Сарапшы ұйымға қойылатын біліктілік талаптарын және Мақта талшығының сапасына сараптама жүргізу және
мақта талшығы сапасының паспортын беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 желтоқсандағы № 1173 Қаулысы
Осы редакция 2015 жылғы 28 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.Қоса беріліп отырған:
1) сарапшы ұйымға қойылатын біліктілік талаптары;
2) Мақта талшығының сапасына сараптама жүргізу және мақта талшығы сапасының паспортын беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 1173 қаулысымен
бекітілген
Сарапшы ұйымға қойылатын біліктілік талаптары
Мақта талшығының сапасына сараптама жасауды жүзеге асыратын сарапшы ұйымға қойылатын біліктілік талаптары мыналардың:
1) меншік құқығындағы немесе мүліктік жалдауындағы, өрт және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін:
желдету жүйесімен (ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 65% +2 %, ауа температурасы 21С + 1С);
стандартты ауа райы жағдайында мақта талшығының сынамаларын жылдам желдету қондырғысымен (ауаның салыстырмалы ылғалдығы 65 % +2%, ауа температурасы 21С + 1С);
түрін бекіту мақсатында сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан өткен, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілген және белгіленген тәртіппен тексерілген, керамикалық түс үлгілерінің жинағы, калибрлік эталондары бар, өнімділігі жоғары, өлшейтін автоматтандырылған мақта талшығын сынау жүйесімен (НVІ типті);
мақта талшығының сынамаларын сақтауға арналған стелаждармен жарақтандырылған үй-жайдың;
2) меншік құқығындағы немесе мүліктік жалдауындағы, өрт және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарына және мынадай:
терезе ойықтары жоқ, қабырғалары - күңгірт-ашық сұр, төбесі - күңгірт-ақ, классерлік үстелдер - күңгірт-қара, едені - қара-сұр, қара-қоңыр немесе қара түсті;
люминесценттік шамдардың классерлік үстелдерден орналасу биіктігі 2,5-3,0 метр;
классерлік үстелдің жұмыс бетінің жарықтылығы 500-1200 люкс параметрлеріне жауап беретін;
мақта талшығының сыртқы түрінің стандартты үлгілерінің бекітілген немесе Қазақстан Республикасында қолдануға жол берілген жиынтығымен және түрін бекіту мақсатында сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан өткен, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілген және белгіленген тәртіппен тексерілген микронейр көрсеткішін анықтауға арналған құралмен жарақтандырылған, мақта талшығын классерлік бағалауға арналған үй-жайдың;
3) тиісті арнайы білімі және өнімділігі жоғары өлшейтін автоматтандырылған мақта талшығын сынау жүйесіне (НVІ типті) қызмет көрсету жөніндегі бір жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар, өнімділігі жоғары өлшейтін автоматтандырылған мақта талшығын сынау жүйесіне (НVІ типті) функционалды және техникалық қызмет көрсететін білікті мамандардың;
4) тиісті арнайы білімі және мақта талшығының сапасын классерлік бағалау жөніндегі екі жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар мақта жөніндегі білікті сарапшылардың (классерлердің);
5) стандарттау жөніндегі техникалық регламенттердің және нормативтік құжаттардың;
6) мақта талшығының сынамаларын мақта тазалау зауыттарынан уақтылы жеткізуге арналған мамандандырылған автокөліктің болуын қамтиды.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 1173 қаулысымен
бекітілген
Мақта талшығының сапасына сараптама жүргізу және мақта талшығы
сапасының паспортын беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мақта талшығының сапасына сараптама жүргізу және мақта талшығы сапасының паспортын беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және мақта талшығының сапасына сараптама жүргізу және мақта талшығы сапасының паспортын беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
классерлік әдіс - мақта жөніндегі сарапшы (классер) жүзеге асыратын, сорты, сыныбы және штапельдік ұзындығы бойынша мақта талшығын қолмен бағалау;
мақта талшығының сыртқы түрінің стандарттық үлгілері - мақта талшығының нақты сорты мен сыныбына тән, түсі, дақ түсуі, құрылымы және ластануы бойынша мақта талшығының сапа сипаттамаларының жиынтығын білдіретін, бекітілген немесе белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында қолдануға жол берілген үлгілер;
мақта талшығының иесі - меншік құқығында мақта талшығы бар жеке немесе заңды тұлға;
мақта талшығының сапасы - стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін айқындайтын мақта талшығының тұтыну қасиеттерінің жиынтығы.
3. Мақта талшығының сапасын сараптау міндетті болып табылады және мақта талшығының әрбір бумасы бойынша (бумалап) жүзеге асырылады.
4. Мақта талшығының сапасын сараптауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын сарапшы ұйым Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.
2. Мақта талшығының сапасына сараптама жүргізу тәртібі
5. Мақта талшығының сапасын сараптау:
1) сынамаларды іріктеуді;
2) сынамаларды сынақтан өткізуді;
3) мақта талшығы сапасының паспортын ресімдеуді қамтиды.
6. Мақта талшығының әрбір бумасынан сынама (100-150 грамм) іріктеуді мақта тазалау зауытында бума қыспақтан шыққанда сараптау ұйымының іріктеушісі жүзеге асырады.
7. Сәйкестендіру мақсатында сарапшы ұйымның іріктеушісі әрбір іріктеп алынған мақта талшығы сынамасына бума нөмірінің штрих-коды бар биркадан жұлынатын купонды салады.
Купон жұлынып алынған бирка сынама алынған буманың тілінген бөлігіне салынады.
8. Сарапшы ұйымның іріктеушісі мақта талшығының іріктеп алынған сынамаларын жұлынған купондармен бірге полиэтилен пакеттерге буып-түйіп, оларды қапқа тығыздап салады. Қап зат бөлгімен мөрленеді.
9. Бір өнеркәсіптік әрі селекциялық сортты және сыныпты шитті мақтадан өңделген мақта талшығынан сынамалар іріктеп алу сарапшы ұйымның іріктеушісі мен мақта тазалау зауытының өкілі қол қоятын, екі данадағы сынамаларды іріктеп алу актісімен ресімделеді, оның біреуі мақта тазалау зауытының өкіліне, екіншісі - сынамаларды сарапшы ұйымның зертханасына тасымалдауды жүзеге асыратын сарапшы ұйымның өкіліне беріледі.
Сарапшы ұйымның іріктеушісі мақта талшығының сынамаларын бумалап іріктеп алуды тіркеу журналын жүргізеді.
10. Сынамалар салынған мөрленген қаптарды сарапшы ұйымның өкілі сарапшы ұйымның зертханасына тасымалдайды.
11. Сарапшы ұйымның зертханасына жеткізілген сынамалар салынған қаптарды сарапшы ұйымның маманы қабылдап, мақта тазалау зауыттарында іріктеп алынған мақта талшығының сынамаларын қабылдауды тіркеу журналына тіркейді.
12. Мақта талшығының сынамаларын сынақтан өткізуді сарапшы ұйымның мамандары сарапшы ұйымның зертханасында қолданыстағы стандарттарға сәйкес жүргізеді.
13. Мақта талшығының сынамалары алдын ала жылдам желдету қондырғысында ұсталады немесе 24 сағат бойы стандартты ауа райы жағдайындағы үй-жайда желдетіледі: ауаның салыстырмалы ылғалдығы 65%+2%, ауа температурасы 21С + 1С.
14. Мақта талшығының сынамаларын сынақтан өткізу екі кезеңде жүзеге асырылады:
1) өнімділігі жоғары өлшейтін автоматтандырылған мақта талшығын сынау жүйесі (НVІ типті) арқылы;
2) классерлік әдіспен.
15. Мақта талшығын сынақтан өткізуді бастар алдында өнімділігі жоғары өлшейтін автоматталған мақта талшығын сынау жүйесін (НVІ типті) күйге келтіруді жүзеге асырады.
16. Өнімділігі жоғары өлшейтін автоматтандырылған мақта талшығын сынау жүйесі (НVІ типті) арқылы мақта талшығының мынадай көрсеткіштерін өлшейді:
микронейр көрсеткіші;
түс көрсеткіштері (шағылысу коэффициенті, сарғаю дәрежесі);
ластану көрсеткіштері (трэш код, арамшөпті қоспалар алаңы, арамшөпті қоспалар саны);
ұзындық көрсеткіштері (жоғарғы орташа ұзындық, ұзындығы бойынша біркелкілік индексі, қысқа талшықтар индексі);
мықтылық көрсеткіштері (үлестік үзілу жүктелімі, үзілгендегі ұзаруы).
17. Классерлік әдіс:
мақта талшығының сыртқы түрінің стандарттық үлгілерімен салыстыру жолымен сорты мен сыныбы бойынша мақта талшығын органолептикалық бағалауды;
штапельді қолмен төсеу жолымен штапельдік ұзындығын анықтауды көздейді.
Бұл ретте сондай-ақ микронейр көрсеткіші (аспаппен), мақта талшығының сынамаларында басқа қоспалардың (мақта тұқымының, линттің, шитті мақтаны бастапқы қайта өңдеу қалдықтарының, майланған мақта талшығының, шірік иісінің) болуы және жабысқақтығы анықталады.
18. Мақта талшығының сапасын бумалап сынақтан өткізу нәтижелері бойынша әрбір бумаға мақта саласын дамыту жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша мақта талшығы сапасының паспорты ресімделеді.
Мақта талшығы иесінің өтінімі бойынша оның есебінен мақта талшығы сапасының бумалық паспорттары негізінде мақта талшығының біртектес партиясына біріктірілген мақта талшығы сапасының паспорты ресімделуі мүмкін.
19. Мақта талшығының сапасы паспортының бланкісі қара немесе көк түсті шарикті немесе қауырсынды қаламмен қолмен не машинкамен басу тәсілімен толтырылады. Мақта талшығы сапасының паспортының бланкісін толтыру кезінде түзетулерге жол берілмейді.
Сарапшы ұйымның уәкілетті өкілі мақта талшығының сапасы паспортының бланкісін толтырады, оған қол қояды және сарапшы ұйым зертханасының мөрімен бекітеді.
3. Мақта талшығы сапасының паспортын беру тәртібі
20. Мақта өңдеу ұйымына мақта талшығы сапасының паспортын сарапшы ұйым мақта тазалау зауытында мақта талшығының сынамаларын іріктеуден кейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей беруі тиіс.
21. Мақта талшығының сынамаларын сынақтан өткізу нәтижелері негізінде мақта өңдеу ұйымы түрі, өнеркәсіптік және селекциялық сорты бойынша біртекті, үш сыныпқа дейін болуға жол берілетін мақта талшығының партиясын жинақтайды, жинақталған мақта талшығы партиясының кондициялық салмағын айқындайды. Мақта талшығын тиеп жөнелту кезінде мақта өңдеу ұйымы жөнелту құжаттарына мақта талшығы сапасының паспортын салады.
22. Мақта талшығы сапасының паспорты берілген күннен бастап күшіне енеді және мақта талшығын сақтау шарттарын сақтаған жағдайда сегіз ай бойы қолданылады.
23. Мақта талшығының сынамалары сынақтан өткізгеннен кейін мақта талшығының иесі партияны тиеп жөнелткенге дейін, бірақ мақта талшығының сапасы паспортының қолданылу мерзімінен асырмай сарапшы ұйымның зертханасында сақталады, содан соң мақта өңдеу ұйымына қайтарылады.
4. Қорытынды ережелер
24. Мақта саласын дамыту саласындағы уәкілетті орган сарапшы ұйымның осы Ережені сақтауын жыл сайын бақылауды жүзеге асырады.
25. Қажет болған жағдайда мақта талшығының иесі өз қаражаты есебінен өзге сарапшы ұйымда мақта талшығының сапасын қайта сараптауды жүзеге асыруға құқылы.