Қазақстан Республикасының
Заңы
Лотереялар және лотерея қызметі туралы
(2023.12.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2023 жылғы 19 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы
3-бап. Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар
4-бап. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдіктері
5-бап. Лотерея түрлері және оларды өткізу ерекшеліктері
2-тарау. ЛОТЕРЕЯ ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
3-тарау. ЛОТЕРЕЯНЫ ӨТКІЗУ
8-бап. Лотерея операторына қойылатын жалпы талаптар
8-1-бап. Лотерея таратушы (агенті)
9-бап. Лотерея терминалына, лотереялық ақпаратты өңдеу орталығына, лотерея есептілігінің орталығына, лотерея жабдығына қойылатын талаптар
10-бап. Лотереяны өткізу шарттары
11-бап. Жүлде қорын қалыптастыру және бөлу
12-бап. Лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға қойылатын талаптар
13-бап. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізуге қойылатын талаптар
14-бап. Лотереядан аударымдар
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛОТЕРЕЯЛАР ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛОТЕРЕЯЛАР ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫНА МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
15-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
16-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
17-бап. Өтпелі ережелер
18-бап. Осы заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасында лотерея және лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды, лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің ұйымдық негіздерін белгілейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бас жүлде - тираждың ұтыс ойынын өткізу барысында ойнатылмаған және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес бір тираждан келесі тиражға ауысатын тираждық лотереяның жүлде қорының бір бөлігі;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жүлде қоры - лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тарату (өткізу) есебінен не лотерея операторының дербес қаражаты есебінен қалыптастырылатын және лотереяға қатысушыларға ұтыс түрінде төленетін ақша және (немесе) өзге де мүлік;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) жүлде қорының ұтыс ойыны - лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар таратылғаннан (өткізілгеннен) кейін жүргізілетін және ұтқан лотереяға қатысушыны (қатысушыларды) анықтауға бағытталған процесс;
4) лотерея - осы Заңға, лотереяны өткізу талаптарына және шарттарына сәйкес өткізілетін, егер ол лотереяны өткізу шарттарына сәйкес ұтқан деп танылатын болса, бір тарап (лотерея операторы) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізетін, ал екінші тарап (лотереяға қатысушы) ұтысқа құқық алатын ойын. Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтыс ойыны лотерея болып табылмайды;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы - байланыс желілеріне қосылған және таратылған (өткізілген) лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты алуға, сақтауға және есепке алуға және оны лотерея операторынан лотереялық есептілік орталығына беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
6) лотерея билеті, түбіртек немесе өзге де құжат - лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотереяға қатысу құқығын куәландыратын, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) лотерея есептілігінің орталығы - байланыс желілері арқылы лотерея ақпаратын өңдеу орталығына қосылған, таратылған (өткізілген) лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты лотерея операторынан уақтылы алуға мүмкіндік беретін аппараттық-бағдарламалық кешен;
8) лотерея жабдығы - ұтыс комбинациясын анықтауға арналған құрылғы немесе құрылғылар (кездейсоқ сандардың генераторы, механикалық, электрлік, электрондық немесе өзге де техникалық құрылғылар);
9) лотереялар және лотерея қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - лотереялар және лотерея қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) лотерея комбинациясы - лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотерея билетінде, түбіртекте немесе өзге де құжатта көрсетілген нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы;
11) лотереяға қатысушы - жүлде қорының ұтыс ойынына қатысу құқығын беретін лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты иеленген, он сегіз жасқа толған жеке тұлға;
12) 2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
13) лотерея операторы - лотереяларды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) лотереяны өткізу - лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды дайындау не оларды дайындауға арналған шарттарды жасасу, сондай-ақ лотереялық жабдықты және лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де жабдықты, бағдарламалық өнімдерді дайындаушымен шарттарды және (немесе) лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де шарттарды (келісімшарттарды) жасасуды, лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды (өткізуді) және есепке алуды, жүлде қорының ұтысын ойнатуды, ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама жасауды, лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуді, лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де іс-қимыл мен іс-шараларды жүзеге асыруды қамтитын іс-шараларды жүзеге асыру;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды
14-1) лотерея таратушы (агенті) - сыйақы үшін лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды (өткізуді), ұтыс шыққан лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тексеруді, сондай-ақ лотерея операторы атынан және есебінен ұтыстар төлеуді жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
15) лотерея терминалы - лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды өткізуге (ресімдеуге) арналған жабдық;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) мезеттік лотерея - ұтыстарды анықтауға мүмкіндік беретін нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға дайындау сатысында және олар лотереяға қатысушылар арасында таратылғанға (өткізілгенге) дейін салынатын лотерея түрі. Мезеттік лотереяны өткізу кезінде мұндай лотереяға қатысушы лотерея билеті, түбіртек немесе өзге де құжат ақысы төленгеннен кейін және лотерея билеті, түбіртек немесе өзге де құжат берілгеннен (ресімделгеннен) кейін тікелей өз ұтысының бар екенін және мөлшерін немесе оның жоқ екенін анықтайды;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) тираж - лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүлде қорының (жүлде қорының бір бөлігінің) ұтыс ойынына қатысатын таратылған (өткізілген) лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де құжаттардың саны;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) тираждық лотерея - лотереяға қатысушылар арасында жүлде қорының ұтыс ойыны лотерея жабдығын пайдалану арқылы лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар таратылғаннан (өткізілгеннен) кейін бір мезгілде өткізілетін лотерея түрі;
19) ұтыс - лотерея операторы лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жеңімпаз деп танылған лотереяға қатысушыға лотереяны өткізу шарттарына сәйкес мөлшермен және нысанда (ақшамен немесе заттай) төлейтін жүлде қорының бір бөлігі.
2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар
Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар:
1) лотереяға қатысушылардың ұтысқа мүмкіндіктерінің теңдігі болжанатын, лотереяға қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету;
2) лотереяны өткізу шарттарының және тираждық лотереялардың жүлде қорының ұтыс ойыны нәтижелерінің міндетті түрде жариялануы болжанатын жариялылықты қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдіктері
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы шарт лотереяға қатысушы лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың құнын төлеген және лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты берген (ресімдеген) кезден бастап жасалған деп танылады.
2. Лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты сатып алу азаматтық-құқықтық міндеттеменің туындауына негіз болады, оған сәйкес лотереяға қатысушы лотерея операторынан мыналарды:
1) лотереяны өткізу шарттарын сақтауды;
2) ұтысты төлеуді талап етуге құқылы.
3. Лотереяға қатысушы лотерея операторының шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) сотта даулауға құқылы.
4. Лотерея операторының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, лотереяны ұтқан қатысушы туралы мәліметтерді, егер оның жазбаша келісімі алынбаса, жария етуге құқығы жоқ.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Лотерея операторы мәртебесінен айырылған жағдайда, лотерея операторы лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды (өткізуді) тоқтатуға, бұл туралы лотереяға қатысушыларды мерзімді баспасөз басылымдары және лотерея операторының интернет-ресурсы арқылы хабардар етуге, ұтыс ойыны өткізілген тиісті лотерея бойынша ұтыстарға үш ай ішінде төлем жүргізуге және жүлде қорының ұтыс ойыны өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, түбіртектері немесе өзге де құжаттар үшін ақшаны қайтаруға міндетті.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 5-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-бап. Лотерея түрлері және оларды өткізу ерекшеліктері
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Лотерея оны өткізу тәсіліне қарай мынадай:
1) мезеттік;
2) тираждық түрлерге бөлінеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген лотерея түрлері оларды өткізу аумағына және технологиясына, сондай-ақ жүлде қорын қалыптастыру тәсіліне қарай бөлінуі мүмкін.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Лотереяларды өткізу ерекшеліктері лотереялар өткізу қағидаларында айқындалады.
2-тармақ осы Заң күшіне енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереяларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында өзгеше лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады.
3. Құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді лотерея түрінде өткізуге жол берілмейді.
4-тармақ осы Заң күшіне енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
4. Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуіне тыйым салынады.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Лотерея операторы немесе лотерея таратушы (агенті) болып табылмайтын тұлғаның лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуына (өткізуіне) тыйым салынады.
2-тарау. ЛОТЕРЕЯ ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
2) уәкілетті органды айқындайды;
3) лотерея операторын және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды;
4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды атқарады.
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
2022.01.07. № 131-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) лотереялар және лотерея қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекелді бағалаудың өлшемшарттарын, тексеру парақтарын әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) лотереялар өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЛОТЕРЕЯНЫ ӨТКІЗУ
8-бап. Лотерея операторына қойылатын жалпы талаптар
1. Лотерея операторының лотерея өткізуден басқа кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.
2. Мына:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы-шаруашылық қызметі тоқтатыла тұрған;
2) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілген;
3) атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган борышкерлердің тиісті тізіліміне енгізген;
4) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) олардың үлестес тұлғасы уәкілетті орган басшыларының жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары болып табылатын;
5) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) олардың үлестес тұлғасы экономика саласындағы қылмысы үшін не ауырлығы орташа қасақана қылмысы, ауыр қылмысы, аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы бар және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілген тұлғалар болып табылатын заңды тұлғалар лотерея операторы ретінде әрекет ете алмайды.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Лотерея операторы уәкілетті органда лотерея есептілігінің орталығын орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс.
Лотерея операторы лотерея ақпаратын өңдеу орталығы арқылы таратылған (өткізілген) лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты жинауды, қалыптастыруды, сақтауды және есепке алуды және оны лотерея есептілігінің орталығына айына бір реттен сиретпей ұсынуды қамтамасыз етуге тиіс.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 8-1-баппен толықтырылды
8-1-бап. Лотерея таратушы (агенті)
Лотерея таратушы (агенті) өз қызметін лотерея операторымен жасалатын тапсырма шарты негізінде жүзеге асырады.
Тапсырма шарты осы Заңда және лотереялар өткізу қағидаларында көзделген лотерея тарату (өткізу) жөніндегі ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалады.
9-бап. Лотерея терминалына, лотереялық ақпаратты өңдеу орталығына, лотерея есептілігінің орталығына, лотерея жабдығына қойылатын талаптар
1. Лотерея терминалдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексіне) сәйкес модельдері бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген бақылау-касса машиналарымен жарақтандырылуға тиіс.
Лотерея терминалдары, төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды есепке ала отырып, ұтыстарды төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігін де көздей алады.
2. Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы Қазақстан Республикасының аумағында орналасуға тиіс.
Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы мен лотерея есептілігінің орталығы ақпаратты жоғалудан, ұрланудан, бұрмаланудан, жалған ақпарат жасаудан, рұқсатсыз қолжетімділіктен және оны тарату, бұғаттау, жою, түрлендіру, көшіру жөніндегі әрекеттерден және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
3. Лотерея жабдығының техникалық сипаттамалары жүлде қорын ұтыс ойынына салу кезінде ұтыстарды бөлудің кездейсоқ болуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Лотерея жабдығының жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу нәтижелерін осындай ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін жасырын мүмкіндіктері және (немесе) рәсімдері мен алгоритмдері болмауға тиіс.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Лотерея жабдығы байланыс желісі арқылы лотерея терминалдарымен қосылмауға тиіс.
10-бап. Лотереяны өткізу шарттары
1. Лотереяны өткізу шарттарын лотерея операторы әзірлейді және бекітеді.
2. Лотереяны өткізу шарттары мынадай мәліметтерді:
1) лотереяның атауын;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лотерея өткізу тәсілінің, аумағының және технологиясының, сондай-ақ жүлде қорын қалыптастыру тәсілінің көрсетілуін;
3) орналасқан жері, банктік деректемелері, бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген лотерея операторының атауын;
4) лотерея өткізілетін мерзімдерді;
5) лотерея тұжырымдамасының сипаттамасын;
6) лотереяның ұйымдастырушылық-технологиялық сипаттамасын;
7) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін;
8) ұтты деп танылған лотереяға қатысушыға ұтысты төлеу тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама жүргізу мерзімдерін;
9) лотереяға қатысушыларды лотереяға қатысу қағидалары және жүлде қорын ұтысқа салу нәтижелері туралы хабардар ету тәртібін;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) лотерея билеттерін, түбіртіктерді немесе өзге де құжаттарды тарату (өткізу) тәртібін;
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасын;
12) ұтыстың мөлшері мен нысанын (ақшалай немесе заттай);
13) жүлде қорының жоспарланып отырған мөлшерін;
14) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу тәртібін, ұтыстарды айқындау алгоритмін, бас жүлдені (бар болса) қалыптастыру мен ұтысқа салу қағидаларын қамтуға тиіс.
3. Лотерея операторы бекітілген лотереяны өткізу шарттарының тұпнұсқа данасын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей уәкілетті органға жіберуге және лотереяны өткізу шарттарын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік бір күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
11-бап. Жүлде қорын қалыптастыру және бөлу
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Лотерея операторы нақты лотереяның өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерінен немесе өзге де құжаттарынан түскен түсімнің кемінде елу пайызы мөлшерінде не өз қаражаты есебінен жүлде қорын қалыптастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жүлде қоры осы бапқа және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес қалыптастырылады.
3. Тираждық лотереяның жүлде қоры оны ұтыс ойынына салу басталғанға дейін қалыптастырылады.
4. Лотерея операторына, лотереяға қатысушылар алдындағы ұтыстарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жүлде қорына қандай да бір міндеттемелермен ауыртпалық салуға, сондай-ақ жүлде қорының қаражатын ұтыстарды төлеуден басқаға пайдалануға тыйым салынады.
5. Жүлде қорын (бас жүлдені) бірнеше тираж бойына жинақтап қалыптастыру қағидаты өткізу шарттарында пайдаланылатын тираждық лотереяны қоспағанда, тираждық лотереяның жүлде қоры оған қатысы бар тираж шеңберінде толығымен ұтысқа салынуға тиіс.
6. Ұтыстарды төлеу осы Заңға және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ұтыстарды төлеу тиісті тираж өткізілгеннен кейін отыз күн мерзімнен кешіктірілмей басталуға және осы тираждың (жүлде қорын ұтысқа салудың) нәтижелері жарияланған кезден бастап кемінде алты ай бойы жалғасуға тиіс. Бұл мерзім аяқталған соң талап етілмеген ұтыстар бойынша наразылықтар лотереяны өткізу шарттарында көзделген тәртіппен қабылданады.
7. Лотерея операторы лотерея өткізу шарттарында белгіленген мерзімде талап етілмеген ұтыстарды тиісті тираждың нәтижесі (жүлде қорын ұтысқа салу) жарияланған кезден бастап үш жыл бойы сақтайды, одан кейін олар салықтық емес төлем түрінде бюджет кірісіне есепке жатқызылады.
12-бап. Лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға қойылатын талаптар
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Электрондық нысанын қоспағанда, лотерея билеттерінде, түбіртектерде немесе өзге де құжаттарда мынадай міндетті ақпарат:
1) лотереяның атауы;
2) лотерея операторының атауы, орналасқан жері, телефон нөмірлері және интернет-ресурсы;
3) тираждың нөмірі немесе атауы (тираждық лотереялар үшін);
4) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың нөмірі;
5) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасы;
6) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны (тираждық лотерея үшін);
7) ұтысты алу орны мен мерзімдері туралы деректер;
8) жүлде қорының мөлшері қамтылуға тиіс.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де құжаттардың электрондық нысанында мынадай міндетті ақпарат:
1) лотерея операторының атауы;
2) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың нөмірі;
3) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасы;
4) лотерея операторының орналасқан жері, телефон нөмірлері және интернет-ресурсы, лотереяның атауы, тираждың нөмірі немесе атауы (тираждық лотереялар үшін), жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны (тираждық лотерея үшін), ұтысты алу орны мен мерзімдері, жүлде қорының мөлшері туралы кеңейтілген ақпаратқа қол жеткізуге сілтеме қамтылуға тиіс.
2. Лотерея билеттеріндегі, түбіртектердегі немесе өзге де құжаттардағы ақпарат Қазақстан Республикасы тілдер туралы заңнамасының талаптарына сай болуға тиіс.
3. Лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың электрондық нысаны электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруды талап етпейді.
13-бап. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізуге қойылатын талаптар
1. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу осы Заңға және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын лотереяға қатысушы өз ұтысын анықтау мақсатында генерациялау арқылы кездейсоқ ұтқан лотерея комбинациясын осы ұтыс ойынындағы лотерея комбинациясымен салыстыруға тиіс лотерея жабдығы жүзеге асырады.
2020.10.06. № 343-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде лотерея операторы тираждық комиссия құрады, ол өз қызметін осы Заңға және лотереялар өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
Тираждық комиссияның құрамына қоғамдық бірлестіктердің немесе өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері енгізілуге тиіс.