маманда, сарапшыда немесе сарапшылық мекемеде олар жоқ болса, тергеу әрекеттерін не сараптамалық зерттеу жүргізу кезінде қолдануға арналған құрылғылар, құралдар, аспаптар, материалдар жатады.
Қажеттілігі өткеннен кейін бұл нәрселер, құжаттар тиесілілігі бойынша қайтарылуға жатады.
2. Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың басшылары және лауазымды адамдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурормен келісілген талабы бойынша өз құзыреті шегінде жоспардан тыс тексеру, құжаттамалық ревизия немесе өзге де қызметтік тексеру жүргізуге және ревизия немесе тексеру актісін барлық қосымшаларымен бірге белгіленген мерзімде ұсынуға міндетті. Қылмыстық қудалау органы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ревизиялар және тексерулер жүргізу талабы туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ревизия немесе тексеру актісінде не басқа құжатта белгіленген қағидалардан ауытқушылықтарды, олқылықтарды, қайшылықтарды және басқа да кемшіліктерді таба отырып, құжаттағы атап өтілген қателердің жойылуын талап етуге құқылы.
261-бап. Нәрселер мен құжаттарды беру хаттамасы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заттай дәлелдемелер ретінде маңызы болуы мүмкін нәрселер мен құжаттардың берілгені туралы осы Кодекстің 199-бабының қағидаларына сәйкес хаттама жасайды.
Хаттамада, сондай-ақ:
1) нәрсені немесе құжатты берген тұлға туралы мәліметтер;
2) осы тұлғаның нәрсені немесе құжатты іске қосып тігу туралы өтінішхаты;
3) нәрсені немесе құжатты қарап-тексерудің, ал егер ол пошта арқылы берілген болса, онда қаптаманы да қарап-тексерудің барысы мен нәтижелері;
4) осы нәрселердің белгілері, қасиеттері, техникалық сипаттамалары, егер олардың іс үшін мәні болса, талап етіп алдырылған нәрселер пайдаланылған іс жүргізу кезінде тергеу әрекетінің хаттамасында көрсетіледі;
5) нәрсенің немесе құжаттың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға іс жүзінде берілгені не нәрсенің немесе құжаттың оны берген тұлғаға қайтарылғаны көрсетілуге тиіс.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заттай дәлелдеме ретінде маңызы болуы мүмкін нәрсені немесе құжатты берген тұлғаға хаттаманың қол қойылып куәландырылған көшірмесін береді.