ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОДЕКСІ
Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
2-бап. Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы
3-бап. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының мақсаты мен міндеттері
4-бап. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының қағидаттары
5-бап. Цифрлық ортада адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау
6-бап. Цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі
7-бап. Цифрлық деректердің айналым еркіндігі
8-бап. Цифрлық технологияларды құру, дамыту және қолдану еркіндігі
9-бап. Жеке және көпшілік мүдделерінің теңгерімі
10-бап. Цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі
11-бап. Мемлекеттің цифрлық ортаға пропорционалды және негізді түрде қатысуы
12-бап. Құқықтық реттеудің технологиялық бейтараптығы
13-бап. Цифрлық әдеп және әлеуметтік жауапкершілік
2-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
14-бап. Цифрландыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
15-бап. Мемлекеттік органдардың цифрландыру саласындағы құзыреті
2-БӨЛІМ. ЦИФРЛЫҚ ОРТА ОБЪЕКТІЛЕРІ
3-тарау. ЦИФРЛЫҚ ДЕРЕКТЕР
16-бап. Цифрлық деректер
17-бап. Ашық деректер
18-бап. Әкімшілік цифрлық деректер
19-бап. Ұлттық тіркелімдер
4-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕР
20-бап. Цифрлық объектілер және олардың түрлері
21-бап. Цифрлық жазбалар
22-бап. Цифрлық активтер
23-бап. Бағдарламалық қамтылым
24-бап. Цифрлық ресурстар
25-бап. Цифрлық инфрақұрылым объектілері
26-бап. Бөлінген цифрлық объектілер
27-бап. Деректерді өңдеу орталықтары
28-бап. Цифрлық жүйелер
29-бап. Цифрлық платформалар
5-тарау. ЦИФРЛЫҚ ДЕРЕКТЕР ӨНІМДЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АЙНАЛЫМЫ
30-бап. Цифрлық деректер өнімі
31-бап. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформалары
6-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРДІҢ АРНАУЛЫ РЕЖИМДЕРІ
32-бап. Сенімді цифрлық объектілер
33-бап. Аса маңызды цифрлық объектілер
34-бап. Ұлттық цифрлық объектілер
35-бап. Цифрлық кондоминиум
3-БӨЛІМ. ЦИФРЛЫҚ ОРТА СУБЪЕКТІЛЕРІ
7-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТА СУБЪЕКТІЛЕРІ, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
36-бап. Цифрлық орта субъектілерінің түрлері
37-бап. Цифрлық деректер субъектілері
38-бап. Цифрлық объектілердің меншік иелері және (немесе) иегерлері
39-бап. Цифрлық объектілерді пайдаланушылар
8-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТА СУБЪЕКТІСІНІҢ НЕГІЗГІ ҚҰҚЫҚТАРЫ
40-бап. Цифрлық сәйкестік және оны қорғау құқығы
41-бап. Дербес деректерді алып тастау, анонимдеу және өңдеуді шектеу құқығы
42-бап. Мүгедектігі бар адамдардың цифрлық ортадағы цифрлық қолжетімділігі мен құқықтары
43-бап. Цифрлық орта субъектілерінің алгоритмдік жүйелер мен толық автоматтандырылған шешімдерді пайдалану кезіндегі құқықтары
4-БӨЛІМ. ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР
9-тарау. ЦИФРЛЫҚ СӘЙКЕСТЕНДІРУ
44-бап. Цифрлық ортада құқықтардың туындауы, жүзеге асырылуы және тоқтатылуы
45-бап. Цифрлық деректер сәйкестендіргіштері
46-бап. Цифрлық аутентификация
47-бап. Цифрлық растау
48-бап. Биометриялық аутентификация
10-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА
49-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба
50-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары
51-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба кілттері
11-тарау. КУӘЛАНДЫРУШЫ ОРТАЛЫҚТАР ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
52-бап. Куәландырушы орталық
53-бап. Арнаулы куәландырушы орталық
54-бап. Куәландырушы орталықты аккредиттеу
55-бап. Куәландырушы орталықтың функциялары
56-бап. Куәландырушы орталық қызметінің тоқтатылуы
57-бап. Шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаны тану
58-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты иегерінің құқықтары мен міндеттері
59-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын кері қайтарып алу
60-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын беруден бас тарту
61-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны қалыптастыру және оның түпнұсқалығын тексеру
12-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ ҚҰЖАТТАР
62-бап. Электрондық құжат
63-бап. Цифрлық құжаттар
64-бап. Цифрлық мәліметтер
65-бап. Цифрлық архив
66-бап. Цифрлық орта субъектілеріне хабарлау
67-бап. Смарт-келісімшарттар
5-БӨЛІМ. ЦИФРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
13-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ ЦИФРЛЫҚ АРХИТЕКТУРАСЫ
68-бап. Мемлекеттің цифрлық архитектурасы
69-бап. «Цифрлық үкімет» архитектурасы
70-бап. Смарт-қалалар мен смарт-өңірлер
71-бап. Мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталы
72-бап. Архитектуралық-үйлестіруші орталық
14-тарау. «ЦИФРЛЫҚ ҮКІМЕТ»
73-бап. Мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру
74-бап. «Цифрлық үкімет» операторы
75-бап. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталы
76-бап. Цифрлық оқиға
77-бап. Қазақстан Республикасы азаматының цифрлық кеңістігі
78-бап. Ашық үкімет
79-бап. Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы
80-бап. «Цифрлық үкіметтің» төлем шлюзі
81-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы
82-бап. «Цифрлық үкімет» платформасы
83-бап. Цифрлық объектілерді интеграциялау
15-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІНІҢ ҚОЛДАНЫСТА БОЛУ ЦИКЛІ
84-бап. «Цифрлық үкімет» цифрлық объектісінің қолданыста болу циклі және оның кезеңдері
85-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін жоспарлау, құру және дамыту
86-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін тәжірибелік пайдалануды өткізу және сынақтан өткізу
87-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін өнеркәсіптік пайдалануға беру
88-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін модификациялау
89-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін өнеркәсіптік пайдалануды тоқтату
90-бап. «Цифрлық үкіметтің» цифрлық объектісін архивтеу және есептен шығару
91-бап. «Цифрлық үкіметтің» технологиялық жағынан күрделі цифрлық объектілері
92-бап. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының цифрлық объектілерін құру және дамыту тәртібі
16-тарау. ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУ
93-бап. Цифрлық трансформациялау
94-бап. Цифрландыру саласындағы ұлттық даму институты
95-бап. Цифрлық даму индексі
6-БӨЛІМ. ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
17-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУ
96-бап. Цифрландыру саласындағы, сондай-ақ электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау
97-бап. Киберқауіпсіздік
98-бап. Цифрлық деректерді қорғауды қамтамасыз ету
99-бап. Цифрлық объектілердің киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау және аудит
100-бап. Цифрлық объектілердің сапасына аудит
18-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ МАҚСАТТАРЫ, ҚАҒИДАТТАРЫ, НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
101-бап. Қазақстан Республикасының цифрландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары
102-бап. Қазақстан Республикасының цифрландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қағидаттары
103-бап. Қазақстан Республикасының цифрландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығының негізгі бағыттары
19-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
104-бап. Цифрландыру саласындағы дауларды шешу тәртібі
105-бап. Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
106-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі және өтпелі ережелер
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану кезінде цифрлық ортада туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Цифрлық орта деп осы Кодекспен реттелетін қоғамдық қатынастарды қозғайтын бөлікте цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді орналастыру немесе оларға құқықтарды тіркеу аумағына қарамастан, оларды құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану, оларға құқықтарды жүзеге асыру және беру үшін инфрақұрылымның, технологиялардың, процестер мен шарттардың жиынтығы түсініледі.
2. Цифрлық ортада туындайтын мүліктік және өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар осы Кодексте белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
3. Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін Қазақстан Республикасында белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
2-бап. Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдары арасында цифрлық ортадағы қатынастарды реттеу мәселелері бойынша қайшылықтар болған жағдайларда осы Кодекстің ережелері қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының мақсаты жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін цифрлық ортаның орнықты дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады.
2. Мыналар Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының міндеттері болып табылады:
1) цифрлық ортада туындайтын қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу;
2) цифрлық ортада бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктерін айқындау;
3) цифрлық ортада заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту;
4) Қазақстан Республикасында цифрлық ортаны дамытуға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
5) қоғамдық қатынастардың барлық салаларын цифрлық трансформациялауды құқықтық қамтамасыз ету.
4-бап. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының қағидаттары
Цифрлық ортадағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
1) цифрлық ортада адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
2) цифрлық технологияларды қолдану кезінде адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі;
3) цифрлық деректердің айналым еркіндігі;
4) цифрлық технологияларды құру, дамыту және қолдану еркіндігі;
5) жеке және көпшілік мүдделерінің теңгерімі;
6) цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі;
7) мемлекеттің цифрлық ортаға пропорционалды және негізді қатысуы;
8) құқықтық реттеудің технологиялық бейтараптығы;
9) цифрлық әдеп және әлеуметтік жауапкершілік.
5-бап. Цифрлық ортада адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау
1. Адамның цифрлық ортадағы құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері ең жоғары құндылық деп танылады және олардың шектелуі тек Қазақстан Республикасының заңдарымен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаттарында қажетті шамада ғана мүмкін болады.
2. Цифрлық ортадағы қатынастар адамның еркін, саналы және айқын ерік-жігеріне негізделеді.
3. Цифрлық ортадағы адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын алгоритмдік және автоматтандырылған шешімдер ашықтық, кемсітпеу және цифрлық орта субъектісі тарапынан бақылау мүмкіндігі сақтала отырып қолданылады.
6-бап. Цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі
1. Цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі цифрлық ортаның тұрақты жұмыс істеуінің ажырамас элементі болып табылады.
2. Мемлекет адамның, қоғамның және мемлекеттің құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне цифрлық технологиялардың теріс әсері мен қолдану тәуекелдерінің алдын алу және азайту жөнінде шаралар қабылдайды, олардың қажеттілігі мен қол жеткізілетін мақсаттарға мөлшерлестігін қамтамасыз етеді.
7-бап. Цифрлық деректердің айналым еркіндігі
1. Қазақстан Республикасында осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде цифрлық деректерді іздеу, қалыптастыру, беру, сақтау және пайдалану еркіндігі қамтамасыз етіледі.
2. Цифрлық деректерге қол жеткізуді шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол беріледі.
3. Мемлекет цифрлық деректердің ашықтығы, анықтығы, қолжетімділігі, өзектілігі, толықтығы, олардың цифрлық үйлесімділігі және цифрлық деректермен еркін алмасу тетігін дамытуға жәрдемдеседі.
8-бап. Цифрлық технологияларды құру, дамыту және қолдану еркіндігі
1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, цифрлық технологияларды құру, дамыту және қолдану еркін жүзеге асырылады.
2. Мемлекет ғылыми зерттеулер жүргізуге, инновациялық қызметті жүзеге асыруға және цифрлық технологияларды дамытуға жағдай жасайды.
3. Мемлекет халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, қолжетімді инфрақұрылымды дамыту және цифрлық теңсіздікті жою жөніндегі шараларды іске асыруды, сондай-ақ цифрлық ортадағы жеке бастамалар мен бәсекелестікті дамытудың тең жағдайларын қамтамасыз етеді.
9-бап. Жеке және көпшілік мүдделерінің теңгерімі
1. Цифрлық ортадағы қоғамдық қатынастарды реттеу жеке және көпшілік мүдделері арасындағы теңгерім сақтала отырып жүзеге асырылады.
2. Көпшілік мүдделерін іске асыру жеке тұлғалардың құқықтарын негізсіз шектеуге алып келмеуге тиіс.
3. Мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде оның мақсаттарының және адам мен азамат үшін салдары, қоғам мен мемлекет мүдделері арасындағы мөлшерлестік қамтамасыз етіледі.
4. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар цифрлық технологияларды пайдалана отырып қабылданатын шешімдердің айқындығын, ашықтығын және уәжділігін қамтамасыз етеді.
10-бап. Цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі
1. Мемлекет азаматтардың цифрлық технологияларға, өнімдерге, көрсетілетін қызметтер мен цифрлық ортадағы мүмкіндіктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында қолжетімділік жөніндегі талаптар белгіленген цифрлық объектілер мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ көру, есту, сөйлеу қабілеттері бұзылған және басқа да функционалдық шектеулері бар адамдар және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына жататын адамдар үшін қолжетімділік ескеріле отырып әзірленеді және пайдаланылады.
11-бап. Мемлекеттің цифрлық ортаға пропорционалды және негізді түрде қатысуы
1. Мемлекет осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде цифрлық ортаға қатысады.
2. Цифрлық ресурстар мен жүйелерді құруға және пайдалануға мемлекеттің қатысуына бәсекелестік ортаға негізсіз араласуға жол бермеу талаптары сақталған кезде мемлекеттік функцияларды іске асыру, мемлекеттік қызметтер көрсету, цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігін, орнықтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жол беріледі.
12-бап. Құқықтық реттеудің технологиялық бейтараптығы
1. Құқықтық реттеудің технологиялық бейтараптығы қағидаты әртүрлі цифрлық технологияларға тең қатынасты болжайды.
2. Цифрлық ортадағы қатынастарды құқықтық реттеу цифрлық технологиялардың функционалдық сипаттамалары негізге алына отырып жүзеге асырылады.
3. Мемлекет жаңа цифрлық технологиялар пайда болған кезде олардың дамуына кедергі келтірмей, құқықтық реттеудің болжамдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
13-бап. Цифрлық әдеп және әлеуметтік жауапкершілік
1. Цифрлық технологияларды құру, дамыту және қолдану адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу, кемсітушілікке жол бермеу, әділдік, адалдық, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2. Мемлекет, ұйымдар мен азаматтар кемсітуді, манипуляция жасауды, цифрлық технологияларды теріс пайдалануды және адамның, қоғамның және мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін өзге де бұзушылықтарды болғызбауға бағытталған цифрлық ортадағы іс-қимылдың әдеп стандарттарын қалыптастыруға және сақтауға қатысады.
2-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
14-бап. Цифрландыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
1. Цифрландыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - цифрландыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілеттілігінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
2) стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады;
3) цифрландыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
4) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
15-бап. Мемлекеттік органдардың цифрландыру саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар құзыреті шегінде:
1) цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) цифрландыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
3) құзыреті шегінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2-БӨЛІМ. ЦИФРЛЫҚ ОРТА ОБЪЕКТІЛЕРІ
3-тарау. ЦИФРЛЫҚ ДЕРЕКТЕР
16-бап. Цифрлық деректер
1. Цифрлық нысанда берілген және оны алу тәсіліне және цифрлық ұсыну нысанына қарамастан автоматтандырылған және (немесе) талдамалық жинауға, сақтауға, өңдеуге, пайдалануға, беруге, таратуға немесе алып тастауға жарамды ақпарат цифрлық деректер болып табылады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, цифрлық деректер еркін құрылуы, жиналуы, сақталуы, өңделуі, пайдаланылуы және берілуі мүмкін.
3. Арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері уәкілетті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейтін, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін цифрлық деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес деректерді талдауды жүзеге асыру үшін «цифрлық үкімет» операторына (бұдан әрі - оператор) цифрлық деректерге және цифрлық жазбаларға рұқсат береді.
4. Мемлекеттік құпияларды, қызметтік немесе құпия ақпаратты, дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қамтитын цифрлық деректерді басқару Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар мен ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
17-бап. Ашық деректер
1. Машинада оқылатын нысанда ұсынылған және еркін пайдалануға, өңдеуге, қайта жариялауға және таратуға арналған, ашық қолжетімділікте орналастырылған цифрлық деректер ашық деректер болып табылады.
2. Ашық цифрлық деректерді орталықтандырылған орналастыру, сипаттау, сақтау, іздеу, қол жеткізу және қайта пайдалану, сондай-ақ мұндай деректерге машиналық қол жеткізуге бағдарламалық интерфейстерді ұсыну үшін ашық деректердің интернет-порталы мемлекеттік цифрлық ресурс болып табылады.
3. Ашық деректердің интернет-порталы порталдың тұрақтылығын, қауіпсіздігін немесе өнімділігін қамтамасыз етуге байланысты техникалық шектеулерді қоспағанда, онда орналастырылған ашық деректерге өтеусіз, ашық және кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
4. Оператор оны техникалық сүйемелдеуді, киберқауіпсіздікті, орналастырылған ашық деректердің үздіксіз қолжетімділігін, өзектілігін, сондай-ақ уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен портал пайдаланушыларының іс-әрекеттерін журналға енгізуді қамтамасыз етеді.
5. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ақпарат иелері Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес ашық деректердің интернет-порталында ашық деректерді тұрақты негізде орналастыруға және уақтылы жаңартып отыруға міндетті.
6. Цифрлық ортаның осы бапта көрсетілмеген өзге субъектілері қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қамтымайтын цифрлық деректерді ашық деректердің интернет-порталында жариялау үшін өз еркімен жіберуге құқылы.
7. Таралып кетуі, қателік, қауіпсіздіктің бұзылуы, оларды заңсыз пайдалану, оларға рұқсат беру немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттер салдарынан адамдардың шектелмеген тобына қолжетімді болған цифрлық деректер ашық деректер болып табылмайды және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органды және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен цифрлық ресурстардан дереу алып тасталуға тиіс.
18-бап. Әкімшілік цифрлық деректер
1. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және оларға жүктелген мемлекеттік функцияларды орындау және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде субъектілер қалыптастыратын цифрлық деректер әкімшілік цифрлық деректер деп танылады.
2. Әкімшілік цифрлық деректерді жинау, қалыптастыру, сақтау, өңдеу, пайдалану, жаңарту және беру деректерді басқару жөніндегі талаптарға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган әкімшілік цифрлық деректердің сапасын айқындау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
4. Әкімшілік цифрлық деректер мынадай мақсаттарда тұрақты негізде жүргізілуге және жаңартылуға тиіс:
1) ұлттық тіркелімдердің сапасын қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік басқарудың және мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігін арттыру;
3) ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру;
4) деректерді талдау;
5) басқарушылық шешімдер қабылдау.
19-бап. Ұлттық тіркелімдер
1. Ұлттық тіркелім - «цифрлық үкімет» архитектурасы шеңберінде айқындалған және мемлекеттік функцияларды орындау, мемлекеттік қызметтер көрсету, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және мемлекеттік статистика үшін анық ақпараттың бірыңғай көзі ретінде пайдаланылатын, эталондық цифрлық деректерді қамтитын цифрлық ресурс түсініледі.
2. Ұлттық тіркелімдердің тізбесін, олардың құрылымын, эталондық цифрлық деректердің құрамын, сондай-ақ оларды жүргізуге және жаңартып отыруға қойылатын талаптарды мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.
3. Ұлттық тіркелімдер үшін цифрлық деректердің ұстаушылары немесе көздері болып табылатын цифрлық объектілердің меншік иелері және (немесе) иегерлері тиісті ұлттық тіркелімдерде қамтылған цифрлық деректердің тиісті сапасын қамтамасыз етеді.
Ұлттық тіркелімдерге енгізілген цифрлық деректердің сапасын айқындауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Ұлттық тіркелімде цифрлық деректер болған жағдайда мұндай деректерді пайдаланатын мемлекеттік цифрлық объектілер оларды тікелей тиісті ұлттық тіркелімнен алуға тиіс.
5. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға статистикалық қызметті жүзеге асыру үшін, сондай-ақ уәкілетті органға деректерді талдау үшін деректер базасын интеграциялау жолымен ұлттық тіркелімдерде қамтылған әкімшілік цифрлық деректерге рұқсат береді.
4-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕР
20-бап. Цифрлық объектілер және олардың түрлері
1. Цифрлық объект - цифрлық технологиялар арқылы құрылған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамаларға ие және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану не билік ету құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның ерекшеленген элементі.