Ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері ай сайын орталық және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
200-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау
Жұмыс берушінің қызметін декларациялауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган жұмыс берушілердің өңірлік бірлестіктерімен және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерімен бірлесіп жүзеге асырады.
Жұмыс берушілер қызметі өлшемдерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігі олардың декларациялауға қатысу шарты болып табылады.
Қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес деп танылған жұмыс берушілерге үш жыл мерзімге сенім сертификаты беріледі, ол осы Кодексте белгіленген ішінара тексерулерді және бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де нысандарын қалыптастыру кезінде ескеріледі.
22-тарау. ІШКІ БАҚЫЛАУ
201-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау еңбекті қорғауды басқару жүйесін құруды және енгізуді, еңбек жағдайларының жай-күйін байқауды ұйымдастыруды, өндірістік бақылаудың деректеріне жедел талдау жүргізуді, тәуекелдерді бағалауды және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға келмейтін анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтиды.
2. Жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі белгіленген талаптарды сақтау және анықталатын бұзушылықтарды жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асырады.
202-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі
1. Жұмыскерлерінің саны елуден асатын, өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс беруші ұйымның тікелей бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген адамға бағынатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады.
2. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.
3. Жұмыскерлерінің саны елуге дейінгі жұмыс беруші қызмет ерекшелігін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман лауазымын енгізеді не еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді басқа маманға жүктейді.
4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген маман:
1) өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіруге және қарап-тексеруге;
2) қауіпсіз және саламатты еңбек жағдайларын жасау, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
3) ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жұмыскерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану туралы орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.
5. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе осы баптың 3-тармағында көрсетілген маман:
1) ай сайын ұйымдарда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептеріне талдау жүргізуге және олардың алдын алу іс-шараларын әзірлеуге және оларды тұрақты сақтау үшін ұйымның электрондық дерекқорына енгізуге;
2) ұйымның жұмыскерлерін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, олардың білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;
3) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру жеке немесе заң тұлғалармен шарттық негізде жүзеге асырылуы мүмкін.
203-бап. Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес
1. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша және (немесе) жұмыскерлердің не олардың өкілдерінің бастамасы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылады. Оның құрамына техникалық еңбек инспекторларын қоса алғанда, жұмыс берушінің өкілдері, жұмыскерлердің өкілдері тепе-теңдік негізде кіреді.
2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамы жұмыс берушінің және жұмыскерлер өкілдерінің бірлескен шешімімен бекітіледі.
3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңесті екі жылда бір рет мерзімділікпен ротациялық негізде жұмыс берушінің және жұмыскерлер өкілдерінің арасынан кеңес мүшелері сайлайтын төраға басқарады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс беруші және жұмыскерлер үшін міндетті болып табылады.
4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ техникалық еңбек инспекторларының жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру жүргізуін ұйымдастырады.
Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың кандидатураларын кәсіптік одақ, ал ол болмаған кезде - жұмыскерлердің жалпы жиналысына кемінде үштен екісі қатысқан кезде көпшілік дауыспен ұйымның жұмыскерлері арасынан жұмыскерлердің жалпы жиналысы ұсынады.
5. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен бекітіледі.
Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың бақылауды жүзеге асыру тәртібі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен айқындалады.
23-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
204-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Кодекс 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) 1-баптың 1-тармағының 64) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«64) өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар - өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, білікті кадрлары және өзінің құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары бар ұйымдар;»;
2) 26-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«4) шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын не халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен шетелдік жұмыскерлерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін берілген біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы алғанға дейін не Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін рұқсатты алғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе ерекшеліктерді сақтамай, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен еңбек шартын жасасуға жол берілмейді.»;
3) 30-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«6) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері, жергілікті атқарушы орган шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар не ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге берген рұқсат шегінде жасалуы мүмкін.»;
4) 57-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1) жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты қайтарып алған не тұруға ықтиярхаттың қолданылу мерзімі өткен кезде;»;
5) 60-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы не шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты белгіленген тәртіппен алмай немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе ерекшеліктерді сақтамай, шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен еңбек шарты жасалған;».
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 9, 65-құжат; № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122, 134-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 48-құжат; № 24, 146, 148-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 6, 45-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 123-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 3, 15-құжат; № 7, 36-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 78, 81-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44, 49-құжаттар; № 11, 67-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-IІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 3, 13-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 56-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 78-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін қолданысқа енгізу туралы» 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 9, 66-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 23-і.
№ 414-V