3. Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2 500 000 еселенген мөлшерінен аз болатын жекешелендіру объектілерін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Сатушы жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені қолдау мақсатында тартатын заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік заңды тұлғалар немесе олардың бірлестіктері, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар тәуелсіз консультанттар болып табылады.
5. Тәуелсіз консультантты таңдау бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
Тәуелсіз консультантты тарту Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Жекешелендіру объектісінің нарықтық құны жекешелендіру объектісінің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін.»;
13) 101-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сатушы сауда-саттық өткiзу туралы хабардар етуді оны өткізуден кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жүргізуге тиiс. Хабарлама «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушының конкурс өткізуі арқылы айқындалған мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиiс.
Хабарламада сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және сауда-саттықты өткiзу тәртiбi туралы, оның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, сауда-саттықты ұтып алған тұлғаны айқындау шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдiкті жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.»;
4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмдерде және тәртiппен кепiлдiкті жарнаны енгізеді. Егер сауда-саттық өткізілмесе, кепiлдiкті жарна қайтарылуға жатады. Кепiлдiкті жарна өтінім берген, бірақ сауда-саттыққа қатыспаған, сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттық өткiзуден кемінде үш жұмыс күні бұрын оған қатысудан жазбаша бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.»;
мынадай мазмұндағы 4-1 және 4-2-тармақтармен толықтырылсын:
«4-1. Аукцион екі әдіспен:
бағаны көтерумен;
бағаны төмендетумен өткізіледі.
Аукционды өткiзу кезiнде жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасына тең болады.
Жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасы жекешелендіру объектісінің нарықтық құны негізінде айқындалады және оны мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия белгілейді.
Жекешелендiру объектiсi бірінші сауда-саттыққа аукционға бағаны көтеру әдісі қолданыла отырып шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi екінші сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi үшінші сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, ең төмен баға белгіленбей шығарылады.
Кейінгі әрбір сауда-саттық әрбiр жиырма жұмыс күні сайын жүзеге асырылады.
4-2. Жекешелендіру объектісін бірінші тендерге шығарған кезде жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы алғашқы бағаға тең болады.
Жекешелендіру объектісін екінші және үшінші сауда-саттыққа шығару кезінде бастапқы баға алдыңғы тендердің бастапқы бағасының елу пайызына төмендетіледі.»;
14) 103-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«103-бап. Екi кезеңдiк рәсiмдер арқылы өткізілетін конкурс
1. Екi кезеңдiк рәсiмдер арқылы болатын конкурс баға басымдығын және (немесе) жекешелендiрудің өзге де талаптарын айқындайтын, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша тәуелсіз консультанттың қатысуымен өткiзiледi.
2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:
1) жекешелендіру объектісіне жан-жақты талдау жүргізу үшін осы Заңның 100-1-бабында белгіленген тәртіппен тәуелсіз консультантты тартуды, оның құнын бағалауды және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшін сату объектісі туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыруды;
2) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткізу арқылы айқындаған мерзімді баспасөз басылымдарында сатушының жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны қазақ және орыс тiлдерiнде жариялауын, сондай-ақ тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуін;
3) тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдер тiзбесiн қалыптастыруын;
4) келiссөздер барысында ең үздік ұсыныстарды ұсынған кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында, өтiнiмдер тiзбесi бойынша сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) келiссөздер жүргізуін (конкурстың бірінші кезеңін);
5) сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен, конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту тұрғысынан келiссөздер жүргізуін (конкурстың екiншi кезеңiн) қамтиды.
3. Сатушы, тәуелсіз консультант және конкурстың барлық қатысушылары өткiзілген келiссөздердiң әрбiр кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
4. Конкурстың екінші кезеңінің барысында ең үздік шарттар ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) конкурста ұтқан болып танылады.
5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмдерде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейін ең үздік болып танылған әлеуетті сатып алушымен (инвестормен) сатып алу-сату шартына қол қойылады.»;
15) 105-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Заңның 106-бабына сәйкес кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлік басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалға алушыға) немесе сенiмгерлік басқарушыға берiлген объектiлер, сондай-ақ стратегиялық инвесторға беруге жататын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған объектілер тiкелей атаулы сатуға жатады.
Жалдаушылар (жалға алушылар) және сенімгерлік басқарушылар тиісті шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана, оларға жекешелендіру объектісін сатуға жол беріледі.»;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік мүлікті тікелей атаулы сату мынадай:
сатылатын жекешелендіру объектісінің қызметімен байланысты салада қызмет тәжірибесінің болуы;
технологиялар трансферті, оның ішінде ашылмаған ақпаратты (өндіріс құпияларын (ноу-хау) алу және жоғары білікті мамандарды тарту арқылы жекешелендіру объектісін басқаруға, сондай-ақ оны дамытуға қатысу үшін ірі акциялар пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алу өлшемшарттарына сай келетін стратегиялық инвесторға - казақстандық немесе шетелдік заңды тұлғаға (олардың бірлестіктеріне) жүзеге асырылады.
Стратегиялық инвестор:
1) жекешелендiру объектiсiне инвестициялардың көлемдерi, түрлерi және мерзiмдерi;
2) өндiрiс көлемiнiң белгiлi бiр деңгейiн, шығарылатын өнiмнің немесе көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасын қамтамасыз ету;
3) табиғат қорғау іс-шараларын жүргiзу;
4) қызмет бейінін сақтау;
5) жаңа жұмыс орындарын сақтау немесе ашу;
6) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлермен штат санының кемінде үштен екісін қамтамасыз ету;
7) өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң бұрыннан бар тәртiбi мен пайдалану шартын сақтау;
8) кредиторлық берешектi белгiленген мерзiмдерде өтеу;
9) жалақы бойынша берешектi өтеу;
10) мәмiлелер жасасуды (қайта сату, кепiлге қою, сенiмгерлік басқаруға беру және басқалар) және (немесе) жекешелендiру объектiсiне қатысты белгiлi бiр уақыт кезеңі iшiнде белгiлi бiр iс-қимылдарға тыйым салуды шектеу жөніндегі міндеттемелерді белгілеген және тиісінше қабылдаған кезде, тікелей атаулы сату жүзеге асырылады.
Тікелей атаулы сату туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі объектінің атауын, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген міндеттемелер тізбесінен міндеттемелерді қабылдау туралы стратегиялық инвесторға қойылатын талаптарды қамтиды.
Мемлекеттік мүлікті стратегиялық инвесторға тікелей атаулы сату тәуелсіз консультантты тарту арқылы жүргізіледі.
Тәуелсіз консультантты тарту осы Заңның 100-1-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.»;
16) 107-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы Заңның 100-1-бабына сәйкес жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізеді;»;
17) 181-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, акцияларының пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге тиесілі акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.»;
5-тармақтың бірінші бөлігінің 8) тармақшасындағы «қабылдау жатады.» деген сөздер «қабылдау;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
«9) холдингтің және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде холдингке меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру қағидаларын бекіту жатады.
9) тармақшада көзделген қағидалар осы Заңның 10-тарауының 2-параграфында белгіленген нормалар ескеріле отырып қабылданады.»;
18) 187-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген, тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы негізінде стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға немесе оларды иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы не осындай рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.»;
7-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Стратегиялық объектіні иеліктен шығарудың ерекше шарттарын және оларды сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптарды белгілеу жөніндегі ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар тиісті саланың уәкілетті органына ұсынады.»;
19) 188-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігінде:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін тиісті саланың уәкілетті органына мынадай құжаттарды:»;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) түпкілікті сатып алушыға дейінгі стратегиялық объектіні болжамды сатып алушы туралы мәліметтерді;»;
2, 3, 4 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы кепілге салынған мүлікті иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін тиісті саланың уәкілетті органына осы баптың 1-тармағының 1), 2), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын, кепілге салынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжамды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.
Сот актісінің негізінде әрекет ететін сот орындаушысы тиісті саланың уәкілетті органына осы баптың 1-тармағының 1), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын және (немесе) сот актісін, кепілге салынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжамды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.
3. Стратегиялық объектіге ауыртпалық салуға негіз болатын шартта тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ стратегиялық объектінің сақталуын және оны одан әрі пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі талаптар міндетті түрде қамтылуға тиіс.
Стратегиялық объектіні иеліктен шығару жөніндегі мәмілені жасауға негіз болған не оған ауыртпалық салуға әкеп соққан шарттың талаптарын өзгертуге ниет білдірген жағдайда, стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленушісі) тиісті саланың уәкілетті органына осы бапта және осы Заңның 187-бабында айқындалатын тәртіппен қайтадан жүгінеді.
Кепіл ұстаушының стратегиялық объектіге ауыртпалық салуына негіз болған шартқа сәйкес кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруды жүзеге асыруға ниет білдірген жағдайда, кепіл ұстаушы тиісті саланың уәкілетті органына осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен жүгінеді.
4. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға берілген өтініштерді қарау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің олар бойынша шешім қабылдауы құжаттар тиісті саланың уәкілетті органына келіп түскен күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Тиісті саланың уәкілетті органы осы баптың 1-тармағында айқындалған құжаттардың толық топтамасын алған күн құжаттардың келіп түскен күні болып есептеледі.
Стратегиялық объектiлердің меншiк иелерiнiң (құқық иеленушiлерінiң), оңалтуды немесе банкроттықты басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару туралы өтiнiштерiн қарау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
«6. Тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім туралы өтініш берушіні шешім шығарылған күннен бастап бес күндік мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Тиісті саланың уәкілетті органы стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу немесе оларды иеліктен шығару жөнінде жасалатын мәмілелер мониторингін жүзеге асырады.»;
20) 191-баптың 1-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;
21) 192-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру туралы шешімінің жобасын қажетті бюджет қаражатын бөлу негіздемесімен бірге Республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынады.»;
5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Бюджет процесiн ескере отырып, стратегиялық объектiлердi сатып алу мерзiмдерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң стратегиялық объектiні сатып алуға басым құқықты пайдалануы туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiм қабылдаған кезден бастап он екi айдан аспауға тиiс.»;
6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Стратегиялық объектiге өндiрiп алу қолданылған немесе банкроттық, оңалту туралы немесе жеделдетiлген оңалту рәсiмi туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалған жағдайларда, стратегиялық объектiлердiң меншiк иелерi (құқық иеленушiлерi) стратегиялық объектiге өндiрiп алуды қолдану туралы хабарламаны алған кезден бастап немесе соттың банкроттық, оңалту немесе жеделдетiлген оңалту рәсiмi туралы iс қозғау жөніндегі ұйғарымының көшiрмесiн алған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде тиісті саланың уәкiлеттi органын стратегиялық объектiге өндiрiп алуды қолдану немесе банкроттық, оңалту немесе жеделдетiлген оңалту рәсiмi туралы iстер бойынша iс жүргiзудiң қозғалғаны туралы жазбаша хабардар етуге мiндеттi. Хабардар ету жөнiндегi мiндеттердi сақтамау осы Заңның 195-бабында көзделген салдарларға алып келеді.».
14. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 1, 3-құжат; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 14, 94-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 11, 61-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 17 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 13-бапта:
5) тармақша алып тасталсын;
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы негiзiнде, жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi стратегиялық объектiмен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкiн азаматтық-құқықтық мәмiле жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды;»;
2) 23-баптың 6-тармағының 4), 6) және 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«4) шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың магистральдық байланыс желілерін Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға құрмай басқаруына немесе пайдалануына;»;
«6) байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi органның, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының келiсiмiнсiз, қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде байланыс желісін иеленушi және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асырушы ұйымның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының 10 пайызынан астамын жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе тұлғалар тобы құрамында сатып алуына немесе өзгеше меншiкке алуына;
7) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген, байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті органның қорытындысына негізделген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң шешімінсіз қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде телекоммуникациялар саласындағы қызметтi жүзеге асырушы, жер бетiндегi (кәбілдік, оның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) байланыс желілерін иеленуші заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;».
15. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 4, 29-құжат; 2014 ж., № 4-5, 24-құжат; № 12, 82-құжат; 2015 жылғы 29 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 18 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайырымдылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 24-бапта:
2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер осындай компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:»;
3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:»;
2) 4-тарау мынадай мазмұндағы 24-1-баппен толықтырылсын:
«24-1-бап. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру
1. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
2. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар активтерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Активтерді бәсекелес ортаға беру:
1) әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін активтер бойынша тәуелсіз консультанттарды тарта отырып жүзеге асырылады. Мұндай активтерді өткізу тәсілін Қордың директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, тәуелсіз консультанттардың ұсыныстары негізінде айқындайды;
2) өзге де активтер бойынша аукцион тәсілімен жүзеге асырылады.
4. Аукцион:
бірінші рет - бағаны көтеру әдісімен;
екінші және үшінші рет - бағаны төмендету әдісімен өткізіледі.
Екінші сауда-саттықта активті сату өткізілетін активтің алғашқы бағасының елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгілене отырып, бағаны төмендету әдісі қолданылып аукционда жүзеге асырылады.
Үшінші сауда-саттықта активті сату ең төмен баға белгіленбей, бағаны төмендету әдісі қолданыла отырып аукционда жүзеге асырылады.
Әрбір кейінгі сауда-саттық жиырма жұмыс күні мерзімінде жүзеге асырылады.
5. Аукционды өткізу кезінде өткізілетін активтің бастапқы бағасы өткізілетін активті сатудың алғашқы бағасына тең.
6. Өткізілетін активтің алғашқы бағасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес сатушы белгілейді.
Өткізілетін активтің алғашқы бағасы өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін.
7. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың аукцион тәсілімен активтерді өткізуі мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жүзеге асырылады.
8. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен баға бойынша өткізуге жол беріледі.
9. Үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша өткізілмеген активтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға немесе қайта ұйымдастырылуға жатады.
10. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін тікелей атаулы сату тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.».
2-бап. Осы Заң, 2016 жылғы 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, осы Заңның 1-бабы 4-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацын, 5) және 10) тармақшаларын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы желтоқсанның 4-і.
№ 435-V