1) Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;
2) мемлекеттік жер қойнауы мониторингі;
3) геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, жүйеге келтіру, жинақтап қорыту және талдау жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауының жай-күйі туралы мәліметтер жер қойнауын геологиялық зерттеудің нәтижелеріне, сондай-ақ геологиялық ақпаратқа, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептерге және өзге де құжаттарға негізделеді.
72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:
1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;
3) көмірсутектерді және пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің, кен іздеушіліктің, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жойылған объектілері туралы мәліметтерді;
4) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың жұмыс істеп тұрған объектілерін мемлекеттік есепке алу туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар, өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі туралы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылда пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.
Пайдалы қазбалардың әрбір көрініс табуы бойынша пайдалы қазбалардың болжамды (перспективалы) ресурстары, олардың көрініс табуының гидрогеологиялық және басқа да сипаттамалары туралы геологиялық-экономикалық деректер тіркеледі.
Жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтер жер қойнауы қуысының орналасу координаттары мен сипаттамалары туралы, оларда өндірістік, шаруашылық және басқа да объектілер мен заттардың орналасу, оларда технологиялық және өзге де процестерді жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы деректерді қамтиды.
3. Жер қойнауының әрбір учаскесі бойынша кеңістік шекараларда жер қойнауы учаскелерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, оның мөлшері мен орналасқан жері, жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын пайдалану құқығы солардың негізінде берілген құжаттар туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдалану құқығының кепілі туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептілік және өзге де құжаттама, геологиялық ақпарат тіркеледі.
4. Көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің жойылған объектілері туралы мәліметтерге жойылған өндіру объектілерін орналастыру жоспарлары, жою актілері және өндіру салдарын жою туралы басқа да деректер жатады.
5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтерін қалыптастыру жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу, мониторинг жүргізу, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептілік және өзге де мәліметтер есебінен қамтамасыз етіледі.
6. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу бойынша ақпаратты мемлекеттік органдарға олар белгілеген тәртіппен ұсынады.
7. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының жай-күйін өзі бекітетін тәртіппен есепке алу мақсатында жүзеге асырады.
73-бап. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі
1. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету және олардың өзгерістерін уақтылы анықтау, келеңсіз процестер салдарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдаланып байқау жүйесін білдіреді.
2. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингін жүзеге асыру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
74-бап. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу
1. Жүйелі өңірлік геологиялық зерттеулерді, Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық әдістері пайдаланылатын зерттеулерді, геологиялық түсіру жұмыстарын, кешенді геологиялық ақпарат алу және жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негізін құрайтын геологиялық карталар жасау мақсатында аэро- және (немесе) ғарыштық сейсмологиялық мониторингті; пайдалы қазбаларды іздестіру мен бағалауды, жер қойнауы жай-күйінің мониторингін, құрылысқа арналған инженерлік-геологиялық ізденулерді; жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді, жер қабатын және ондағы процестерді, пайдалы қазбалар көріністерін және жер қойнауының өзге де ресурстарын зерттеу мақсатында жүргізілетін өзге де жұмыстарды қамтуы мүмкін жұмыстар кешені жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу болып табылады.
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұйымдастырады және жүргізеді. Елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
3. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мен мердігер арасында жасалатын шарттың негізінде жүргізіледі.
4. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу аумағы және жұмыс түрлері шартта айқындалады.
5. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу Қазақстан Республикасының барлық аумағында, оның ішінде осы Кодекске сәйкес жекеше тұлғаларға пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелерінің аумағында жүргізілуі мүмкін. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын тұлғалардың қалыпты қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу жоспарланып отырған аумақ мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында жұмыстардың мақсаттары, міндеттері және сипаты көрсетіле отырып айқындалады.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу кезінде пайдалы қазбаларды іздестіру мен бағалау аумағы шегінде пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін, сондай-ақ кен іздеушілік үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға беруге жол берілмейді.
7. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей, ашық қолжетімділікке ұсынылады.
8. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын геологиялық барлау кезеңділігінің қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
75-бап. Геологиялық ақпарат
1. Кез келген жеткізгіште тіркелген және осындай мәліметтерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар жер қойнауы мен олардың учаскелерінің,кен орындарының және пайдалы қазбалар көріністерінің заттай құрамы, геологиялық құрылысы мен тарихы, геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық және тектоникалық ерекшеліктері туралы мәліметтер геологиялық ақпарат болып табылады.
Геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштеріне бұрғылау ұңғымаларының керндері, пайдалы қазбалардың, көмірқышқылды газдардың, меркаптандардың, судың сынамалары, жыныстар мен минералдардың үлгілері, тас материалдың сынамалары мен коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар жатады.
Геологиялық ақпараттың жасанды жеткізгіштеріне далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқауларды тіркеу журналдары, геологиялық есептер, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есептер, пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептер, бастапқы далалық деректердің және геологиялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру, талдау және жинақтап қорыту нәтижелерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері жатады.
2. Геологиялық ақпарат, егер ол бюджет қаражаты есебінен алынса немесе осы Кодекске сәйкес мемлекет меншігіне берілген болса, мемлекеттік меншікте болады (мемлекеттік геологиялық ақпарат).
Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жекеше геологиялық ақпарат).
Осы Кодексте көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға ұсынылатын геологиялық есептілікте және өзге де құжаттамада қамтылатын жекеше геологиялық ақпарат мемлекетке мерзімсіз иеленуге және пайдалануға беріледі.
3. Меншіктегі, сондай-ақ мемлекет иеленуі мен пайдалануындағы геологиялық ақпаратты есепке алуды, сақтауды, жүйеге келтіруді, жинақтап қорытуды және беруді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпаратты сақтау меноған қолжетімділікті қамтамасыз ету, геологиялық ақпаратты ұсынуды,жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мен құзыретті орган арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процестерін үйлестіруді автоматтандыру «Қазақстан Республикасы минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады. «Қазақстан Республикасы минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін пайдалануды геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық оператор қамтамасыз етеді.
Ұлттық оператор сақтау, жинақтап қорыту, жүйеге келтіру және мүдделі тұлғаларға беру үшін меншіктегі, сондай-ақ мемлекеттің иеленуі мен пайдалануындағы геологиялық ақпаратты жинауды жүзеге асырады.
Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға немесе пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайтын және осы бапта көзделген қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық оператор болып табылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың және оның жеткізгіштерінің болуын, оны есепке алу мен сақтауды, сондай-ақ жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өкілдерінің зерттеу немесе тексеру үшін оған кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың немесе лицензияның қолданылуы кезеңінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруға құқығы жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық ақпараттың керндер, жыныстар мен минералдардың үлгілері, сынамалар, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге зерттеу және талдау мақсатында ғана шығаруға құқылы. Мұндай зерттеу мен талдаудың нәтижелері осы Кодекске сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын геологиялық есептерге енгізілуге жатады.
Геологиялық ақпараттың жыныстар мен минералдар үлгілері, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығаруға ниеттенген жер қойнауын пайдаланушы ол жөнінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды болжанған әкету күніне дейін бір ай қалғанда жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Хабарламада шығарылатын табиғи жеткізгіштерді зерттеулердің сипаты, зерттеу жүргізудің болжалды мерзімі, зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындау мерзімі, зерттеу жүргізетін ұйым туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық ақпараттың сынамалар түріндегі табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруы және (немесе) сынамаларды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкетуі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайдаланушы рұқсат алу үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтінішпен жүгінеді, онда шығарылатын сынаманың көлемі мен оны зерттеулердің сипаты, зерттеу жүргізудің болжалды мерзімі, зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындау мерзімі және зерттеу жүргізетін ұйым туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде рұқсат беру туралы немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша:
1) рұқсат беруге арналған өтініш осы тармақтың талаптарына сәйкес келмесе;
2) иеліктен шығарылатын және (немесе) әкетілетін сынаманың көлемі болжалды зерттеудің сипатына айқын сәйкес келмесе;
3) болжалды зерттеулер Қазақстан Республикасында жүргізілсе;
4) бұрын берілген рұқсат бойынша жүргізілген зерттеудің және сынамалар талдауының нәтижелері туралы мәліметті қамтитын геологиялық есептер ұсынылмаған болса, рұқсат беруден бас тартады.
5. Өзіне тиесілі керндерді иеліктен шығаруды немесе жоюды жүргізуге ниеттенген жер қойнауын пайдаланушы осындай ниеті туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бір ай қалғаннан кешіктірмей жазбаша хабардар етуге міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан көрсетілген керндерді талапта көзделген мерзімде өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл мерзім бір айдан кем болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды болжалды тоқтатуға дейін үш ай қалғанда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды өзінде бар далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқаулар, тіркеу журналдары геологиялық ақпараттың бастапқы далалық деректерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері немесе бұрғылау ұңғымаларының керндері туралы жазбаша хабардар етуге міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мұндай хабарламаны алған күннен кейін бір ай ішінде жер қойнауын пайдаланушыдан геологиялық ақпараттың аталған жеткізгіштерін өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл талап оны алған күннен бастап бір ай ішінде орындалуға тиіс.
Керндерді Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкету жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның осы баптың 4-тармағының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген тәртіппен берілетін рұқсатымен жүзеге асырылады.
6. Жасанды жеткізгіштердегі геологиялық ақпаратты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкету, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, шектеулерсіз жүзеге асырылады.
7. Осы бапта көзделген шектеулер кен іздеушілікті және жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.
76-бап. Жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар туралы есептілік ұсынуға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы ұсынатын есептілік мерзімді немесе бір реттік болуы мүмкін.
Мемлекеттік органға ұсынылатын мерзімді есептілікте жер қойнауын пайдаланушының белгілі бір кезең ішіндегі (есепті кезең) қызметінің нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.
Жер қойнауын пайдаланушы бір реттік есептілікті мемлекеттік органға нақты бір мәселе бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі туралы хабарлау мақсатында ұсынады.
Есептіліктің құрамы және оны ұсыну тәртібі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның жазбаша сұрау салуы бойынша осындай сұрау салуды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, жүргізілген жұмыстарды және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстарды растайтын құжаттаманы тексеру үшін ұсынуға міндетті.
3. Кен іздеушілікті және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға Өндіруші салалар ашықтығының бастамалары стандартында көзделген, «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор болып табылатын тұлға растаған есептілікті ұсынуға міндетті.
Осы есептіліктің нысанын және оны толтыру жөніндегі нұсқаулықты Қазақстан Республикасындағы Өндіруші салалар қызметі ашықтығының бастамалары стандартын іске асыру бойынша уәкілеттік берілген мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
77-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен келісімшарттар туралы ақпаратқа қолжетімділік жасау
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беретін мемлекеттік орган берілген жер қойнауын пайдалану құқықтары туралы ақпаратқа ашық қолжеткізуді қамтамасыз етеді.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпарат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, мынадай мәліметтерді:
1) берілген лицензияның мазмұны және жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарт туралы;
2) мыналарды:
өздеріне (өзіне) тиесілі бақылау нысанын және тәсілін;
жеке тұлғалар үшін - тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдаланушыны бақылаушы тұлғалар және ұйымдар туралы;
3) ұсынылған есептілікке сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жылдар бойынша жүргізген шығыстардың жалпы сомасы туралы;
4) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жылдар бойынша төлемақының (жалдау төлемдері) төленген сомалары туралы;
5) қамтамасыз етудің түрін, қамтамасыз ету сомасын, оның қолданылу мерзімін және қамтамасыз етуді берген ұйымның атауын қамтитын, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жоюды қамтамасыз ету туралы;
6) мыналарды:
кепілді тіркеу күнін;
жеке тұлғалар үшін - кепіл ұстаушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін - кепіл ұстаушының атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) тіркелген кепілі туралы;
7) мыналарды:
ауысудың негізі мен күнін;
алынатын жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес мөлшерін;
жеке тұлғалар үшін - алушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін - алушының атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы туралы;
8) егер тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесін қамтамасыз ету жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшартта немесе лицензияда көзделсе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін алдыңғы есепті кезеңде сатып алған тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі туралы;
9) егер жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық мамандарды оқытуға, Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға, жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдауға жылдар бойынша жұмсаған шығыстары жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелері болып табылса, осындай шығыстардың жалпы сомасы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Геологиялық есептер мен өзге де құжаттамада қамтылатын, мемлекеттік органдар осы Кодекске сәйкес алған геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық құпиясы болып табылады және көрсетілген органдар оның құпиялылығын сақтау шараларын қабылдауға міндетті.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган көрсетілген геологиялық ақпаратты жариялау немесе оған ашық қолжетімділік жасау арқылы оны:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның негізінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыдан оны алған күннен бастап қатарынан бес жыл өткен соң ашып көрсетеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны иеленушінің жазбаша өтініші бойынша құпиялылық мерзімі өтініште көрсетілген, бірақ бес жылдан аспайтын кезеңге ұзартылады. Мұндай ұзарту туралы өтініш құпиялылықтың бастапқы бес жыл мерзімі өткенге дейін берілуі мүмкін;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушыдан алынған геологиялық ақпарат бойынша);
3) жер қойнауын пайдаланушының жазбаша келісімімен;
4) басқа мемлекеттік органдар алынатын мәліметтер құпиялылығын сақтау шараларын қабылдаған жағдайда, олардың талап етуі бойынша;
5) бұрын осындай мәліметтер алынған тиісті жер қойнауы учаскесі қайтарылған күннен бастап үш ай өткен соң;
6) егер мәліметтер жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижесінде алынған болса, ашып көрсетеді.
Көрсетілген мәліметтерді өзге тәсілмен ашып көрсетуге тыйым салынады.
4. Келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді жергілікті қамту бөлігінде орындауға қатысты, жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлауы және жүргізуі туралы, қазақстандық мамандарды оқытуға арналған шығыстар туралы және Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар көлемдері туралы ақпарат құпия болып танылмайды.
Осы тармақта құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын тұлғалардың анықталған бұзушылықтар және қабылданған шаралар туралы ақпаратпен Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарында танысуға құқығы бар.
V БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУЛАР, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
12-тарау. Жер қойнауын пайдалануға байланысты дауларды шешу және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
78-бап. Жер қойнауын пайдалануға байланысты дауларды шешу тәртібі
Жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асыруға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес реттелуге тиіс.
79-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуы кінәлі тұлғаларды жол берілген бұзушылықтарды жою міндетінен босатпайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын немесе жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу салдарынан жер қойнауы ресурстарына залал келтірген тұлғалар келтірілген залалды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтеуге міндетті.