Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту үшін осы Кодекстің 254-бабы 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көзделген негіздер болмаған кезде, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия оң қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын және жою жоспарын дайындау, сондай-ақ олар бойынша осы тарауда көзделген сараптамалар мен келісу жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Өтініш иесі жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасына және жою жоспарына жасалған сараптамалар мен келісудің оң қорытындыларын осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген хабардар ету күнінен бастап бір жылдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға тиіс.
Өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға көрсетілген мерзімді ұзарту қажеттілігін негіздей отырып, осындай ұзарту үшін жүгінуге құқылы. Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы мерзімді осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап алты айдан аспайтын кезеңге ұзартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер сақталған кезде, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары сараптамаларының оң қорытындылары ұсынылған күннен бастап бес күн ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны береді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру жер қойнауын пайдаланушыға облыстың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беруі үшін негіз болып табылады.
4. Осы баптың мақсаттары үшін жою жоспарын дайындау, ұсыну және оған сараптама жасау осы Кодекстің 260-бабында көзделген жағдайларда талап етіледі.
253-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға берілген, сол бір аумақты қамтитын жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды беруге өтініштер келіп түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана қаралады.
Кезекті өтінішті қарау алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні өткен соң басталады.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағым жасаса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган соттың шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия қаралған өтініштердің арасынан өтініші бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензия беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
254-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса;
4) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
5) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабының 2-тармағында көрсетілген аумақтарда толық немесе ішінара орналасса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келетін болса;
7) өтінішке қоса берілген геологиялық есеп сараптамасының қорытындысына сәйкес өзінің геологиялық және (немесе) геотехникалық сипаттамалары бойынша сұралып отырған жер қойнауы учаскесі өтініште көрсетілген мақсаттарда жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жарамсыз екені белгіленсе;
8) өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары талап етілетін сараптамаларының оң қорытындыларын және келісуін ұсыну мерзімін сақтамаған кезде жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне лицензияны қарау және беру үшін көзделген мерзімдер ішінде берілуге тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес лицензияны беруден бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
Лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш иесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
3. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
255-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мазмұны
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттарын қамтуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу және жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемін) төлеу туралы міндеттеме;
2) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың нысаналы мақсаты;
3) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алу негіздері.
256-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылдан аспайды.
Лицензия мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша лицензияның бастапқы мерзімінен аспайтын кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Лицензия мерзімін ұзарту саны шектелмейді.
2. Ұзарту туралы өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға лицензия мерзімі өткенге дейін бір жылдан ерте емес ол бекітетін нысан бойынша беріледі.
Егер ұзарту туралы өтінішті қарау кезеңінде лицензия мерзімі өтіп кетсе, лицензия осындай қарау кезеңінде қолданылуын жалғастырады. Лицензияның ұзарту мерзімін есептеу алдыңғы мерзім аяқталған күннен кейінгі күннен басталады.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия мерзімі:
1) мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмеген;
2) лицензияның қолданылуын ұзарту туралы өтінішті берудің осы баптың 2-тармағында көзделген мерзімі бұзылған;
3) лицензия шарттарының жойылмаған бұзушылықтары болған жағдайда ұзартуға жатпайды.
257-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану шарттарын айқындайтын жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы жобалау құжаты болып табылады.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы, сондай-ақ оның өзгерістері мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаларға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасына немесе тиісінше оның өзгерісіне мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындыларын алған жағдайда ғана жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын жасау жөніндегі нұсқаулықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
258-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияға иеленетін жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жерасты құрылысжайын пайдалану туралы есептерді ұсынуға міндетті.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі барлық жұмыстар құжаттауға жатады. Құжаттамада жер қойнауы учаскесін анық зерттеу және кейіннен игеру үшін қажет жұмыстар сипаттамасын қамтуға тиіс.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) қолданылатын техникалық құралдардың оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) жер қойнауын қауіпті техногендік процестердің пайда болуынан қорғауды;
3) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау және (немесе) көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды ағызу (айдау) кезінде есепке алудың анықтығын;
4) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде алынған барлық бастапқы және қайталама геологиялық ақпараттың анықтығы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде алынатын тау-кен массасының, топырақтың және (немесе) орны ауыстырылатын топырақтың көлемі, егер бұл экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келсе, шектелмейді.
Алынатын тау-кен массасы мен топырақ жер қойнауы кеңістігін пайдалануды қамтамасыз ететін құрылысжайларды, құрылғыларды және басқа да объектілерді тұрғызу және пайдалану мақсатында ғана пайдаланылуы мүмкін.
259-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың салдарын жою
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою, осы Кодекстің 260-бабында көзделген салдарды қоспағанда,Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бүлінген жерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
2. Тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай тоқтау күнінен бастап сегіз айдан кешіктірілмейтін мерзімде жоюға кірісуге міндетті. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісі нәтижесінде жер қойнауы учаскесінің аумағында орналастырылған техногендік минералдық түзілімдер лицензия тоқтатылған күннен бастап жер қойнауы құрамына олардың ресурстары ретінде енгізілген деп танылады және осы бапқа сәйкес жойылуға жатады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 261-бабының ережелеріне сәйкес бас тартқан жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінде салдарды жою осындай бас тартқанға дейін жүргізіледі. Жою аяқталғаннан кейінгі және оны жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиядан алып тастағанға дейінгі кезеңде осындай учаскенің бір бөлігін пайдалануға жол берілмейді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жою актісіне қол қойылған күннен бастап жер қойнауы кеңістігін (оның бір бөлігін) пайдалану учаскесінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен жер қойнауын зерттеу жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.
5. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюды аяқтау мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
260-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі жекелеген операциялардың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және қамтамасыз ету ерекшеліктері
1. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою осы баптың 3-тармағында көзделген жою жоспарының негізінде әзірленген жою жөніндегі жұмыстар жобасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері объектілерін орналастыру және пайдалану бойынша қызметтің салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензия мерзімі өткенге дейін екі жыл бұрын қамтамасыз етуге міндетті.
Егер жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның қолданылуы өзге негіздер бойынша тоқтатылса, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап сегіз айдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану салдарын жою жоспары лицензия қайтарылып алынған жағдайда жер қойнауы кеңістігін пайдалану учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жөніндегі, тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді жою жөніндегі іс-шаралардың сипаттамасын, сондай-ақ осындай жою жұмыстары құнының болжалды есебін қамтитын құжат болып табылады.
4. Жою жоспары кешенді сараптамаға жатады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы кешенді сараптаманың соңғы оң қорытындысын алған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей жою жөніндегі жұмыстар құнының болжалды есебіне өзгерістер енгізуді қоса алғанда, жою жоспарына өзгерістер енгізуге міндетті.
6. Кешенді сараптаманың оң қорытындысынсыз тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері объектілерін орналастыруға және (немесе) пайдалануға жол берілмейді.
7. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері сақталатын және көмілетін объектілерді орналастыру үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жоспары және жою жөніндегі жұмыстардың құнының болжалды есебі осы Кодекстің 217-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен жасалады.
8. Жер қойнауын пайдаланушы тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері объектілерін орналастыру және (немесе) пайдалану үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларға осындай операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді берген жағдайда кірісуге құқылы.
9. Жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай шарттар сақтала отырып, осы Кодексте көзделген кез келген түрде берілуі мүмкін: жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның үштен бір мерзімі ішінде - екінші деңгейдегі банк кепілдігі немесе банктік салым кепілі түрінде қамтамасыз ету жалпы қамтамасыз ету сомасының кемінде қырық пайызын, үштен екі мерзімі ішінде - кемінде алпыс пайызын және қалған кезеңде жүз пайызын құрауға тиіс.
10. Қамтамасыз ету сомасы жүргізілген операциялар және жою жоспары бойынша кешенді мемлекеттік сараптаманың соңғы оң қорытындысы күнінен бастап алдағы үш жылға жоспарланатын операциялар салдарын жою жөніндегі жұмыстардың жалпы құнын жабуға тиіс.
Көрсетілген жұмыстар құнына әкімшілік және басқарушылық шығыстар, сондай-ақ:
технологиялық жабдықты, ғимараттарды және құрылысжайларды демонтаждауға және әкетуге;
техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру объектілерін (сақтау қоймаларын, үйінділерді және басқа да орналастыру орындарын) жабуға;
қауіпті материалдарды көму жөніндегі;
бүлінген жерді рекультивациялауға;
өзендердің, жылғалардың және су ағындарының арналарын қалпына келтіру жөніндегі;
жерүсті және жерасты суларының, ауаның сапасын, топырақтың және өсімдіктердің жай-күйін мониторингтеуге арналған шығыстар кіруге тиіс.
11. Жойылуы осы Кодекстің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілмеген, тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыруға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
261-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатында берілген жер қойнауы учаскесінен бас тарту
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға бас тарту туралы жазбаша мәлімдей отырып, бүкіл учаскеден бас тартуға құқылы.
2. Жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, пайдалануда қалған жер қойнауы кеңістігінің учаскесі осы Кодекстің 19-бабының ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
3. Жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінен бас тарту туралы өтініште жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиядан алып тастауға жататын жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою актісі;
2) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі аумағының алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар сипаттамасы;
3) жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінен бас тартылғаннан кейін қалыптастырылатын жер қойнауы кеңістігі учаскесі аумағының алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар және көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, сондай-ақ жер бетінің топографиялық картасы қоса берілген сипаттамасы.
4. Жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінен бас тарту жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді.
5. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатында берілген жер қойнауы учаскесінен бас тарту мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
262-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайтарып алу
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия осы Кодекстің 255-бабында көзделген лицензия шарттары бұзылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген қызметке тыйым салынған жағдайларда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қайтарып алуына жатады.
2. Лицензия шарттарын бұзу анықталған кезде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға және бұзушылықтың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бұл туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 3-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
3. Лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім даулау нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
5. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың әсері (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржы қаражатының болмауы не нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы жатпайды.
6. Осы бапқа сәйкес лицензиясы қайтарып алынған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және жер қойнауы учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жұмыстарына кірісуге міндетті.
7. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайтарып алу мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
34-тарау. Кен іздеушілік
263-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензия
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша оны иеленушінің, аршу жұмыстарын, құм мен топырақты шаю жұмыстарын, сондай-ақ өзге де байланысты жұмыстарды қоса алғанда, қол тәсілімен немесе механикаландыру құралдарын және қуаттылығы аз өзге де жабдықты қолдана отырып жүзеге асырылатын, шашыранды кен орындарында және техногендік сипаттағы кен орындарында (тау-кен өндірісі мен металлургия үйінділері мен жинап қойылған қалдықтары) бағалы металдар мен асыл тастарды кен іздеушілікпен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы болады.
Көрсетілген бағалы металдар мен асыл тастар тізбесі «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары ғана кен іздеушілікке арналған лицензиялардың иеленушілері бола алады.
3. Бір тұлға кен іздеушілікке арналған бір ғана лицензияға ие бола алады.
4. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуына немесе оған ауыртпалық салуға тыйым салынады.
264-бап. Кен іздеушілікке арналған аумақ
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша облыстардың жергілікті атқарушы органдары айқындайтын аумақтарға беріледі.
2. Кен іздеушілікке арналған лицензия:
1) заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға және олардың қорғалатын аймақтарына;
2) сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер аумақтарына;
3) ғарыш қызметі, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жер аумақтарына;
4) елді мекендердің аумақтарына және оларға іргелес бір мың метр қашықтықта жатқан аумақтарға;
5) қорымдарға, қабірлер мен зираттарға арналған жер аумақтарына және шегінде пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайлары орналастырылған аумақтарға;
6) геологиялық және минералогиялық мемлекеттік табиғи қаумалдар аумақтарына берілмейді.
3. Жеке меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға тиесілі жер учаскелерінде, сондай-ақ өзге де тұлғалардың пайдалануындағы жер қойнауы учаскелерінің аумағында кен іздеушілік олардың келісімімен ғана жүзеге асырылады.
265-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру
1. Кен іздеушілікке арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға облыстың жергілікті атқарушы органына пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша жазбаша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған кен іздеушілік учаскесін айқындайтын, бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар және жалпы алаңы көрсетілген масштабтағы кен іздеушілік аумағына нұсқау.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;
4) өтініш иесі бекіткен және кен іздеушілік кезінде пайдаланылуы жоспарланып отырған механикаландыру құралдары мен жабдықтың тізбесін, сондай-ақ кен іздеушілік учаскесінде жүргізілуі жоспарланып отырған кен іздеушілік жөніндегі жұмыстың түрлері мен тәсілдерінің сипаттамасын қамтитын құжат;
5) аумағына осы тармаққа сәйкес өтініш берілетін жер пайдаланушының немесе жер учаскесінің жеке меншік иесінің, сондай-ақ жер қойнауы учаскесін пайдаланушының келісімі;