Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шартты уәкілетті орган бекітеді.
Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шартта ерекше реттеу режимінің қатысушысы көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды өзінің ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыратыны туралы хабардар етуі міндетті болатын талап қамтылуға тиіс.
3. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасу үшін құжаттарды іріктеу өлшемшарттары және қарау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітіледі.
4. Мәлімделген қызмет түрі ерекше реттеу режимін енгізу мақсаттарына сәйкес келмеген, ерекше реттеу режимінің қатысушысы болғысы келетін тұлға іріктеу өлшемшарттарына сәйкес келмеген және (немесе) ұсынылған құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, уәкілетті орган ерекше реттеу режимінің қатысушысы болғысы келетін тұлғаға ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.
5. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы:
1) ерекше реттеу режимі енгізілген мерзімнің өтуіне байланысты оның қолданысы тоқтатылған не оның күші жойылған кезде;
2) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі өткен немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған кезде;
3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда, тоқтатылады.
6. Ерекше реттеу режимінің қатысушысы шартта көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайда, сондай-ақ, егер ерекше реттеу режимінің қатысушысы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келуді тоқтатқан жағдайда, уәкілетті орган ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
Уәкілетті орган ерекше реттеу режимінің қатысушысын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелердің орындалмағаны және бұзушылықтарды хабардар етілген күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жою қажеттігі туралы хабардар етеді.
Ерекше реттеу режимінің қатысушысы анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын уәкілетті органның хабарламасын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әзірлейді және уәкілетті органға ұсынады. Іс-шаралар жоспарында жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда, ерекше реттеу режимінің қатысушысы оны іске асыруға кіріседі және іс-шараларды орындау туралы есепті уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде уәкілетті органға ұсынады.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, ерекше реттеу режимінің қатысушысы уәкілетті органның ескертулерін жояды.
Іс-шаралар жоспары мақұлданбаған және (немесе) ерекше реттеу режимінің қатысушысы көрсетілген ескертулерді жою бойынша шаралар қабылдамаған жағдайда, уәкілетті орган ерекше реттеу режимінің қатысушысын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзатыны туралы хабардар етеді.
7. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы тоқтатылғаннан кейін бұрын ерекше реттеу режимінің қатысушысы болған тұлға ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын немесе өзіне қатысты рұқсат беру тәртібі қолданылатын қызметті дереу тоқтатуға, сондай-ақ өзінің клиенттері алдындағы міндеттемелерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындауға міндетті.
8. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын немесе өзіне қатысты рұқсат беру тәртібі қолданылатын қызметті ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы тоқтатылғаннан кейін жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
9. Уәкілетті органның осы баптың 4 және 6-тармақтарында көзделген көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметке қатысты өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша жүзеге асырылады.
13-5-бап. Уәкілетті органның уәжді пайымдауды пайдалану жөніндегі өкілеттіктері
1. Уәкілетті орган банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, банк холдингтеріне, банктің ірі қатысушыларына, сақтандыру (қайта) сақтандыру ұйымдарына, сақтандыру холдингтеріне, сақтандыру (қайта) сақтандыру ұйымының ірі қатысушыларына, сақтандыру брокерлеріне, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда), инвестициялық портфельді басқарушылардың ірі қатысушыларына қатысты уәжді пайымдауды пайдалануға құқылы.
2. Уәкілетті органның алқалы органының негізделген кәсіби пікірі уәжді пайымдау деп түсініледі, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қадағалап ден қою шараларын қолдану үшін, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де жағдайларда шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады.
Уәкілетті орган уәжді пайымдауды мынадай:
1) банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ашуға рұқсат, банктің ірі қатысушысы, банк холдингі, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім, банктің және (немесе) банк холдингінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің ұйымдар капиталдарына қомақты қатысуына рұқсат, банктің және (немесе) банк холдингінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің еншілес ұйымды құруына немесе сатып алуына рұқсат, сондай-ақ банктің, банк холдингінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің, сақтандыру брокерінің, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беру (беруден бас тарту) кезінде, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басшы қызметкерлерді тағайындау (сайлау) туралы хабарламасын қарау, банк немесе өзге де операцияларды жүргізуге арналған, сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға арналған, сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыруға арналған, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларды беру кезінде мінсіз іскерлік беделінің болуы не болмауы тұрғысынан іскерлік беделін бағалау, сондай-ақ орнықсыз қаржылық жағдайының болуы не болмауы тұрғысынан қаржылық жағдайын бағалау;
2) банкпен, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылатын тұлғаларды айқындау, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өздерімен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті шарттар беру фактілерін анықтау, сондай-ақ банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасаған мәмілелерді жеңілдікті шарттары бар мәмілелерге жатқызу;
3) банктегі және банк конгломератындағы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымындағы және сақтандыру тобындағы, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыдағы (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің сапасын банктің, банк конгломератының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызмет сипатына, ауқымдарына және күрделілігіне, сондай-ақ олардың көлемдеріне сәйкес келетін тиімді ішкі саясат пен рәсімдердің болуы және іске асырылуы тұрғысынан бағалау;
4) банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда) провизияларының (резервтерінің), сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар актуарий есептеген сақтандыру резервтерінің барабарлығын, оның ішінде оларды қалыптастыру жөніндегі әдістемелердің банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының тәуекелдеріне сәйкес келуі, сондай-ақ оларды қалыптастыру үшін пайдаланылатын ақпараттың анықтығы тұрғысынан бағалау жағдайларында, пайдалануға құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген уәкілетті органның алқалы органының құрамын уәкілетті орган Төрағасының орынбасарлары, уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатарынан уәкілетті органның Басқармасы бекітеді. Уәкілетті органның алқалы органының отырысын уәкілетті органның Төрағасы орынбасарларының бірі жүргізеді.
Уәкілетті орган уәжді пайымдауды заңдылық, негізділік, объективтілік және біркелкі тәсіл қағидаттарын сақтай отырып пайдаланады.
Уәжді пайымдау уәкілетті органның осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалардың қызметіне бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруы шеңберінде алынған ақпарат пен жеке және заңды тұлғалардан, халықаралық ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, оның ішінде шетелдік қадағалау органдары мен ұйымдарынан, өзге де қолжетімді көздерден алынған және уәжді пайымдауды қалыптастыру үшін елеулі болып табылатын өзге де ақпаратқа негізделеді.
Уәкілетті орган уәжді пайымдауды қалыптастыру кезінде осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалардың түсініктері болған кезде оларды назарға алады.
Уәжді пайымдаудың жобасы осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаға жіберіледі. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлға бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға уәжді пайымдаудың жобасымен келісетіні не келіспейтіні туралы уәжді жауап ұсынуға тиіс. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаның белгіленген мерзімде уәжді жауапты ұсынбауы уәжді пайымдаудың жобасымен келісу деп есептеледі.
Осы баптың 1-тармағында аталған тұлға уәжді пайымдаудың жобасымен келіспейтіні туралы уәжді жауапты ұсынған жағдайда, оны қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган уәжді пайымдаудың жобасын уәкілетті органның алқалы органының қарауына шығару қажеттігін айқындайды.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлға уәкілетті орган уәжді пайымдау негізінде қолданған қадағалап ден қою шарасымен келіспеген жағдайда, қадағалап ден қою шарасы қолданылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз қарсылықтарын уәкілетті органға жазбаша түрде ұсынуға құқылы.
Қадағалап ден қою шарасын қолдануға қатысты қарсылықтар уәкілетті органның Төрағасы қатысатын кеңесте қаралады не уәкілетті орган Төрағасының ұсынысы бойынша уәкілетті орган Басқармасының қарауына шығарылады. Егер уәжді пайымдау негізінде қолданылған қадағалап ден қою шарасы пруденциялық нормативтердің және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің белгіленген мәндерден төмен төмендеуіне алып келуі мүмкін болған жағдайда, алынған қарсылықтарды уәкілетті орган Басқармасы қарайды. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаның өкілдері қарсылықтарды қарауға қатысуға құқылы.
Қарсылықтар келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықтарды қарау мерзімі он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет ұзартылуы мүмкін.
Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаның қарсылықтарын қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган қарсылықтармен негізді түрде келіспейтіні не уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шарасының күшін жою туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Уәжді пайымдау негізінде қолданылған қадағалап ден қою шарасы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен соң не қарсылықтар ұсынылған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаға қарсылықтармен негізді түрде келіспейтіні туралы жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап күшіне енеді.
Осы баптың 1-тармағында аталған тұлға уәжді пайымдау негізінде қолданылған қадағалап ден қою шарасына сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
Уәкілетті орган уәжді пайымдау негізінде қабылданған, заңсыз деп танылған шешімдер үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жауапты болады.
5. Уәкілетті орган құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере келе, уәжді пайымдауды пайдалана отырып қадағалап ден қою шараларын қолданудың қорытылған практикасын жариялайды.
6. Уәжді пайымдауды қалыптастыру және пайдалану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
29-тармақтың 9) тармақшасының алпысыншы абзацы 2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді
7. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына қолданылады.
29-тармақтың 9) тармақшасының алпыс бірінші - алпыс сегізінші абзацтары 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
13-6-бап. Қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өкілеттіктер
Қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган тиісті бағыттар бойынша:
1) ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінен қорғалу деңгейін бағалау тәртібін бекітеді;
2) қаржы ұйымдарын ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі бойынша саралау тәртібін қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау әдістемесін бекітеді;
3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты адамдардың біліктілігін арттыру жөніндегі талаптарды қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздік бөлімшелерінің басшылары мен жұмыскерлерінің құзыретіне қойылатын талаптарды бекітеді;
4) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметтеріне, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ішкі тергеп-тексерулер жүргізуге қойылатын талаптарды бекітеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына қолданылады.»;
10) 14-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Ақпарат алу және беру жөніндегі өкiлеттiктер
29-тармақтың 10) тармақшасының үшінші абзацының қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац осы Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
Уәкiлеттi органға жүктелген, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарын iске асыру мақсатында уәкiлеттi орган кез келген жеке және заңды тұлғалардан, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарынан, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарынан, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарынан, сондай-ақ мемлекеттiк органдардан қажетті ақпаратты, оның ішінде қызметтiк, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте алынған ақпарат жария етілуге жатпайды.
Уәкілетті орган осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген, алынған ақпаратты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, соның ішінде оның уәкілетті органның ақпараттық жүйелеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы береді.
29-тармақтың 10) тармақшасының бесінші абзацының қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац осы Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
Мемлекеттік органдар, қаржы және өзге де ұйымдар, олардың қауымдастықтары (одақтары), сондай-ақ жеке тұлғалар, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары уәкілетті органның сұрау салуы бойынша құжаттарды, қаржылық есептілікті қоса алғанда, есептілікті және қажет болған жағдайда уәкілетті органның өз функцияларын орындауы үшін қажетті өзге де қосымша ақпаратты беруге міндетті.
Уәкілетті органның жұмыскерлері бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруы барысында алынған, қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.»;
11) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
«14-1-бап. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзара іс-қимылы
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша мыналар:
1) жалпымемлекеттік мәні бар болжамды іс-әрекеттер және қол жеткізілген нәтижелер туралы бір-біріне ақпарат беру;
2) қаржылық тұрақтылық үшін тәуекел факторларын бірлесіп бағалау;
3) жүйелік тәуекелді барынша азайту, қаржылық дағдарыстың туындауын болғызбау және оның салдарын барынша азайту мақсатында келісілген шешімдердің кешенін әзірлеу, қабылдау және іске асыру;
4) қаржылық тұрақтылық мәселелері бойынша келісімдер жасасу арқылы өзара іс-қимыл жасайды.»;
12) 15-бапта:
тақырып «реттеуді» деген сөзден кейін «, бақылауды» деген сөзбен толықтырылсын;
2-тармақтың екінші бөлігіндегі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-бабының» деген сөздер «осы баптың» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарты, құпия ақпарат алмасуды көздейтін шарт негізінде және соларға сәйкес басқа мемлекеттердің бақылау және қадағалау органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен ынтымақтасады және құпиялылықты сақтай отырып, бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны, банк құпиясын, сақтандыру құпиясын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алмасуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өзге де ұйымдар деп банктік сектордың, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру нарығының қызметін реттеудің бірыңғай стандарттарын тұжырымдау мақсатында құрылған, басқа мемлекеттердің орталық банктерінің, бақылау және қадағалау органдарының бірлестіктері түсініледі.»;
13) мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тараулармен толықтырылсын:
«2-1-тарау. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі
15-1-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалау
1. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалауды өздерінің құзыреті шегінде уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (осы тараудың мақсаты үшін бұдан әрі - бақылау және қадағалау органдары) жүзеге асырады.
29-тармақтың 13) тармақшасының бесінші - жетінші абзацтарының қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац осы Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалау құзыреті шегінде бақылау және қадағалау органдарының қаржы ұйымдарының, олардың филиалдары мен үлестес тұлғаларының, Қазақстан Даму Банкінің, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, бағалы қағаздар нарығының өзге де субъектілерінің, бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, банк холдингтерінің, банк конгломераттарының, банктердің ірі қатысушыларының, сақтандыру холдингтерінің, сақтандыру топтарының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ірі қатысушыларының, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар актуарийлердің, арнайы қаржы компанияларының, ислам арнайы қаржы компанияларының, инвестициялық қорлардың, инвестициялық портфельді басқарушылардың ірі қатысушыларының, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы, банк холдингі, сақтандыру холдингі белгілері бар тұлғалардың, кәсіби ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің, төлем жүйесіне қатысушылардың, төлем жүйелері операторлары мен операциялық орталықтарының, оның ішінде олармен жасалған шарт бойынша төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызметтер көрсетуге уәкілеттік берілген кез келген өзге тұлғаның, көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің, оның ішінде олармен жасалған шарт бойынша төлем қызметтерін көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген кез келген өзге тұлғаның, төлем ұйымдарының, сондай-ақ валюталық операцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың, банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының уақытша әкімшіліктерінің (уақытша әкімшілерінің), тарату комиссияларының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының (бұдан әрі - тексерілетін субъект) Қазақстан Республикасының банк, валюталық заңнамасында, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі, төлемдер және төлем жүйелері, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар рыногы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, пошта, Қазақстанның Даму Банкі, микроқаржылық қызмет, коллекторлық қызмет, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, акционерлік қоғамдар, инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидаларында белгіленген талаптарды сақтауына бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруын, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіретін бұзушылықтарды анықтауды, қаржы ұйымдарының, банк конгломераттарының және (немесе) сақтандыру топтарының қызметіндегі кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді анықтауды көздейді.