Барлау жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейді және бекітеді.
Барлау жоспарын жасау бойынша нұсқаулықта көзделген жағдайларда барлау жоспары қоршаған ортаға әсер етудi бағалауды қамтуға тиіс.
4. Барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ көлемдері мен оларды жүргізу мерзімдері өзгертілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарына тиісті өзгерістер енгізуге және өзгертілген барлау жоспарының көшірмесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді талап етсе, өзгертілген барлау жоспары мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
197-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бұзылған жерлерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
Барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін берілген жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеме өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеменің көлеміне енгізіледі.
2. Барлау учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай учаскеде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей барлау жөніндегі операциялардың салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
Аталған тұлғаның өтініші бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган, егер жоюды жүргізу мүмкін болмаса немесе табиғи және (немесе) табиғи-климаттық жағдайларға орай едәуір қиын болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткен күннен бастап алты айға дейінгі кезеңге барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою мерзімін ұзартады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес бас тартқан барлау учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою осындай бас тартылғанға дейін жүргізіледі.
4. Егер жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жүзеге асырмаса немесе операциялар жер беті қабатын (су айдындарының түбін) бұзбай жүргізілсе, осындай барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жою жұмыстарын жүргізу талап етілмейді.
Мұндай жағдайда барлау учаскесіне (барлау учаскесінің бір бөлігіне) жою жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ екенін растайтын зерттеу актісі жасалады, оған осы баптың 5-тармағында аталған тұлғалар қол қояды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жою актісіне қол қойылған күннен бастап барлау учаскесінде (оның бір бөлігінде) барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.
6. Барлау жөніндегі операциялар салдарын жою актісіне қол қою жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен ұсыну мақсатында мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
198-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлаудың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындау осы баптың талаптарына сәйкес қамтамасыз етілмеген пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету осы Кодексте көзделген кез келген тәсілдер үйлесімінде ұсынылуы мүмкін.
3. Қамтамасыз етудің жалпы сомасы пайдалы қатты қазбаларды барлау аумағын құрайтын блоктардың саны мен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшері негізінде есептеледі. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бір блок үшін қамтамасыз ету мөлшерін өзі бекітетін әдістеме бойынша айқындайды.
Осы тармақта көзделген қамтамасыз ету сомасы жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тартқан жағдайда және онда барлау салдарын жоюды аяқтаған кезде соған мөлшерлес азайтуға жатады. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қамтамасыз етуді берген тұлғаны қамтамасыз ету сомасының азайтылғаны туралы хабардар етеді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 194-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда барлау жөніндегі жұмыстардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындаудың қосымша қамтамасыз етуін ұсынуға міндетті. Мұндай қамтамасыз ету сомасы осы жағдайда жасалатын жою жоспары негізінде осы Кодекстің 219-бабының 3-тармағына сәйкес есептеледі.
199-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау учаскесінен бас тарту
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта бүкіл барлау учаскесінен не оның бір бөлігінен бас тартуға құқылы, мұндай бас тарту туралы құзыретті органға жазбаша мәлімдейді.
Осы тармақта көзделген барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тарту барлау учаскесінің аумағы туралы талаптар сақтала отырып, блоктармен жүзеге асырылуға тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тарту туралы өтініште барлауға арналған лицензиядан шығарылуға жататын блок (блоктар) көрсетілуге тиіс.
Учаскенің бәрінен немесе бір бөлігінен бас тарту туралы өтінішке:
1) егер барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына кепіл ауыртпалығы салынса, кепіл ұстаушының келісімі;
2) барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою актісі не осы Кодекстің 197-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жасалатын зерттеп-қарау актісі қоса беріледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Барлау учаскесінің бір бөлігінен бас тарту барлауға арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді және мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтер енгізу үшін негіз болып табылады.
200-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қайтарып алу және оның тәртібі
1. Құзыретті орган пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптары бұзылған;
2) осы Кодекстің 191-бабында көзделген пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның шарттары бұзылған кезде қайтарып алуға жатады.
2. Құзыретті орган бұзушылықты анықтаған кезде бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде - бұзушылыққа дейін болған жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде құзыретті органның рұқсатымен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге мәмілелерді жасау арқылы жойылуға жатады.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылықтар жасалған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімде бұзушылықтарды жойғаны туралы осындай жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органды хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда құзыретті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
4. Құзыретті орган лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күнінен бастап үш айдан кейін лицензия өз қолданысын тоқтатады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай дауласу кезеңінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім дауласу нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
6. Егер лицензияны қайтарып алуға негіз болған міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың әсері (дүлей құбылыстар, әскери іс-әрекеттер және т.б.) себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушыда техникалық құралдардың және (немесе) қаржылық қаражаттың болмауы, нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің болмауы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану жатпайды.
7. Осы бапқа сәйкес барлауға арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және осы Кодексте көзделген мерзімде жою жөніндегі жұмыстарға кірісуге міндетті.
8. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қайтарып алу жер қойнауының тиісті учаскесі туралы мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына енгізуге негіз болып табылады.
201-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алуға айрықша құқық
1. Жер қойнауы учаскелерінің шекаралары ортақ (аралас учаскелер) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған бір немесе бірнеше лицензиялардың иесі:
1) пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорлары пайдалы қатты қазбалар ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте расталған кен орны табылған жағдайда барлау учаскесінің (аралас барлау учаскелері) шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны (лицензияларды) алуға;
2) кең таралған пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары кең таралған пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте расталған кен орны табылған жағдайда барлау учаскесінің (аралас барлау учаскелері) шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны (лицензияларды) алуға;
3) геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есепте расталған пайдалы қазбалар кен орны жоқ болған немесе оның ресурстары аз мөлшерде болған жағдайларда жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия алуға айрықша құқыққа ие болады.
2. Айрықша құқық барлауға арналған лицензияның (лицензиялардың) қолданылу мерзімінің кез келген уақытында іске асырылуы мүмкін.
3. Жер қойнауын пайдаланушы айрықша құқықтан барлауға арналған лицензияның (лицензиялардың) қолданысы тоқтатылған кезде айырылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына тиісінше пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны немесе кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны басым тәртіппен беру туралы өтінішпен жүгіну арқылы айрықша құқықты іске асырады.
Өтінішті қарау және көрсетілген лицензияларды беру осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
5. Егер барлауға арналған лицензия аумағы шегіндегі жер қойнауы учаскесіне лицензия беру туралы өтінішті бергеннен кейін барлауға арналған лицензияның мерзімі өтсе, осы баптың 4-тармағында көзделген лицензия берілгенге не оны беруден бас тартылғанға дейін барлауға арналған лицензия жер қойнауы учаскесінің мәлімделген бөлігінде өз қолданысын жалғастырады.
Осы тармаққа сәйкес мәлімделген жер қойнауы учаскесі бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға немесе кең таралаған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру үшін барлауға арналған лицензияның қолданысы кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) барлауға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерді мойнына алмайды;
2) белгіленген мөлшерде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдерін) төлеуге міндетті;
3) осындай учаскеде барлауды жүзеге асыруға құқылы.
6. Осы бапта көзделген айрықша құқықты басқаға беруге жол берілмейді.
28-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру
202-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша оны иеленушінің мынадай операцияларды:
1) пайдалы қатты қазбаларды өндіруді (алуды);
2) тау-кен жұмыстарын жүргізу, тау-кен өндіруші және (немесе) тау-кен-қайта өңдеу өндірісін, техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануды;
3) өндіру учаскесіне барлау (пайдаланылатын барлауды) жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру деп жерасты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, буландыру, седименттеу және конденсаттау арқылы шашыранды кен орындарын драгалық және гидравликалық жолмен әзірлеу жұмыстарын, сондай-ақ өндіру учаскесінің аумағында алынған пайдалы қазбаларды жинауды, уақытша сақтауды, ұсақтауды және сұрыптауды қоса алғанда, пайдалы қатты қазбаларды кенжатындардан алуға және (немесе) жер бетіне шығаруға бағытталған және сонымен тікелей байланысты жұмыстар кешені түсініледі.
203-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілетін аумақтар
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалатын аумақтарға беріледі.
2. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны:
1) тармақшаның қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) басқа тұлғаның келісімінсіз көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін оның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына;
3) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскесінің аумағына;
4) пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына;
5) уран кен орнын немесе табиғатта сирек кездесетін уран кен орнын қамтитын жер қойнауы учаскесінің аумағына беруге жол берілмейді.
204-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға құзыретті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылары туралы, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесі аумағының сипаттамасы;
3) осы тарауда көзделген мерзімнен аспайтын сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдаланудың мерзімін көрсету.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) өтініш иесі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар көшірмелері;
2) сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар: көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, жер бетінің топографиялық картасы;
3) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттіктерін растайтын құжат;
4) осы Кодекстің 216-бабына сәйкес әзірленген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасы;
5) осы Кодекстің 217-бабына сәйкес әзірленген жою жоспарының жобасы;
6) өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбалар ресурстарын және қорларын бағалау туралы есеп;
7) егер өтінішті барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша берсе және өтініш берілген кезде мұндай есеп құзыретті органға ұсынылмаса, өтінішті берудің алдыңғы күніне есепті кезең үшін барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есеп;
8) егер барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша өтініш берсе, барлауға арналған лицензия бойынша ағымдағы есепті кезеңде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдері) төлеленгенңн растайтын құжат;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) егер өтініш айрықша құқықтан бөлек берілсе, өтініш берушінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға қаржылық, кәсіптік және техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттар;
10) сұралатын жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде) көмірсутектер өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушының келісімі;
11) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы толық немесе ішінара елді мекендердің жерлеріне және оларға бір мың метр жерде іргелес жатқан аумаққа тиесілі болса, осы Кодекстің 25-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісім;
12) өтініш иесінің республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің жоқ екендігі туралы, өтініш берген күннің алдындағы күннен күнтізбелік он күннен ерте берілмеген, салық органынан анықтама.
4. Өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті қаржылық мүмкіндіктерінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың бірі ұсынылады:
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) өтініш берушінің лицензия беруге өтініш берілетін күннің алдындағы алты ай шегіндегі отыз күндік мерзім ішінде сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында өндіруге қажетті ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті мөлшерде ақшасының тұрақты болатынын (қалдығын) растайтын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі банктік шоты бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қарыздың нысаналы мақсаты ретінде өтініш берушінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі қызметін қаржыландыруды көздейтін, сондай-ақ сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында өндіруге қажетті ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті қарыз (қаржыландыру) сомасын растайтын ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шартының), қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмелері;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен бірге, өтініш берушінің лицензия беруге өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан күнтізбелік алты айға немесе алдыңғы күнтізбелік жылға дайындалған қаржылық есептілігі, онда өтініш берушінің таза активтерінің мөлшері оның сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында өндіруге арналған ең төмен шығыстардың шамасындағы міндеттемесінен асып түседі;
4) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы таныған рейтингтік агенттіктің өтініш иесіне өтініш берілген күннің алдындағы жыл ішінде құзыретті орган айқындайтын ең төменгі рейтингтік бағадан төмен болмайтын рейтингтік баға беру туралы хаты.
Егер өтініш иесінің қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде қаржы ұйымы болып табылмайтын тұлға қарыз беруші болатын (қаржыландыратын) ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі ұсынылса, өтінішке қосымша аталған тұлғада осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3) немесе 4) тармақшаларында көзделген қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттардың бірі қоса беріледі.
5. Өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті кәсіби мүмкіндіктердің болуын растау үшін мынадай құжаттардың кез келгені ұсынылады:
1) штатында мамандардың болуы туралы анықтама немесе мынадай салалардағы:
геология немесе геофизика;
тау-кен инженериясы;
геодезия және маркшейдер мамандарымен жасалған қызметтер көрсету шартының көшірмесі;
2) мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының көшірмесі немесе өтініш иесіне өндіруге арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда, осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын, штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында санамаланған мамандар бар оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері.
Егер өтініш иесінің кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының немесе осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша мердігер ұйымның (оператордың) штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мамандардың болуы туралы анықтама немесе тиісті мамандармен қызметтер көрсету шарттарының көшірмелері қоса беріледі.
6. Мына құжаттардың кез келгені:
1) өтініш иесіне «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген тау-кен және химиялық өндірістерді пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі;
2) мердігер ұйыммен ниеттер шартының, қызметтер көрсетудің алдын ала немесе негізгі шартының, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген лицензияны иеленуші өтініш иесіне өндіруге арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсетуінің алдын ала немесе негізгі шартының көшірмелері өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайды.
Егер өтініш иесінің техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен ниеттер шартының, қызметтер көрсетудің алдын ала немесе негізгі шартының не осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсетуінің алдын ала немесе негізгі шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген лицензияның көшірмесі қоса беріледі.
7. Осы бапта көзделген пайдалы қатты қазбалар ресурстарын және қорларын бағалау туралы есепті Қазақстандық геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы жария есептілігінің кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындауға тиіс.