2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
3. Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмеуі мүмкін.
54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы;
2) қылмыстық құқық бұзушылық арқылы ауыр зардаптар келтiру;
3) қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, қылмыстық топ құрамында жасау;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда айрықша белсендi рөл атқару;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) кінәлі адамға ауыр психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтан (аурудан) зардап шегетiнi көрінеу белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту;
6) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың құқыққа сыйымды әрекеттері үшiн кек алу, сондай-ақ басқа қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
7) кінәлі адамға жүктiлiк жағдайда екені көрінеу белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кінәлі адамға тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
8) адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
9) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинаумен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
10) қару, оқ-дәрiлер, жарылғыш заттар, жарылыс немесе оларды имитациялайтын құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттар пайдаланып, сондай-ақ күштеп немесе психикалық мәжбүрлеуді қолданып не жалпы қауiптi тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
11) төтенше жағдай, төтенше ахуал кезінде, сондай-ақ жаппай тәртiпсіздіктер барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
12) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы;
13) адамның өзi берген сертін немесе кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауы;
14) кінәлі адамға оның қызмет бабына немесе шартқа қарай көрсетiлген сенiмдi пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
15) билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
16) құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайта ескерілмейді.
3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмайды.
55-бап. Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау
1. Егер осы Кодекстің Ерекше бөлігінің адам кінәлі деп танылған бабында немесе бабының бір бөлігінде бас бостандығынан айырудан гөрі онша қатаң емес жазаның негізгі түрі көзделсе, адамды:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркiмен өтеген, моральдық және өзге зиянды қалпына келтірген жағдайда;
2) осы Кодекстің 218, 248 және 249-баптарында көзделгендерді қоспағанда, экономикалық қызмет саласында қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркімен өтеген жағдайда, бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің:
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде - жартысынан;
2) ауыр қылмыс жасаған кезде - үштен екiсiнен;
3) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен асыруға болмайды.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша, сондай-ақ процестік келісімнің барлық шарттары орындалған істер бойынша жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан асыруға болмайды. Айыптау үкімі бұйрықты іс жүргізу тәртібімен шығарылған істер бойынша айыппұл қылмыстық теріс қылық жасалған кезде - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі, онша ауыр емес қылмыс жасалған кезде айлық есептік көрсеткіштің елуден екі жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
4. Іс-әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, кінәлі адамның рөлiне, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi немесе одан кейiнгi мінез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және іс-әрекеттiң қоғамға қауiптiлiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сол сияқты топтық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушы топтың жасаған іс-әрекеттерін ашуға белсене жәрдемдескен кезде, осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең төменгi шектен төмен жаза тағайындалуы мүмкiн не соттың жазаның осы бапта көзделгеннен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн.
5. Жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, осындай мән-жайлардың жиынтығы да ерекше мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.
6. Осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде, жаза осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген төменгі шектен төмен тағайындалуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды
7. Қылмысқа дайындалғаны немесе оқталғаны үшін жаза тағайындалған жағдайларда, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шектер осы Кодекстің 56-бабының ережелері ескеріле отырып айқындалады.
2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды
8. Осы баптың ережелері кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, қолданылмайды.
56-бап. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде мән-жайлардың себебiнен қылмыс ақырына дейiн жетпеген сол мән-жайлар ескерiледi.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмысқа дайындалғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң жартысынан асыруға болмайды.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшінен асыруға болмайды.
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қылмысқа дайындалғаны үшiн және қылмысқа оқталғаны үшiн өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
57-бап. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау
1. Сыбайлас қатысып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыстық құқық бұзушылық мақсатына жетудегі мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiрілуi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпалы ескерiледi.
2. Сыбайлас қатысушылардың бiреуiнiң жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол сыбайлас қатысушыға жаза тағайындау кезiнде ғана ескерiледi.
58-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезiнде сот әрбiр құқық бұзушылық үшiн бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара қосу арқылы түпкiлiктi жазаны айқындайды.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығында тек қылмыстық теріс қылықтар қамтылса, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы не жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте айыппұл түріндегі жазаның түпкілікті мөлшерін - төрт жүз айлық есептік көрсеткіштен, ал қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу түріндегі жазаның түпкілікті мерзімін тиісінше төрт жүз сағаттан немесе елу тәуліктен асыруға болмайды.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына тек қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына ауыр немесе аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма жылдан асыруға болмайды.
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс, сондай-ақ жасалғаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылық кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.
Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты құрайтын құқық бұзушылықтар үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкiн. Ішінара немесе толық қосу кезінде түпкiлiктi қосымша жазаны осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң осы жаза түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
6. Егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі екенi анықталса, жаза осы баптың қағидалары бойынша тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жаза мерзiмiне есептеледi.
59-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындау
Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.
60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкiмі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.
2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаған жағдайда, осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнің осы жаза түрi үшiн көзделген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды. Егер үкiмдердiң жиынтығына адам жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген ең болмағанда бір аса ауыр қылмыстың жасалуына кінәлі деп танылған үкiм кірсе, онда бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны отыз жылдан асыруға болмайды. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалады.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазадан да, соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуға тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жүргiзiледі.
61-бап. Жаза мерзiмдерiн қосу кезiнде мерзімдерді айқындау тәртiбi
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде:
1) бас бостандығынан айырудың бір күніне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;
2) бас бостандығын шектеудің бір күніне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;
3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;
4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;
5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу, мүлiктi тәркiлеу, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары оларды айыппұлмен, түзеу жұмыстарымен, қоғамдық жұмыстарға тартумен, бас бостандығын шектеумен, қамаққа алумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, бас бостандығын шектеудiң, бас бостандығынан айырудың мерзiмдерi - айлармен және жылдармен, қамаққа алу мерзімдері - тәуліктермен, қоғамдық жұмыстарға тарту мерзімдері сағаттармен есептеледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жазаны ауыстыру немесе жазаларды қосу, сондай-ақ жазаны есепке алу кезінде мерзімдер тәуліктермен есептелуі мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақыты:
1) қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше және толық қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір күні;
2) орташа қауіпсіз, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күні;
3) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау уақыты:
1) қамаққа алу түріндегі жазаны өтеудің бір күні;
2) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні;
3) қоғамдық жұмыстар түрінде жазаны өтеудің төрт сағаты;
4) тиісінше түзеу жұмыстары, айыппұл түрінде жазаны өтеудің төрт айлық есептік көрсеткіші үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Үкім заңды күшіне енгенге дейін үйқамақта ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу түріндегі жаза мерзіміне - бір күнге екі күн есебімен, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, айыппұл түріндегі жаза мерзіміне тиісінше қоғамдық жұмыстардың екі сағаты немесе екі айлық есептік көрсеткіш үшін үйқамақта ұстаудың бір күні есебімен есептеледі.
5. Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды күзетпен ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеу уақыты, адам осы Кодекстiң 9-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда, бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Адамға жазаның өзге түрін тағайындай отырып, үкімді қайта қарау кезінде жазаның өтелген мерзімі немесе орындалған мөлшері үкім қайта қаралғанға дейін жаңа жазаның мерзіміне немесе мөлшеріне есептеледі. Жазаның өтелген мерзімін немесе орындалған мөлшерін есепке алу кезінде:
1) бас бостандығынан айырудың бір күніне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;
2) бас бостандығын шектеудің бір күніне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;
3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;
4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;
5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бөлік өзгертілді
7. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықпен (аурумен) науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзіміне немесе мөлшеріне есептеледi.
63-бап. Шартты түрде соттау
1. Егер сот бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындағанда сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген түйінге келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттауды қолдану кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлі адамның жеке басын, оның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Шартты түрде соттауды тағайындау кезінде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне, ал кәмелетке толмағандарға алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгiлейдi.
Шартты түрде сотталғандағы пробациялық бақылау кезеңінде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты қайталап жасаған кезде де кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттау қолданылуы мүмкін.
Пробациялық бақылау сот қосымша жаза түрі ретінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуді тағайындаған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам шартты түрде сотталған кезде белгіленбейді.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Шартты түрде соттау кезiнде шектеулердің және жазаның қосымша түрлерi тағайындалуы мүмкiн.
5. Шартты түрде соттау кезiнде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
64-бап. Шартты түрде соттаудың күшiн жою
1. Егер шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi өткенге дейiн өз мінез-құлқымен өзiнiң түзелгенiн дәлелдесе, пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынуы бойынша сот шартты түрде соттаудың күшiн жою туралы және сотталған адамнан сотталғандықты алып тастау туралы қаулы шығара алады. Бұл ретте шартты түрде соттаудың белгiленген мерзiмiнiң кем дегенде жартысы өткен соң оның күшi жойылуы мүмкiн.
2. Шартты түрде сотталған адам:
1) қоғамдық тәртіп пен имандылыққа, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, жеке адамға қол сұғатын және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшiн өзіне әкiмшiлiк жаза қолданылған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған;
2) электрондық бақылау құралдарын қасақана зақымдаған (бүлдірген) не дәлелсіз себептермен тіркелуге келмеген немесе пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органға хабарламай тұрғылықты жерін ауыстырған;
3) қылмыстық теріс қылық жасаған жағдайларда, сот пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынуы бойынша пробациялық бақылау мерзімін ұзарта алады, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.