2. Кеден органдарының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің кеден органдарымен өзара іс-қимылы:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы процестері шеңберінде Одақ туралы шартқа сәйкес іске асырылатын ақпарат алмасу;
2) осы Кодекстің 444-бабына сәйкес тұрақты негізде электрондық нысанда, сондай-ақ осы Кодексте және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда белгіленген өзге де жағдайларда ақпарат алмасу;
3) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін ұсыну туралы сұрау салуларды орындау;
4) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің кеден органының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына ақпарат жіберуі;
5) өзара әкімшілік көмекті жүзеге асыру;
6) есепке алу аспаптары орнатылған орындарда құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу кезінде қатысу;
7) өзге де тәсілмен өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады.
3. Кедендік реттеу саласында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жалпы процестер осы Кодекстің ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, оның ішінде кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы өткізілетін тауарларға, халықаралық тасымалдың уақытша әкелінген көлік құралдарына, жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген көлік құралдарына қатысты кедендік бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуін растау мақсатында айқындалады.
4. Комиссия өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін кеден органдарынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таратылуы шектеулі мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді қамтымайтын ақпаратты электрондық нысанда сұратуға және алуға құқылы.
443-бап. Кеден органдарының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің кеден және өзге де органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы және ынтымақтастығы
Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің кеден және өзге де органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды және ынтымақтасады.
444-бап. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары арасында тұрақты негізде ақпарат алмасу
1. Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің кеден органдарымен тұрақты негізде осы Кодекстің 83-бабының 4-тармағында және 360-баптың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тауарларға арналған декларациялардан, кедендік құжаттардан, тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерден алынатын мәліметтермен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылатын және мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын мәліметтерге жатпайтын, мұндай кедендік құжаттардағы мәліметтерді өзгертетін (толықтыратын) мәліметтермен алмасады.
Тұрақты негізде ақпарат алмасу үшін мәліметтер Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне № 2 қосымшаға сәйкес тізбе бойынша айқындалады.
2. Тұрақты негізде ақпарат алмасу мұндай ақпарат алмасуды жүзеге асыратын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары, алмасу үшін мәліметтердің құрылымы және форматы, осындай алмасу регламенті, мерзімдері және тәсілдері айқындалатын техникалық шарттарға сәйкес электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Тұрақты негізде электрондық нысанда ақпарат алмасудың техникалық шарттарын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары айқындайды.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары тұрақты негізде ақпаратты дайындауға, беруге және алуға жауапты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының лауазымды адамдары туралы бір-біріне ресми түрде хабарлайды.
445-бап. Кеден органдарының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің кеден органдарына құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін ұсыну туралы сұрау салуларды жіберу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарынан алынған осындай сұрау салуларды орындау тәртібі
1. Кеден органдарына жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің кеден органы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің кеден органдарының сұрау салулары негізінде оларға өзінде бар немесе осы баптың 7-тармағына сәйкес алынған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін ұсынады.
2. Құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін ұсыну туралы сұрау салуды (бұдан әрі осы бапта - сұрау салу) жіберу үшін мыналар:
1) ақпарат алмасу нәтижесінде алынған ақпаратты талдау кезінде тауарлар, халықаралық тасымалдың көлік құралдары және (немесе) тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар туралы мәліметтердің сәйкес келмеуін анықтау;
2) кеден органы сұрау салуды жіберу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпараттың болуы;
3) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғаның осы Кодекстің 532-бабы 1-тармағының 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген осындай тізілімге енгізілу шарттарын сақтауын тексеру негіз болып табылады.
3. Сұрау салу электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде хатпен ресімделеді, оған сұрау салуды жіберетін кеден органының басшысы, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысының орынбасары немесе оларды алмастыратын адамдар қол қояды.
4. Сұрау салуда:
1) сұрау салуды жіберетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органының және сұрау салу жіберілетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органының атауы;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 371-бабына сілтеме;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуы тексерілетін ережелері көрсетіле отырып, өздеріне байланысты сұрау салу жіберіліп отырған мән-жайларды жазу;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 371-бабының 2-тармағына сәйкес сұрау салуды жіберу үшін негіздер;
5) көшірмелері сұратылатын құжаттардың және (немесе) сұратылатын мәліметтердің тізбесі;
6) сұрау салуды жіберетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органының пікірінше сұрау салуды орындау үшін талап етілетін өзге де ақпарат қамтылуға тиіс.
5. Сұрау салудың мәтінінде сілтемелер бар құжаттардың және өздеріне байланысты сұрау салу жіберіліп отырған мән-жайларға қатысы бар өзге де құжаттардың көшірмелері сұрау салуға қоса берілуі мүмкін.
6. Сұрау салу, осы баптың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сұрау салу келіп түскен кеден органы тіркеген күннен бастап бір ай ішінде орындалады.
7. Егер кеден органында сұрау салынатын құжаттар және (немесе) мәліметтер болмаған жағдайда, онда ол Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдары мен ұйымдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сұрау салуды орындау үшін қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін сұратады.
8. Сұрау салуды орындау кезінде кеден органы:
1) сұрау салуды жіберген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органынан сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға;
2) Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдары мен ұйымдарынан сұрау салуды орындау үшін қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін алу қажет болған кезде осы баптың 6-тармағында көрсетілген сұрау салуды орындау мерзімін, сұрау салуды жіберген кеден органын осындай ұзартудың себептері туралы жазбаша хабардар ете отырып, бір айға ұзартуға құқылы.
9. Осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сұрау салуды жіберу кезінде сұрау салуды орындау мерзімі сұрау салу жіберілген күннен бастап тоқтатыла тұрады және сұратылған қосымша ақпарат келіп түскен күннен бастап қайта басталады.
10. Кеден органы мынадай жағдайларда:
1) сұрау салу осы баптың 4-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сұратылған қосымша ақпарат мұндай сұрау салу жіберілген күннен бастап екі ай ішінде келіп түспесе;
3) сұрау салуды орындау Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қайшы келсе;
4) сұрау салу келіп түскен кеден органына байланысты емес себептер бойынша сұрау салуды орындау мүмкін болмаса, сұрау салуды орындаудан бас тартады.
11. Кеден органы сұрау салуды жіберген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органын сұрау салуды орындаудан бас тартудың себептері туралы хабардар етеді.
12. Осы бапқа сәйкес сұрау салуларды жіберуді және орындауды Комиссия айқындайтын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары жүзеге асырады.
446-бап. Кеден органының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына ақпарат жіберуі
1. Кеден органы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына ақпаратты мынадай жағдайларда:
1) осы Кодекстің 534-бабы 1-тармағының 6) және 11) тармақшаларында көзделген уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұру үшін негіздер анықталса;
2) осы Кодекстің 358-бабының талаптары бұзыла отырып, халықаралық тасымалдың көлік құралдарын пайдалану фактілері анықталса;
3) осы Кодекске сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара іс-қимылы көзделген өзге де жағдайларда, жібереді.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес ақпаратты жіберу тәртібі мен мерзімін, сондай-ақ жіберілетін мәліметтердің құрамын және (немесе) жіберілетін құжаттарды Комиссия айқындайды.
3. Кеден органы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына ақпаратты өз бастамасымен мынадай жағдайларда:
1) ақпарат Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының және (немесе) кеден органына ақпарат жіберілетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасын бұзушылықтар не ықтимал бұзушылық тәуекелдері туралы куәландыруы мүмкін болса;
2) ақпарат жіберілетін кеден органы үшін аталған ақпарат қызығушылық тудырады деп пайымдауға негіздер болса, жіберуге құқылы.
447-бап. Өзара әкімшілік көмек
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында кеден органының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органының тапсырмасы бойынша немесе онымен бірлесіп жасаған әрекеттері өзара әкімшілік көмек деп түсініледі.
2. Кеден органы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына кедендік бақылауды жүргізу туралы тапсырманы (бұдан әрі осы бапта - тапсырма) жіберуге құқылы.
3. Тапсырманы жіберу үшін:
1) тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органына ұсынған, мұндай тексерілетін тұлғамен тауарлармен жасалатын мәмілелер (операциялар) бойынша байланысты тұлғалардан ұсынылған мәліметтердің анықтығын тексеру қажеттілігі, егер мұндай тұлғалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған немесе тіркелген болса;
2) тауарларды шығару жүргізілген Қазақстан Республикасына қарағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағындағы тауарларға қатысты осы Кодекстің 395-бабының 2-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу қажеттілігі;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпараттың болуы негіз болып табылады.
4. Тапсырма хат түрінде ресімделеді, оған тапсырманы жіберетін кеден органының басшысы, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысының орынбасары немесе оларды алмастыратын адамдар қол қояды.
5. Тапсырмада:
1) тапсырманы жіберетін кеден органының және тапсырма жіберілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органының атауы;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 373-бабына сілтеме;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ережелері көрсетіле отырып, өздеріне байланысты тапсырма жіберіліп отырған мән-жайларды жазу;
4) осы баптың 3-тармағына сәйкес тапсырманы жіберу үшін негіздер;
5) кедендік бақылау нысандарына және (немесе) қолданылуы қажет кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларға, кедендік бақылауды жүргізу мақсаттарына, ал кедендік тексеруді жүргізу туралы тапсырма жіберілген кезде - оның осы Кодекстің 416-бабының 6-тармағына сәйкес нысанасына және оны жүргізу барысында қаралуы қажетті мәселелердің тізбесіне нұсқау;
6) кедендік бақылауды жүргізу талап етілетін тауарлар, тұлғалар, құжаттар және (немесе) мәліметтер туралы ақпарат және (немесе) олар туралы мәліметтер, сондай-ақ тапсырманы орындау үшін қажетті өзге де ақпарат қамтылуға тиіс.
6. Тапсырмаға өздеріне байланысты тапсырма жіберіліп отырған мән-жайларға қатысы бар материалдар, оның ішінде тапсырма мәтінінде сілтемелер бар құжаттардың және көрсетілген мән-жайларға қатысы бар өзге де құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.
7. Осы бапта көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тапсырма кеден органына келіп түскен күнінен бастап екі ай ішінде орындалуға жатады.
8. Тапсырманы орындау кезінде кеден органы:
1) тапсырманы жіберген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органынан оны орындау үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға;
2) тапсырмада көрсетілген кедендік бақылау нысандарына және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларға қосымша кедендік бақылауды өзге де нысандарда жүргізуге немесе кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін өзге де шараларды қолдануға;
3) егер тапсырмада көрсетілген кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды тапсырма жіберілген кеден органына байланысты емес себептер бойынша қолдану мүмкін болмаса, тапсырмада көрсетілгеннен басқа кедендік бақылаудың өзге де нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдануға;
4) осы Кодексте көзделген кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізу мерзімі шегінде тапсырманы орындау мерзімін тапсырмажіберген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына мұндай ұзартудың себептері туралы жазбаша хабардар ете отырып, ұзартуға құқылы.
9. Осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сұрау салуды жіберу кезінде тапсырманы орындау мерзімі сұрау салу жіберілген күннен бастап тоқтатыла тұрады және сұратылған ақпарат келіп түскен күннен бастап қайта басталады.
10. Тапсырманы орындау қорытындылары бойынша кеден органы кедендік бақылау нәтижелері бойынша ресімделген кедендік құжаттардың өзі куәландырған көшірмелерін және тапсырманы орындау барысында алынған өзге де құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін қоса бере отырып, жүргізілген кедендік бақылаудың нәтижелері туралы ақпаратты жібереді.
11. Кеден органы тапсырманы орындаудан мынадай жағдайларда:
1) тапсырма осы баптың 5-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сұратылған ақпарат сұрау салу жіберілген күннен бастап екі ай ішінде келіп түспесе;
3) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қайшы келсе;
4) тапсырма жіберілген кеден органына байланысты емес себептер бойынша тапсырманың орындалуы мүмкін болмаса, бас тартады.
12. Кеден органы тапсырма жіберген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органын тапсырманы орындаудан бас тарту себептері туралы хабардар етеді.
13. Осы бапқа сәйкес тапсырмаларды жіберуді және олардың орындалуын қамтамасыз етуді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Комиссия айқындайтын кеден органдары жүзеге асырады.
448-бап. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орындарына кіру
1. Кеден органдарының уәкілетті лауазымды адамдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің шектес аумақтарындағы құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орындарында, егер мұндай есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін кедендік бақылау шеңберінде осындай кеден органдары пайдаланса, аумағында осындай есепке алу аспаптары орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органдарының уәкілетті лауазымды адамдарымен бірлесе отырып, кедендік бақылауды жүргізу кезінде қатысуға құқылы.
2. Есепке алу аспаптарын орнату орындарына кіру тәртібін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара іс-қимыл тәртібін, кедендік бақылаудың қолданылатын нысандарын, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепке алу аспаптарын орнату орындарының тізбесін Комиссия айқындайды.
449-бап. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара іс-қимылы шеңберінде алынған ақпаратты пайдалану
1. Осы тарауға сәйкес кеден органы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органынан алған ақпаратты кеден органдары кеден органдарына жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру үшін ғана пайдаланады және ол осындай ақпаратты ұсынған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органының жазбаша келісімінсіз өзге тұлғаларға берілуге және өзге мақсаттарда пайдаланылуға жатпайды.
2. Кеден органдары осы тарауға сәйкес алынған ақпараттың құқыққа сыйымсыз таратылуынан қорғау жөніндегі қажетті шараларды қабылдайды және алынған ақпаратқа рұқсаты бар тұлғалар аясын шектеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның қорғалуын қамтамасыз етеді.
51-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫ ҚОЛДАНАТЫН ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ
450-бап. Жалпы ережелер
1. Осы тарауда айқындалған мақсаттарды іске асыру үшін кеден органдары жүргізетін іс-шаралар кешені тәуекелдерді басқару жүйесі деп түсініледі.
2. Осы тараудың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тәуекел - Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамау ықтималдығы;
2) тәуекел бейіні - тәуекел саласы, тәуекел индикаторлары және тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар туралы мәліметтердің жиынтығы;
3) тәуекел деңгейі - Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамауға байланысты оқиғалардың басталу жиілігінің және көрсетілген оқиғаның басталуынан болатын ықтимал салдардың (залалдың) арақатынасын сипаттайтын шама;
4) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар - осы Кодексте көзделген кедендік бақылау нысандары, кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген, тәуекелдерді бағалау негізінде қолданылатын өзге де шаралар;
5) тәуекелдерді басқару - Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамауға байланысты оқиғалардың басталуын және олардың басталуынан болатын ықтимал салдарды (залалды) барынша азайту жөніндегі кеден органдарының жүйеге келтірілген қызметі;
6) тәуекелді бағалау - тәуекелді сәйкестендіру, талдау және тәуекел деңгейін айқындау бойынша әрекеттер;
7) тәуекелді сәйкестендіру - тәуекелді анықтауға, тануға және сипаттауға бағытталған әрекеттер;
8) тәуекелді талдау - тәуекел саласын және индикаторларын айқындау үшін кеден органдарындағы ақпаратты пайдалану;
9) тәуекел индикаторы - кедендік бақылау объектісін таңдауға мүмкіндік беретін белгілердің белгісі немесе жиынтығы;
10) тәуекел саласы - тәуекелді және ол туындайтын жағдайларды сипаттау.
451-бап. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануы
1. Кеден органдары кедендік бақылау объектілерін және тәуекелдерді басқару жөніндегі шараларды таңдау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
Кеден органдары тауарлардың кедендік бақылауда болу кезеңінде және осы Кодекстің 393-бабының 8-тармағына белгіленген мерзімдерде кедендік бақылау жүргізу үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 393-бабының 9-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
2. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануының негізгі мақсаттары:
1) кедендік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету;
2) деңгейі жоғары тәуекел салаларына назарды шоғырландыру және кеден органдарының ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану қажеттілігі анықталмаған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді жеделдету және оңайлату үшін жағдайлар жасау болып табылады.
3. Кеден органдары өздеріне Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлерін жүргізу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануы мүмкін.
4. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану стратегиясы мен тактикасын, сондай-ақ оның жұмыс істеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
452-бап. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесін ұйымдастыруы
1. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесі:
1) кедендік бақылау объектілері, жасалған кедендік операциялар және тауарлар шығарылғанға дейін және шығарылғаннан кейін жүргізілген кедендік бақылау нәтижелері туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді;
2) тәуекелді бағалауды;
3) тәуекел индикаторының сипаттамасын;
4) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды және оларды қолдану тәртібін айқындауды;
5) тәуекелдер бейіндерін әзірлеуді және бекітуді;
6) кедендік бақылау объектілерін таңдауды;
7) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдануды;
8) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану нәтижелерін талдауды және бақылауды;
9) осы тармақта көрсетілген іс-шаралардың тиімділігін бағалауды қамтиды.
2. Тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды саралап қолдану мақсатында кеден органдары кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды тәуекелдің төмен, орта немесе жоғары деңгейі санаттарына жатқызу арқылы оларды санатқа бөлуді жүзеге асыруы мүмкін.
3. Тәуекелдерді басқару бойынша қызметті жүзеге асыру кезінде кеден органдары ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды артықшылықпен пайдаланады.
4. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесін іске асыруы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Тәуекелдер бейіндері мен индикаторларында қамтылған ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ мынадай:
1) Қазақстан Республикасыныңкеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тарту фактісі;
2) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешектің болуы индикаторларын қоспағанда, құпия болып табылады.
6. Комиссия кеден органдарына тәуекелдер бейінін бекіту және тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдануды ұсынатын тәуекелдер саласын айқындауға құқылы.
52-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫНЫҢ ТАУАРЛАРДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚҰЖАТТАРДЫ КІДІРТУІ
453-бап. Кеден органдарының тауарларды және оларға арналған құжаттарды кідіртуі және сақтауы
1. Әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар нысанасы болып табылмайтын не сондай нысанасы болып табылатын, бірақ қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарларды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алынбаған не тыйым салынбаған тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органдары осы Кодекстің 32-бабының 4 және 5-тармақтарында, 154-бабының 11-тармағында, 164-бабының 5-тармағында, 172-бабының 3-тармағында, 184-бабының 3-тармағында, 213-бабының 5-тармағында, 219-бабының 5-тармағында, 232-бабының 6-тармағында, 241-бабының 5 және 6-тармақтарында, 285-бабының 11-тармағында, 287-бабының 3 және 4-тармақтарында, 296-бабының 3-тармағында, 321-бабының 4-тармағында, 327-бабының 6-тармағында, 341-бабының 5-тармағында, 342-бабының 6-тармағында, 347-бабының 5 және 12-тармақтарында, 369-бабының 7-тармағында және 471-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларда кідіртеді.