11) 2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері мынадай жағдайларда:
1) экологиялық сараптама объектісі бұрын жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптама ескертпелері бойынша жетілдірілген;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда;
3) сот шешімінің негізінде, қайтадан мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған мемлекеттік экологиялық сараптама объектiлерi осы Кодекстiң 40-бабында келтiрiлген объектiлердiң сыныпталуына сәйкес I, II, III, IV санаттарға бөлiнедi.
Орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін, іске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсерлерге әкеп соғуы мүмкiн Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары I санатқа жатады.
Жергілікті мемлекеттік басқару органдары әзірлейтін Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары II санатқа жатады.
Осы баптың 1-тармағының 5) - 11) тармақшаларында аталған мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері I санатқа жатады.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған және осы Кодекстiң 40-бабында келтірілген объектілердің сыныпталуына сәйкес сыныпталмайтын, қоршаған ортаға әсер етуші межеленіп отырған қызметтің жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы II санатқа жатады.
48-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы І санат объектілеріне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, ІІ, ІІІ және ІV санат объектілеріне - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын I санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жаңа ғимараттар мен құрылыстарды салуға немесе бұрыннан барларын реконструкциялауға (кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға) және күрделі жөндеуге арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамасы) бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманы Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Көрсетілген құрылыс жобаларын қабылдау тәртібін, олардың толымдылығын, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптаманы қаржыландыру тәртібін қоса алғанда, ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен қамтамасыз етіледі.
49-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу тәртібi
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптамаға құжаттаманы қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда:
1) белгіленіп отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің тапсырыс берушісі (инвестор);
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң және жоспарлардың жобаларын әзiрлеудi жүргiзетiн мемлекеттiк органның басшысы ұсынады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізудің тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Жаңа объектілерді салуға немесе бұрыннан барларын реконструкциялауға (кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға) және күрделі жөндеуге арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама барысында жүзеге асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптама Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу мерзімдері
1. Мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу мерзімі, объектілер құрылыстарының жобалары бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу саласында Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдарға барлық қажеттi құжаттама берiлген кезден бастап I санаттағы объектілер үшін - екі айдан, II санаттағы объектілер үшін - бір айдан, III және IV санаттардағы объектілер үшін он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы қайтадан жүргізу мерзімі тіркелген күнінен бастап I санаттағы объектілер үшін - бір айдан, II санаттағы объектілер үшін - он жұмыс күнінен, III және IV санаттардағы объектілер үшін бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
2. Тіркелген күнінен бастап I санаттағы объектілер үшін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде және II, ІІІ және IV санаттардағы объектілер үшін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беретін орган құжаттарды олардың толықтығы тұрғысынан қарайды. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, құжаттар ұсынған тұлғаға қайтарылуға жатады.
3. Құрылысқа арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама барысында жүзеге асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізудің мерзімдері мен ұзақтығы Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
51-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы оны жүргізу нәтижелері бойынша беріледі.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың міндетті сипаты болады және табиғат пайдалану мен қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер ету тұрғысынан құқықтық, ұйымдастырушылық және шаруашылық шешімдерді қабылдаудан бұрын жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаса, жобаны іске асыруға тыйым салынады.
Құрылысқа арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамасы) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама барысында жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысына енгізіледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы экологиялық сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға болатындығы мен мүмкіндігі туралы тұжырымдарды қамтиды.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы болған кезде тапсырысшы сараптамаға ұсынылған материалдарды сараптамалық қорытындының ұсыныстары мен ескертпелеріне сәйкес пысықтауды қамтамасыз етуге және барлық материалдарды қайтадан экологиялық сараптамаға табыс етуге не белгіленіп отырған қызметінен бас тартуға міндетті.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу міндетті болатын шаруашылық және өзге де қызмет жобаларын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының қаржыландыруына және іске асыруына тыйым салынады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сараптама бөлімшелерінің, тиісті аумақтағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары не облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сараптама бөлімшесінің басшысы өз құзыреті шегінде қол қояды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жобалық құжаттамаға мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы I, II және III санаттардағы объектілер үшін - қоршаған ортаға эмиссиялардың белгіленген нормативтерінің қолданылу мерзімі ішінде, IV санаттағы объектілер үшін - мерзімсіз қолданылады.
Құрылысқа арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамасы) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама барысында жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының қолданылу мерзімі ведомстводан тыс кешенді сараптаманың тиісті жиынтық қорытындысының қолданылу мерзімдеріне сәйкес белгіленеді.
52-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен экологиялық сарапшылық комиссияларын, топтарын құруға, жұмысқа қатысуға отандық және шетелдік мамандарды, сондай-ақ заңды тұлғаларды тартуға;
2) сарапшылық бөлімшелерінің, құрылатын комиссиялар мен топтардың қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерін басқаруға, олардың қызметін ұйымдастыруға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу әдістерін айқындауға;
5) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сай келмейтін, мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған материалдарды қабылдамай тастауға;
6) есептеулерде қате және басқа да олқылықтар жіберілген, оны түзету қосымша зерттеулерді, іздестіру жұмыстарын не қосымша қаражат бөлуді қажет ететін құжаттар мен материалдарды пысықтау үшін қайтаруға;
7) мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларына қол қоюға;
8) сараптама объектісін іске асырудың қоршаған ортаға жағымсыз зардаптарын куәландыратын мән-жайлар анықталған не тапсырыс беруші жоғарыда аталған қорытынды талаптарын орындамаған кезден бастап бір ай ішінде бұрын берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын кері қайтарып алуға;
9) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге қажетті қосымша материалдарды сұратуға;
10) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбаған объектілер туралы мәліметтерді банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына табыс етуге;
11) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті материалдар дайындап, құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға тапсыруға құқығы бар.
2. 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу кезінде сараптама бөлімшелерінің басшылары тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес іс-әрекет жасайды.
Сараптама бөлімшелері басшыларының тәуелсіздігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар бекітетін, оларды тағайындау және қызметтен босату тәртібі мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттарды қамтитын олар туралы ережелермен қамтамасыз етіледі.
53-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы
1. Арнаулы білімі бар және экологиялық сараптама жүргізуге қажетті жеткілікті тәжірибесі бар және мемлекеттік экологиялық сараптама органы белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге тартылған адам мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы болып табылады.
2. Экологиялық сараптама жасалуға тиісті құжаттама тапсырыс берушінің өкілі немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектісін әзірлеуші, сондай-ақ тапсырыс берушімен немесе әзірлеушімен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы бола алмайды.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы өзі жасаған сараптама үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4. Сарапшының мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге байланысты қызметіне мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың араласуына тыйым салынады.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы құқықтарының бұзылуы сот және әкімшілік тәртіппен қорғалуға тиіс, ал мұндай жолсыздықтарға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
6. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жасалатын объектіге жан-жақты және объективті баға беру үшін мәні бар қосымша материалдар табыс етілуін талап етуге;
2) экологиялық сараптама жүргізуге мамандарды қосымша тартуға;
3) сараптама жұмысын, әдіснамасын ұйымдастыруды жетілдіру, оны жүзеге асыру тәртібі мен принциптері жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама объектісі жөнінде, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысына қоса тіркелетін ерекше пікір қалыптастыруға құқығы бар.
7. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы:
1) мемлекеттік экологиялық сараптаманың кешенді, объективті және сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауға;
3) қолданылып жүрген нормалар мен ережелер негізінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асырудың белгіленген мерзімі мен тәртібін сақтауға;
5) мемлекеттік экологиялық сараптаманың дәлелді қорытындыларын дайындап, оларды сараптама объектісін іске асыру туралы шешім қабылдайтын органдарға және тапсырысшыларға уақтылы беруге;
6) сараптама жасалатын объектілерді одан әрі қарауға қабылдамаған не оларды негіздейтін материалдар пысықтауға қайтарылған кезде мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын объективті бағалап, дәлелді түрде негіздеуге;
7) материалдардың сақталуын қамтамасыз етуге және өзінің құпия құжаттарға қатысты әрекеттерін олардың иесімен келісуге, өзіне сеніп тапсырылған мәліметтердің жария етілуіне жол бермеуге міндетті.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 54-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
54-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесіне сырттан сарапшылар тарту
Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу сырттан сарапшылар тартуды талап еткен жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптама органдарының сараптамалық қорытындылар алу үшін басқа мемлекеттік органдарға, өзге де ұйымдарға, сондай-ақ жекелеген мамандарға өтініш жасауға құқығы бар. Сырттан сарапшылар тартуды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
55-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен нормативтік құқықтық актілер жобаларының тізілімi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен нормативтік құқықтық актілердің тізілімін жүргізуді жүзеге асырады және оларға тіркеу нөмірлерін береді.
56-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан консультациялық-кеңесші органдар болып табылатын және өздері туралы ережелерге сәйкес әрекет ететін мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестері құрылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасының сарапшылық кеңестері туралы ережелерді және олардың жеке құрамдарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның басшысы бекітеді.
3. Функциялары қоршаған ортаны қорғаумен байланысты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар мен жұртшылық өкілдері мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестеріне мүше бола алады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестерінің қарауына:
1) экологиялық сараптама жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтырудың күрделі проблемаларын талқылау;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың экологиялық қауіптілігі жоғары объектілерге қатысты қорытындыларын қарау жатады.
57-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы және халықтың шешімдер қабылдауға қол жеткізуi
1. Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобаларына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге өтінімдерді қоспағанда, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге өтінімді белгіленіп отырған қызметке тапсырыс беруші бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға тиіс.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде барлық мүдделі азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге өз пікірін білдіру мүмкіндігі беріледі.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Іске асырылуы қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына тікелей ықпал етуі мүмкін жобалар бойынша қоғамдық тыңдау өткізіледі.
Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін І және ІІ санаттағы объектілер үшін әзірленген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары қоғамдық тыңдауға шығаруға жатады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоғамдық тыңдау өткізу тәртібін белгілейді және онда:
1) мүдделі тұлғалардың анықталуы;
2) ақпарат пен консультация алуға болатын жердің көрсетілуі;
3) халықты хабардар ету тәсілінің көрсетілуі (белгілі бір жерлерге афишалар ілу, газеттерге жариялау, жоспарларды, сызбаларды, кестелерді, графиктерді, үлгілерді көрсете отырып көрмелер ұйымдастыру);
4) халыққа консультация беруді жүзеге асыру тәсілінің (жазбаша таныстыру, халыққа сұрау салу) белгіленуі;
5) қоғамдық тыңдау өткізу мерзімі айқындалуға тиіс.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бойынша шешім қабылданғаннан кейін барлық мүдделі тұлғаларға осы Кодексте көзделген тәртіппен сараптама объектісі жөнінде ақпарат алу мүмкіндігі беріледі.
58-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру кезіндегі келіспеушіліктерді қарау тәртібi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру кезіндегі келіспеушіліктер келіссөздер жолымен не сот тәртібімен қаралады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама мәселелері бойынша келіспеушіліктерді кез келген мүдделі тараптың, оның ішінде белгіленіп отырған қызметке тапсырыс берушінің, жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган келіссөздер арқылы қарайды. Бұл ретте мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы келіспеушіліктердің нысанасы бола алмайды.
59-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қаржыландыру
Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қаржыландыру бюджет қаражаты, сондай-ақ тапсырыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
60-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама
1. Қоғамдық экологиялық сараптама - қоғамдық бірлестіктер құратын сараптама комиссиялары ерікті негізде жүзеге асыратын қызмет түрі.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Қоғамдық экологиялық сараптама кез келген шаруашылық және өзге де қызметті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны сақтау жөніндегі қоғамдық мүдделердің сақталуы тұрғысынан қарайды.
Ластағыштар ретінде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген заттар шығарындыларын қоспағанда, парниктiк газдар шығарындылары қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылмайды.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама объектісі іске асырылған жағдайда мүдделері қозғалатын жеке тұлғалар немесе қоғамдық бірлестіктер қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы болуы мүмкін.
61-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы - қоғамдық бірлестіктер, олардың атынан экологиялық сараптама жүргізу туралы өтініш беріледі және сараптама комиссиясының қызметін ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының:
1) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің тапсырыс берушісінен қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге қажетті құжаттар мен материалдар сұратуға;
2) сараптама жүргізу үшін сарапшылық комиссия құруға;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын жергілікті атқарушы органдарға және қаржы ұйымдарына табыс етуге құқығы бар.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы осы Кодексте жазылған талаптарға сәйкес ұйымдастыруға;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманың барысы мен нәтижелері туралы жұртшылықтың хабардар етілуін және қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысын әзірлеуде қоғамдық пікірдің есепке алынуын қамтамасыз етуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысының барлық мүдделі тараптар үшін ашық болуын қамтамасыз етуге міндетті.
62-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшылары
1. Қаралатын мәселе бойынша ғылыми және (немесе) практикалық білімі бар және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы қоғамдық сараптама жүргізуге тартқан жеке тұлға қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы мыналар бола алмайды:
1) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің тапсырыс берушісінің өкілі;
2) қоғамдық экологиялық сараптама объектісін әзірлеушінің өкілі;
3) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің аталған тапсырыс берушісімен немесе оны әзірлеушімен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған жеке тұлға;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің аталған тапсырыс берушісімен немесе оны әзірлеушімен шарттық қатынаста тұрған заңды тұлғаның өкілі.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы оны жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы берген тапсырмаға сәйкес қатысады.
4. Қоғамдық экологиялық сараптама сарапшысының қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу кезінде қоғамдық экологиялық сараптама объектісі жөнінде қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса тіркелетін ерекше пікір білдіруге құқығы бар.
Қоғамдық экологиялық сараптама сарапшысы:
1) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауға;
2) экологиялық сараптама объектісі бойынша өз қорытындысы тұжырымдарының объективтілігі мен негізділігін, сондай-ақ қоғамдық экологиялық сараптаманың атына мүдделі жеке тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктерден келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстардың ескерілуін қамтамасыз етуге;
3) материалдардың сақталуын және қоғамдық экологиялық сараптамаға ұсынылған мәліметтердің құпиялылығын, сондай-ақ зияткерлік меншіктің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
63-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама объектісi тапсырыс берушісінің құқықтары мен міндеттері
1. Жоспарланып отырған басқару, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің жеке немесе заңды тұлғасы қоғамдық экологиялық сараптама объектісіне тапсырыс беруші болып табылады.