3. Ағымдағы төлемдердің мөлшерi салықтық кезеңнiң басында болған салық салу объектiлерi бойынша салықтық базаға тиiстi салықтық мөлшерлемелерді қолдану арқылы айқындалады.
4. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, салық төлеушілер ағымдағы салық төлемдерінің сомаларын салықтық кезеңнің 25 ақпанынан, 25 мамырынан, 25 тамызынан және 25 қарашасынан кешіктірмей тең үлестермен төлейді.
5. Салықтық кезең ішінде салықтық міндеттемелер туындаған кезде, оның ішінде осы Кодекстiң 498-бабы 3-тармағының 3) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалар салық салу объектiлерiн пайдалануға, сенімгерлік басқаруға берген немесе мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілген кезде:
1) осындай салықтық кезең ішінде ағымдағы салық сомаларын төлеудің келесі кезекті мерзімі оларды бірінші төлеу мерзімі болып табылады;
2) ағымдағы төлемдерді төлеудің соңғы мерзімінен кейін осы баптың 8-тармағында көзделген мерзімдерде тек түпкілікті есеп айырысу және салық сомасын төлеу жүргізіледі.
6. Жер салығы бойынша мiндеттемелер салықтық кезең iшiнде өзгерген кезде ағымдағы төлемдер, егер осы баптың 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, салықтық мiндеттемелердiң өзгеру сомасына осындай салықтық кезеңде жер салығын төлеудiң алдағы мерзiмдерi бойынша тең үлестермен түзетiледi.
7. Салық салу объектiлерiне құқықтар салықтық кезеңнің iшiнде берiлген жағдайда салық сомасы жер учаскесiне иелік етудің іс жүзіндегі кезеңi үшiн есептеледi.
Осы құқықтарды беретiн тұлғаның жер учаскесiне iс жүзiнде иелiк еткен кезеңi үшiн төлеуге жататын салық сомасы құқықтарды мемлекеттiк тiркеуге дейiн немесе тiркеген кезде бюджетке енгiзiлуге тиiс. Бұл ретте осы құқықтарды беретін тұлға салық сомасын ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап өзi жер учаскесiн беретiн айдың басына дейiн есептейдi. Осындай құқықтарды алған тұлға салық сомасын оның жер учаскесiне құқығы туындаған айдың басынан басталатын кезең үшiн есептейдi.
8. Салық төлеушi салықтық кезең үшін декларацияны ұсыну мерзiмi басталғаннан кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей түпкілікті есеп айырысуды жүргiзеді және жер салығын төлейдi.
9. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер салықтық кезең үшін декларация ұсыну мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жер салығын төлейді.
513-бап. Жекелеген жағдайларда салықты есептеудiң, төлеудің және салық бойынша есептілікті ұсыну ерекшелiктерi
1. Бiрнеше салық төлеушiнiң пайдалануындағы үйлер, құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерi үшін жер салығы олардың бөлек пайдалануындағы үйлер мен құрылыстардың алаңына пропорционалды түрде әрбір салық төлеушi бойынша жеке-жеке есептеледi.
2. Осы Кодекстiң 498-бабы 3-тармағының 3) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалар үйдiң бiр бөлiгiн не ғимараттың бiр бөлiгiн пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берген кезде жер салығы осы жер учаскесiнде орналасқан барлық үйлердiң, ғимараттардың жалпы алаңындағы пайдалануға, сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берiлген үйдiң бiр бөлiгi не ғимараттың бiр бөлiгi алаңының үлес салмағына қарай есептелуге жатады.
3. Заңды тұлға тұрғын үй қорының құрамындағы жылжымайтын мүлiктi сатып алған жағдайда, жер салығы тұрғын үй қоры, оның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жердi қоспағанда, елдi мекендердiң жерiне осы Кодекстiң 505-бабында белгiленген салықтың базалық мөлшерлемелері бойынша есептелуге жатады.
514-бап. Жеке тұлғалардың салықты есептеу тәртiбi мен төлеу мерзiмдерi
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке тұлғалар төлеуге жататын жер салығын есептеудi салық органдары тиiстi салықтық мөлшерлемелер мен салықтық базаны негiзге ала отырып, есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жүргiзедi.
Осы тармақтың ережелері кәсіпкерлік қызметте және (немесе) осындай жеке практикаға байланысты қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскелері бойынша жеке тұлғаларға (оның iшiнде дара кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын адамдарға) қолданылмайды.
Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін мұндай учаске:
салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес айқындалатын және салық есептеуді салық органдары жүргізетін тұрғын үй және басқа да объектілер алып жатқан;
тұру мақсатында ғана жалға (пайдалануға) берілген және тұрғын үй қорынан шығарылмаған деген талаптар бір мезгілде сақталғанда жер учаскесі кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскесі деп танылмайды.
2. Салықтық кезең iшiнде салық салу объектiлерiне құқықтар берілген жағдайда салық сомасы осы Кодекстің 512-бабы 7-тармағының ережелерi ескерiле отырып есептеледi.
3. Жеке тұлғалар салық органдары есептеген жер салығын есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешiктiрмей бюджетке төлейдi.
4. Кәсіпкерлік қызметте және (немесе) осындай жеке практикаға байланысты қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскелері бойынша жеке тұлғалар (оның ішінде жеке практикамен айналысатын адамдар) жер салығын осы Кодекстің 512-бабында шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер үшін айқындалған тәртіппен есептейді және төлейді.
5. Осы Кодекстің 498-бабы 3-тармағы 4) тармақшасының ережелерін қолдану құқығы салықтық кезең ішінде туындаған немесе тоқтатылған жағдайда, осындай ережелер:
құқық туындаған кезде - осындай құқық туындаған айдың 1-күнінен бастап салықтық кезең аяқталғанға дейін немесе осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-күніне дейін қолданылады;
құқық тоқтатылған кезде - осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-күнінен бастап қолданылмайды.
63-тарау. САЛЫҚТЫҚ КЕЗЕҢ ЖӘНЕ САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІК
515-бап. Салықтық кезең
1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл жер салығын есептеу үшiн салықтық кезең болып табылады.
516-бап. Салықтық есептілік
1. Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскелері бойынша дара кәсіпкерлер (шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлердi қоспағанда) және заңды тұлғалар жер учаскелерінің орналасқан жерi бойынша салық органдарына салықтық кезеңнің басындағы жағдай бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша ағымдағы салықтық кезеңнің 15 ақпанынан кешіктірмей жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Салық төлеуші ағымдағы төлемдерді кезекті (салықтық кезең ішінде) төлеу мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмейтін мерзімде:
ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын - ағымдағы төлемдерді төлеудің соңғы мерзімінен кейін туындағандарды қоспағанда, салықтық кезең ішінде салықтық міндеттемелер туындаған кезде;
ағымдағы төлемдердің мөлшерлерін тиісті түзетумен және оларды алдағы төлеу мерзімдеріне тең үлестермен бөле отырып, осындай төлемдердің қосымша есеп-қисабын - салықтық кезең ішінде жер салығы бойынша салықтық міндеттемелер өзгерген кезде ұсынады.
Ағымдағы төлемдерді төлеудің соңғы мерзімінен кейін салықтық міндеттемелер туындаған кезде салық төлеушілер ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынбайды.
Бұл ретте ағымдағы төлемдердің есеп-қисабы немесе ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабы ағымдағы төлемдерді төлеудің кезекті мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша, салықтық міндеттемелер туындаған немесе өзгертілген объектілер бойынша ұсынылады.
3. Декларацияны жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша салық органдарына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде:
1) заңды тұлғалар;
2) дара кәсіпкерлер - кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскелері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша;
3) жеке тұлғалар (оның ішінде жеке практикамен айналысатын адамдар) - кәсіпкерлік қызметте және (немесе) осындай жеке практикаға байланысты қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскелері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша ұсынады.
15-БӨЛІМ. МҮЛІК САЛЫҒЫ
64-тарау. ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР МЕН ДАРА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ САЛЫНАТЫН МҮЛІК САЛЫҒЫ
517-бап. Салық төлеушілер
1. Мыналар мүлік салығын төлеушілер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектiсi бар заңды тұлғалар;
2) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында салық салу объектiсi бар дара кәсiпкерлер;
3) концессия шартына сәйкес концессия объектісі болып табылатын салық салу объектісін иеленуге, пайдалануға құқығы бар концессионер;
4) осы Кодекстің 518-бабында көрсетілген тұлғалар.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін мүлік салығын өз бетінше төлеуші деп тануға құқылы.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі осындай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі мүлік салығын өз бетінше төлеуші деп танылса, онда заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар мүлiк салығын төлеушiлер болып табылмайды:
1) өздері ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау және қайта өңдеу процесінде тікелей пайдаланатын меншік құқығындағы салық салу объектілері бойынша шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер.
Осы тармақшада көрсетілген салық төлеушілер өзінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау және қайта өңдеу процесінде тікелей пайдаланылмайтын салық салу объектілері бойынша мүлік салығын осы бөлімде айқындалған тәртіппен төлейді;
2) мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары;
3) қылмыстық жазаларды атқару саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның түзеу мекемелерiнiң мемлекеттiк кәсiпорындары;
4) дiни бiрлестiктер.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалар пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша салық төлеушілер болып табылады.
518-бап. Жекелеген жағдайларда салық төлеушiнi айқындау
1-тармақтың қолданысы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 43-6-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
1. Мемлекеттік мекемелер және заңды тұлғалардың жекелеген санаттары салық салу объектiсiн сенімгерлiк басқаруға берген кезде салық төлеушi осы Кодекстiң 41-бабына сәйкес айқындалады.
2. Егер салық салу объектiсi, пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн салық салу объектiлерiн қоспағанда, бiрнеше тұлғаның ортақ үлестiк меншiгiнде болса, осы тұлғалардың әрқайсысы салық төлеушi деп танылады.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi салық салу объектiлерi бойынша осы салық салу объектiлерi меншiк иелерiнің бiрi олардың арасындағы келiсу бойынша салық төлеушi бола алады.
4. Қаржылық лизингке берiлген объектiлер бойынша лизинг алушы салық төлеушi болып табылады.
5. Пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн салық салу объектiлерi бойынша пайлық инвестициялық қорды басқарушы компания салық төлеушi болып табылады.
6. Мемлекеттiк тiркеуге жататын ғимараттарға, құрылыстарға құқықтардың осындай тіркелуі болмаған жағдайда:
1) жаңадан тұрғызылған (салынған) объектілер үшін - мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі және (немесе) салынған объектіні пайдалануға қабылдау (іске қосу) актісі;
2) қалған жағдайларда - азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде осы объектіні іс жүзінде иеленетін және пайдаланатын (іске қосатын) тұлға мұндай объектіге салық төлеуші болып танылады.
519-бап. Салық салу объектісі
1. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының аумағындағы:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі қаражат, жылжымайтын мүлікке инвестициялар құрамында есепке алынатын, техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылыстар, осындай ғимараттардың бөліктері;
2) халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді дебиторлық берешек ретінде есепке алынатын тұрғынжайды сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша жеке тұлғаларға берілген техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, осындай ғимараттардың бөліктері;
3) иелік ету, пайдалану құқықтары концессия шарты бойынша берілген, концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылыстар;
4) осы Кодекстiң 260-бабында көрсетілген активтер;
5) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ғимараттарды (ғимараттардың бөліктерін) және құрылыстарды қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес екiншi деңгейдегі банктер активтерiнiң құрамында есепке алынатын, кепiл, өзге де қамтамасыз ету ретiндегі мүлiкке өндiрiп алу нәтижесiнде меншiкке өткен техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгiлеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылыстар, осындай ғимараттардың бөліктері;
6) осы Кодекстің 518-бабының 6-тармағында көрсетілген ғимараттар, құрылыстар салық салу объектісі болып табылады.
2. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлер үшiн техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын және осы Кодекстің 201-бабының 9) тармақшасына сәйкес негізгі қаражат болып табылатын Қазақстан Республикасының аумағындағы ғимараттар, құрылыстар салық салу объектiсi деп танылады.
3. Мыналар салық салу объектілері болып табылмайды:
1) осы Кодекстiң 500 және 501-баптарына сәйкес жер салығын салу объектiсi ретіндегі жер;
2) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша консервацияда тұрған ғимараттар, құрылыстар;
3) ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдары мен олардағы жол құрылыстары:
бұрылу белдеуi;
жолдардың конструкциялық элементтерi;
жол жағдайы мен оны абаттандыру;
көпiрлер;
өткерме жолдар;
виадуктар;
жол тарамдары;
тоннельдер;
қорғаныш галереялары;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн арттыруға арналған құрылыстар мен құрылғылар;
су бұрғыш және су өткiзгiш құрылыстар;
жол бойындағы орман алаптары;
желiлiк тұрғын үйлер және жол пайдалану қызметiнiң кешендерi;
4) 518-баптың 6-тармағында және осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, аяқталмаған құрылыс объектiлерi;
5) метрополитеннің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін көліктік кешеннің ажырамас бөлігі болып табылатын ғимараттар, құрылыстар;
6) мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару талаптарына сәйкес жасалған шарттар бойынша мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы сатып алған ғимараттар, құрылыстар;
7) салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес айқындалатын және салық есептеуді салық органдары осы Кодекстің 532-бабына сәйкес жүргізетін жеке тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын тұрғынжайлары мен басқа да объектiлері;
8) концессия объектiлерінің құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 000 000 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда, оларға иелік ету, пайдалану құқықтары қолжетімділік үшін төлемақы қолданыла отырып, концессия шарты бойынша тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша берілген концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылыстар.
520-бап. Салықтық база
1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, бухгалтерлiк есептiң деректерi бойынша айқындалатын салық салу объектілерінiң жылдық орташа баланстық құны осы Кодекстің 519-бабы 1-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база болып табылады.
Концессия объектілерінiң жылдық орташа баланстық құны болмаған жағдайда осындай объектiлердiң Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiпке сәйкес белгіленген құны салықтық база болып табылады.
2. Осы Кодекстің 519-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын ұзақ мерзімді дебиторлық берешектің жылдық орташа сомасы мөлшерінде белгіленеді.
3. Салық салу объектiлерiнiң жылдық орташа баланстық құны ағымдағы салық кезеңiнiң әрбір айының 1-күнi мен есептiден кейiнгi салықтық кезең айының 1-күнiндегi салық салу объектiлерiнiң баланстық құндарын қосу кезiнде алынған соманың он үштен бiрi ретiнде айқындалады.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарында салық салу объектілерін бөлшектеу және жою жөніндегі міндеттемелерді орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің ережелерінде қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына байланысты іс-шараларды орындау көзделген болса, онда осындай міндеттемелердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған бағалауы жеке есеп жүргізу кезінде салық салу объектiлерiнiң баланстық құнына кірмейдi.
Егер «Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерінде магистральдық құбырды жою жөніндегі міндеттемелерді орындау көзделген жағдайда, онда осындай міндеттемелердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған бағалауы осындай міндеттемелер құнының жеке есебін жүргізу кезінде салық салу объектiлерiнiң баланстық құнына кірмейдi.
Егер энергия беруші ұйым Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз деп танылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеусіз негізде алынған электр желілерін өз балансына қабылдаған жағдайда, мұндай желілердің құны «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабының 8-тармағына сәйкес тарифтік сметада мұндай желілер бойынша мүлік салығының сомалары есепке алынғанға дейін салықтық базаға кірмейді.
4. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленетін ұзақ мерзімді дебиторлық берешектің жылдық орташа сомасы ағымдағы салықтық кезеңнің әрбір айының 1-күні және есептіден кейінгі салықтық кезең айының 1-күніндегі ұзақ мерзімді дебиторлық берешек сомаларын қосқан кезде алынған он үштен бір сома ретінде айқындалады.
5. Осы Кодекстiң 517-бабы 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берiлген осы салық салу объектiлерiнің үлесi негізге алына отырып айқындалады.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлердің салық салу объектілері бойынша оларды сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, сондай-ақ реконструкциялауға және жаңғыртуға жұмсалған шығындардың жиынтығы салықтық база болып табылады.
Бұл ретте реконструкциялауды, жаңғыртуды тану осы Кодекстің 269-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға жұмсалған шығындарды растайтын, сондай-ақ бағасы (құны) белгісіз мәмілелер бойынша не өтеусіз, оның ішінде сыйға тарту, мұраға қалдыру, қайырмалдық, қайырымдылық көмек түрінде алынған салық салу объектілері бойынша бастапқы құжаттар болмаған кезде:
1) осы активке меншік құқығы туындаған күнге салық салу объектісінің;
2) осындай объектілер бойынша төлеушілер деп тану күніне осы Кодекстің 518-бабының 6-тармағында көрсетілген төлеушілердің салық салу объектісінің нарықтық құны салықтық база болып табылады.
Бұл ретте нарықтық құн Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалады.
7. Осы Кодекстің 41-бабының ережелеріне сәйкес мүлік салығы бойынша салықтық міндеттемелерін сенімгер басқарушы орындайтын жағдайда, осы баптың 3-тармағында айқындалған тәртіппен:
1) егер осындай мүлік оның балансына берілген жағдайда сенімгер басқарушы өз бетінше;
2) балансында осындай мүлік бар мемлекеттік мекеме белгілеген осындай салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны салықтық база болып табылады. Бұл ретте осындай мүліктің салықтық база бойынша деректері сенімгер басқарушыға жыл сайын, 1 ақпаннан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс.
Мүлік салығы бойынша салықтық есептілікті жасау кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген мүліктің жылдық орташа баланстық құны бойынша деректер болмаған жағдайда, оның осы Кодекстің 41-бабының 4-тармағына сәйкес қабылдап алу-беру актісінде көрсетілген баланстық құны осындай мүлік бойынша салықтық база болып табылады.
521-бап. Салықтық мөлшерлемелер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, заңды тұлғалар мүлiк салығын салықтық базаға 1,5 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейдi.
2. Мүлік салығын салықтық базаға 0,5 пайыз мөлшерлеме бойынша мына төлеушілер есептейді:
1) дара кәсіпкерлер;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар.
3. Төменде көрсетілген заңды тұлғалар мүлiк салығын салықтық базаға 0,1 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейдi:
1) дiни бiрлестiктердi және осы Кодекстің 289-бабының 4-тармағында көрсетілген коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда, осы Кодекстің 289-бабында айқындалған заңды тұлғалар;
2) осы Кодекстiң 290-бабында айқындалған заңды тұлғалар;
3) негiзгi қызмет түрi кiтапханалық қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын ұйымдар;
4) мемлекеттiк меншіктегі және бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын су қоймаларының, су тораптарының объектiлерi бойынша заңды тұлғалар;
5) ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушi заңды тұлғалардың және шаруа немесе фермер қожалықтарының жерін суару үшiн пайдаланылатын гидромелиоративтік құрылыс объектiлерi бойынша заңды тұлғалар;
6) ауыз сумен жабдықтау объектілері бойынша заңды тұлғалар;
7) 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8) 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) Астана және Алматы қалаларының әуеайлақтарындағы ұшу-қону жолақтарын және әуежайларының терминалдарын қоспағанда, әуеайлақтардағы ұшу-қону жолақтары және әуежайлардың терминалдары бойынша заңды тұлғалар;