746-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, пайдалы қазбаларды, минералды шикізатты, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден ғана өткен минералды шикізатты өндіру салығының мөлшерлемелері мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
| Р/с № | | Пайдалы қазбалардың, минералды шикізаттың, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден ғана өткен минералды шикізаттың атауы | Мөлшерлемелер, пайызбен |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Қара, түсті және радиоактивті металдар кені | Хром кені (концентрат) | 21,06% |
| Марганец, темір-марганец кені (концентрат) | 3,25% |
| Темір кені(концентрат) | 3,64% |
| Уран (өнімдік ерітінділерден алынған, шахталық әдіс) | 6% |
| 2. | Металдар | Мыс | 8,55% |
| Мырыш | 10,5% |
| Қорғасын | 10,4% |
| Алтын, күміс | 7,5% |
| Платина, палладий | 6,5% |
| Алюминий | 0,38% |
| Қалайы | 3,9% |
| Никель | 7,8% |
| 3. | Құрамында металдар бар минералды шикізат | Ванадий | 5,2% |
| Хром, титан, магний, кобальт, вольфрам, висмут, сүрме, сынап, мышьяк және басқалар | 7,8% |
| 4. | Құрамында сирек кездесетін металдар бар минералды шикізат | Ниобий, лантан, церий, цирконий | 7,7 % |
| Галлий | 1,0 % |
| 5. | Құрамында шашыраңқы металдар бар минералды шикізат | Селен, теллур, молибден | 7,0 % |
| Скандий, германий, рубидий, цезий, кадмий, индий, талий, гафний, рений, осмий | 6,0 % |
| 6. | Құрамында радиоактивті металдар бар минералды шикізат | Радий, торий | 5,0 % |
| 7. | Құрамында сирек металдар бар минералды шикізат | Литий, бериллий, тантал, стронций | 7,7 % |
| 8. | Құрамында жерде сирек кездесетін металдар бар минералды шикізат | Празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютений, иттрий | 6,0 % |
| Құрамында кендік емес пайдалы қатты қазбалар бар минералды шикізат |
| 9. | Жанатын, химиялық және агрономиялық минералды шикізат | Кокстелетін тас көмір, антрацит | 4,05% |
| Тас көмір (кокстелетін және антрациттен басқа), қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар | 2,7% |
| Фосфориттер | 4,0% |
| Бораттар, оның ішінде бор ангидриті | 3,5% |
| Калий және калий-магний тұздары | 6,0% |
| Барит | 4,5% |
| Тальк | 2,0% |
| Гипс | 5,6% |
| Күкірт | 6,0% |
| Флюориттер | 3,0% |
| Воластанит | 3,5% |
| Шунгит | 2,0% |
| Графит және басқалар | 3,5% |
| Жарқырауық тас шикізаты: |
| 10. | Құрамында қымбат бағалы тастар бар минералды шикізат | Алмас, лағыл, жақұт, зүбәржат, анар, александрит, қызыл (асыл) шпинель, эвклаз, топаз, аквамарин және басқалар | 12,0 % |
| 11. | Құрамында өңделетін тастар бар минералды шикізат | Нефрит, яшма, жадеит, лазурит, радонит, малахит, авантюрин, агат, тау хрусталі, қызғылт кварц, бирюза, диоптаз, халцедон және басқалар | 3,5 % |
| 12. | Құрамында техникалық тастар бар минералды шикізат | Техникалық алмастар, агат, корунд, циркон, яшма, серпентинит, асбест, слюда және басқалар | 2,0 % |
| 13. | Өзгелері | Кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын өзге де кендік емес минералды шикізат | 4,7%, бірақ көлем бірлігіне 0,02 АЕК-тен кем емес |
Бұл ретте өндірілген тас көмірге (кокстелетіннен және антрациттен басқа), қоңыр көмірге, жанғыш тақтатастарға пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы бапта белгіленген мөлшерлемесіне мынадай жағдайларда:
1) табиғи монополия субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы осындай өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясын беру, жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі қызметтерді ұсыну үшін пайдаланған;
2) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды осы баптың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қызметтерді көрсететін табиғи монополиялар субъектісіне өткізген;
3) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарына өткізген;
4) өндірілген тас көмір, қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар осы Кодекстің 239-бабында айқындалған әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде пайдаланылған;
5) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға өткізген;
6) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды қайта өңдеген және (немесе) оларды өзінің өндірістік мұқтаждарына пайдаланған;
7) энергия өндіруші ұйым болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес өз мұқтаждары және (немесе) өткізу үшін электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланған;
8) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес өз мұқтаждары және (немесе) өткізу үшін электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін энергия өндіруші ұйымға өткізген;
9) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды тауарларды өндіру кезінде оларды қайта өңдеуді және (немесе) пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдарға өткізген жағдайларда 0, 01 коэффициенті қолданылады.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кен орны бойынша баланстан тыс қорлардың құрамынан өндірілетін пайдалы қазбалардың және минералды шикізаттың барлық түріне пайдалы қазбаларды өндіру салығы 0 пайыз мөлшерлеме бойынша төленеді.
Бұл ретте пайдалы қазбаларды өндіру салығының 0 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемесі өндірілуі баланстан тыс қорлардың құрамынан рентабельділігі төмен кен орындарында жүзеге асырылатын, пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленетін пайдалы қазбаларды және минералды шикізатты өткізу жағдайларын қоспағанда, баланстан тыс қорлардың құрамынан, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) кейін алынатын пайдалы қазбаларды және минералды шикізатты өткізген жағдайда қолданылмайды.
Егер осы баптың 1-тармағы кестесінің 13-жолында көрсетілген кендік емес минералды шикізат бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы Кодекстің 744 және 745-баптарына сәйкес есептелген сомасы салықтық кезең ішінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген осындай кендік емес минералды шикізаттың физикалық көлемі мен республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 0,02 айлық есептік көрсеткішті көбейту сомасынан аз болса, осындай кендік емес минералды шикізат бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өндірілген осындай кендік емес минералды шикізат көлемінің бірлігі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 0,02 мөлшеріндегі мөлшерлеме бойынша айқындалады.
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2. Егер осы Кодекстің 720-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес келетін кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділік деңгейі 5 және одан аз пайызды құраған жағдайда, мұндай кен орнында (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобында, кен орнының бір бөлігінде) өндірілген пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін қолдануға құқылы.
Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орнының тобы, кен орнының бір бөлігі) осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес айқындалған төмен рентабельділік өлшемшарттарына іс жүзінде сәйкес келмеген кезде жер қойнауын пайдаланушы тиісті күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанынан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемелер негізінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелерді қайта есептеуді осындай өлшемшарттар сақталмаған бүкіл жыл үшін жүргізеді және алынған мәндерді төртінші тоқсандағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша қосымша декларацияда көрсетеді. Осындай декларацияда көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасы төртінші тоқсанның салықтық міндеттемесі болып табылады және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен бюджетке төленуге жатады.
Осы тармақтың ережелері жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу (жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне көшіру) не пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру (жер қойнауы учаскесін бөлу) үшін берілген жер қойнауы учаскелерін түрлендіру жүзеге асырылған кен орындарына да (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобына да, кен орнының бір бөлігіне де) қолданылады.
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өнеркәсіптік өндіру басталған кезден бастап алпыс ай ішінде 0 пайыз мөлшерлеме бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде есептеледі:
1) кен орнында (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобында, кен орнының бір бөлігінде) минералды шикізатты өнеркәсіптік өндіру 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталды;
2) кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі 15 пайыздан аспайды;
3) өзара байланысты тараптың пайдасына иеліктен шығаруды қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мөлшерлемесі қолданылған кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы осы тармақтың ережелерін қолдану кезеңі ішінде иеліктен шығаруға жатпайды.
Осы тармақтың мақсатында кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі осы Кодекстің 720-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тәртіпке сәйкес айқындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында белгіленген шарттар сақталмаған кезде пайдалы қазбаларды өндіру салығы осы тармақтың ережелерін қолданудың бүкіл кезеңі үшін осы баптың 1 немесе 2-тармағына сәйкес белгіленген мөлшерлемелер бойынша төленеді.
Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген көрсеткішке жеткен кезде салық төлеуші тиісті күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанынан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелерді қайта есептеуді жүргізеді. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелердің аталған қайта есептелуі рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі он бес пайыздан асқан бүкіл жыл үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 1 немесе 2-тармағында көрсетілген мөлшерлемелері қолданыла отырып жүзеге асырылады және осындай жылдың төртінші тоқсанындағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша қосымша декларацияда көрсетіледі. Осындай декларацияда көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасы төртінші тоқсанның салықтық міндеттемесі болып табылады және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен бюджетке төленуге жатады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелер қайта есептелгеннен соң кейінгі кезеңдерде рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі он бес пайыздан төмен төмендеген жағдайда, салық төлеуші осы кейінгі кезеңдер үшін осы тармақтың ережелерін қолдануға құқылы емес.
3-параграф. Кең таралған пайдалы қазбаларға, жер-асты суларына және емдік балшыққа арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығы
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 747-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
747-бап. Салық салу объектісі
Жер қойнауын пайдаланушының салықтық кезеңде өндірген кең таралған пайдалы қазбалардың, жерасты сулары мен емдік балшықтың нақты көлемі салық салу объектісі болып табылады.
Салық салу объектісін айқындау мақсаттары үшін жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын минералды шикізат қорларының есептік және жиынтық баланстарында пайдаланылатын өлшем бірліктері қолданылады.
Осы тараудың мақсаттары үшін өндірілген кең таралған пайдалы қазба және емдік балшық көлемінің бірлігі бір текше метр немесе бір тонна болып танылады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы мынадай жағдайларда:
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жер қабатының қысымын ұстап тұру үшін жерасты суларын, оның ішінде олардан өндірілген бу түрінде жер қойнауына кері айдау (техногендік суды сорып алу) кезінде;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес көмірсутектермен ілеспе өндірілген және халық денсаулығы мен қоршаған ортаға қатер төндіретін жерасты суларын кәдеге жарату кезінде;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру кезінде ілеспе өндірілген (ілеспе алынған, сорып алынған) жерасты суларын (шахталық, карьерлік, кеніштік) төгу кезінде;
3) меншік құқығында, жер пайдалану құқығында және жерге арналған өзге де құқықтарда өзіне тиесілі жер учаскесінде жерасты суларын өндіруді жүзеге асыратын жеке тұлға өндірілген жерасты сулары кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылмаған жағдайда төлемейді;
4) өзiнiң шаруашылық мұқтаждықтары үшiн мемлекеттік мекемелер өндiретін жерасты сулары бойынша төленбейді.
748-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Кең таралған пайдалы қазбаларға және емдік балшықтарға арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері өндірілген кең таралған пайдалы қазба мен емдік балшық көлемінің бірлігі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері негізге алына отырып есептеледі және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың атауы | Мөлшерлемелер, АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Метаморфалық жыныстар, оның ішінде мәрмәр, кварцит, кварцтық-далалық шпат жыныстары | 0,02 |
| 2. | Магмалық тау жыныстары, оның ішінде гранит, сиенит, диорит, габбро, риолит (липарит), андезит, диабаз, базальт, вулкандық туфтар, шлактар, пемзалар, вулкандық шынылар және шыны тектес жыныстар (перлит, обсидиан) | 0,02 |
| 3. | Шөгінді тау жыныстары, оның ішінде жұмыртастар мен қиыршық тас, қиыршық тасты-құмды (құмды-қиыршық тасты) қоспа, құм және құмтастар, саз және сазды жыныстар (саздақ топырақ, алевролиттер, аргиллиттер, сазды тақта тастар), ас тұзы, гипстік жыныстар, мергельдер, әктастар, оның ішінде қабықшалар, борлы жыныстар, доломиттер, әктас-доломитті жыныстар, кремнийлі жыныстар (трепел, опока, диатомит), табиғи пигменттер, шымтезек | 0,015 |
| 4. | Емдік балшықтар | 0,02 |
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жерасты суларына арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері өндірілген жерасты суының 1 текше метрі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері негізге алына отырып есептеледі және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың атауы | Мөлшерлемелер, АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Осы кестенің 2 - 5-жолдарында көрсетілген жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы өндірген жерасты суы | 0,003 |
| 2. | Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру және (немесе) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін табиғи монополия субъектісіне кейіннен өткізу үшін жер қойнауын пайдаланушы өндірген жерасты суы | 0,001 |
| 3. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ол алкоголь өнімін, алкогольсіз сусындарды және (немесе) тамақ өнімін (ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді және (немесе) оны қайта өңдеуді қоспағанда) өндіру үшін пайдаланған минералды жерасты суы, шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты суы | 0,250 |
| 4. | Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру және (немесе) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін табиғи монополия субъектісіне кейіннен өткізу кезінде шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты суының нақты ысыраптары | 0,005 |
| 5. | Осы кестенің 4-жолында көрсетілген жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы өндірген минералды жерасты суының, шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты судың нақты ысыраптары | 1,000 |
3. Өндірілген жерасты суын бөлек есепке алу болмаған жағдайда, осы баптың 2-тармағында белгіленген жерасты суларына пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін қолдану мақсатында мөлшерлеменің ең көп мөлшері қолданылады.
749-бап. Салықтық кезең
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
750-бап. Төлеу мерзімдері
Салық төлеушi салықтың есептелген сомасын тұрған жерiндегі бюджетке салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
751-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
86-тарау. ҮСТЕМЕ ПАЙДА САЛЫҒЫ
752-бап. Жалпы ережелер
1. Үстеме пайда салығы осы Кодекстің 753-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын төлеуші болып табылатын жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салықтық кезең үшін есептеледі.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы осы тарауда белгіленген тәртіпке сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салық салу объектісін, сондай-ақ салық салумен байланысты мынадай объектілерді:
1) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті;
2) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кірісті;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кірісті;
4) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдерді;
5) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығын;
6) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісі салығының есеп айырысу сомасын айқындайды.
753-бап. Төлеушілер
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай:
1) осы Кодекстің 722-бабының 1-тармағында көрсетілген;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы келісімшарттар пайдалы қазбалардың басқа топтарын өндіруді көздемеген жағдайда, пайдалы қатты қазбаларды, оның ішінде кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және (немесе) емдік балшықты барлауға және (немесе) өндіруге;
3) барлауға және өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және пайдалануға арналған келісімшарттардың негізінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар осы тарауда белгіленген үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылмайды.
754-бап. Салық салу объектісі
Осы Кодекстің 758-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының шегерімдер сомасының 25 пайызына тең сомадан асатын салықтық кезең үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша осы Кодекстің 755-бабына сәйкес үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін айқындалған жер қойнауын пайдаланушының таза кірісінің бір бөлігі үстеме пайда салығын салу объектісі болып табылады.
755-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс осы Кодекстің 756-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс пен осы Кодекстің 759-бабына сәйкес есептелген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бейрезиденттер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс тұрақты мекеменің жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт бойынша, осы Кодекстің 760-бабына сәйкес есептелген таза кірісі салығының есеп айырысу сомасына қосымша азайтылады.
756-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс
1. Осы тараудың мақсаттарында салық салынатын кіріс осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайту ескеріле отырып, осы Кодекстің 757-бабына сәйкес айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кіріс пен осы Кодекстің 758-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсатында салықтық кезең үшін шегерімдердің жылдық жалпы кіріс сомасынан асып кетуі келесі салықтық кезеңдердің үстеме пайда салығын есептеу мақсатында салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін ауыстырылады.
757-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кірісті осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалған, осы Кодекстің 228, 234 және 235-баптарында көзделген кірістерді қоспағанда, келісімшарттық қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушы жылдық жиынтық кірісті айқындау үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша айқындайды.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсатында осы Кодекстің 234 және 235-баптарында көзделген кірістер осы Кодекстің 258, 259 және 270-баптарында көрсетілген активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстің 228-бабында көзделген кірістер көрсетілген активтердің құны үстеме пайда салығын есептеу мақсатында шегерімдерге жатқызылған жағдайда осы Кодекстің 258, 259 және 270-баптарында көрсетілген активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстiң 228-бабында көрсетiлген, құны үстеме пайда салығын есептеу мақсатында шегерiмге жатқызылуға тиіс емес активтердi өткізуден түсетін кіріс мөлшері осы Кодекстiң 228-бабына сәйкес айқындалады.
758-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша шегерімдер:
1) осы Кодекстің 242 - 248, 252 - 257, 261 - 263 және 272-баптарына сәйкес келісімшарттық қызмет бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында есепті салықтық кезеңде шегерімдерге жатқызылған шығыстардың;
2) мыналарға:
тіркелген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстарына;
осы Кодекстің 258, 259 және 260-баптарына сәйкес пайда болған амортизацияланатын активтердің жекелеген топтарына қосуға жататын, салықтық кезең ішінде іс жүзінде шеккен шығындар сомасы ретінде айқындалады.
Бұл ретте үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жалпы және (немесе) жанама тіркелген активтерді сатып алу бойынша шығындар жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жүргізген тікелей шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке сай келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс.
2. 2018 жылдың салықтық кезеңі үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылуға тиіс, бірақ 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылмаған шығындардың үстеме пайда салығын есептеу мақсатында жинақталған соманың біржолғы шегерімі жүргізіледі.
3. Егер шығыстардың нақ сол түрлері осы бапта белгіленген шегерімдердің бірнеше түрінде көзделген жағдайда салық салынатын кірісті есептеу кезінде көрсетілген шығыстар бір рет қана шегеріледі.
759-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша келісімшарттық қызмет бойынша салықтық кезең үшін осы Кодекстің 313-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомаларына, сондай-ақ осы Кодекстің 299 және 300-баптарына сәйкес ауыстырылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша залалдар сомасына азайтылған, осы Кодекстің 302-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарт бойынша есептелген салық салынатын кірістің көбейтіндісі ретінде айқындалады.