ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:
1) 89-бапта:
3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кандидаттар – мүгедектігі бар адамдар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарға халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтамаларды қосымша ұсынады.»;
4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Партиялық тізімде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.»;
2) 97-1-бапта:
5-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Депутаттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың саны партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.»;
6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Бұл ретте осы баптың 5-тармағы үшінші бөлігінің талаптары сақталуға тиіс.».
2. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына:
1-бапта:
бесінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдында, Республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.»;
алтыншы бөлік алып тасталсын.
2-бап. Осы Конституциялық заңның 1-бабы 1-тармағының күші осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілгенге дейін тағайындалған сайлауды өткізуге байланысты туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
3-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 7 ақпан
№ 105-VII