4. Орталық мемлекеттік орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларына сәйкес консультативтік құжатты және заң жобасы тұжырымдамасының жобасын жариялау және талқылау рәсімдерін қамтамасыз етуге тиіс.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжат Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша сараптама кеңестерімен (бұдан әрі - сараптама кеңестері) міндетті түрде талқылауға жатады.
Консультативтік құжатты жұртшылықпен талқылау оны ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастыруды, сондай-ақ жария тыңдау мен пікірсайысты қамтиды.
Реттелуі жоспарланып отырған қоғамдық қатынастардың ерекшеліктеріне қарай талқылаулар жоғарыда көрсетілген тәсілдердің бірі немесе бірнешеуі пайдаланыла отырып жүргізілуі мүмкін.
Заң жобасы тұжырымдамасының жобасы оны мүдделі ұйымдармен, тұлғалармен және мемлекеттік органдармен талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылады.
Заң жобалары оларға түсіндірме жазбаларымен және салыстырма кестелерімен (заңдарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылады.
Консультативтік құжаттарды және заң жобалары тұжырымдамаларының жобаларын, сондай-ақ заң жобаларын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру және жария талқылау тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында айқындалады.
5. Егер заң жобасында ұсынылып отырған құқық нормасы алдын ала сынамалауды талап ететін болса, онда осы құқық нормасы өзі қамтылатын заңмен, оның қолданылуының белгілі бір мерзімдерімен шектеледі және пилоттық жоба жүргізіледі.
6. Мемлекеттік орган пилоттық жоба шеңберінде сынамаланатын құқық нормасын қолдану практикасына талдау жүргізеді, оның барысында оң және жағымсыз салдарлары, осындай реттеуді қолдануға әсер еткен әлеуметтік және өзге де факторлар, пилоттық жобаны жүргізуге байланысты жұмсалған шығыстар мен алынған кірістер айқындалады.
Сынамаланатын құқық нормасын қолданылу мерзімі бойынша шектеу сынамаланатын құқық нормасына жүргізілген талдау нәтижелері негізінде алып тасталуы мүмкін.
Пилоттық жобаларды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында белгіленеді.
7. Заң жобаларын әзірлеу олардың тұжырымдамалары негізінде және оларға қатаң сәйкестікте ғана жүзеге асырылады, олар ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша қайта қарауға жатады.
Заң жобасына Мемлекет басшысының елдегі жағдай және Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары шеңберіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8. Консультативтік құжатты және заң жобасы тұжырымдамасының жобасын әзірлеу жөніндегі талаптар республикалық бюджет туралы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы, республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңдардың жобаларына және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларына қолданылмайды.
9. Әзірлеуші орган заң жобасын әзірлеу кезінде оны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе осындай дайындауды өзінің бөлімшелеріне тапсырады.
Заң жобаларын әзірлеуге заң жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларын әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.
10. Заң жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен өзге де ұйымдар, ғылыми қызметкерлер, коммерциялық емес және өзге де ұйымдардың өкілдері тартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатысында қатысуға құқылы.
Әзірлеуші орган заң жобаларын әзірлеген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйым мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласында жүргізген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін және басқа да материалдарды пайдалануға құқылы.
11. Дайындалған заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберіледі.
Мемлекеттік кірістердің қысқартылуы немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғайтылуы көзделетін заң жобасына қаржы-экономикалық есеп-қисаптар қоса беріледі.
Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса (егер мұндай қажеттілік болмаса, онда бұл ілеспе хатта көрсетіледі), Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленген заң жобаларын қоспағанда, заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган әзірлеуші органға заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын ұсынады.
Заң жобасын әзірлеу кезінде әзірлеуші органдар міндетті түрде ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасының жобасын әзірлейді.
12. Келісу кезінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларына сәйкес заң жобасы бойынша қорытынды береді, онда заң жобасының жан-жақты пысықталу және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасы мен ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасының жобасы бойынша реттеу нысанасының ашылу фактісін белгілеу қамтылады.
13. Заң жобасы келісуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде заң жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе заң жобасын әзірлеген әзірлеуші органға олардың жоқ екендігін хабарлауға тиіс.
Мемлекеттік органның, ұйымның заң жобасы бойынша ескертулері жазбаша нысанда ұсынылады және кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, негізделген және тиянақты болуға тиіс.
Алынған ескертулер бойынша заң жобасы пысықталып, қабылданған және қабылданбаған ескертулер, ескертулерді қабылдамау уәждері туралы анықтама жасалады.
14. Жұмыс тобын құрған әзірлеуші орган заң жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады, оларды жұмыс тобы талқылауға тиіс.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу тәртібі
1. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу кезінде осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 17-1-бабында көзделген тәртіп қолданылады.
Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде тұжырымдама әзірленбейді.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен өзге де ұйымдар, ғылыми қызметкерлер, коммерциялық емес және өзге де ұйымдардың өкілдері тартылуы мүмкін.
3. Бір деңгейдегі уәкілетті органдардың заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет болғанда - қабылдауы мүмкін.
Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылданады.
Бірлескен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.
2021.30.12. № 96-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыретіне сәйкес, өз бастамасы немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тапсырмасы бойынша әзірлейді.
Егер Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар нормативтік құқықтық актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі әзірлеген Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары оларға түсіндірме жазбалармен және салыстырма кестелерімен (заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылады.
5. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында қабылданатын заңға тәуелді басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберіледі.
6. Осы Заңның 35-1-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әділет органдарының келісуі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, құқық нормаларының бар-жоғы және мемлекеттік тіркеу қажеттілігі тұрғысынан заң сараптамасын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 19-бап жаңа редакцияда
19-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжаттарды, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Әзірлеуші органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және сараптама кеңестеріне кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжатты немесе нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде оларды мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарлама жібереді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптама кеңестері консультативтік құжатқа немесе нормативтік құқықтық актінің жобасына өздерінің сараптама қорытындыларын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады.
Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжатқа, нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптама қорытындысын ұсыну үшін әзірлеуші органдар белгілейтін мерзім - Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және сараптама кеңесінің мүшелеріне хабарлама келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен, ал заң жобалары бойынша он бес жұмыс күнінен кем болмайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптама кеңесінің мүшелері сараптама қорытындыларын белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, консультативтік құжат немесе нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Бұл ретте тиісті жобаларды келісу кезінде мемлекеттік органдардың әзірлеуші органдардан өзінің сараптама қорытындысын әзірлеуші орган айқындаған мерзімдерде ұсынбаған Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан және сараптама кеңесінің мүшелерінен сараптама қорытындыларын алуды талап етуіне тыйым салынады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есеп-қисаптардың нәтижелерін қамтуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сараптама қорытындысын алу жөніндегі талап орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.
4. Әзірлеуші орган Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сараптама кеңесі мүшелерінің сараптама қорытындысымен келіскен кезде консультативтік құжатқа, нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда әзірлеуші орган келіспеу себептерін негіздей отырып, ұстанымын қалыптастырады.
5. Сараптама қорытындылары сараптама Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының немесе сараптама кеңесі мүшесінің жазбаша ұстанымын білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымшалар болып табылады.
6. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжаттар, нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптама кеңесі қарағанға дейін интернет-ресурстарда орналастыруды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
7. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
8. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына қолданылмайды.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында консультативтік құжаттарды және заң жобаларын қоғамдық кеңестермен жария талқылау тәртібі реттеледі.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар қоғамдық кеңестерді азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты консультативтік құжатты немесе нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырғаны туралы хабардар етеді.
Азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын консультативтік құжат, нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдар ұсыну үшін белгіленетін мерзім - қоғамдық кеңес олардың ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарламаны алған кезден бастап он жұмыс күнінен, ал заң жобалары бойынша он бес жұмыс күнінен кем болмайды.
Қоғамдық кеңес ұсынымдарды мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынбаған жағдайда, консультативтік құжат немесе нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
3. Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде консультативтік құжатқа, нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді және он жұмыс күні ішінде қоғамдық кеңеске тиісті хат жібереді.
Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, келіспеу себептерін негіздей отырып, ұстанымын қалыптастырады.
Консультативтік құжатты немесе нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын талқылау қорытындысы бойынша дайындалған ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін міндетті қосымшалар болып табылады.
4. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына қолданылмайды.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды
20-1-бап. Экологиялық қауіпсіздікке әсер ететін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Іске асырылуы қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуге алып келуі мүмкін нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында айқындалады.
21-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 21-1-баппен толықтырылды
21-1-бап. Нормативтік құқықтық актілерді дайындаудың оңайлатылған тәртібі
1. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер нормаларының күші жойылады және қолдануға жатпайды.
Оңайлатылған тәртіппен әзірленетін нормативтік құқықтық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімін іске асыруға бағытталған нормаларды ғана қамтуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі күшін жойған норманы қамтитын нормативтік құқықтық актіні қабылдау (әзірлеу) құзыретіне кіретін мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оңайлатылған тәртіппен әзірлеуі және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуі мүмкін.
22-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері
Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) акт нысанына нұсқау: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; Министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктің қаулысы; әкiмнің шешiмi; тексеру комиссияның қаулысы және нормативтiк құқықтық актiнiң осы Заңда көзделген өзге де нысаны;
3) нормативтiк құқықтық актiнiң реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;
4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен күні;
5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;
6) нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
7) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
23-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы
1. Құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері болып табылады.
Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк - қисынды аяқталған, абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлген, бас әрiптен басталатын құқықтың жеке нормасы болуы мүмкiн. Егер тармақшада бірнеше бөлік болса, тармақшаның бірінші бөлігі кіші әріптен басталады.
Бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, мәтiннiң кiшi әрiптен басталатын, бiрiншi жолда абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және мағыналық біртұтастықты білдіретін бөлiгi абзац деп есептеледі. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.
Заңнамалық актiлер, әдетте, «бап» деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.