4) мерзімдік кедендік декларациялауды жүзеге асыру кезінде кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету қолданылмайды.
2. Уәкілетті экономикалық операторға мынадай қосымша арнайы оңайлатулар берілуі мүмкін:
1) уәкілетті экономикалық оператордың үй-жайларында, ашық алаңдарында, аумақтарында тауарларды шығаруға байланысты кедендік операциялар жүргізу;
2) осы Кодекстің 298-бабына сәйкес кедендік декларацияны бергенге дейін тауарлар шығару;
3) осы Кодекстің 319-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен уәкілетті экономикалық операторлар үшін кедендік транзит рәсімін қолдану.
3. Осы Кодекстің 62-бабының 1-тармағына сәйкес уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру шарттарына сәйкес келген кезде, тауарларды өндіру қызметін жүзеге асыратын және (немесе) кедендік әкету баждары қолданылмайтын тауарларды экспорттайтын заңды тұлғалар үшін осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген арнайы оңайлатулар ұсынылады.
4. Осы бапта көзделген арнайы оңайлатулар, егер уәкiлеттi экономикалық оператор осындай арнайы оңайлатуларды қолдану көзделетін тауарлардың декларанты болатын жағдайларда ғана қолданылады.
5. Осы бапта көзделген арнайы оңайлатулар қолданылмайтын тауарлардың тiзбесi Комиссияның шешiмiмен айқындалады.»;
11) 6-тарау мынадай мазмұндағы 66-1-баппен толықтырылсын:
«66-1-бап. Уәкiлеттi экономикалық оператордың жауаптылығы
Уәкiлеттi экономикалық оператор өзінің міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.»;
12) 78-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланыла отырып қабылданған тауарларды сыныптау жөніндегі шешімдерді қайта қарау, егер кеден органы кедендік тексеру барысында:
1) кедендік декларациялау кезінде декларант ұсынған құжаттарда тауарларды дұрыс сыныптамауға ықпал еткен анық емес не толық емес мәліметтер бар екенін анықтаған;
2) тауарлар шығарылғанға дейін кеден органының лауазымды адамының тауарларды дұрыс сыныптамауы фактісін анықтаған жағдайларда тауарлар шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда тауарлардың коды өзгертілген кезде, кеден органы қайта қараған, тауарларды сыныптау жөніндегі шешімді қабылдау күні кедендік баждар мен салықтарды төлеудің басталу мерзімі деп есептеледі.
Кеден органының тауарлар шығарылғанға дейін қабылдаған тауарларды сыныптау жөніндегі шешімінің күші тауарлар шығарылғаннан кейін қабылданған, кеден органының тауарларды сыныптау жөніндегі шешімді қабылдау күнінен бастап тоқтатылады.»;
10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Декларант сұрау салынатын қосымша құжаттарды осы Кодекстің 297-бабында белгіленген мерзімдерде ұсынбаған кезде, кеден органы тауарларды шығаруды кеден органы есептеген кедендiк баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ұсынылған жағдайда жүзеге асырады.
Бұл ретте кедендiк баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету тауарларды сыныптау жөніндегі шешімді қабылдау нәтижелері бойынша қосымша есепке жазылуы мүмкін кедендiк баждардың, салықтардың сомасы ретінде осы Кодекстің 16-тарауында айқындалады.
Егер декларант кеден органы сұрау салатын қосымша құжаттарды, мәліметтерді және (немесе) олардың ұсынылмау себептерінің түсініктемесін ұсынбаса не ұсынылған мәліметтер тауарларды сыныптау жөніндегі шешімді қабылдау үшін негіздерді жоймаса, кеден органы өзінде бар ақпараттың негізінде тауарларды сыныптау жөнінде шешім қабылдайды.
Кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі тауарлар шығарылған күннен бастап күнтізбелік қырық күн мерзімнен кем болмауға тиіс.
11. Декларант кеден органының тауарларды сыныптау жөнiндегi шешiмiмен келiскен жағдайда, декларант кедендiк декларацияда мәлiмделген мәлiметтердi осы Кодекстiң 289-бабына сәйкес өзгертуге немесе толықтыруға тиiс.
Декларант Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде кедендік декларацияға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізбеген жағдайда, кедендік декларацияға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізуді және төленуге жататын кедендік төлемдер мен салықтарды қайта есептеуді кеден органы жүзеге асырады.»;
мынадай мазмұндағы 16-1-тармақпен толықтырылсын:
«16-1. Кеден органы тауарлар шығарылғаннан кейін қабылдаған тауарларды сыныптау жөніндегі шешім:
1) табыс етілген қосымша құжаттардың негізінде не осы баптың 10-тармағына сәйкес мұндай құжаттар табыс етілмеген кезде - осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей;
2) кедендік тексеру шеңберінде - кедендік тексеру актісімен бір мезгілде декларантқа жіберіледі.»;
13) 80-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тауарларды сыныптау жөніндегі алдын ала шешімді қабылдау туралы өтініште тауарлардың толық коммерциялық атауы, фирмалық атауы, негізгі техникалық, коммерциялық сипаттамалары және тауарларды бірдей сыныптауға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат қамтылуға тиіс. Қажет болған кезде өтініш берушінің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған бұйымдардың фотосуреттері, суреттері, сызбалары, паспорттары, тауарлардың сынамалары мен үлгілері және осы алдын ала шешімді қабылдау үшін басқа да құжаттар табыс етіледі.»;
14) 82-бапта:
3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Кеден iсi саласындағы уәкiлеттi органның немесе кеден iсi саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң алдын ала шешiмдi өзгерту туралы шешiмi қабылданған күнінен бастап күшiне енедi.»;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Мынадай:
1) Комиссия жекелеген тауар түрлерін сыныптау жөнінде шешімдер мен түсіндірулерді қабылдаған;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері қабылдаған алдын ала шешімдерде жол берілген қателер анықталған жағдайларда, алдын ала шешімді өзгерту туралы шешім қабылданған күн кедендік баждар мен салықтарды төлеу мерзімі деп есептеледі.»;
15) 94-баптың 3-тармағы алып тасталсын;
16) 95-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Сертификат жоғалған кезде тауарлар шығарылған елдің не, егер әкету елінде сертификат тауарлар шығарылған елден алынған мәліметтердің негізінде берілсе, әкету елінің уәкілетті органдары немесе ұйымдары берген телнұсқа қабылданады.»;
17) 109-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«109-бап. Тауарлардың кедендiк құнын бақылау
Тауарлардың кедендiк құнын бақылауды кеден органы тауарлар шығарылғанға дейiн де, шығарылғаннан кейiн де кедендiк бақылауды жүргiзу шеңберiнде жүзеге асырады.
Тауарлар шығарылғанға дейін тауарлардың кедендік құнын бақылау тәуекелдерді басқару жүйесі айқындайтын жағдайларда жүзеге асырылады.
Кеден органы кедендік құны жөнінде шешім қабылдаған тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік құнды бақылау осы Кодекстің 21 және 24-тарауларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру тәртібі Комиссияның шешімімен белгіленеді.»;
18) 121-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Кедендік төлемдер мен салықтар салудан босатуды ұсыну мақсатында кеден органдары Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарымен бірлескен актілерінде айқындалатын тәртіппен өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.»;
19) 131-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері осы Кодекстің 78, 82, 130, 253, 258, 270, 298, 315, 318, 331, 332, 341, 354, 365, 378, 387, 394, 404, 456 және 472-баптарында белгіленеді.»;
20) 138-бапта:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Төлеушiлер кедендiк баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеудi екiншi деңгейдегi банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүргiзедi. Кедендiк баждарды, салықтар мен өсiмпұлдарды төлеуге арналған төлем құжаттарында төлеушi кеден органы тiркелген жердегi салық органының (бұдан әрi - бенефициар салық органы) деректемелерiн көрсетедi.»;
9-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Тауарларды шығару мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның филиалдары кедендік баждарды, салықтарды бюджетке төлеген кезде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем құжаттары көрсетілген кедендік баждардың, салықтардың бюджетке төленгенін растау болып табылады.»;
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында реттелмеген кедендiк әкету баждары мен өсімпұлдарды төлеу жөнiндегi мiндеттердi орындау тәртiбi, нысандары, төлеу шарттары, кезi осы Кодексте белгiленедi.»;
12-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы Кодекстің 131-бабының 5-тармағында көзделген кедендік баждар мен салықтарды төлеу мерзімдері бұзылған кезде, кедендік баждар мен салықтарды есептеу осы Кодекстің 158-бабына сәйкес кедендік баждар мен салықтарды уақтылы төлемегені үшін өсімпұлдар есепке жазыла отырып жүргізіледі.»;
21) 142-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кеден органы өтініш берілген күнге кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша тоқтатылмаған міндеттемелерді көрсете отырып, кедендік төлемдер мен салықтарды есепке алу деректері бойынша кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешектiң жоқ (бар) екендiгi туралы анықтаманы жасайды.»;
22) 143-бапта:
1-тармақта:
2), 8) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«2) егер бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделсе, кедендiк баждарды, салықтарды төлеу мерзiмдерiн өзгерту;»;
«8) уәкілетті экономикалық операторлар мәртебесі бар сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың мұндай декларациялауды жүзеге асыруын қоспағанда, мерзiмдiк кедендiк декларациялау;»;
«10) кедендiк тасымалдаушы және (немесе) кеден өкiлi ретiнде қызметтi жүзеге асыру;»;
11) тармақшадағы «жүзеге асыру жағдайларында қамтамасыз етіледі.» деген сөздер «жүзеге асыру;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 12), 13) және 14) тармақшалармен толықтырылсын:
«12) осы Кодекстің 298-бабына сәйкес кедендік декларацияны бергенге дейін тауарларды шығару;
13) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес тауарлар шығарылған елді растайтын құжаттар болмаған не табыс етілген құжаттар тиісті түрде ресімделмеген белгілері анықталған және (немесе) анық емес мәліметтер болған;
14) осы Кодекстің 78-бабының 9-тармағына сәйкес тауарларды сыныптау үшін қосымша құжаттарға сұрау салынған жағдайларда қамтамасыз етiледi.»;
23) 144-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сақтандыру шартын қоспағанда, төлеуші уәкілетті экономикалық операторлар үшін кедендік баждардың, салықтардың төленуін бас қамтамасыз ету ретінде кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету тәсілдерінің кез келгенін таңдауға құқылы.»;
24) 147-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Уәкілетті экономикалық операторлар үшін сақтандыру шартымен қамтамасыз етілген кепілгерлік шарты кедендік баждардың, салықтардың төленуін бас қамтамасыз ету ретінде қолданылмайды.»;
25) 154-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кедендік баждардың, салықтардың және кедендік алымдардың артық (қате) төленген сомаларының болуын растауды беруден бас тартылған жағдайда, кеден органы осы баптың 3 және 5-тармақтарында көрсетілген қажетті құжаттардың тізбесін санамалай отырып, мұндай бас тартудың себептерін көрсетеді.»;
26) 157-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Ортақ міндет болған кезде кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өндіріп алу шараларын қолдану кезінде кеден органдары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген ортақ міндет болған кездегі кредитор құқықтарын пайдаланады.
Кеден органдары Кеден одағының кеден заңнамасына және осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу жөніндегі ортақ міндеті туындаған тұлғаларға қатысты осы баптың 3-тармағында көзделген тәртіппен берешекті өндіріп алу шараларын қолданады.»;
27) 159-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Кедендік бақылау нәтижелері бойынша кедендік төлемдер, салықтар мен өсiмпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама:
1) төлеушіге көшпелі кедендiк тексеру актiсi тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей;
2) осы Кодекстің 221-1-бабының 13-тармағына сәйкес кедендiк тексеру актiсiнің көшірмесін тауарлардың шығарылуын жүзеге асырған кеден органы алған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей;
3) осы Кодекстің 221-1-бабының 12-тармағына сәйкес камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімдері өткен күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей;
4) кеден органы төлеушiнiң жеке шотында кедендiк төлемдерді, салықтар мен өсiмпұлдарды төлеу бойынша берешектi анықтаған күннен бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей төлеушiге жiберiледi.»;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Декларанттың және кеден өкілінің осы Кодекстің 30-бабында көзделгендей кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша ортақ міндеті болған кезде, кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламалар декларантқа және кеден өкіліне бір мезгілде шығарылады, бұл жөнінде аталған хабарламаларда көрсетіледі.»;
28) 160-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама шығарылған кезде төлеуші бұзушылықты жою туралы хабарламаны орындамаған жағдайда, кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны орындау мерзімі мұндай хабарлама тапсырылғанкүннен кейінгі күннен басталады.»;
29) 162-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілеген нысан бойынша шығарылады және оны банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым алған күннен бастап күшіне енеді.
Кеден органы мұндай өкімді банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша беру арқылы электрондық түрде жібереді. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы кеден органының өкімі электрондық түрде жіберілген кезде, мұндай өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген форматта қалыптастырылады.»;
30) 165-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кеден органы инкассолық өкімді банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша беру арқылы электрондық түрде жібереді. Инкассолық өкім электрондық түрде жіберілген кезде, мұндай инкассолық өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген форматта қалыптастырылады.»;
31) 166-баптың 3-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) төлеушінің және оның дебиторының заңды мекенжайлары, мөрлері (ол болған кезде), сондай-ақ қолтаңбалары;»;
32) 174-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодексте көзделген ережелерге сәйкес кедендік тексеру нәтижелері бойынша шығарылған берешекті өтеу туралы хабарламаға шағымды (бұдан әрі - шағым) қарауды жоғары тұрған кеден органы жүргізеді.»;
33) 175-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Шағым жоғары тұрған кеден органына хабарлама тапсырылған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күн iшiнде берiледi.
Шағымды тiркеу оны жоғары тұрған кеден органы қабылдаған күнi жүзеге асырылады.»;
34) 177, 178 және 179-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«177-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Жоғары тұрған кеден органы:
1) шағым осы Кодекстің 175-бабында белгіленген шағым жасау мерзімі бұзыла отырып берілген;
2) шағымның нысаны мен мазмұны осы Кодекстің 176-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) шағымды осы Кодекстің аталмаған тұлға берген жағдайларда шағымды қараудан бас тартады.
2. Жоғары тұрған кеден органы шағымды берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы шағым тiркелген күннен бастап он жұмыс күнi ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Жоғары тұрған кеден органының шағымды қараудан бас тартуы тұлғаны осы Кодекстiң 175-бабында белгiленген мерзiм шегiнде шағымды қайта беру құқығынан айырмайды.
178-бап. Шағымды қарау тәртібі
1. Осы баптың 2-тармағында және 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоғары тұрған кеден органы шағым бойынша, көрсетілген шағым тiркелген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей шешiм қабылдайды.
2. Шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің айқындалған тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.
3. Егер кедендiк бақылау барысында табыс етiлмеген құжаттар шағымға қоса берiлген жағдайда, жоғары тұрған кеден органы мұндай құжаттарды қарайды.
4. Жоғары тұрған кеден органы шағымды қарау кезiнде:
1) шағым берген тұлғаға және (немесе) кеден органына шағымда жазылған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмелерді жазбаша нысанда беру туралы сауалды жіберуге;
2) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына мұндай органдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сауалдар жіберуге;
3) кеден органдарының кедендік бақылауды жүргізуге қатысқан лауазымды адамдарынан туындаған мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратуға құқылы.
5. Жоғары тұрған кеден органының шағымды қарау жөніндегі өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде оның қызметiне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар лауазымды адамдарға қандай да бiр ықпал етуге тыйым салынады.
179-бап. Шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiм қабылдау
1. Шағымды мәнi бойынша қарау аяқталғаннан кейін жоғары тұрған кеден органы жазбаша нысанда шешiм қабылдайды және оны шағымды берген тұлғаға жiбередi немесе тапсырады. Жоғары тұрған кеден органы берешекті өтеу туралы хабарламаны шығарған кеден органына шағым бойынша шешімнің көшірмесін жібереді.
2. Шағымды қарау қорытындылары бойынша жоғары тұрған кеден органы мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаны өзгерiссiз, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
2) шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаның толық немесе бiр бөлiгiнiң күшiн жою.
3. Шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаның күшi толық жойылған жағдайда хабарламаны шығарған кеден органы жоғары тұрған кеден органының шағым бойынша шешімінің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде берешектi өтеу туралы хабарламаны керi қайтарып алады.
Шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаның бiр бөлiгiнiң күшi жойылған жағдайда, берешектi өтеу туралы хабарламаны шығарған кеден органы берешектi өтеу туралы хабарламаны керi қайтарып алады, берешектi өтеу туралы жаңа хабарлама шығарады және оны шағымды берген тұлғаға жоғары тұрған кеден органының шағым бойынша шешімінің көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей жiбередi.»;
35) 180-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жоғары тұрған кеден органы шағымды қарау мерзiмiн тоқтата тұру туралы көрсетілген мерзімді тоқтата тұру себептерiн көрсете отырып, шағымды берген тұлғаға жазбаша нысанда хабарлайды.»;
36) 181-бапта:
тақырып және бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«181-бап. Жоғары тұрған кеден органы шешімінің нысаны мен мазмұны
Жоғары тұрған кеден органының шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiмiнде:»;
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) шағым жасалатын хабарламаның қысқаша мазмұны;»;
37) 182-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«182-бап. Жоғары тұрған кеден органына және (немесе) сотқа шағым беру салдарлары
1. Жоғары тұрған кеден органына және (немесе) сотқа шағым беру берешектi өтеу туралы хабарламаның орындалуын тоқтата тұрады.
2. Жоғары тұрған кеден органына шағым берiлген кезде берешектi өтеу туралы хабарламаның шағым жасалған бөлiгiнде орындалуы жоғары тұрған кеден органының жазбаша шешiмi шыққанға дейiн және осы Кодекстiң 180-бабында көрсетiлген кезең аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
Сотқа шағым берілген жағдайда, берешекті өтеу туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуы соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.»;
38) 186-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде көлік-логистика орталықтарында, сондай-ақ кедендік декларациялау және өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсаттары үшін кеден органдары кедендік бақылау аймақтарын құрады. Уақытша сақтау орындары мен қоймаларының, кедендік және еркін қоймалардың, арнайы экономикалық аймақтардың, бажсыз сауда дүкендерінің аумақтары да кедендік бақылау аймақтары болып табылады.
2. Кедендік бақылау аймақтары кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі немесе кеден басшысының (оны алмастыратын адамның) өткізу пункттерінің, көлік-логистика орталықтарының аумақтарында, кедендік декларациялау және осы Кодексте көзделген, өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылау аймақтарын құру туралы бұйрығының негізінде құрылады.»;
39) 205-баптың 6-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Актінің екінші данасы тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаға не оның өкіліне бұзушылық анықталған жағдайда немесе оның талап етуі бойынша тапсырылады (жіберіледі).»;
40) 220-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Камералдық кедендiк тексеру тексерiлетiн тұлға табыс еткен кедендiк декларациялардағы, коммерциялық, көлiктiк (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәлiметтердi, бақылаушы мемлекеттiк органдардың мәлiметтерiн, сондай-ақ аталған тұлғалардың қызметi туралы кеден органдарында бар басқа да құжаттар мен мәлiметтердi зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.»;
мынадай мазмұндағы 3-1, 5, 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:
«3-1. Камералдық кедендік тексеру жүргізу барысында кеден органы электрондық құжат түрінде берілген кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды ұсыну бойынша талапты тексерілетін тұлғаға жібереді.
Электрондық құжат түрінде берілген кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды табыс ету мерзімі талап тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде, құжаттарды табыс ету мерзімі тексерілетін тұлғаның уәжді сауалы бойынша бес жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.»;
«5. Кеден органдары камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік декларациядағы бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тексерілетін тұлғаға оларды өз бетінше жою құқығы беріледі.
6. Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарламадағы талаптарды орындау, оның ішінде тексерілетін тұлғаның кедендік декларацияны және (немесе) кедендік декларациялардың кедендік құнын түзетуді ұсынуы арқылы, қажет болған кезде кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешек сомаларын өтеу жөніндегі төлем құжатының көшірмесін қоса бере отырып орындау камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою деп танылады.
Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, тексерілетін тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұндай хабарламаға шағым жасай алады.
7. Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны осы Кодекстің 221-1-бабының 13-тармағында белгіленген мерзімде орындамау кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап осы Кодекстің 18-тарауына сәйкес өндіріп алу шараларын қолдана отырып, осы Кодекстің 159-бабына сәйкес кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама шығаруға әкеп соғады.»;
41) 221-бапта:
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Көшпелі кедендік тексеру кедендік бақылаудың өзге де нысандарын қолдану, сондай-ақ камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша, оның ішінде тексерілетін тұлға бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындамаған жағдайда тағайындалуы мүмкін.»;
12-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Уәкiлеттi экономикалық операторларға қатысты жоспарлы көшпелi кедендiк тексерулердi кеден органдары үш жылда бір реттен жиілетпей жүргізеді.»;
14-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Хабарламада жоспарлы көшпелі кедендік тексеру мерзімі, күні, жоспарлы көшпелі кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті құжаттардың алдын ала тізбесі (тексерілетін кезеңге қатысы бар құжаттар және есепке алу жазбалары), көшпелі кедендік тексеру жүргізілген кезде тексерілетін тұлғалардың құқықтары мен міндеттері көрсетіледі.»;
17-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:
«Көшпелі кедендік тексеру жүргізу туралы нұсқамаға көшпелі кедендік тексеру мерзімін ұзарту туралы, сондай-ақ оның жүргізілуін тоқтата тұру туралы тиісті жазбалар енгізіледі, тексерілетін тұлға нұсқаманың көшірмесі қоса беріле отырып, бұл жөнінде жазбаша хабардар етіледі.