5. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырушының сақтандыру полисін электрондық нысанда ресімдеуі арқылы жасалады.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін сақтандыру сыйлықақысын есептеу және сақтанушыны, сақтандырылушыны сәйкестендіру үшін қажетті деректерді қамтитын сақтанушының өтініші негіз болып табылады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтанушының қалауы бойынша сақтандырушыға жазбаша өтініш жасау не сақтанушы мен сақтандырушы арасында сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып электрондық нысанда ақпарат алмасу арқылы жасалуы мүмкін.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Сақтандыру полисiнде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 826-бабында тiзiп көрсетiлген талаптардан басқа, сақтандырушының бiр сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiнiң мөлшерi және шарттың түрi көрсетiлуге тиiс.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисінің мазмұны мен ресімделуі жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленеді.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Сақтандыру полисiне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берiлмейдi.
7. 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Егер сақтандырушы көлiк құралдары иелерінің жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбiрленушiнiң жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасасса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) және жәбiрленушiнiң алдында осы Заңда белгiленген талаптар бойынша мiндеттемелер атқарады.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеудi жеке тұлға бiржолғы төлеммен жүргiзедi.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды; 2011.24.01. № 399-IV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара)10-тармақ жаңа редакцияда
10. Міндетті техникалық қарап-тексеру өткізілетін жерлерде және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшесінде көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу аталған жерлерде қаржылық көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын, сақтандыру компанияларының агенттік көрсетілетін қызметтерін ұсынатын ұйыммен ғана жүзеге асырылады.
11-бап. Стандартты шарт
1. Стандартты шарт бойынша бiр немесе бiрнеше көлiк иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгi сақтандырылуы мүмкiн.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Стандартты шарт пайдаланылатын көлік құралының әрбір бірлігіне жасалады.
3. Сақтандыру полисiнде сақтанушы (сақтандырылушы, сақтандырылушылар) және пайдаланылатын көлiк құралы туралы мәлiметтер болуға тиiс.
4. 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Стандартты шарт бойынша сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтанушының (сақтандырылушының) өзiнiң үшiншi тұлғаларға зиян келтiруi салдарынан не:
1) көлiк құралын оны жүргiзуге құқылы адам сақтанушының (сақтандырылушының) қатысуымен жүргiзген;
2) адам көлiк құралын сақтанушымен (сақтандырушымен) жазбаша нысанда ресiмделген еңбек шарты немесе өзге де шарт негiзiнде жүргiзген;
3) көлiк құралын заңсыз иеленген адам, егер келтiрiлген зиян үшiн жауапкершілік сақтанушыға (сақтандырылушыға) жүктелсе, көлiк құралын жүргiзген жағдайда туындаса, сақтандырылған деп есептелiнедi.
6. 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12-бап. Кешендi шарт
1. Кешендi шарт бойынша екi және одан да көп көлiк құралы бiрлiгiнiң иесi болып табылатын жеке тұлғаның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтандырылуы мүмкiн.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кешенді шарт барлық пайдаланылатын көлік құралдарына жасалады.
3. Сақтандыру полисiнде сақтанушы (сақтандырылушы) - жеке тұлға және ол пайдаланатын көлiк құралдары туралы мәлiметтер болуға тиiс.
4. 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Кешендi шарт бойынша сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтанушының (сақтандырылушының) өзiнiң үшiншi тұлғаларға зиян келтiруi салдарынан не:
1) көлiк құралын оны жүргізуге құқылы адам сақтанушының (сақтандырылушының) қатысуымен жүргiзген;
2) көлiк құралын заңға қайшы иеленген адам, егер келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк сақтанушыға (сақтандырылушыға) жүктелсе, көлiк құралын жүргiзген жағдайда туындаса, сақтандырылған деп есептелiнедi.
6. 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
12-1-бап. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушыға және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
1. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушының интернет-ресурсы сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін пайдаланылады.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу үшін өтініш беру кезінде сақтанушыдан мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалану талап етілмейді.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасу үшін пайдаланылатын сақтандыру ұйымдарының интернет-ресурстарының тізбесі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасындағы электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтандырушы:
1) сақтанушыға көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы хабарламаны электрондық хабар түрінде дереу жөнелтуді;
2) сақтанушының көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жөніндегі ақпаратты дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараттық жүйесі арқылы тексеру мүмкіндігін;
3) сақтанушы үшін сақтандырушының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда сақтауды;
4) сақтанушыға (сақтандырылушы, пайда алушыға):
мәліметтерді өзгерту, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын қайта ресімдеу;
көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату;
сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету;
келтірілген зиян мөлшерін бағалауды жүргізу;
сақтандыру төлемін алу үшін қажетті ақпаратты (өтініштерді, хабарламаларды және (немесе) өзге де құжаттарды, мәліметтерді) электрондық нысанда жасау және сақтандырушыға жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы хабарлама дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы хабарламаның тәртібі мен мазмұнына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде, осы сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен бастап сақтанушымен сақтандырушы ұсынған талаптарда жасалды деп есептеледі.
5. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтанушы осы Заңда көзделген сақтандыру талаптарымен танысқаннан кейін сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлейді, сол арқылы ол өзіне ұсынылған талаптарда осы қосылу шартын жасасуға өзінің келісетінін растайды.
6. Сақтандырушы көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу мүмкіндігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.
7. Сақтандыру агенттерінің сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы ақпараттық іс-қимыл арқылы электрондық нысанда сақтандыру шарттарын жасасуға арналған сақтандыру ұйымдарының ақпараттық жүйелерін пайдаланып көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі қызметіне жол берілмейді.
13-бап. Көлiк құралдары иелерінің жауапкершiлігiн мiндетті сақтандыру шартының қолданылуы
1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбiрленушi деп танылған, оның iшiнде зиян келтiруге кiнәлi болып табылған сақтанушының (сақтандырылушының) көлiк құралында болған барлық адамдарға қатысты қолданылады, оған мыналар:
1) осы көлiк құралын сақтанушымен (сақтандырылушымен) қызметтiк немесе еңбек мiндеттерiн атқаруға орай, оның iшiнде көлiк құралының иесiмен еңбек немесе өзге де шарт негiзiнде не сақтанушының (сақтандырылушының) ерiк бiлдiруi негiзiнде, мәмiленiң жазбаша нысанын ресiмдемей, оның қатысуымен жүргiзген адам;
2) егер сақтанушы (сақтандырылушы) тасымалдаушы болып табылса, оған Қазақстан Республикасы заң актісінің тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыруды регламенттейтiн талабы қолданылса, жолаушылар;
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3) егер Қазақстан Республикасының заң актілерімен сақтанушыға (сақтандырылушыға) жұмыс берушi ретiнде қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауы кезiнде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру міндетi жүктелсе, сақтанушының (сақтандырылушының) қызметкерлерi кiрмейдi.
2. Көлiк құралдары иелерiнің жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартында белгiленген күннен бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Көлiк құралдары иелерiнің жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты күшіне енген күнінен бастап он екi ай мерзiмге жасасылады.
Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты жеке немесе заңды тұлғада көлiк құралын иелену құқығы пайда болған кезден бастап, бiрақ осы көлiк құралы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлiмшелерiнде мемлекеттiк тiркелген (қайта тiркелген) кезден бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жасасылуға тиiс.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 4 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 4 тармақ жаңа редакцияда
4. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын осы баптың 3-тармағында көзделгеннен өзгеше мерзiмге:
1) көлiк құралын маусымдық, бiрақ кемiнде алты ай пайдаланған кезде;
2) сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiнiң мәжбүрлеп таратылатын қатысушысы-сақтандыру ұйымының кредиторларымен (сақтанушыларымен);
3) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда, көлiк құралының мемлекеттік тiркелуiнiң алдындағы мерзiмге, бiрақ кемiнде күнтiзбелiк бес күнге;
4) көлiк құралы Қазақстан Республикасының аумағына уақытша кiрген жағдайда уақытша кiрген бүкiл кезеңге, бiрақ кемiнде күнтiзбелiк бес күнге жасасуға жол берiледi.
5. 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
6. Егер Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.
14-бап. Көлік құралдары иелері жауапкершілігінің міндетті сақтандыру шартының қолданылуын тоқтату
1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шарты:
1) шарттың қолданылу мерзiмi бiткен;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайларда тоқтатылды деп есептеледі.
3) 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандыру төлемі жүзеге асырылған кезде өз қолданысын тоқтатпайды.
Сақтандыру төлемі жүзеге асырылған кезде, сақтандырушы бұл туралы бір жұмыс күні ішінде дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға хабарлайды.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату
1. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
2. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату үшiн сақтанушы (сақтанушы қайтыс болған жағдайда - оның мұрагерi (мұрагерлерi) сақтандырушыға жазбаша өтiнiш бередi.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату және осы сақтандырушымен жаңадан көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде сақтандырушының мына формула бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақысының бөлiгiн ұстап қалуға құқығы бар:
ССБ = СС*n / N, мұнда:
ССБ - сақтандырушы ұстап қалатын сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi (теңгемен);
СС - көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша төленген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi (теңгемен);
n - көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты күшiне енген кезден бастап өтiнiш берiлген күндi қоса алғанда, оны мерзiмiнен бұрын тоқтатқан кезге дейiнгi мерзiм (күнмен);
N - көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының жасалған мерзiмi (күнмен).
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген талаптар сақталмаған кезде, сақтандырушының көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтандыру сыйлықақысының бiр бөлiгiн мынадай мөлшерде ұстап қалуға құқығы бар:
Рет № | Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты күшiне енген кезден бастап оны сақтандыру мерзiмiнен бұрын тоқтатқан кезге | Сақтандырушы ұстап қалатын сақтандыру сыйлықақысының дейiн өткен мерзiм мөлшерi (жылдық сақтандыру сыйлықақысынан процент есебiмен) |
1 | 2 | 3 |
1 | 15 күнге дейiн, қоса алғанда | 15 |
2 | 16 күннен 1 айға дейiн, қоса алғанда | 20 |
3 | 1 айдан 2 айға дейiн, қоса алғанда | 30 |
4 | 2 айдан 3 айға дейiн, қоса алғанда | 40 |
5 | 3 айдан 4 айға дейiн, қоса алғанда | 50 |
6 | 4 айдан 5 айға дейiн, қоса алғанда | 60 |
7 | 5 айдан 6 айға дейiн, қоса алғанда | 70 |
8 | 6 айдан 7 айға дейiн, қоса алғанда | 75 |
9 | 7 айдан 8 айға дейiн, қоса алғанда | 80 |
10 | 8 айдан 9 айға дейiн, қоса алғанда | 85 |
11 | 9 айдан 10 айға дейiн, қоса алғанда | 90 |
12 | 10 айдан 11 айға дейiн, қоса алғанда | 95 |
13 | 11 айдан жоғары | 100 |
16-бап. Сақтанушының құқықтары мен міндеттері
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сақтанушы:
1) сақтандырушыдан көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың талаптарын, көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды; 2010.15.07. № 338-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақша өзгертілді (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1) сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқорды (бұдан әрі - дерекқор) қалыптастыру және жүргiзу жөніндегі ұйымнан мiндетiне сақтанушы жөніндегі мәлiметтердi деректер базасына енгізу кiретiн сақтандырушының сақтанушымен жасасқан көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты туралы мәлiметтердiң деректер базасында бар екендiгi туралы ақпаратты сұратуға құқылы. Осы құқық сақтандырылған адамға да қолданылады;
2) 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) 2018.10.01. № 134-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2018.10.01. № 134-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сақтандырушы жүргiзген, келтiрiлген зиян мөлшерлерiн айқындаудың және сақтандырушы жүзеге асырған сақтандыру төлемiнің нәтижелерiмен танысуға;
5) көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға;
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-1) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 29-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) жіберуге;
7) сақтандыру төлемiн осы Заңда көзделген жағдайларда алуға құқылы.
Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сақтанушы:
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді ( бұр. ред. қара); 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде сақтандырушыға өзi, сақтандыру полисiне енгiзiлген әрбiр сақтандырылушы, көлiк құралы (көлiк құралдары), қосарланған сақтандыру, көлiк құралдарын маусымдық пайдалану, Қазақстан Республикасының аумағына уақытша кіру және осы Заңда көзделген тәртiппен сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн азайтуға берiлген құқық туралы өтiнiшке енгізу үшiн қажеттi мәлiметтердi және өтiнiште көрсетiлген мәлiметтердi растайтын қажеттi құжаттардың көшiрмелерiн ұсынуға;
2) сақтандыру сыйлықақыларын көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде төлеуге;
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) көлік оқиғасының және сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне белгiлi болғаннан бастап кiдiрiссiз, бiрақ үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, қолдан келетiн тәсiлмен (ауызша, жазбаша) бұл туралы көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан caқтандырушыға хабарлауға мiндеттi. Ауызша нысандағы хабарлама кейiннен (жетпiс екi сағат iшiнде) жазбаша түрде расталуға тиiс. Сақтанушы мен сақтандырылушы бiр тұлға болып табылмайтын жағдайларда, сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлау жөніндегі мiндет сақтандырылушыға жүктеледi. Егер сақтанушының (сақтандырылушының) дәлелдi себептермен аталған iс-әрекеттердi орындау мүмкiндiгi болмаса, ол мұны құжаттармен растауға тиiс;
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) көлiк оқиғасын жасаған кезде жәбiрленушілерге және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлерiне көлiк құралдары иелерiнің жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушының атауын және орналасқан жерiн хабарлауға;
5) көлiк оқиғасы болған кезде ықтимал шығындарды болдырмау немесе азайту үшiн қалыптасқан мән-жайларға ақылға қонымды және қолдан келетiн шараларды, оның iшiнде зардап шеккен адамдардың мүлкiн құтқару және оларға көмек көрсету шараларын қолдануға;
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) көлiк оқиғасы және зардап шеккен адамдар туралы тиiстi органдар мен ұйымдарға олардың құзыретiне қарай (жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлiмшелерiне, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына, жедел медициналық жәрдем қызметiне, авариялық қызметтерге) хабарлауға;
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) көлік оқиғасы жасалған кезде кідіріссіз, бірақ уәкілетті лауазымды тұлғаның жазбаша жолдамасын алған кезден бастап екі сағаттан кешіктірмей, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес психикаға белсенді әсер ететін затты тұтыну фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуге;
7) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлаған күннен бастап кідірiссiз, бiрақ екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей бұл туралы жәбiрленушiге хабарлауға;
8) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға керi талап қою құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
3. Сақтанушының осы баптың 2-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында аталған мiндеттерi көлiк оқиғасы болған кезде көлiк құралын тiкелей жүргiзген адамға жүктеледi.
17-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi
2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сақтандырушы:
1) көлiк құралы иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәлiметтерден басқа, осы Заңға сәйкес көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартына енгізу үшiн қажетті мәлiметтердi, оның iшiнде көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандырудың осының алдындағы шарттары, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты беруiн талап етуге;
2) тиiстi мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретiне орай, сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және жәбiрленушiлерге келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжаттарды сұратуға;