2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 242-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
242-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет ұғымы мен мазмұны
1. Еңбек өнімділігін арттыру және экономиканың басым секторларының дамуын ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында экологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжытуға байланысты қызмет индустриялық-инновациялық қызмет болып табылады.
Экономиканың басым секторлары деп мемлекеттің экономикалық даму серпіні мен сапасына ықпал ете алатын ұлттық экономика секторлары түсініледі.
2. Белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын, технологиялар трансфертіне, жаңа өндірістерді құруға (жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіруге) және (немесе) инновациялық қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар кешені индустриялық-инновациялық жоба болып табылады.
Инновациялық қызмет деп инновацияларды жасауға бағытталған қызмет (ғылыми, ғылыми-техникалық, технологиялық, инфокоммуникациялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және (немесе) коммерциялық қызметті қоса алғанда) түсініледі.
Инновациялық қызметтің тұтынуға енгізілген, қандай да бір жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнім (тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет), технология немесе процесс, жаңа маркетинг әдісі немесе іскерлік практикадағы, жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастырудағы жаңа ұйымдастыру әдісі түрінде іске асырылған түпкілікті нәтижесі инновация болып табылады.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 243-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
243-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері
Индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар (оның ішінде жай серіктестіктер нысанындағы) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері болып табылады.
244-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың мақсаты, міндеттері және негіздері
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негiзiнде ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру болып табылады.
2. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мiндеттерi:
1) экономиканың басым секторларын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
2) бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайларды қамтамасыз ету;
3) еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, өндiрiстiк тiзбектi ұзарту және нарықты кеңейту, сондай-ақ өндірістік қуаттар құру және жұмыс орындарын сақтай отырып, қалпына келтіру, оңалтылатын өндірістерді іске қосу мақсатында өндiрiстік объектілерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру), қаржы-экономикалық сауықтыру, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) инновациялық қызметті, инновацияларды тиiмдi енгізуді және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамытуды қолдау;
5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетiн арттыру;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне технологияларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда жәрдем көрсету;
7) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлеріне экспорттық әлеуеттi дамытуда жәрдем көрсету;
8) экономиканың басым секторларында ғылыми-зерттеу базасын дамыту және оны өндiрiстiк процеспен интеграциялау;
9) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықта, оның iшiнде индустриялық-инновациялық қызмет үшiн бiлiктiлігі жоғары кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықта жәрдем көрсету;
10) еңбек өнімділігін арттыруда және аумақтық кластерлерді дамытуда индустриялық инновациялық қызмет субъектілеріне жәрдем көрсету болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметiн мемлекеттiк қолдау:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк қолдау алуға тең қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етуге;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне мемлекеттiк қолдаудың ұсынылатын шараларының жариялылығына, атаулылығы мен транспаренттiлiгiне;
3) мемлекет пен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмдiлiгiн қамтамасыз етуге;
4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi индустриялық-инновациялық жобалардың жеке-дара ерекшелiктерiн ескере отырып, оларды табысты iске асыру мақсатында мемлекеттiк қолдау шараларын оңтайландыруға;
5) мемлекет пен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тұрақты өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн кешендiлiкке және жүйелiлiкке негiзделедi.
2-параграф. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесі
245-бап. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесін қалыптастыру мақсаттары
Қазақстан Республикасында экономиканың басым секторларын дамытуды және индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды ынталандыру мақсатында индустриялық-инновациялық жүйе қалыптастырылады, ол индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын субъектiлерден, инфрақұрылымнан және құралдардан тұратын.
246-бап. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерi
1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерiне даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі шаралар және ұлттық экономиканы дамыту шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық, оның iшiнде өңiрлiк даму институттары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау шараларын iске асыруға уәкiлеттiк берілген, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде мемлекетке тиесiлi өзге де заңды тұлғалар жатады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау саласындағы ұлттық даму институты:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің, сондай-ақ жаңа индустриялық-инновациялық жобалар, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған индустриялық-инновациялық жобалар құру үшін өзге заңды тұлғалар ашу (құру) арқылы жарғылық капиталдарына инвестициялар салуды жүзеге асырады;
2) ұлттық даму институттарынан, екінші деңгейдегі банктерден және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын және (немесе) оларға қатысатын ұлттық басқарушы холдингтерге тікелей не жанама түрде тиесілі өзге де заңды тұлғалардан кредиттер (қарыздар) жөніндегі құқықты (талапты) иемденеді;
3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қаржы-экономикалық сауықтыру, сондай-ақ экономиканың басым секторларының экономикалық белсенділігін және инвестициялық тартымдылығын қолдау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін тұжырымдайды және іске асырады:
берешекті қайта құрылымдау;
жарғылық капиталдарға инвестициялар салу;
стратегиялық және институционалдық инвесторларды іздестіру және тарту;
индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің қаржы-экономикалық сауығуына ықпал ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қолдау түрлері.
3. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
1) өңірлерді индустриялық-инновациялық дамытуды қоса алғанда, экономиканың басым секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
2) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасын әзiрлеу мен жаңарту бойынша қызметтер көрсетедi;
3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустрияландыру картасын қолдау бойынша қызметтер көрсетедi;
4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
5) аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
6) аумақтық кластерлерді дамыту процестерін қолдау бойынша қызметтер көрсетеді;
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы өнеркәсіптік даму саласындағы консультативтік-кеңесші органның қызметін талдамалық және сараптамалық қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетеді;
8) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан алынған статистикалық ақпарат пен деректерге талдау жүргізуді, сондай-ақ ұсыныстар мен сараптамалық қорытындыларды тұжырымдауды көздейтін, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды басқару бойынша қызметтер көрсетеді.
4. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
1) технологиялық болжау процесiне қатысады;
2) инновацияларды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жарғылық капиталдарына қатысу, шетелдiң қатысуымен заңды тұлғалар құру, инвестициялық және венчурлік қорлар құру немесе оларға қатысу жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсiлдермен индустриялық-инновациялық жобаларға инвестицияларды жүзеге асырады;
4) технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, технопарктердi, конструкторлық бюроларды, технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтарын құруға, басқаруға және үйлестiруге қатысады;
5) экономиканың басым секторларын технологиялық дамытуды ынталандыру үшiн ақпараттық ресурстарды, бiлiм беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
6) iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар, ендірілген технологиялар, технологиялық болжау бойынша жүргiзiлген талдамалық зерттеу нәтижелерi туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi;
7) технологиялық бизнес-инкубациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансфертi, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң кадрлық, басқарушылық және өндiрiстiк әлеуетiн күшейту бойынша мемлекеттiк қолдау тетiктерiн iске асыруға қатысады;
8) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды бередi;
9) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға инновациялық гранттар беру жөнiнде қызметтер көрсетедi;
10) технологиялық дамыту саласында ақпарат жинауды және индустриялық-инновациялық жүйенiң тиiмдiлiгiн талдауды жүзеге асырады;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қорларды, венчурлік қорларды және венчурлік қаржыландыруды дамытуға жәрдемдеседi.
5. Жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;
2) жергiлiктi қамтуды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға iшкi нарықта отандық тауар өндірушілерді, жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушілерді мемлекеттiк қолдау шараларының iске асырылу тиiмдiлiгiн талдау бойынша қызметтер көрсетедi;
4) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тауарларын, жұмыстары мен көрсетiлетiн қызметтерiн iшкi нарықта ілгерілету бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеу бойынша қызметтер көрсетедi;
5) жергiлiктi қамту бойынша сараптаманы жүзеге асырады;
Жергілікті қамту бойынша сараптама деп индустрияландыру картасына енуге үміткер индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасындағы жергілікті қамтуды бағалау түсініледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) субконтрактация орталығы болып табылады.
Субконтрактация деп өндірістік қызметті оңтайландыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындар қолданатын өндірістік (өнеркәсіптік) аутсорсинг нысандарының бірі түсініледі;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға iшкi нарықтағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн сервистік қолдау бойынша, оның ішінде жергілікті қамтуды дамытуға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтерді сатып алуға арналған ақпараттық жүйелерді қолдап отыру бойынша қызметтер көрсетеді.
Жергілікті қамту деп индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасына тартылған Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбегіне ақы төлеу құнының осы жоба бойынша еңбекақы төлеудің жалпы қорынан және (немесе) тауарларда, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде белгіленген жергілікті өндірілу үлестері құнының индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасын іске асыру кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы құнынан пайыздық қамтылуы түсініледі.
6. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық даму институты:
1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргiзедi;
2) шетелдiк инвесторлардың қызметiн ақпараттық қолдауды қамтамасыз етедi, оның iшiнде инвесторлардың мемлекеттiк органдармен, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiмен, сондай-ақ жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен кездесулерiн ұйымдастырады, инвестиция тақырыбы бойынша бизнес-форумдар, конференциялар мен семинарлар өткiзедi, шетелдiк инвесторлардың дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;
3) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджiн ілгерілетеді, оның iшiнде инвестициялық мүмкiндiктер туралы ақпарат ұсынады;
4) шетелдiк инвесторлармен келiссөздердiң қорытындылары бойынша қол жеткiзiлген ресми уағдаластықтардың iске асырылу мониторингiн жүргiзедi;
5) шетелдiк инвесторлардың қатысуымен iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалардың мониторингiн жүргiзедi.
7. Экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институты:
1) сыртқы нарықтарға талдау жүргiзедi;
2) отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша жәрдем көрсетеді;
3) отандық экспорттаушыларға сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, әлеуеттi экспорттық нарықтарды iздестiру және олардың тауарларын, көрсетiлетiн қызметтерiн сыртқы нарықтарға ілгерілету мәселелерi бойынша ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
4) отандық өңделген тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету жөнінде iс-шаралар жүргiзедi;
5) отандық өңделген тауарлардың және көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету мәселелерi бойынша отандық, шетелдiк және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
6) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң отандық өңделген тауарларды ілгерілету жөніндегі шығындарының бiр бөлiгiн өтеу бойынша қызметтер көрсетедi;
7) отандық өңделген тауарлардың және көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету мақсатында шетелдiк өкiлдiктер құрады.
8. Даму институттарын, қаржылық ұйымдарды басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі шаралар және ұлттық экономиканы дамыту шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысады;
2) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді;
3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
247-бап. Индустриялық-инновациялық инфрақұрылым
Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның элементтерi мыналар болып табылады:
1) арнайы экономикалық аймақтар, оның iшiнде дербес кластерлiк қор;
2) индустриялық аймақтар;
3) технопарктер;
4) тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлар;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) венчурлік қорлар;
5) технологияларды коммерцияландыру орталықтары;
6) конструкторлық бюролар;
7) технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтары;
8) инновациялық кластерлер.
248-бап. Арнайы экономикалық аймақтар
Арнайы экономикалық аймақ қызметтiң басым түрлерiн жүзеге асыру үшiн арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимi қолданылатын, дәл белгiленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бiр бөлiгiн білдіреді.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшiн осы Кодексте, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген арнайы құқықтық режім қолданылады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында немесе оның бiр бөлiгiнде еркiн кедендiк аймақ кедендiк рәсiмi қолданылады. Шегiнде еркiн кедендiк аймақ кедендiк рәсiмi қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың шекаралары Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақ құру туралы актiсiне сәйкес айқындалады.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк аумағының бiр бөлiгi болып табылады.
Еркiн кедендiк аймақ кедендiк рәсiмi Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес қолданылады. Еркiн кедендiк аймақ кедендiк рәсiмi қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендiк бақылау аймағы болып табылады.
3. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық
шарттармен қамтамасыз етiлетiн құқықтар мен мүдделердi қорғауға кепiлдiк берiледi.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының мүлкiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншігіне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда және тәртiппен жол берiледi.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да міндетті төлемдердi төлегеннен кейiн арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтi жүзеге асырудан алынған кірістерін өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
249-бап. Индустриялық аймақтар
1. Коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен беретiн ауыл шаруашылығына арналмаған жер индустриялық аймақ болып табылады.
2. Индустриялық аймақтар кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. Индустриялық аймақтардың мiндеттерi:
1) өнеркәсiп саласындағы кәсiпкерлiктi жедел дамытуға жәрдемдесу;
2) жаңа өндiрiстер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
3) өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру;
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 250-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
250-бап. Технологиялық парк
1. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты немесе дербес білім беру ұйымы құрған не Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, индустриялық-инновациялық қызметтi iске асыру үшiн қолайлы жағдайлар жасалатын бiрыңғай материалдық-техникалық кешенi бар аумаққа меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде иелiк ететiн заңды тұлға технологиялық парк (бұдан әрi - технопарк) болып табылады.
2. Технопарктер қызметiнiң негiзгi түрi индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы субъектілердің жұмыс iстеуiнiң бастапқы кезеңiнде оларға үй-жайлар, жабдықтар беру, бухгалтерлiк есеп жүргiзу, заңдық, ақпараттық және консультациялық қолдау, инвестициялар тарту, жобаларды басқару бойынша қызметтер, сондай-ақ индустриялық-инновациялық жобаларды, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру үшiн қажеттi өзге де қызметтер көрсетуді бiлдiретiн технологиялық бизнес-инкубациялау болып табылады. Технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерiн көрсету, сондай-ақ мұндай көрсетілетін қызметтер құнын айқындау қағидаларын, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
251-бап. Акционерлiк инвестициялық қорлар
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қызметiнiң айрықша түрi «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген талаптарға және өзiнiң инвестициялық декларациясына сәйкес осы қоғамның акционерлерi оның акцияларын төлеу үшiн қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесiнде алынған активтердi жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлiк қоғам акционерлiк инвестициялық қор болып табылады.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлардың қызметi «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледi.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 251-1-баппен толықтырылды
251-1-бап. Венчурлік қорлар және венчурлік қаржыландыру
1. «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға сәйкес венчурлік қаржыландыру мақсаттарында ғана ақша мен өзге де мүлікті тартуды және жинақтауды жүзеге асыратын жай серіктестік немесе акционерлік қоғам немесе шаруашылық серіктестік нысанындағы заңды тұлға венчурлік қор болып табылады.
Венчурлік қор Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерімен банктік салым шарттарын жасасуға құқылы.
2. Венчурлік қаржыландыру деп инновациялық қызметті ғана жүзеге асыратын тұлғаларды олардың жарғылық капиталына инвестициялар салу, олар шығарған қаржылық құралдарды сатып алу немесе оларға ақшалай қарыз ұсыну арқылы қаржыландыруға байланысты қызмет түсініледі.
252-бап. Технологияларды коммерцияландыру орталығы
1. Жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарларды, процестер мен көрсетiлетiн қызметтердi нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн практикалық қолдануға байланысты, оң экономикалық әсер алуға бағытталған қызметті (технологияларды коммерцияландыруды) жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары оқу орнының немесе дербес бiлiм беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлiмшесi технологияларды коммерцияландыру орталығы болып табылады.
2. Технологияларды коммерцияландыру орталықтары қызметiнiң негiзгi бағыттары: коммерцияландыру үшiн технологияларды iздестiрудi және бағалауды, маркетингтiк зерттеулердi, зияткерлiк меншiктi қорғау саласында консультациялық қызметтер көрсетудi, технологияларды коммерцияландыру стратегиясын әзiрлеудi, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң технологияларды коммерцияландыру саласында шарттар жасасуы мақсатында олардың өзара iс-қимылын ұйымдастыруды қоса алғанда, бiрақ олармен шектелмей, технологияларды коммерцияландыру жөнiндегi қызметтер кешенiн көрсету болып табылады.