2. Зиянды өтеудiң мөлшерiн анықтаған кезде адамдарға асыраушының қайтыс болуына байланысты тағайындалған жәрдемақылар, асыраушы қайтыс болғанға дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ табыс, стипендия, зейнетақы төлемдерi ескерiлмейдi.
3. Асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың әрқайсысына белгiленген өтемнiң мөлшерi, баланың асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туылуы; қайтыс болған асыраушының балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға өтемнiң тағайындалуы (тоқтатылуы) жағдайларын қоспағанда бұдан әрi қайта есептеуге жатпайды.
Өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiсiмен немесе шартпен көбейiтiлуi мүмкiн.
942-бап. Зиянды өтеу мөлшерiн өзгерту
1. Еңбек қабiлетiн iшiнара жоғалтқан жәбiрленушi, егер оның еңбек қабiлетi оған өтем тағайындалған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда денсаулығына зақым келтiрiлуiне байланысты төмендеп кетсе, зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамнан өтем мөлшерiн тиiсiнше көбейтудi кез келген уақытта талап етуге құқылы.
2. Жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына байланысты зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамдар, егер жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетi зиян үшiн өтем тағайындаған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда артып кетсе, өтем мөлшерiн тиiсiнше төмендетудi талап етуге құқылы.
3. Егер зиянды өтеу мiндетi жүктелген азаматтың мүлiктiк жағдайы жақсарса, ал өтемнiң мөлшерi осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағына сәйкес төмендесе, жәбiрленуші зиянды өтеу мөлшерiн көбейтудi талап етуге құқылы.
4. Зиян келтiрiлген азаматтың талабы бойынша, егер зиянды өтеушiнiң мүлiктiк жағдайы зиянды өтеу тағайындалған кездегiмен салыстырғанда мүгедектiгіне не зейнет жасына толуына байланысты нашарласа, сот зиянды өтеу мөлшерiн төмендетуi мүмкiн (осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағы).
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен 943-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 943-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
943-бап. Күнкөрiс құнының артуына байланысты зиянды өтеуді ұлғайту
Азаматтарға денсаулығының зақымдануына немесе жәбiрленушiнің қайтыс болуына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 944-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
944-бап. Зиянды өтеу жөніндегі төлемдер
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
Жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жоғалтылған табысы бөлігінде зиянды өтеу еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ оның Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
Бұл ретте, жоғалтылған табыс (кіріс) бөлігінде зиянды өтеу сомасынан «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерде және тәртіппен міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.
Дәлелдi себептер болған кезде сот зиян келтiрушiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, өтеттіруге құқығы бар азаматтың талап етуі бойынша оған тиесiлi төлемдердi бiржолғы, бiрақ үш жылдан аспайтындай етіп тағайындауы мүмкiн.
2. Қосымша шығындарды өндiрiп алу медициналық сараптама қорытындысының негiзiнде белгiленген мерзiмдердiң шегiнде алдағы уақытқа, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүлiктiң құнына алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда (жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлiк құралдарына ақы төлеу және т.б.) жүргiзiлуi мүмкін.
3. Жәбiрленушi заң актілеріне сәйкес мiндеттеменi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқығы болған жағдайларда, мұндай талап тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру жолымен қанағаттандырылады.
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 945-бап өзгертілді
945-бап. Заңды тұлға тоқтатылған ретте зиянды өтеу
1. Өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда тиiстi төлемдердi төлеу жөніндегі мiндетiн оның құқықтық мирасқоры алады. Оған зиянды өтеу жөнiнде талаптар қойылады.
2. Өмір мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгіленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда тиiстi төлемдер заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген ережелер бойынша оларды жәбiрленушiге төлеу үшiн капиталдандырылуы тиіс.
3. Таратылатын заңды тұлғада мүлiктiң болмауы немесе жеткiлiксiз болуы себептi төлемдердi капиталдандыруды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайларда тағайындалған сомаларды жәбiрленушiге заң актілерінде белгiленген тәртiппен мемлекет төлейдi.
4. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың өтеуі жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек жүзеге асырылады, олардың мөлшерлері инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
946-бап. Жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу
Жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты зиян үшiн жауапты адамдар жерлеуге қажеттi шығындарды осы шығындарды көтерген адамға өтеуге мiндеттi.
Осы шығындарды көтерген азаматтардың жерлеуге арнап алған жәрдемақысы зиянды өтеу есебiне қосылмайды.
3. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу
947-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу негiздерi
Тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) конструкциялық, рецептуралық немесе өзгедей жеткiлiксiздiгi салдарынан, сондай-ақ тауар (жұмыс, қызмет көрсету) туралы анық емес немесе жеткiлiксiз ақпараттың салдарынан азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне не заңды тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиян, олардың кiнәсiне және жәбiрленушiнiң олармен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, сатушының немесе дайындаушының (орындаушының) өтеуiне жатады. Осы ереже тек тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) тұтынушылық мақсаттарда сатып алған жағдайларда ғана қолданылады.
948-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты тұлғалар
1. Тауардың кемшiлiгi салдарынан келтірілген зиянды жәбiрленушiнiң таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиiс.
2. Жұмыстың немесе қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды орындаушы өтеуге тиiс.
3. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) қасиеттерi мен оларды пайдалану ережелерi туралы толық немесе анық ақпарат бермеудiң салдарынан келтiрiлген зиян осы баптың 1, 2-тармақтарының ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
949-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу мерзiмдерi
1. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) кемшiлiгiнен туындаған зиян, егер ол тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) жарамдылығының (қызметтiң) белгiленген мерзiмдерi iшiнде келтiрiлсе өтелуге, ал жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе - тауарды (жұмыс, қызмет көрсету) өндiрiлген күннен бастап он жыл iшiнде өтелуге тиiс.
2. Зиян:
1) егер заң актілерінiң талаптары бұзыла отырып жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе;
2) егер сатып алушы (тұтынушы) жарамдылық (қызмет) мерзiмi өткеннен кейiн қажеттi iс-әрекеттер туралы және аталған iс- әрекеттердi орындамаған жағдайда мүмкiн болатын зардаптар туралы ескертiлмесе, осы баптың 1-тармағында аталған мерзiмдер шегiнен тыс өтелуге тиiс.
950-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетiлердiң кемшiлiктерi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босату негiздерi
Тауар сатушы немесе дайындаушы, жұмысты немесе қызмет көрсетудi орындаушы, егер зиян дүлей күштiң немесе тұтынушының тауарды (жұмыстың, қызмет көрсетудiң нәтижелерiн) пайдалану немесе оларды сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан пайда болғанын дәлелдеген жағдайларда ғана жауапкершiлiктен босатылады.
4. Моральдық зиянды өтеу
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 951-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
951-бап. Моральдық зиянды өтеу
1. Моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, соның iшiнде жәбiрленушiнiң өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
2. Моральдық зиянды осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.
3. Зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян мына жағдайларда, егер:
1) зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе;
3) зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер тарату арқылы келтiрiлсе;
4) заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда өтеледi.
4. Заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
952-бап. Моральдық зиянды өтеу мөлшерi
1. Моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi.
2. Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбiрленушiнiң iзгiлiк қасиетiне келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективтi түрде бағалау да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тимеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы; құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы (жақын туыстарын өлтiру, мүгедектiкке әкеп соққан дене жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыстан немесе тұрғын үйден айыру және т.б.); ұятқа қалдыратын жалған мәлiметтер тарату сипаты мен аясы; жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары (қызмет, отбасы, тұрмыс, материалдық, денсаулық жағдайы, жасы және басқалары), өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.
3. Моральдық зиян өтелуге тиiс мүлiктiк зиянға қарамастан өтеледi.
48-тарау. Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер
953-бап. Негiзсiз байлықты қайтару мiндетi
1. Заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның (жәбiрленушiнiң) есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.
2. Егер мүлiк иеленiп алынған немесе жинақталған негiз кейіннен жоққа шыққанда да, осы баптың 1-тармағында белгiленген мiндет туындайды.
3. Осы тараудың ережелерi негiзсiз баю мүлiктi иеленушiнiң, жәбiрленушiнiң өзiнiң немесе үшiншi тұлғалардың пиғылының нәтижесi не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады.
954-бап. Негiзсiз байлықты қайтару туралы талаптардың азаматтық құқықтарды қорғау туралы басқа талаптармен арақатынасы
Осы Кодексте, басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбесе және тиiстi қарым-қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелерi:
1) жарамсыз мәмiле бойынша орындалғандарды қайтару туралы;
2) меншiк иесiнiң мүлiктi бөгде бiреудiң заңсыз иеленуiнен сұратып алуы туралы;
3) мiндеттемедегi бiр тараптың екiншiсiне осы мiндеттемеге байланысты орындалғандарды қайтару туралы;
4) зиянды, оның iшінде байыған тұлғаның терiс пиғылынан келтiрiлген өтем туралы талаптарға да қолданылуға тиiс.
955-бап. Негiзсiз байлықты заттай қайтару
1. Мүлiктi иеленушiнiң негiзсiз байлығын құрайтын мүлiк жәбiрленушiге заттай қайтарылуға тиiс.
2. Мүлiктi иеленушi баюының негiзсiздiгi туралы ол бiлгеннен немесе бiлуге тиiстi болғаннан кейiн болған, оның iшiнде негiзсiз иеленiлген немесе жинақталған қандай болса да мүлiктiң кездейсоқ кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жәбiрленушiнiң алдында жауап бередi. Бұған дейiн ал тек жасырын ниетi мен өрескел абайсыздығы үшiн ғана жауап бередi.
956-бап. Негізсіз байлықтың құнын өтеу
1. Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда мүлікті иеленуші жәбiрленушiге осы мүлiктiң оны алған кездегi нақты құнын өтеуi, сондай-ақ егер мүлiктi иеленушi оның құнын баюдың негiзсiздiгi туралы бiлгеннен кейiн дереу өтемесе, мүлiк құнының кейiнгi өзгеруi арқылы келтiрiлген шығындарды өтеуге тиiс.
2. Басқаның мүлкiн не басқаның қызмет көрсетулерiн негiзсiз уақытша пайдаланған (оны иелену ниетiнсiз) адам жәбiрленушiге пайдалану тоқтатылған кездегi және оның болған жеріндегі бағамен осындай пайдалану салдарынан жинақтағанын өтеуге тиiс.
957-бап. Құқықты басқа тұлғаға негiзсiз берудiң зардабы
Талаптарын беру арқылы немесе өзiне өзге де түрде тиесiлi құқығын жоқ немесе жарамсыз мiндеттеме негiзiнде басқа тұлғаға берген тұлға өзiнiң бұрынғы жағдайын қалпына келтiрудi, оның iшiнде берiлген құқықты куәландыратын құжаттардың өзiне қайтарылуын талап етуге құқылы.
958-бап. Жәбiрленушiге алынбаған табыстарды өтеу
1. Мүлiктi негiзсiз алған немесе жинақтаған тұлға мұндай баюдың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап осы мүлiктен өзi алған немесе алуға тиiстi болған барлық кiрiстердi жәбiрленушiге қайтаруға немесе өтеуге мiндеттi.
2. Негiзсiз ақшалай баюдың сомасына ақшаны иемденушiге ақша алудың немесе жинақтаудың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап бөгде ақшаны пайдаланғаны үшiн тұрақсыздық айыбы есептелуге тиіс.
959-бап. Қайтарылуға жататын мүлікке шыққан шығындарды өтеу
Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi қайтарған (осы Кодекстiң 955-бабы) немесе оның құнын өтеген кезде (осы Кодекстiң 956-бабы) мүлiктi иемденушi өзi алған пайданы есептей отырып, кiрiстi қайтаруға өзi мiндеттi болған (осы Кодекстiң 958-бабы) уақыттан бастап мүлiктi ұстауға және сақтауға қажеттi шығындарды өтеудi жәбiрленушiден талап етуге құқылы. Шығындарды өтеу құқығы мүлiктi иемденушi қайтарылуға жататын мүлікті қасақана ұстаған жағдайларда жойылады.
960-бап. Қайтарылуға жатпайтын негiзсiз байлық
Негiзсiз байлық ретiнде:
1) егер мiндеттемеде өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындау үшiн оны орындау мерзiмi басталғанға дейiн берiлген мүлiк;
2) талап ету мерзiмi өткеннен кейiн мiндеттеменi орындау үшiн берiлген мүлiк;
3) азаматқа оның тарапынан терiс пиғыл болмаған жағдайда күнкөрiске арналған қаражат ретiнде (жалақы, авторлық сыйақы, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу, зейнетақы, алименттер және т.б.) берілген және иемденушi пайдаланған ақша сомасы және өзге де мүлiк;
4) егер иемденушi мүлiктiң қайтарылуын талап еткен тұлғаның мiндеттеменiң жоқтығы туралы бiлгендiгiн не мүлiктi қайырымдылық мақсатында бергенiн дәлелдесе, болмаған мiндеттеменi атқару үшiн берiлген ақша сомасы мен өзге мүлiк қайтарылуға жатпайды.
5 бөлiм Интеллектуалдық меншік құқығы
49-тарау. Жалпы ережелер
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 961-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
961-бап. Интеллектуалдық меншiк құқығының объектiлерi
1. Интеллектуалдық меншiк құқығының объектiлерiне:
1) интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерi;
2) азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдары жатады.
2. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiне:
1) ғылым, әдебиет және өнер туындылары;
2) эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары;
3) өнертабыс, пайдалы үлгiлер, өндiрiстiк үлгiлер;
4) селекциялық жетiстiктер;
5) интегралдық микросызба топологиялары;
6) ашылмаған ақпарат, оның iшiнде өндiрiс құпиялары (ноу-хау);
7) осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде көзделген реттерде интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң басқа да нәтижелерi жатады.
3. Азаматтық айналымға қатысушыларды,тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына:
1) фирмалық атаулар;
2) тауарлық белгiлер (қызмет көрсету белгiлерi);
3) тауарлар шығарылатын жерлердің атаулары (шығатын жерін көрсету);
4) осы Кодексте және заң актілерінде көзделген реттерде азаматтық айналымға қатысушылардың, тауарлар мен қызмет көрсетулердiң басқа да дараландыру құралдары жатады.
962-бап. Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне құқықтың пайда болу негiздерi
Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне құқық оларды құру фактiсiнiң күшiмен не осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша уәкiлеттi мемлекеттік органның құқықтық қорғауды беруi нәтижесiнен туындайды.
963-бап. Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар
1. Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелерінің авторлары осы нәтижелерге қатысты жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарға ие болады.
Жеке мүлiктiк емес құқықтар, оның мүлiктiк құқығына қарамастан, авторға тиесiлi болады және оның мүлiктiк құқығы басқа тұлғаның интеллектуалдық шығармашылық қызметiнiң нәтижелерiне ауысқан жағдайда өзiнде сақталып қалады.
2. Азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына (бұдан әрi - дараландыру құралдары) арналған құқық iргелерi осы құралдарға қатысты мүлiктiк құқықтарға ие болады.
3. Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижесiнiң авторы болып танылу құқығы (авторлық құқық) жеке мүлiктiк емес құқық болып табылады және оған шығармашылық еңбегiмен интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiн жасаған адам ғана ие бола алады.
Авторлық құқықты иелiктен айыруға және басқа адамға беруге болмайды. Егер нәтиже екi немесе одан да көп адамның бiрлескен авторлығымен жасалса, олар тең авторлар болып танылады.
Тұтастай алғанда туындының тең авторлары болып танылатын адамдар тобы интеллектуалдық меншiктiң жекелеген объектiлерiне қатысты заң актілерімен шектелуi мүмкiн.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 964-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
964-бап. Интеллектуалдық меншiк объектiлерiне айрықша құқықтар
1. Интеллектуалдық шығармашылық меншiк объектiсiн оның иесiнiң өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк құқығы интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiне немесе дараландыру құралына айрықша құқық болып танылады.
Айрықша құқықтар объектiсiн басқа тұлғалардың пайдалануына құқық иеленушінің келісімімен не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жол берiледi.
2. Интеллектуалдық меншiк объектiсiне айрықша құқықты иеленуші, егер ол осы Кодекстің және өзге де заң актілерінің ережелеріне қайшы келмесе, осы құқықты басқа адамға толық немесе iшiнара беруге, интеллектуалдық меншiк объектiсiн пайдалануға рұқсат етуге және оны өзгедей түрде пайдалануға құқылы.
3. Айрықша құқықтарды шектеуге, осы құқықтарды жарамсыз деп тануға және оларды тоқтатуға (жоюға) осы Кодексте және өзге де заң актілерінде белгiленген жағдайларда, шектер мен тәртiп бойынша жол берiледi.
965-бап. Айрықша құқықтардың басқа адамға ауысуы
1. Егер осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде өзгеше көзделмесе, интеллектуалдық меншiк объектісіне айрықша құқықтарды олардың құқық иелерi шарт бойынша толық немесе iшiнара басқа адамға беруi мүмкiн, сондай-ақ мұрагерлiк бойынша әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен және заңды тұлғаның - құқық иесiнiң қайта ұйымдастырылуы нәтижесiнде ауысады.
Айрықша құқықтардың берiлуi авторлық құқық пен өзге мүлiктiк емес құқықтардың жүйеге асуын шектемеуге тиiс. Мұндай құқықтарды беру немесе шектеу туралы шарттың талаптары жарамсыз болады.
2. Басқа адамға оның қолданылуы кезеңiнде шектеулi уақытқа айрықша құқық беруді көздейтін шартқа лицензиялық шарт туралы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 966-бабы).
966-бап. Лицензиялық шарт
1. Лицензиялық шарт бойынша интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiне немесе дараландыру құралына айрықша құқықты иеленушi тарап (лицензиар) екiншi тарапқа (лицензиатқа) интеллектуалдық меншiктiң тиiстi объектiсiн белгiлi бiр әдiспен уақытша пайдалану құқығын бередi.
Лицензиялық шарт ақылы болып саналады.
2. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
1) интеллектуалдық меншiк объектiсiн лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгi мен лицензияны басқа адамға беру құқығын сақтай отырып пайдалану құқығын (жай, ерекше емес лицензия);
2) интеллектуалдық меншiк объектiсiн лицензиардың оны пайдалану мүмкіндігін сақтай отырып, бірақ лицензияны басқа адамдарға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (айрықша лицензия);
3) интеллектуалдық меншік объектісін пайдаланудың заң актілеріне қайшы келмейтiн басқа да жағдайларын беру көзделуi мүмкін.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензия жай (ерекше емес) деп ұйғарылады.
3. Лицензиаттың интеллектуалдық меншiк объектiсiн пайдалану құқығын басқа адамға беруi туралы шарт қосалқы лицензиялық шарт болып танылады. Лицензиат қосалқы лицензиялық шартты тек лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасауға құқылы.
Лицензиардың алдында қосалқы лицензиаттың iс-әрекетi үшiн, егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат жауапты болады.
967-бап. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiн жасау және пайдалану туралы шарт
1. Автор шарт бойынша туындыны, өнертабысты немесе интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң өзге де нәтижесiн жасау және өзінің жұмыс берушісі болып табылмайтын тапсырысшыға оны пайдаланудың айрықша құқығын беруге өзiне мiндеттеме алуы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шарт интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң жасалуға тиiстi нәтижесiнiң сипатын, сондай ақ оның пайдаланудың мақсаттарын не әдістерін белгілеуге тиiс.
3. Шарттың белгiлi бiр түрдегi не белгiлi бiр саладағы интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижелерiн жасауға автордың құқығын шектейтiн талаптары жарамсыз болады.
968-бап. Айрықша құқық және меншiк құқығы
Интеллектуалдық шығармашылық қызметтiң нәтижесiне немесе дараландыру құралына, мұндай нәтиже немесе дараландыру құралы көрсетiлген материалдық объектiге меншiк құқығына қарамастан, айрықша құқық қолданылады.
969-бап. Айрықша құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Интеллектуалдық меншiк объектiсiне айрықша құқық осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде көзделген мерзiм iшiнде қолданылады.
Заң актілерінде мұндай мерзiмдi ұзартудың мүмкiндiгi көзделуі мүмкін.
2. Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелеріне жеке мүліктік емес құқық мерзімсіз қолданылады.
3. Заң актілерінде көзделген жағдайларда айрықша құқықтың қолданылуы оны белгiлi бiр уақыт iшiнде қолданбаудың салдарынан тоқтатылуы мүмкiн.
970-бап. Айрықша құқықтарды қорғау әдiстерi
1. Айрықша құқықтарды қорғау осы Кодекстiң 9-бабында көзделген әдiстермен жүзеге асырылады. Айрықша құқықтарды қорғау: