5. Сот ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе ұзартуға құқылы.
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салуды қолдану шараларын қабылдауға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету негіздері сот тергеуі сатысында туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда прокурордың келісуімен, егер мүліктің меншік иесінің жеке басы анықталса, оны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, мүлікке билік етуге он тәуліктен аспайтын мерзімге уақытша шектеу белгілеуге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мүлікке билік етуге шектеу белгіленген мерзім өткен соң осы Кодекстің 162-бабында көзделген тәртіппен сот алдында мүлікке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығаруға не белгіленген шектеуді алып тастауға міндетті.
Мүліктің меншік иесін оған тиесілі мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету мына жағдайларда:
1) террористік немесе экстремистік қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
3) егер мүліктің меншік иесін мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан жасырын тергеу іс-шаралары туралы ақпараттың ашылу қаупін туғызса, жүргізілмейді.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
4. Үкімді күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдануға жататын, қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы азаматтық талап қою бөлігінде орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
6. Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.05.07. № 88-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бөлік жаңа редакцияда; 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бөлік өзгертілді
7. Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын өзге де заттарға тыйым салынбайды.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына тыйым салуға жол берілмейді.
8. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде немесе экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған не пайдаланылуға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салынуы мүмкін.
Басқа тұлғалар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының әрекеттерімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болған жағдайларда, олардың да мүлкіне тыйым салынуы мүмкін.
9. Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам соттың санкциясын алғанға дейін прокурорды және сотты жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар ете отырып, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасасуды тоқтата тұру туралы қаулы шығаруға құқылы не осы мүлік алып қойылуы мүмкін.
162-бап. Мүлікке тыйым салу тәртібі
1. Мүлікке тыйым салу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады.
Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы, саралануы, күдікті, айыпталушы немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауапты тұлға туралы деректер, қойылған талап болған кезде тыйым салу ұсынылатын мүліктің құны, оның тұрған жері және мүлікке тыйым салу қажеттігі туралы түйіндер қамтылады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлікке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулысы және оның материалдары тыйым салынуға жататын мүлік анықталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей тергеу судьясына ұсынылуға тиіс. Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
163-бап. Мүлікке тыйым салуды санкциялау тәртібі
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүлікке тыйым салуды санкциялау құқығы - тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлiкке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулысы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жер бойынша не күдіктінің, айыпталушының мүлкі табылған жер бойынша тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тергеу судьясы мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты қарап, мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу туралы мәселені шешу кезінде тергеу судьясы мүліктің күдіктіге, айыпталушыға тиесілі екенін және оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылғанын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын куәландыратын нақты мән-жайларды көрсетуге тиіс.
Мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны туралы анық деректер бар болған, бірақ бұл мүлікті анықтау мүмкін болмаған кезде тергеу судьясы оған құны бойынша баламалы басқа мүлікке тыйым салуға құқылы.
5. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынуға жататын мүлiк, сотқа дейінгі iс жүргiзу барысында оның қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мүлікті сақтау орны туралы мәлімет көрсетiлуге тиiс.
Қажет болған кезде мүлікке тыйым салу туралы қаулы орындалуы үшін тиісті уәкілетті органға жіберілуі мүмкін.
6. Тергеу судьясының мүлікке тыйым салу туралы қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, күдіктіге немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауаптылықта болатын тұлғаға, сондай-ақ прокурорға, азаматтық талапкерге, жәбірленушіге жіберіледі.
7. Судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын сот орындаушысы орындайды.
8. Сот орындаушысы судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды, билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды.
9. Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін.
10. Мүліктің меншiк иесi немесе иеленушiсі қандай нәрселерге бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн, оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады.
12. Банктердегi және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
13. Мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 164-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
164-бап. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулысын прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау және оған шағым жасау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының, оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғаның мүлкіне тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, сондай-ақ ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың мүлiкке тыйым салуды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
165-бап. Жақындауға тыйым салу
1. Жақындауға тыйым салу жәбірленушіні және іске қатысатын өзге адамдарды қорғау мақсатында күдіктінің, айыпталушының, сотталушының оларды іздестіруін, олардың ізіне түсуін, оларға баруын, олармен телефон арқылы сөйлесуін және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауын шектеуден тұрады.
Жақындауға тыйым салуды тергеу судьясы санкциялайды не оны сот қолданады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты қаупі болған не оны күдікті, айыпталушы жасаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның жазбаша арызы бойынша сот алдында жақындауға тыйым салуды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны сотқа жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің жақындауға тыйым салуды қолдану қажеттігін растайтын материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде жеке-дара қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап шығып, жақындауға тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
6. Жақындауға тыйым салу туралы қаулыда осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың негіздері және жақындауға тыйым салу түрлері, сондай-ақ оның сақталуын бақылау жүктелетін орган көрсетілуге тиіс. Жақындауға тыйым салу туралы қаулының көшірмесі прокурорға, күдіктіге, айыпталушыға, қорғаушыға, қорғалатын адамға және бақылауды жүзеге асыратын органға тапсырылады.
7. Жақындауға тыйым салу бұзылған кезде күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Жақындауға тыйым салудың күшін жоюды осы шараға қажеттілік жойылған кезде - тергеу судьясының санкциясы бойынша қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен, не қылмыстық істі сотта қарау барысында сот жүзеге асырады.
5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ МҮЛІКТІК МӘСЕЛЕЛЕР
20-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ АЗАМАТТЫҚ ТАЛАП ҚОЮ
166-бап. Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талап қоюлар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың тікелей қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қоғамға қауiптi іс-әрекетiмен келтiрiлген мүлiктiк және моральдық зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жәбірленушіні жерлеуге, емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтемі, жәрдемақы немесе зейнетақы ретiнде төленген сомаларды, сондай-ақ өкiлдiк етуге жұмсалған шығыстарға қоса, анықтау, алдын ала тергеу iсiн жүргізуге және сотқа қатысуға байланысты шеккен шығыстарды өтеу туралы азаматтық талап қоюлары қаралады.
2. Қылмыстық iс бойынша берілген азаматтық талап қоюды дәлелдеу осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
Егер азаматтық талап қоюға байланысты туындаған құқықтық қатынастар осы Кодексте реттелмеген болса, онда азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
3. Егер, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында азаматтық талап қоймаса немесе оны қойғаннан кейін кері қайтарып алса немесе оны сот қараусыз қалдырса, олар оны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы. Талапкердің азаматтық талап қоюды кері қайтарып алу туралы немесе оны қараусыз қалдыру туралы арызын сот осы Кодекске және азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес шешеді.
4. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданған азаматтық талап қою бойынша шешім қылмыстық сот ісін жүргізу барысында нақ осы талапты нақ осы адамдарға нақ осы негіздер бойынша қою үшін кедергі келтіретін негіз болып табылады.
167-бап. Азаматтық талап қою
1. Азаматтық талапты қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен тікелей мүліктік немесе моральдық зиян келтірілген тұлға не оның өкiлi сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін қоюы мүмкін.
Осы Кодекстің 58-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
Салдарында адам қайтыс болған қылмыстар туралы істер бойынша азаматтық талапты қайтыс болған адамның осы Кодексте көзделген жәбірленуші құқықтарын жүзеге асыратын жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) қоя алады.
2. Азаматтық талап күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе оның әрекеттері немесе есі дұрыс емес адамның әрекеттері үшін материалдық жауаптылықта болатын тұлғаларға қойылады.
Азаматтық талап қойған тұлға - азаматтық талапкер деп, өзіне талап қойылған тұлға азаматтық жауапкер деп аталады. Көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында процестік құқықтарды пайдаланады және осы Кодексте азаматтық талапкер мен тиісінше азаматтық жауапкер үшін белгіленген процестік міндеттерді көтереді.
3. Талапкер қылмыстық істе азаматтық талап қойған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
4. Азаматтық талап қоюдың соттылығы ол берілген қылмыстық істің соттылығымен айқындалады және қылмыстық іспен бірге қаралады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Азаматтық талап қою азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қойылады.
6. Күдікті адамның анықталмауы қылмыстық iсте азаматтық талап қоюға кедергі болмайды.
7. Азаматтық талап қоюдың негіздерін және талап қою талабының мөлшерін нақтылау қажет болған кезде тұлға талап қоюды толықтыруға құқылы.
8. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтарының немесе иммунитетiнiң болуына байланысты күдікті деп танылуға жатпайтын адамға азаматтық талап азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылуы мүмкiн.
168-бап. Залалды өтеудiң негiздерi, шарттары, көлемi және тәсілі туралы қағидаларды қолдану
1. Қылмыстық iсте қойылған азаматтық талапты қарау кезiнде залалды өтеу негiздерi, шарттары, көлемi мен тәсілі азаматтық, еңбек және басқа да заңнама нормаларына сәйкес айқындалады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
169-бап. Талап арызды қайтару, талап қоюдан бас тарту
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық талапкер қылмыстық процестің кез келген сатысында талап қою арызын қайтарып алу туралы мәлімдеуге құқылы. Талап қою арызын қайтарып алу туралы мәлімдеме жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында берiледі және қылмыстық iске қоса тiгіледі. Егер талап қою арызын қайтарып алу туралы мәлімдеме сот отырысында мәлімделсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық талапкердің қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгі іс жүргiзу сатысында талап қоюдан бас тарту туралы арызы жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында берiледі және қылмыстық iс материалдарына қоса тiгіледі. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы сот отырысында бiлдiрiлсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
3. Сот талап қоюдан бас тартуды сот талқылауының кез келген сәтінде, бiрақ сот үкiмді қаулы ету үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн қабылдайды.
Сот талап қоюдан бас тартуды қабылдағанға дейін азаматтық талапкерге талап қоюдан бас тартуды қабылдау ол бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғатынын және нақ осы тараптар арасындағы нақ осы нысана туралы дау бойынша және нақ осы негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде, сотқа қайталап жүгінуді болғызбайтынын түсіндіруге міндетті.
4. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы заңға қайшы болса немесе кімнің болса да құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот бұл әрекетті қабылдамайды.
170-бап. Азаматтық талап қою бойынша шешiмдер
1. Сот қылмыстық істегі азаматтық талап қоюды қарау қорытындылары бойынша:
1) азаматтық талап қоюды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы;
2) азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) азаматтық талапкердің азаматтық талап қоюды қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына беру туралы;
4) азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдау және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы;
5) азаматтық талап қою бойынша татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы;
6) азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыру туралы шешімдердің бірін шығарады.
Іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы шығарған кезде сот азаматтық талап қоюды толық қанағаттандырады.
2. Сот айыптау үкiмiн қаулы еткен немесе есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарған кезде азаматтық талап қоюды толық немесе iшiнара қанағаттандырады не оны қанағаттандырудан бас тартады.
Азаматтық талап қою толық немесе ішінара қанағаттандырылған жағдайларда сот үкімде оны азаматтық талап қою бөлігінде ерікті түрде орындау үшін мерзімді белгілейді және көрсетеді. Соттың үкімі ерікті түрде орындау үшін берілген мерзім ішінде азаматтық талап қою бөлігінде орындалмаған жағдайда, сот үкімді азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындату үшін жібереді. Мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Сот қылмыстық iстi талқылауды кейiнге қалдырмай азаматтық талап қою бойынша егжей-тегжейлі есеп-қисап жүргiзу мүмкiн болмаған кезде азаматтық талапкердің талап қоюды қанағаттандыру құқығын тани алады және оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алады.
4. Сот ақтау үкімін қаулы еткен, сол сияқты есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі істі тоқтату туралы қаулы шығарған кезде, егер қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекет анықталмаса не сотталушының немесе өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе шешiлген адамның қылмыстық құқық бұзушылық немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекетті жасауға қатысқаны дәлелденбесе не кінәсі анықталмаса, азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады.
5. Сот татуласу келісімін бекіткен, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізілген не азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайларда, сот азаматтық талап қою бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдайды.
6. Сот талап қоюды:
1) сотталушы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталған;
2) жасаған іс-әрекетінiң сипатына және өзiнiң жай-күйiне қарай қоғам үшiн қауiп төндiрмейтiн және мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж емес есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негiздер болмауына байланысты iс тоқтатылған;