2. Сараптама жүргізу тергеу судьясының қаулысымен тағайындалған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізетін орган сот сараптамасы органының басшысына қажетті материалдарды, нәрселерді жолдайды.
3. Сараптама қорғаушының немесе жәбірленуші өкілінің сұрау салуы бойынша жүргізілген жағдайда, қажетті материалдарды қорғаушы немесе жәбірленушінің өкілі береді.
4. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайлары нақты сарапшылық міндеттерді шешуге мүмкіндік бермесе; сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып ұсынылған жағдайда, дәлелдерді көрсете отырып, қылмыстық процесті жүргізетін органға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді қайтаруға;
2) егер осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, қылмыстық процесті жүргізетін адам алдында оларды сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.
5. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сараптама жүргізу үшін қажетті объектілерді өздігінен талап етіп алдыруға;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды қылмыстық процесті жүргізетін органмен келіспей, сараптама жүргізуге тартуға;
3) сарапшыға нақты сараптама бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
6. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны және зерттеу объектілерін алғанан кейін, сараптама жүргізуді осы Кодекстің 272-бабы бірінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сарапшысына немесе сарапшылар комиссиясына тапсыруға;
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығы мен объективтілігін, сот сараптамасы объектілерінің сақталуының қамтамасыз етілуін бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сараптама жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;
4) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
277-бап. Сот сараптамасы органынан тыс жерде сараптама жүргiзу
1. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру көзделсе, қылмыстық процесті жүргізетін орган оны тағайындау туралы қаулы шығарылғанға дейін өзі сараптама жасауды тапсыруға ниеттенген адамның жеке басына көз жеткізуге және сарапшыға қарсылық білдіру үшін осы Кодекстің 93-бабында көзделген негіздердің бар-жоғын тексеруге тиіс.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 79-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оның көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл әрекеттердiң орындалғаны туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы сараптама тағайындау туралы қаулыда сарапшының қолымен куәландырылатын белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме мен оның өтiнiшхаттары да осылайша тіркеледі. Сараптаманы тағайындаған адам сарапшының өтiнiшхатын қабылдамау туралы уәждi қаулы шығарады.
278-бап. Процеске қатысушылардың сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуы
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган сараптама жүргізу кезінде қатысуға, сарапшының жүргізіп жатқан әрекеттеріне қатысты түсіндірмесін алуға құқылы. Сараптама жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін органның қатысу фактісі сарапшының қорытындысында көрсетіледі.
2. Өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар сараптама жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен қатыса алады. Бұл жағдайда қылмыстық процесті жүргізетін органның қатысуы міндетті.
3. Қылмыстық сот ісін жүргізетін орган тиісті өтінішхатты қанағаттандырған кезде оны мәлімдеген адамға сараптаманың жүргізілетін орны мен уақыты хабарланады. Хабарланған адамның келмеуі сараптаманы жүргізуге кедергі келтірмейді.
4. Сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысып отырған процеске қатысушылар зерттеулер барысына араласуға құқылы емес, бірақ олар сот сараптамасының нысанасына қатысты түсініктемелер бере алады.
5. Егер сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысып отырған процеске қатысушы сот сарапшысының қызметіне кедергі келтірсе, соңғысы зерттеуді тоқтата тұруға және қылмыстық процесті жүргізетін органның не сараптама тағайындаған адамның алдында көрсетілген процеске қатысушыға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуға берілген рұқсаттың күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы.
6. Сот сарапшысы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ, егер сот сараптамасын сот сарапшылары комиссиясы жүргізсе, сот сарапшыларының кеңесу және түйіндерді тұжырымдау сатысында процеске қатысушылардың қатысуына жол берілмейді.
7. Сот психиатриялық және сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың жүргізілуі құпиялық жағдайында жүзеге асырылады.
8. Адамға қатысты оны жалаңаштаумен ұштасатын сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу кезінде тек сол жыныстағы адамдар ғана қатыса алады. Осы шектеу көрсетілген зерттеулерді жүргізуге қатысатын дәрігерлерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қолданылмайды.
279-бап. Сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға орналастыру
1. Егер адамға қатысты сот сараптамасын жүргізу сот-сараптамалық зерттеулерді стационар жағдайында жүргізуді көздейтін болса, онда күдікті, жәбірленуші, куә сараптама тағайындау туралы қаулының негізінде медициналық ұйымға орналастырылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 271-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жәбірленушіні, куәні медициналық ұйымға орналастыруға оның жазбаша келісуімен ғана жол беріледі.
Егер көрсетілген адам кәмелетке толмаған немесе сот оны әрекетке қабілетсіз деп таныған болса, жазбаша келісімді заңды өкілі береді. Заңды өкіл қарсылық білдірген немесе ол болмаған жағдайда, жазбаша келісімді қорғаншылық және қамқоршылық органы береді.
2. Күзетпен ұсталмайтын күдіктіні, сондай-ақ жәбірленушіні, куәні сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберу осы Кодекстің 14-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасын жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның орналасқан жері туралы оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірін, басқа да туыстарын немесе жақын адамдарын, ал олар болмаған кезде аталған адамның тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органын жиырма төрт сағат ішінде хабардар етуге міндетті.
3. Өздеріне қатысты сараптама жүргізілетін адамдарды медициналық ұйымда ұстау қағидалары Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасында айқындалады.
4. Стационарлық сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін күдіктіні медициналық ұйымға орналастыру кезінде оған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жария етілуге тиісті мерзім санкция алынған күннен бастап сарапшылар комиссиясының күдіктінің психикалық жай-күйі туралы қорытындысы алынғанға дейін үзіледі.
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Өзіне қатысты сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілетін адамның медициналық ұйымда болуының жалпы мерзімі отыз тәулікке дейін болады. Сот-сараптамалық зерттеулерді аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім осы Кодекстің 14-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес сарапшының (сарапшылар комиссиясының) уәжді өтінішхаты бойынша отыз тәулікке ұзартылуы мүмкін.
Сот сараптамасына ерікті түрде тартылатын адам үшін көрсетілген мерзімді ұзартуды оның келісуімен сот сараптамасы органы басшысының не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) уәжді өтiнiшхаты бойынша сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) жүзеге асырады.
Сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамдардың онда болу мерзiмiн ұзарту заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Өтінішхат сараптаманың жүргізілу мерзімі аяқталардан үш тәуліктен кешіктірмей сотқа ұсынылуға және ол алынған күннен бастап үш тәулік ішінде шешілуге тиіс. Сот мерзімді ұзартудан бас тартқан жағдайда, адам медициналық ұйымнан шығарылуға тиіс. Медициналық ұйымның басшысы мәлімделген өтінішхат пен оның сотта қаралу нәтижелері туралы өзіне қатысты сараптама жүргізілетін адамға, оның қорғаушысына, заңды өкіліне, өкіліне, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізетін органға хабарлайды.
6. Медициналық ұйымда өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адам, оның қорғаушысы, заңды өкілі, өкілі сараптаманың жүргізілу мерзімін ұзарту туралы қаулыға осы Кодексте көзделген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
280-бап. Сараптама объектiлерi
1. Заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесi мен психикасының жай-күйі, мәйiттер, жануарлар, үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.
2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң анықтығы мен жол берілетіндігіне сараптаманы тағайындаған адам, орган кепiлдiк бередi.
3. Сараптамалық зерттеу объектiлерi, егер олардың көлемі мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сарапшыға қапталған және мөрленген түрде берiледi. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған адам сарапшыны зерттеу объектiлерi тұрған жерге жеткiзудi, оларға кедергісіз қол жеткiзудi және зерттеу жүргізу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.
4. Сот сараптамасы объектілерімен жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
5. Сараптама жүргізу кезінде оның объектілері сараптаманы тағайындаған органның рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты кажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін.
Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді қаулыда қамтылуға тиіс.
281-бап. Жеке-дара және комиссиялық сараптама
1. Сараптаманы сарапшы жеке-дара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзедi.
3. Есiнiң дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн кемiнде үш сарапшы тағайындалады.
4. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді тәуелсіз және дербес түрде толық көлемінде жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелерi алынған нәтижелердi бiрлесiп талдайды және ортақ пiкiрге келгенде қорытындыға не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарға қол қояды. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда, олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр бөлiгi жеке қорытынды бередi не пiкiрi комиссияның басқа мүшелерiнiң қорытындыларына сәйкес келмеген сарапшы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.
5. Қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судъясының комиссиялық сараптама жүргiзу туралы қаулысы сот сараптамасы органының басшысы үшiн мiндеттi. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
282-бап. Кешендi сараптама
1. Кешендi сараптама iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлi білім салалары негізінде зерттеу қажет болғанда тағайындалады және оны түрлі мамандықтағы сарапшылар өз құзыреті шегінде жүргізеді.
Кешендi сараптаманы бір сарапшы өзінің түрлi сарапшылық мамандықтар бойынша зерттеу жүргізуге құқығы болған жағдайда жүргізе алады.
2. Кешендi сараптаманың қорытындысында әрбiр сарапшының қандай зерттеудi, қандай көлемде жүргiзгенi және оның қандай түйіндерге келгенi көрсетiлуге тиiс. Әрбiр сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлiгiне қол қояды.
3. Сарапшылардың әрқайсысы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жай туралы ортақ түйінді (түйіндерді) тұжырымдайды. Ортақ түйінді (түйіндерді) алынған нәтижелердi бағалауға құзыретi бар сарапшылар ғана тұжырымдап, қол қояды. Егер комиссияның түпкiлiктi түйінінің немесе оның бiр бөлiгiнің негiзі сарапшылардың бiрi (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактiлер болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетiлуге тиiс.
4. Сарапшылар арасында келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстiң 281-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешендi сараптама жүргiзудi ұйымдастыру органның басшысына жүктеледi. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ ұсынылған материалдар бойынша кешендi сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
283-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны
1. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып, сарапшы (сарапшылар) өз атынан қорытынды жасап, оны өзінің қойған қолымен және жеке мөрiмен растап, сараптаманы тағайындаған адамға жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргiзген жағдайда, сарапшының (сарапшылардың) қойған қолы көрсетілген органның мөрiмен расталады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманы жүргізу мерзімдері мен орны; сот сараптамасын жүргізу негіздері; сараптаманы тағайындаған орган туралы мәліметтер; сараптаманы жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), білімі, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); өзінің көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертілгені туралы сарапшының (сарапшылардың) қойған қолымен куәландырылған белгі; сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде қатысқан процеске қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; олардың жай-күйі, қаптамасы, мөрленгені, куәгерлердiң қатысуы кезінде олардың қойған қолдарымен расталғаны; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндерінің негіздемесі мен тұжырымдалуы көрсетілуге тиіс.
3. Егер зерттеу барысында осы Кодекстiң 284-бабында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің барлығына немесе кейбiреуiне жауап берудiң мүмкiн болмауының негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
284-бап. Қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабар
Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзінің алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнаулы ғылыми білiмдерiнiң аясынан тыс екенiне немесе өзіне ұсынылған зерттеу объектілері не материалдары қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екенiне және толықтырыла алмайтынына не ғылым мен сот сараптамасы тәжiрибесiнiң жайы қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жеткізсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабар жазып, оны сараптама тағайындаған адамға жiбередi.
285-бап. Сарапшыдан және маманнан жауап алу
1. Сарапшыдан немесе маманнан жауап алу:
1) сарапшының немесе маманның қорытындысына байланысты іс үшін елеулі мәні бар, қосымша зерттеуді қажет етпейтін мәселелерді анықтау;
2) сарапшы, маман қолданған әдістерді және пайдаланылған терминдерді нақтылау;
3) қорытындының құрамдас бөлігі болып табылмайтын, бірақ сарапшының немесе маманның сотқа дейінгі процеске қатысуына байланысты басқа да фактілер мен мән-жайлар туралы ақпарат алу;
4) сарапшының немесе маманның біліктілігін анықтау мақсатында жүргізіледі.
2. Сарапшы мен маманнан жауап алу осы Кодекстің 210-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
3. Сарапшыдан, маманнан олар қорытынды бергенге дейін жауап алуға тыйым салынады.
4. Сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған, өзінің қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себептері бойынша жауап алынбайды.
286-бап. Күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге сарапшының қорытындысын көрсету
1. Сарапшының қорытындысы немесе оның қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабары, сондай-ақ сарапшыдан жауап алу хаттамасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге не осы Кодекстің 274-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген өзге адамдарға ұсынылады, олар өз ескертулерін ұсынуға, сарапшының түйіндері бойынша қарсылықтарын мәлімдеуге, сарапшыдан жауап алу, қосымша немесе қайталама сараптама, сондай-ақ жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы. Мұндай өтінішхат қанағаттандырылған немесе қабылданбаған жағдайда, қылмыстық қудалау органы тиісті қаулы шығарады, ол өтінішхатты мәлімдеген адамға одан қолхат алып хабарланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарды сарапшының қорытындысымен және одан жауап алудың хаттамасымен таныстыру туралы хаттама жасалады, хаттамада олардың жасаған мәлiмдемелері немесе қарсылықтары көрсетiледi.
3. Осы баптың қағидалары күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы немесе күдікті, жәбiрленушi деп тану туралы қаулы шығарылғанға дейiн сараптама жүргiзiлген жағдайларда да қолданылады.
287-бап. Қосымша және қайталама сараптамалар
1. Қорытындының анықтығы немесе толықтығы жеткіліксіз болған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттігі туындаған кезде қосымша сараптама тағайындалады.
2. Қосымша сараптама жүргізу нақ сол не өзге сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi түрде негiздi болмағанда не оның түйіндері күмән туғызған не сараптаманы тағайындау мен жүргізу туралы процестік нормалар елеулi түрде бұзылған жағдайларда, дәл сол объектiлердi зерттеу және дәл сол мәселелердi шешу үшiн қайталама сараптама тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда алдыңғы сараптаманың нәтижелерімен келіспеу себептері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшылар қайталама сараптама жүргiзген кезде қатысып, комиссияға түсiнiктемелер бере алады, бiрақ олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптамалар жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары берілуге тиіс.
7. Қосымша және қайталама сараптамалар осы Кодекстiң 270, 272 - 284-баптарының талаптары сақтала отырып тағайындалады және жүргiзiледi.
8. Екінші немесе реті бойынша келесі сараптама олардың біреуі - қосымша сараптамаға, ал өзгелері қайталама сараптамаға жататын бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, осындай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.
36-тарау. СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУДІ ТОҚТАТУ ЖӘНЕ ҚАЙТА БАСТАУ, КҮДІКТІГЕ, АЙЫПТАЛУШЫҒА ІЗДЕСТІРУ ЖАРИЯЛАУ, ЖОҒАЛҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
288-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы уәжді қаулы шығарылады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде оны жасау уақыты мен орны, тоқтату туралы шешім қабылдаған адамның тегі және лауазымы көрсетіледі.
3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам туралы, күдіктің мәні, қылмыстық заңға сәйкес саралануы және қолданылған бұлтартпау шарасы көрсетіле отырып, қылмыстық істі тоқтатуға негіз болған мән-жайлар жазылады.
4. Қаулының қарар бөлігінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатуға негіз болған осы Кодекстің бабына (бөлігіне, тармағына) сілтеме жасала отырып, істі тоқтату туралы шешім, сондай-ақ бұлтартпау, мүлікке тыйым салу, лауазымынан уақытша шеттету, сөйлесулерді тыңдау мен жазу шарасының, процеске қатысушылардың құқықтарын шектейтін басқа да процестік мәжбүрлеу, тергеу және процестік әрекеттер шараларының күшін жою туралы нұсқау, заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы, сондай-ақ адамға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе оны одан әрі жүзеге асыру туралы шешім баяндалады.
5. Іс бойынша бірнеше күдікті, айыпталушы тартылып отырса, ал тоқтатудың негізі барлық күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты болмаса, қылмыстық қудалау тек жеке күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты тоқтатылады.
Жекелеген күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату тиісті қылмыстық құқық бұзушылық бойынша анықталмаған өзге де адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру үшін кедергі болып табылмайды.
6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында және үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде өзіне қатысты осы шешім қабылданған адамның кінәлі еместігіне күмән келтіретін тұжырымдауларды қаулыға қосуға жол берілмейді.
289-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылғаннан кейінгі әрекеттері
1. Тоқтату және тоқтату негіздері туралы күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілі, сондай-ақ өздерінің арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған адам немесе ұйым жазбаша хабардар етіледі.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сотқа дейінгі тергеп-тексеруді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) - 12) тармақтарында және 36-бабында көзделген негіздер бойынша тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда, қылмыстық іс қаулыны бекіту үшін прокурорға жіберіледі. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларды іс бойынша қабылданған шешім туралы хабардар ету прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыны бекіткеннен кейін жүргізіледі.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға істің материалдарымен танысу құқығы және тоқтату туралы қаулыға шағым жасау тәртібі түсіндіріледі. Осы тұлғалардан келіп түскен өтіну бойынша оларға сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулының көшірмесі беріледі.
Іс материалдарымен танысу осы Кодекстің 296-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
290-бап. Тоқтатылған қылмыстық істі зерделеу нәтижелері бойынша прокурордың шешімі
Құқықтарды қалпына келтіруге және зиянды өтеуге әкеп соқпайтын негіздер бойынша тоқтатылған қылмыстық істі зерделеу нәтижелері бойынша прокурор мынадай:
1) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны бекіту туралы;
2) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жою және оны қосымша тергеп-тексеру жүргізуге жолдау туралы;
3) қылмыстық істі осы Кодекстің 35, 36-баптарында көзделген өзге де негіздер бойынша тоқтату туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
291-бап. Тоқтатылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды қайта бастау
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды ол тоқтатылғаннан кейін қайта бастау прокурор не сот оны тоқтату туралы қаулының күшін жойғаннан кейін жүзеге асырылады.
2. Іс бойынша іс жүргізудің қайта басталғаны туралы күдікті, айыпталушы, олардың қорғаушылары, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық жауапкер немесе оның өкілдері, сондай-ақ өздерінің арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған адам немесе ұйым жазбаша хабардар етіледі.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастау, егер адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі аяқталмаса ғана орын алуы мүмкін.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру осы баптың ережелеріне сәйкес қайта басталған жағдайда, прокурор күзетпен ұстауды немесе үйқамақты қоспағанда, уәжді қаулысымен бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.