4. Кедендік бақылауды кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында жүргізген кезде, кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді осы бапқа сәйкес сұрататын осы Кодекстің 411-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 410-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратады.
5. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну белгіленбесе, кеден органдары сұратқан құжаттардың түпнұсқалары немесе көшірмелері, оның ішінде электрондық құжаттардың қағаз көшірмелері ұсынылады.
Ұсынылған құжаттардың көшірмелерін оларды ұсынған тұлға куәландыруға тиіс.
Кеден органдары ұсынылған құжаттардың көшірмелерінің олардың түпнұсқаларымен сәйкестігіне тексеруге құқылы.
Егер ұсынылған құжаттар қазақ немесе орыс тілінен басқа өзге тілде жасалған жағдайда, оларды ұсынған тұлғалар кеден органы лауазымды адамының талап етуі бойынша көрсетілген құжаттардың аудармасын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Декларант, тасымалдаушы, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және өзге тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электрондық нысандарда ұсынуға міндетті.
7. Кеден органдары Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің өзге де ұйымдарынан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сұратуға және алуға құқылы.
8. Кедендік бақылауды жүргізу үшін кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алуға құқылы.
427-бап. Тауарларды, құжаттарды, көлік құралдарын, сондай-ақ үй-жайларды және басқа орындарды cәйкестендіру
1. Кедендік бақылаудағы тауарларды және оларға құжаттарды, көлік құралдарының жүкжайларын (бөлекжайларын), кедендік бақылауға жататын тауарлар орналасқан немесе орналасуы мүмкін үй-жайларды, ыдыстарды және өзге орындарды кеден органдары cәйкестендіру құралдарын қолдану арқылы, сондай-ақ тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу, тауарларды егжей-тегжейлі сипаттау, сызбаларды жасау, ауқымды бейнелерді, фотосуреттерді, безендіруді жасау, тауарға ілеспе құжаттаманы және өзге құжаттаманы пайдалану арқылы, сондай-ақ өзге де тәсілдермен cәйкестендіруі мүмкін.
2. Сәйкестендіру құралдарына пломбалар, мөрлер, цифрлық, әріптік және өзге де таңбалау, cәйкестендіру белгілері, мөртаңбалар, сейфті-пакеттер және тауарлардың cәйкестендірілуін қамтамасыз ететін өзге де құралдар жатады.
Кеден органдары пайдаланатын cәйкестендіру құралдарын қолдану тәртібін және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
3. Кеден органдары пайдаланатын cәйкестендіру тәсілдерін қолдану тәртібін, оның ішінде осы Кодекстің 247, 260, 272, 286 және 295-баптарында көзделген cәйкестендіру тәсілдерін қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің кеден органдары, сондай-ақ тауарларды жөнелтушілер немесе тасымалдаушылар қолданатын пломбаларды, мөрлерді немесе өзге де cәйкестендіру құралдарын сәйкестендіру құралдары ретінде тануы мүмкін.
Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің кеден органдары, тауарларды жөнелтушілер және (немесе) тасымалдаушылар қолданатын пломбаларды, мөрлерді немесе өзге де cәйкестендіру құралдарын тану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Тауарлардың жойылуының, қайтарымсыз жоғалуының немесе елеулі түрде бүлінуінің нақты қатері болған жағдайларды қоспағанда, cәйкестендіру құралдары кеден органдары арқылы немесе олардың рұқсатымен ғана өзгертілуі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы мүмкін. Көрсетілген жағдайларда кеден органына cәйкестендіру құралдарының өзгертілгені, алып тасталғаны, жойылғаны немесе ауыстырылғаны туралы дереу хабарланады және аталған қауіптің бар екендігіне дәлелдемелер ұсынылады.
Кеден органының cәйкестендіру құралдарын өзгертуі, алып тастауы, жоюы немесе ауыстыруы нысанын Комиссия айқындайтын cәйкестендіру құралдарын өзгерту, алып тастау, жою немесе ауыстыру туралы актіні жасау арқылы не кеден органына ұсынылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжаттарда cәйкестендіру құралдарының өзгеруі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы туралы белгілер қоюмен ресімделеді.
428-бап. Кеден органдарының кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, өзге де техникалық құралдарын, су және әуе кемелерін пайдалануы
1. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын (жабдық, аспаптар, өлшеу құралдары, құрылғылар және керек-жарақтар) және өзге де техникалық құралдарды пайдалануы мүмкін.
Кедендік бақылаудың техникалық құралдарының тізбесі мен оларды қолдану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
2. Кедендік бақылаудың техникалық құралдары адамның, өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге қауіпсіз болуға тиіс және адамдарға, тауарларға және көлік құралдарына зиян келтірмеуге тиіс.
3. Комиссия кеден органдары пайдаланатын кедендік бақылаудың жекелеген техникалық құралдарына қойылатын үлгілік техникалық талаптар бойынша ұсынымдарды қабылдауға құқылы.
4. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органдары жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге түрлерін жүргізу кезінде пайдалануы мүмкін.
5. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік бақылау кеден органдарының су және әуе кемелері пайдаланыла отырып жүргізілуі мүмкін.
Кедендік бақылауды жүргізу мақсатында кеден органдарының су және әуе кемелерін пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
429-бап. Кедендік алып жүру
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдануын қамтамасыз ету мақсатында кедендік алып жүруді қолданады.
2. Кедендік алып жүру кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын немесе кедендік бақылаудағы көлік құралдарын алып жүруді білдіреді.
3. Кедендік алып жүруді кеден органдарының лауазымды адамдары жүзеге асырады.
4. Кеден органдары кедендік алып жүруді:
1) кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарлар мынадай жағдайларда:
осы Кодекстің 226-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылмаған не мұндай міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекстің 226-бабына сәйкес айқындалған мөлшерден кем мөлшерде ұсынылған;
тасымалдаушы, егер әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген қаулылардың кемінде біреуі орындалмаса, көрсетілген қаулыларда белгілі болған, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде міндеттерді бірнеше рет орындамаған;
тасымалдаушы осы Кодекстің 233-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті белгіленген мерзімде орындамаған;
Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарды және актілерді және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтамау белгілері анықталған кездегі өзге де жағдайларда тасымалданған кезде;
2) осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудағы шетелдік тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмай тасымалдануы мүмкін болғанда осындай тауарларды тасымалдау кезінде қолдануға құқылы.
5. Егер бірінші немесе үшінші үлгідегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператор кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болса, осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасы бесінші абзацының ережелері қолданылмайды.
6. Кеден органы кедендік алып жүруді қолдану туралы шешім қабылдаған жағдайда, кеден органы тасымалдаушыға мұндай шешімнің қабылданғаны туралы хабарлайды және мұндай шешім қабылданған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей кедендік алып жүруді ұйымдастырады.
7. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ғана көлік құралдарын кедендік алып жүру кезінде кедендік алып жүруді ұйымдастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
8. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екі және одан көп мемлекеттің аумақтары арқылы көлік құралдарын кедендік алып жүру кезінде кедендік алып жүруді ұйымдастыру тәртібі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
9. Осы баптың 4-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацын қолданудың мақсаты үшін кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезіндегі тасымалдаушының міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту және оларды орындау жөнінде заңды күшіне енген қаулылартуралы ақпарат алмасу Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
430-бап. Тауарларды тасымалдау маршруты
1. Тауарларды тасымалдау маршрутын кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауға бақылауды қамтамасыз ету мақсатында белгілейді.
2. Тауарларды тасымалдау маршруты кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты не осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудағы тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмай тасымалдануы мүмкін болатын осындай тауарларға қатысты белгіленеді.
3. Тауарларды тасымалдау маршруты шетелдік тауарларды Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына кірмей, Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің теңіз порттары арасында су кемелерімен, оның ішінде аралас жүзу (өзен-теңіз) кемелерімен тасымалдауды қоспағанда, тауарларды автомобиль және су көлігімен тасымалдау кезінде белгіленеді.
4. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын жөнелтуші кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда көрсетілген мәліметтерді негізге ала отырып белгілейді.
5. Тасымалдаушының кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын өзгертуіне жөнелтуші кеден органының не оның жүру жолындағы кез келген кеден органының рұқсатымен жол беріледі, ол тасымалдаушының назарына электрондық немесе жазбаша нысанда жеткізіледі.
6. Тауарларды тасымалдау маршруты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты белгіленген жағдайда, кеден органдары көлік құралдарының орын ауыстыруына және тауарларды тасымалдаудың белгіленген маршрутын сақтауға қашықтықтан бақылауды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді және кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдалануы мүмкін.
7. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын белгілеуге, өзгертуге және сақтауға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
Кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты тасымалдау маршрутын белгілеуге және сақтауға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін осы Кодекске сәйкес осындай тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмай Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдануы мүмкін болғанда, уәкілетті орган айқындайды.
431-бап. Кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алу
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуды жүргізеді.
Кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуға ақпараттық жүйелер мен ақпараттық коммуникациялық технологиялар пайдаланыла отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жол беріледі.
2. Кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуды жүргізу тәртібі мен нысанын уәкілетті орган бекітеді.
432-бап. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде маманның қатысуы
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары кеден органдарына жәрдем көрсету үшін, қажет болған жағдайда жекелеген әрекеттерді жасау үшін мұндай әрекеттердің нәтижесіне мүдделі емес, оның ішінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану кезінде қажет болатын арнайы білімдері мен дағдылары бар маманды тартуы мүмкін.
2. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде маман ретінде тұлғаны тарту шарттық негізде жүзеге асырылады.
3. Маманның:
1) өзі қатысатын әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты материалдармен танысуға;
2) өзі қатысқан әрекеттерді жасаудың нәтижелері бойынша ресімделетін құжаттармен танысуға және өзі жасаған әрекеттер бойынша мұндай құжаттарға енгізілуге жататын өтініштер немесе ескертулер жасауға құқығы бар.
4. Маман:
1) арнайы білімдер мен дағдыларды талап ететін әрекеттер жасауға қатысуға не осындай әрекеттерді жасауға, өзі жасап жатқан әрекеттер бойынша түсінік беруге;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген әрекеттерді жасау фактісін, олардың мазмұны мен нәтижелерін өз қолымен куәландыруға міндетті.
5. Маман Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын ақпаратты, сондай-ақ басқа да құпия ақпаратты жария етпеуге, өзге де мақсаттарда пайдаланбауға, үшінші тұлғаларға бермеуге тиіс.
6. Егер кедендік бақылауды жүргізу барысында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталса, кеден органдарының маманды тартуға байланысты туындаған шығыстары қызметіне және (немесе) тауарларына қатысты кедендік бақылау жүргізілетін тұлғаның қаражаты есебінен өтеледі. Өзге жағдайларда мұндай көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
433-бап. Кедендік бақылауды жүргізуге жәрдем көрсету үшін Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан мамандар мен сарапшыларды тарту
1. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізуге жәрдем көрсету үшін Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан мамандар мен сарапшыларды тартуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан тартылатын мамандар мен сарапшылар мемлекеттік, коммерциялық, салықтық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметке қатысушыларға қатысты құпия ақпаратты жария етпеуге тиіс.
3. Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан мамандар мен сарапшыларды тартуға байланысты шығыстар, егер кеден органдарының тапсырмасы бойынша олар орындаған жұмыс олардың қызметтік міндеттерінің аясына кірмесе, осы Кодекстің 432-бабының 6-тармағында айқындалатын тәртіппен өтеледі.
434-бап. Кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялар
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органының талап етуі бойынша декларант, уақытша сақтау қоймасының немесе кеден қоймасының иесі, кеден өкілі және (немесе) тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға кедендік бақылауға жататын тауарларды тасымалдауды (тасуды), өлшеуді жүргізуге немесе өзге тәсілмен тауарлардың санын анықтауды қамтамасыз етуге, тиеуді, түсіруді, қайта тиеуді, олардың зақымданған қаптамасын жөндеуді, қаптамасын ашуды, орауды не қайта орауды, сондай-ақ осындай тауарлар орналасқан (орналасуы мүмкін) үй-жайларды, ыдыстарды және өзге де орындарды ашуды жүргізуге міндетті.
2. Тасымалдаушы өзі тасымалдайтын (таситын) тауарларға және осындай тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялардың жасалуына ықпал етуге міндетті.
3. Тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялар кеден органы үшін қандай да бір шығыстарға алып келмеуге тиіс.
435-бап. Кедендік байқау
Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарларға, оның ішінде кедендік бақылау объектілері болып табылатын көлік құралдарына және оларға қатысты жүк және өзге де операциялардың жасалуына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін және халықаралық әуежайдың кедендік бақылау аймағында немесе транзиттік аймағында болатын жеке тұлғаларға тікелей немесе жанама түрде, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып байқауды жүзеге асыруға құқылы.
436-бап. Тауарларды есепке алу жүйесінің болуын және тауарлардың есепке алынуын жүргізуді тексеру
1. Кеден органдары осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында:
1) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар тізіліміне енгізілуге үміткер тұлғаларда және осындай тізілімдерге енгізілген тұлғаларда тауарларды есепке алудың белгіленген талаптарға сәйкес келетін жүйесінің болуын;
2) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың, уәкілетті экономикалық операторлардың және тауарлардың есепке алынуын жүргізуді көздейтін кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарларды иеленетін және (немесе) пайдаланатын тұлғалардың тауарларды есепке алуды жүргізуін тексереді.
2. Тауарларды есепке алудың белгіленген талаптарға сәйкес келетін жүйесінің болуын тексеру және тауарларды есепке алуды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
437-бап. Электрондық кедендік алып жүру
Спутниктік навигацияның техникалық құралдарын қолдана отырып, жанама түрде көзге көрінетіндей алып жүруді пайдалану арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсімінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын, тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдайтын көлік құралдарын алып жүру электрондық кедендік алып жүру болып табылады.
Электрондық кедендік алып жүру тәуекелдерді басқару жүйесінде айқындалатын жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Электрондық кедендік алып жүру:
1) Қазақстан Республикасының аумағына келу орнындағы кеден органынан Қазақстан Республикасының аумағынан кету орнындағы кеден органына дейін;
2) Қазақстан Республикасының аумағына келу орнындағы кеден органынан Қазақстан Республикасының аумағындағы ішкі кеден органына дейін;
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы ішкі кеден органынан Қазақстан Республикасының аумағынан кету орнындағы кеден органына дейін;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы бір ішкі кеден органынан екінші кеден органына дейін кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес өткізілетін шетелдік тауарларға қатысты қолданылады.
3. Электрондық кедендік алып жүру байланыс арналары бойынша дабыл беру арқылы көлік құралының орналасқан жерін айқындауға мүмкіндік беретін спутниктік навигация жүйесінің техникалық жабдығы орнатылған көлік құралын өткізуді бақылау жолымен жүзеге асырылады.
4. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы осы Кодекстің 233-бабына сәйкес айқындалады.
5. Кеден органы электрондық кедендік алып жүруді қолдану туралы шешімді қабылдаған жағдайда, кеден органы тасымалдаушыға мұндай шешімнің қабылданғаны туралы хабарлайды және электрондық кедендік алып жүруді мұндай шешім қабылданған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей қолданады.
6. Көлік құралдарын электрондық кедендік алып жүруді қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
49-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫ ПАЙДАЛАНАТЫН АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР МЕН АҚПАРАТТЫҚ- КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
438-бап. Кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
1. Кедендік операциялар кеден органдарының, декларанттардың және өзге де мүдделі тұлғалардың ақпараттық жүйелері мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялары, сондай-ақ ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелері пайдаланыла отырып жасалуы мүмкін.
2. Кедендік операцияларды жасау кезінде пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу, жасау және дамыту, енгізу, пайдалану, қолдап отыру, жаңғырту Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органдары әзірлейтін, шығаратын және (немесе) сатып алатын ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданады.
4. Кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде қамтылған ақпаратқа тұлғалардың қол жеткізу, оны алу және пайдалану тәртібін, сондай-ақ мұндай ақпараттың құрамын және оны беру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
439-бап. Декларанттардың және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың меншігіндегі бағдарламалық өнімдер
Осы Кодексте көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін декларанттар немесе кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар пайдаланатын бағдарламалық өнімдер сәйкес келуге тиіс талаптарды уәкілетті орган белгілейді. Көрсетілген талаптар уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
440-бап. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары
1. Кеден органдарының ақпараттық ресурстарын қалыптастыру мақсатында кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар және оларды өткізетін тұлғалар туралы мәліметтерді жинауды және өңдеуді жүргізеді.
2. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары кедендік операцияларды жасау кезінде ұсынылатын құжаттар мен мәліметтер базасында қалыптастырылады және оларға қолжетімділік шектеулі болады.
Кеден органдарының ақпараттық ресурстарын қалыптастыру және оларға қол жеткізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы туралы ақпаратты қамтитын кеден органдарының ақпараттық ресурстары ашық және жалпыға қолжетімді болып табылады.
Кеден органдарының жалпыға қолжетімді ақпараттық ресурстары уәкілетті органның интернет-ресурсында және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастырылады.
4. Қолжетімділігі шектеулі және кеден органдарының иелігіндегі, кеден органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған ақпаратты тұлғалардың алу және пайдалану тәртібін, сондай-ақ мұндай ақпараттың құрамы мен оны беру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
441-бап. Ақпаратты және ақпараттық процестерге және ақпараттандыруға қатысатын тұлғалардың құқықтарын қорғау
1. Ақпаратты қорғау, кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердегі ақпаратты қорғау құралдарын қолдану және кеден органдары пайдаланатын ақпараттық ресурстардағы және ақпараттық жүйелердегі ақпаратты қорғау деңгейін бағалау Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекске сәйкес кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелерге ақпарат ұсынатын тұлғалардың құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
50-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСҚА МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ КЕДЕН ОРГАНДАРЫМЕН ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРМЕН АҚПАРАТТЫҚ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
442-бап. Кеден органдарының Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің кеден органдарымен өзара іс-қимылы
1. Кеден органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру мақсатында осы Кодекске, Одақ туралы шартқа, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басқа кеден органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен, өзге де органдарымен және ұйымдарымен және Комиссиямен өзара іс-қимыл жасайды.