2. Тауар биржасы мыналарды:
1) тауар биржасы мүшелерінің кепілдік жарналарының мөлшері мен оларды енгізу тәртібін;
2) биржалық сауданың ережелеріне сәйкес сауда-саттыққа қатысқаны үшін төлемдердің мөлшерін;
3) алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау мақсатында сауда-саттықты тоқтата тұру үшін алдыңғы сауда-саттық нәтижесінде қалыптасқан бағаларды ескере отырып, бір сауда күні шеңберінде нақты биржалық тауарға бағалар деңгейлерінің ең аз және ең көп шектерін белгілеуге құқығы бар.
3. Тауар биржасына биржалық мәмілелердегі делдалдық үшін брокерлер және дилерлер алатын сыйақы мөлшерін белгілеуге тыйым салынады.
4. Тауар биржасының мүшелерінен алынатын төлемдердің мөлшері биржалық сауданың ережелерімен айқындалады және биржалық сауданың кез келген қатысушысының танысуы үшін қолжетімді болуға тиіс.
15-бап. Биржалық мәміле
1. Биржада айналымға жіберілген мүлік нысанасы болып табылатын және Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына және биржалық сауда ережелеріне сәйкес ол жүргізетін сауда-саттыққа қатысушылармен жасалатын мәміле биржалық мәміле болып танылады.
2. Тауар биржасында жасалған, бірақ осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес емес мәмілелер биржалық болып табылмайды.
3. Биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлармен тауар биржаларынан тыс жасалған мәмілелер мүдделі адамдардың, уәкілетті органның не прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылады.
4. Биржалық мәмілелер тауар биржасының атынан және оның есебінен жасалмайды.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды; 2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 15-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-1-бап. Биржалық сауда-саттықтарды жүргiзу режимдерi
1. Биржалық сауда-саттықтар, мерзімді келісімшарттармен биржалық сауда-саттықты қоспағанда, сауданың мынадай режимдерiнде:
1) классикалық сауда режимінде;
2) стандартты аукцион режимінде;
3) қосарланған қарсы аукцион режимінде жүргiзiледi.
2. Классикалық сауда режиміндегі биржалық сауда-саттықтар:
1) биржалық сауданың қатысушылары туралы ақпаратты ашу;
2) биржалық саудаға қатысушылардың саны бойынша шектеулердің жоқтығы;
3) тауарды сатып алушы мен сатушы арасындағы келісім процесінде жасалатын биржалық мәміле бойынша биржалық тауарға арналған бағаны қалыптастыру;
4) биржалық қамтылымды енгізу бойынша талаптардың жоқтығы ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Стандартты аукцион режиміндегі биржалық сауда-саттықтар:
1) жалпыға белгілі болып табылатын аукционның бастамашысы туралы ақпаратты қоспағанда, биржалық саудаға қатысушылар туралы ақпаратты немесе оның құпиялығын ашу;
2) аукциондарды бағаның төмендеуіне немесе көтерілуіне қарай жүргізу;
3) аукционды биржалық тауарды сатып алушының немесе сатушының тапсырысы бойынша жүргізу;
4) аукционға тапсырыс берушіні қоса алғанда, аукционға кемінде аукционға қатысушының үшеуінің қатысуы;
5) аукционның нәтижелері бойынша биржалық мәміле жасалатын биржалық тауарға арналған бағаны қалыптастыру және аукционға қатысушылар төмендетуге ұсынған ең төменгі бағалардың арасынан және аукционға қатысушылар жоғарылатуға ұсынған ең жоғары бағалардың арасынан оны айқындау;
6) егер биржалық сауда қағидалары бойынша өзгеше көзделмесе, биржалық қамтылымды енгізу ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Қосарланған қарсы аукцион режиміндегі биржалық сауда-саттықтар:
1) биржалық саудаға қатысушылар туралы ақпараттың құпиялығы;
2) адрестік мәміле және кросс-мәміле жасасуға тыйым салу;
3) сатып алушылар, сатушылар ұсыныстары бәсекелестігі процесінде биржалық мәміле жасалатын биржалық тауарға арналған бағаны қалыптастыру және сатып алушы үшін ең жақсы баға (сатушы ұсынған ең төменгі баға) ретінде немесе сатушы үшін ең жақсы баға (сатып алушы ұсынған ең жоғары баға) ретінде оны айқындау;
4) биржалық қамтылымды енгізу ескеріле отырып жүргізіледі.
5. Сауда режиміндегі биржалық сауда-саттықты өткізу тәртібі биржалық сауданың үлгілік қағидаларында айқындалады.
16-бап. Биржалық мәмілелердің түрлері
Тауар биржасында:
1) халықаралық іскерлік операцияларымен өзара байланысты мәмілелерді қоса алғанда, спот-тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беріп отыратын мәмілелер;
2) фьючерстік мәмілелер;
3) опциондық мәмілелер;
4) қоймалық құжаттарға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беріп отыратын мәмілелер жасалады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бап. Тауар биржасының биржалық мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі қорлары
Биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауарлық биржа кепілдік беру және сақтандыру қорларын құрады.
2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-бап. Биржалық мәмiлелер бойынша клирингтік қызмет
1. Биржалық мәмiлелер бойынша клирингтік қызметті тауар биржасының клирингтік орталығы жүзеге асырады.
2. Тауар биржасы клирингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан дербес клирингтік ұйым не тауар биржасының арнайы ұйымдастырылған құрылымдық бөлімшесі тауар биржасының клирингтік орталығы бола алады. Бұл ретте шетелдік заңды тұлғаның тауар биржасының клирингтік орталығының функцияларын орындай отырып, тауар биржасына клирингтік қызмет көрсетуіне жол берілмейді.
3. Қосарланған қарсы аукцион режимінде жасалатын биржалық мәмілелер бойынша қлирингтік қызметті дербес клирингтік ұйым жүзеге асырады.
4. Тауар биржасы клирингтік орталығының биржалық мәмілелер бойынша қызметі Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
5-тармақ 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5. Тауар биржасының клирингтік орталықтарының өз қызметін жүзеге асыру үшін клирингтік қызмет процесін автоматтандыруды қамтамасыз ететін және уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін аппараттық-бағдарламалық кешені болуға тиіс.
6. Клирингтік қызмет жүзеге асырылатын биржалық мәмілелерге байланысты тауар биржасының клирингтiк орталықтары мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жасасқан биржалық мәмілелер бойынша ақпарат жинауды және оны өңдеуді жүзеге асырады;
2) жасасқан биржалық мәмілелер шарттарының есебін және растауын жүргізеді;
3) биржалық мәмiлелер жасау нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуларға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiнiң есебiн жүзеге асырады;
4) биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың биржалық қамтылымын қабылдайды және оның есебін жүргізеді;
5) тараптардың биржалық мәмілелер бойынша талаптарын және (немесе) міндеттемелерін айқындайды, олар бойынша есеп айырысуды ұйымдастырады;
6) биржалық мәмілелердің орындалуына қолдау көрсетеді.
7. Биржалық мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
8. Осы баптың талаптары фьючерстiк және опциондық мәмiлелер жөніндегі клирингтік қызметке қолданылмайды, оларды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасымен реттеледі.
18-бап. Биржалық баға
1. Тауарға биржалық баға биржалық тауарлардың бағасын белгілеу нәтижесінде қалыптасады.
2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тауар биржалары биржалық тауарларға баға белгiлеудi өз интернет-ресурстарында орналастырады.
5-тарау. Брокерлік және дилерлік қызмет. тауар биржасындағы коммерциялық құпия
19-бап. Брокердің және дилердің қызметін жүзеге асыру тәртібі
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тауар биржасындағы брокерлік және дилерлік қызмет «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
2. Брокер және дилер осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде, тауар биржасының ішкі құжаттарында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
3. Брокер мен дилер және олардың клиенттері арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылатын брокерлік және дилерлік қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде туындайды.
20-бап. Брокермен және дилермен мәмілелер жасау
1. Биржалық мәмілелер жасауды брокер - клиенттің бұйрығына сәйкес, дилер клиенттің бұйрығына да сәйкес, өз мүддесіне де орай және өз есебінен жүзеге асырады. Клиенттер бұйрықтарының түрлері, олардың мазмұны мен ресімделуі тауар биржасының ішкі құжаттарымен белгіленеді.
2. Клиенттің бұйрығын орындауды осы бұйрықта көрсетілген мәмілелер жасау шарттарын сақтай отырып, брокер және дилер жүзеге асырады. Егер мәміле жасау кезінде мәміленің шарттарын өзгерту қажеттігі туындаса, брокер және дилер өз әрекеттерін клиентпен келісуге міндетті.
Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда брокер және дилер мәмілені клиент мүдделерінің өз мүдделерінен басымдығын негізге ала отырып жасауға міндетті.
21-бап. Тауар биржасындағы брокер мен дилердің және олардың клиенттерінің арасындағы қатынастар
Тауар биржасы өз өкілеттіктері шегінде брокер мен дилердің және олардың клиенттерінің өзара қатынастарын регламенттейді, биржалық сауданы бұзушыларға шаралар қолданады.
22-бап. Брокерлер мен дилерлердің ішкі құжаттарына және жасалатын биржалық мәмілелердің есебін жүргізуге қойылатын талаптар
1. Брокерлер мен дилерлерге арналған тауар биржасының ішкі құжаттары тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ететін, биржалық саудаға қатысушылардың, олардың өкілдерінің немесе үшінші тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға жол бермейтін шарттарды қамтуға тиіс.
2. Брокерлер мен дилерлер әрбір клиент бойынша жеке жасалатын биржалық мәмілелердің есебін жүргізуге және осы мәмілелер туралы мәліметтерді мәміле жасалған күннен бастап бес жыл ішінде сақтауға міндетті.
23-бап. Тауар биржасындағы коммерциялық құпия
1. Коммерциялық құпия:
1) тіркелген биржалық саудаға қатысушылар туралы мәліметтерді;
2) тауар биржасында жасалатын мәмілелер туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Брокерлер мен дилерлер табиғи баға белгілеуді бұзуға және тауар нарығының тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге (әрекетсіздіктерге) жол беруге құқылы емес.
3. Өзінің қызметтік жағдайына байланысты көрсетілген ақпаратты алуға мүмкіндігі бар адам коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие адам болып табылады.
24-бап. Тауар биржаларының қызметі туралы коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді ұсыну
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер жария етілуге жатпайды.
2. Коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер биржалық саудаға қатысушыға оның құқықтарына қатысты не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде оның өкіліне берілуі мүмкін.
3. Тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: прокурордың санкциясымен олардың іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша;
2) соттарға: ұйғарым, қаулы негізінде олардың іс жүргізуіндегі істер бойынша;
3) прокурорға: оның құзыреті шегінде тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негізінде оның қарауындағы материалдар бойынша;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) әділет органдары мен жеке сот орындаушыларына: сот орындаушысының әділет органының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған және сот санкция берген қаулысы негізінде өздерінің іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу істері бойынша;
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) уәкілетті органға: оның сұрау салуы бойынша өз құзыреті шегінде;
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6) тармақша өзгертілді
6) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға: «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен берілуге тиіс.
6-тарау. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
26-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27-бап. Тауар биржасының қызметін тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органның шешімі
Уәкілетті орган тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қарау нәтижелері бойынша:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіздердің жоқтығы туралы қорытынды жазады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;
3) тауар биржасына Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылықтың анықталған фактілерін жою туралы нұсқама шығарады;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін материалдарды құқық қорғау органдарына береді;
5) материалдарды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін өзге де мемлекеттік органдарға береді.
28-бап. Уәкілетті органның нұсқамалары
Уәкілетті органның нұсқамаларын тауар биржалары нұсқамаларда көзделген мерзімде, бірақ оларды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей орындайды.
7-тарау. Қорытынды ережелер
29-бап. Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
30-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған тауар биржалары 2010 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде өз қызметін осы Заңға сәйкес келтіруге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамау уәкілетті органның заңды тұлғаны тарату туралы сотқа талап қоюына негіз болып табылады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Тауар биржалары туралы» 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 26-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 11, 143-құжат; 2003 ж., № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы мамырдың 4-і
№ 155-ІV ҚРЗ