6. Атыс қаруын қолданудың әрбір фактiсi бойынша қызметтiк тергеу жүргiзiледi. Атыс қаруын заңсыз қолдану фактiсi анықталған жағдайда, кiнәлi адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
12-бап. Арнайы құралдарды және дене күшiн қолдану
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң дене күшiн және арнайы құралдарды, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсілдерін, кiсендердi, резеңке таяқтарды, үй-жайларды ашатын, көлiктi мәжбүрлеп тоқтататын құралдарды, қызметтiк иттердi, сондай-ақ тiзбесiн Қарулы Күштер саласындағы орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық қауіпсіздік және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы органдарының бірінші басшылары айқындайтын арнайы көлiк құралдарын қолдануға мына жағдайларда:
1) әскери қызметшiлердi, басқа да адамдарды олардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн шабуылдан және өзге де әрекеттерден қорғауға, өзiн-өзi қорғауға;
2) әскери бөлiмдердегi жаппай тәртiпсіздiктiң, сондай-ақ әскери қызметшiлердiң қоғамдық тәртiптi және әскери тәртiптi топтасып бұзуының жолын кесуге;
3) әскери қалашықтарға, объектiлерге, құрылыстарға, үй-жайларға, ғимараттарға және әскери көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтаруға немесе оларды басып алған жағдайда босатуға;
4) егер құқық бұзушылардың қашып кетуi, айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болса, оларды әскери бөлiмдерге және гауптвахтаға жеткізу, ұсталған, күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру және күзету үшiн, егер олар әскери полиция қызметкерлерiне, әскери тәртiптi сақтау және қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiнде өздерiне жүктелген мiндеттердi орындайтын өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, құқық бұзушыларды ұстауға құқығы бар.
2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа кезде, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық білінiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнайы құралдар мен дене күшiн қолдануға тыйым салынады.
3. Әскери полиция қызметкерлерiнiң кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған арнайы құралдар және дене күшiн қолдануының әрбір жағдайы туралы әскери прокурор дереу хабардар етiледi.
4-тарау. Әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң кадр құрамы, әлеуметтiк және құқықтық қорғалуы
13-бап. Әскери полиция органдарының кадр құрамы
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметшiлермен және азаматтық персоналмен жасақталады.
2. Әскери полиция органдарында қызмет өткеру үшiн шақырылатын әскери қызметшiлер және өзге де адамдар қызметке тағайындалар алдында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi арнайы тексеруден өтедi.
Әскери полиция органдарына алғаш қызметке тұратын адамдар мiндеттi түрде арнайы бастапқы оқудан және тағылымдамадан өтедi, олар үшiн сынақ мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Олардың сынақ мерзiмiнен және тағылымдамадан өту тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi, Iшкi iстер министрi, Ұлттық қауiпсіздiк комитетiнiң төрағасы айқындайды.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Әскери полиция органдарына қызметке:
1) өздеріне қатысты қызметке орналасқанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қызметке орналасқанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттік органдардан теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған адамдар;
2) бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдар қабылданбайды.
2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара); 2008.26.05. № 34-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 4-тармақ өзгертілді
4. Әскери полиция органдарының азаматтық персоналын жұмысқа қабылдау мәселелерi және еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледi.
14-бап. Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерiн әлеуметтік және құқықтық қорғау
1. Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерiне әскери қызмет өткерудi регламенттейтiн, құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi, медициналық, зейнеттiк және басқа да қамсыздандыру түрлерiн белгілейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы, сондай-ақ осы шарттарға қайшы келмейтiн, құрылымына әскери полиция кiретiн тиiстi органдарда қызмет өткерудi регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
2. Әскери полиция органдарының қызметкерлерi мемлекеттік билiк өкiлдерi болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады, оларға белгiленген үлгiдегi қызмет куәлiктерi мен омырауға тағатын белгiлер берiледi.
3. Әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң өз лауазымдық мiндеттерiн атқаруына байланысты олардың өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауына кедергi келтiру, қорлау, қарсылық көрсету, күштеп қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiне, мүлкiне қол сұғушылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
15-бап. Әскери полиция органдары қызметiнде заңдылықтың сақталуын қадағалау
Әскери полиция органдары қызметiнде заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты әскери прокурорлар жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда. 2005 жылғы ақпанның 21-і.
№ 32-III ҚРЗ