3. Төрағалық етушi сот тергеуiнiң нәтижелерiн, тараптардың жарыссөзiн ескере отырып, судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінде шешуiне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi.
4. Төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнде алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды тараптардың ескертулерi мен ұсыныстарын ескере отырып, түпкiлiктi қалыптастырады, оларды сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды.
5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде жария етіледі. Содан кейін сұрақтардың тұжырымдалуын өзгертуге, сұрақ парағынан сұрақтарды алып тастауға, оған жаңа сұрақтар енгізуге жол берілмейді.
654-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтардың мазмұны
1. Сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс-әрекеттердiң әрқайсысы бойынша мынадай:
1) іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
3) бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме, - деген үш негiзгi сұрақ қойылады.
2. Сотталушының кiнәлiлiгi туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын осындай мән-жайлар туралы жекеше сұрақтар қойылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттiң жүзеге асырылу дәрежесi, іс-әрекеттiң соңына дейiн жеткiзiлмеуiне түрткі болған себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмысты жасауға сыбайласа қатысу дәрежесi мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер бұл сотталушының қорғалу құқығын бұзбаса, оның неғұрлым жеңіл қылмыс жасаудағы кiнәсiн анықтауға мүмкiндiк беретiн сұрақтар қоюға жол берiледi.
3. Шешілуге жататын сұрақтар әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.
655-бап. Алқабилер кеңесiнiң құпиясы
1. Жарыссөз аяқталғаннан және сұрақтар тұжырымдалғаннан кейiн судья және негiзгi алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
2. Кеңесу бөлмесiнде судья мен алқабилерден басқа, өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Төрағалық етуші алқабилердің кеңесу бөлмесінен шығуына болатын, сондай-ақ жұмыс уақыты аяқталған соң келесі күні ол басталғанға дейін демалыс үшін үзіліс жариялауға құқылы. Демалыс және мереке күндеріне байланысты үзіліс жасауға жол берілмейді.
656-бап. Кеңесу бөлмесiнде кеңесу мен дауыс берудi жүргiзу тәртiбi
1. Төрағалық етушi алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын сұрақтарды рет-ретімен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.
2. Алқабилер қойылған сұрақтарға байланысты өздерiнде туындаған түсiнбеушiлiктер бойынша төрағалық етушiден кеңесу бөлмесiнде түсiндірме алуға құқылы.
3. Негiзгi сұрақтар бойынша дауыс беру жазбаша жүргiзiледi. Судья мен алқабилердiң дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқығы жоқ. Судья мен алқабилердiң дауыстары тең.
4. Судья мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша соттың мөртабаны басылған, дауыс беруге арналған таза бюллетеньдi алады, онда жауап беруге арналған толтырылмаған бағандары бар бірінші сұрақ және мынадай: «Өзiмнiң абыройым, ар-ожданым бойынша және iшкi нанымым бойынша менiң түйінім...» деген сөздер болады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын әрбір сұраққа бюллетеньге жауап жазады. Жауап міндетті түрде жауаптың мәнiн ашатын («иә, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ», «иә, кiнәлi», «жоқ, кiнәсiз») түсiндiрме сөзі немесе сөз тiркестерi болатын мақұлдаған «иә» немесе құптамаған «жоқ» дегенді білдіруге тиiс. Судья мен алқабилер өз бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады. Алқабилер сұрақ парағында қойылған сұрақтардың әрқайсысы бойынша да сол тәртіппен рет-ретімен дауыс береді.
5. Қойылған сұрақтардың ішінен бір-бірден бөлек дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегi дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесiн сұрақ парағында көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
6. Алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi.
7. Егер алдыңғы сұраққа берiлген жауап кейiнгi сұраққа жауап берудiң қажеттiгiн жойса, төрағалық етушi алқабилердiң көпшiлiгiнiң келiсуiмен сол сұрақтан кейін «жауабы жоқ» деген сөздердi жазады.
8. Егер осы Кодекстiң 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушiлердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау кесімі қабылданған болып есептеледi.
9. Егер қойылған негiзгi сұрақтардың кез келгенiне берiлген құпталмаған жауапқа дауыс берушiлердiң алтауы және одан да көбi дауыс берсе, ақтау кесімi қабылданған болып есептеледi.
10. Егер сотталушының кiнәсi туралы мәселе оң шешiлсе, онда судья бұл іс-әрекеттің қылмыс болып табылатын-табылмайтыны туралы және оның дәл қандай қылмыстық заңда көзделгенi (бабы, бөлiгi, тармағы) туралы мәселенi шешедi, сондай-ақ осы іс-әрекеттер үшiн қандай жазалау шаралары көзделгенiн алқабилерге түсiндiредi.
Егер судья осы Кодекстің 654-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сұрақтарға алқабилер мақұлдап жауап берген кезде іс-әрекетте қылмыс құрамы белгілерінің жоқтығы, осыған байланысты оның қылмыс болып табылмайтыны туралы түйінге келген, сол сияқты осы Кодекстің 36-бабында көзделген өзге де мән-жайларды анықтаған болса, ол осы Кодекстің 657-бабының 1) тармағына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады.
11. Судья сотталушының іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша саралауды алқабилердің қатысуынсыз айқындайды. Одан әрі судья осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5), 6), 7), 8) және 14) тармақтарында көзделген, олар бойынша шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелерді алқабилердiң қатысуымен үзiлiс жасамай шешедi. Егер шешімге дауыс берушiлердiң көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледi.
Осы Кодекстің 390-бабы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 15), 16), 17) және 18) тармақтарында және бесінші бөлігінде көзделген мәселелерді судья дербес қарайды.
12. Он бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза, егер осындай шешiмге дауыс берушiлердiң сегiзi және одан да көбi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.
13. Айрықша жазалау шарасы - өлiм жазасы судья мен алқабилердің бiрауызды шешiмі болған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
14. Судья мен алқабилердiң жауаптары бар сұрақ парағына судья мен алқабилер қол қояды және ол iс материалдарына қоса тiгiледi.
657-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын шешiмдердің түрлерi
Алқабилер қатысатын сотта қылмыстық iстi талқылау мынадай шешiмдердiң бiрiн:
1) осы Кодекстiң 327-бабында көзделген жағдайларда, iстi тоқтату туралы қаулыны;
2) алқабилер қатысатын сот осы Кодекстiң 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың ең болмағанда бiреуiне терiс жауап берген жағдайларда, ақтау үкiмiн;
3) осы Кодекстiң 393-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес айыптау үкiмiн қабылдаумен аяқталады.
658-бап. Үкiм шығару
1. Үкiмді төрағалық етушi осы Кодекстiң 46-тарауында белгiленген тәртiппен, мынадай ерекшелiктерді ескере отырып шығарады:
1) үкiмнiң кiрiспе бөлiгiнде алқабилердiң тегi көрсетiлмейдi;
2) ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде алқабилер қатысатын сот ақтау кесімін шығарған айыптаудың мәнi жазылады және кесімге сiлтеме болады;
3) айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде жасалуына сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық іс-әрекеттiң сипаттамасы, жасалған іс-әрекеттiң саралануы, жаза тағайындаудың уәждері және соттың азаматтық талап қоюға қатысты шешiмiнiң негiздемесi болуға тиiс;
4) үкiмнiң қарар бөлiгiнде үкiмге шағым жасау және наразылық бiлдiру тәртiбi туралы түсiнiк қамтылуға тиiс.
2. Yкiмге iс бойынша төрағалық етушi қол қояды.
659-бап. Қылмыстық iстi қарауды сотталушының есi дұрыс емес екендiгiнiң анықталуына байланысты тоқтату
1. Егер алқабилер қатысатын соттың iстi талқылауы барысында сотталушы өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес не оны өзінің әрекеттерiне есеп беру немесе оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиiстi қорытындысымен расталған, жүйке ауруымен ауырды деп есептеуге негiз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етушi қылмыстық iстi осы Кодекстің 657-бабының 1) тармағына сәйкес тоқтату туралы қаулы шығарады және есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені осы Кодекстiң 11-бөлімінде көзделген тәртiппен жеке-дара қарайды.
2. Қылмыстық істі сотталушының есі дұрыс еместігін анықтауға байланысты тоқтату туралы және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану не қолданбау туралы қаулыға осы Кодексте көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
660-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргiзу ерекшелiктерi
1. Сот отырысының хаттамасы осы бапта көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, осы Кодекстiң 347-бабының талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын қалыптастыру барысы мiндеттi түрде көрсетiледi.
3. 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сот отырысының хаттамасында сот талқылауының бүкiл барысы оның өтуiнiң дұрыстығын куәландыратындай етiп көрсетілуге тиiс. Атап айтқанда, сот отырысының хаттамасында алқабилерді шеттету немесе алмастыру туралы; осы Кодексте көзделген жағдайларда алқабилерді сот залынан шығару туралы; процеске қатысушылардың заңда алқабилердің қатысуымен мәселелерді талқылауына жол берілмейтіні туралы белгіленген талаптарды сақтамауына байланысты төрағалық етушінің оларға қатысты қабылдайтын шаралары туралы; айыптаушы тараптың дәлелдемелерді беру және оларды зерттеу туралы өтінішхаты немесе мұндай өтінішхаттарының жоқтығы туралы; сұрақ парағына енгізуге жататын сұрақтарды тұжырымдау барысы туралы; алқабиді алмастыру үшін немесе сот тергеуін қайта бастау үшін судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінен шығуы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
69-тарау. АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛҒАН IСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШIНЕ ЕНБЕГЕН ҮКIМДЕРДI, ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНIНДЕГI IС ЖҮРГIЗУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
661-бап. Алқабилер қатысатын сот шығарған, заңды күшiне енбеген үкiмдер мен қаулыларға шағым жасау және наразылық білдiру
Алқабилер қатысатын соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерi мен қаулыларына шағым жасау, наразылық білдiру тәртiбi осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң 50-тарауында көзделген қағидалармен айқындалады.
662-бап. Алқабилер қатысатын сот қараған iстерді апелляциялық сатыда жүргiзу ерекшелiктерi
1. Апелляциялық сатыдағы сот алқабилер қатысатын соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қараған кезде үкім, қаулы шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын тексереді және осының негізінде үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
2. Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiнiң күшiн жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн, жол берілетін дәлелдемелердi талқылаудан негiзсiз алып тастау;
2) тарапқа iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартуды білдіру;
3) сот отырысында дәлелдемелер ретiнде жарамсыз, iстiң нәтижесіне ықпал еткен нақты деректердi зерттеу;
4) осы Кодексте көзделген қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) мыналар:
алқабилер алқасын қалыптастыру;
алқабилердiң қатысуымен талқылануға жатпайтын мәселелердi талқылау;
алқабилердiң шешуiне жататын сұрақтарды тұжырымдау;
сот жарыссөздерін жүргізу кезінде жол берілген, сот төрелігі үкімінің шығарылуына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар негіз болып табылады.
3. Апелляциялық саты сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған іс-әрекеттiң өзгертiлген саралануына сәйкес не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты жазаны азайтуға құқылы. Бұл ретте апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны күшейтуге құқылы емес.
4. Қылмыстық-процестік заңды бұзу прокурордың, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң дәлелдемелердi ұсыну құқығын шектеген, сондай-ақ осы баптың екiншi бөлiгiнiң 5) тармағында көзделген, оның iшiнде жол берілетін дәлелдемелер негiзсiз алып тасталған жағдайлардан басқа, алқабилер қатысатын соттың ақтау үкiмiнің күшiн апелляциялық сатыда жоюға болмайды.
5. Кассациялық сатыдағы сот алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша соттың заңды күшіне енген ақтау үкімінің және оны күшінде қалдыру туралы апелляциялық алқа қаулысының күшін, егер жәбірленушінің кассациялық шағымында немесе прокурордың кассациялық наразылығында осы Кодекс нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетуден басқа, ақтау үкімінің мәні де дауға салынса және кассациялық қарау барысында осы Кодекстің 664-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген мән-жайлар және ақтау үкімінің заңсыздығы анықталса ғана жоюы мүмкін.
663-бап. Істі жаңа сот талқылауына жібере отырып алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жою
1. Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күші осы Кодекстің 662-бабында көрсетілген негіздер бойынша істі үкім шығарған сотқа, бірақ өзге құрамда жаңа сот талқылауына жібере отырып, толық немесе бір бөлігінде жойылуға жатады.
2. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, сол немесе өзге де дәлелдеменің анықтығы немесе анық еместігі, бір дәлелдемелердің екіншісінің алдында артықшылығы, бірінші сатыдағы соттың сол немесе өзге де қылмыстық заңды және жазалау шарасын қолдануы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасай алатын түйінді алдын ала шешуге құқылы емес.
3. Үкімнің күші жойылғаннан кейін қылмыстық істі жаңадан қарау кезінде сот осы Кодекстің 447-бабында көзделген талаптарды сақтайды.
70-тарау. АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛҒАН ІСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН ҮКІМДЕРДІ, ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
664-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын кассациялық сатыдағы сотта қайта қарау
1. Егер сот талқылауы барысында қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу орын алып, ол:
1) алқабилер алқасының заңсыз құрамымен үкім шығаруға әкеп соқса;
2) жәбірленушіні сотта қорғалу құқығынан айырса, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімін және апелляциялық алқаның қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарауға жол беріледі.
2. Сондай-ақ:
1) қылмыстың қайталану түрін және қылмыстық-атқару жүйесі режимінің түрін дұрыс айқындамау;
2) талап қоюды қараусыз қалдыру жағдайларынан басқа, азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеу қайта қаралуға жатады.
3. Кассациялық саты сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған іс-әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты жазаны азайтуға құқылы, бірақ неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдана алмайды немесе жазаны күшейте алмайды.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, іс алдын ала тыңдау сатысынан немесе басты сот талқылауынан бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберіледі.
5. Кассациялық сатыдағы сот алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша соттың заңды күшіне енген ақтау үкімінің және оны күшінде қалдыру туралы апелляциялық алқа қаулысының күшін, егер жәбірленушінің кассациялық шағымында немесе прокурордың кассациялық наразылығында қылмыстық-процестік кодекс нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетуден басқа, ақтау үкімінің мәні де дауға салынса және кассациялық қарау барысында осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген мән-жайлар және ақтау үкімінің заңсыздығы анықталса ғана жоюы мүмкін.
665-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарау
Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша шығарылған үкімдерді, қаулыларды қадағалау тәртібімен қайта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы осы Кодекстің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында және екінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша іс кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктері нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты жүзеге асырады.
666-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімін, қаулысын қадағалау тәртібімен қайта қарау кезінде сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Соттың айыптау үкiмiн, сондай-ақ қаулысын жазаның жеңiлдiгiне орай неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттiгiне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негiздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкiмiн не қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулысын қайта қарауға жол берiлмейдi.
15-БӨЛІМ. ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН ТӘРКІЛЕУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
71-тарау. ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН АЛЫНҒАН МҮЛІКТІ ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН ТӘРКІЛЕУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ
667-бап. Заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы іс жүргізуді қозғау
1. Күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздестіру жарияланған не оларға қатысты қылмыстық қудалау осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 11) тармақтары негізінде тоқтатылған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңсыз жолмен алынған мүлік туралы мәліметтер болған кезде, осы тарауда белгіленген тәртіппен мүлікті тәркілеу туралы іс жүргізуді қозғайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тәркілеу туралы іс жүргізу үшін материалдарды бөліп шығару туралы қаулы шығарады, оған тәркілеу үшін негіз болған қылмыс туралы қылмыстық іс материалдарының, оның ішінде осы Кодекстің 113-бабының үшінші бөлігінде көзделген мән-жайларды растайтын материалдардың көшірмелері қоса тігіледі.
668-бап. Тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс жүргізу
1. Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс жүргізу осы Кодекстің ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылады.
2. Тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс жүргізуде осы Кодекстің 113-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген мән-жайлардан басқа, мыналар:
1) мүліктің күдіктіге, айыпталушыға немесе үшінші адамға тиесілігі;
2) мүліктің тәркілеуді қолдануға негіз болып табылатын қылмыспен байланысы;
3) мүлікті үшінші адамның сатып алуының не мүлік құқық бұзушылық нәтижесінде сатып алынған деп пайымдауға негіз болатын мән-жайлар дәлелденуге жатады.
3. Күдіктінің, айыпталушының мүлікті басқа адамдарға қайта ресімдеу арқылы оны жасырғаны туралы куәландыратын мән-жайлар анықталған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс бойынша мемлекеттің немесе жәбірленушілердің мүддесінде мәмілелерді (сатып алу-сату, сыйға тарту, жалға, сенімгерлік басқаруға беру және басқаларын) азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа өтініш жасау туралы мәселені шешу туралы өтінішхатпен прокурорға жүгінеді.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тәркілеу туралы іс жүргізуде мүліктің заңсыз жолмен алынғаны туралы жеткілікті дәлелдемелер жиналды деп тани отырып, қорытынды жасайды, онда:
1) күдіктінің, айыпталушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), тұрғылықты немесе тұрған жері мен мекенжайы, туған жылы, айы, күні;
2) тәркілеуді қолдануға негіз болып табылатын қылмыс туралы мәліметтер, қылмысты саралау, оны жасаудың мән-жайы, қылмыспен келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері;
3) тәркіленуге жататын мүліктің сипаты мен тұрған жері;
4) осы баптың екінші бөлігінде көзделген, мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
5) тәркілеу туралы өтінішхатпен сотқа жүгінудің қажеттігі туралы түйін көрсетіледі.
5. Тәркілеу туралы іс жүргізу аяқталғаннан кейін ол бойынша қорытынды материалдарымен бірге дереу прокурорға жіберіледі.
6. Прокурор қорытындыны қарап шығып, қылмыстық қудалау органы тергейтін қылмыс туралы қылмыстық іс соттылығына жататын сотқа тәркілеу туралы өтінішхатпен жүгінеді.
Тәркілеу туралы өтінішхатта:
1) өтінішхаттың жасалған уақыты мен орны;
2) өтінішхатты жасаған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөні;
3) тәркілеуді қолдануға негіз болып табылатын қылмыс туралы мәліметтер, қылмыстың саралануы, оны жасаудың мән-жайлары;
4) күдіктінің, айыпталушының аты, әкесінің аты (ол болған кезде), тұрғылықты жері мен мекенжайы, туған жылы, айы, күні;
5) қылмыспен келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері;
6) тәркіленуге жататын мүлікке тыйым салу туралы мәліметтер;
7) тәркіленуге жататын мүліктің сипаттамасы және тұрған жері;
8) осы баптың екінші бөлігінде көзделген мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің тізбесі;
9) тәркілеу туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге негіз болатын дәлелдер;
10) тәркілеу туралы іс жүргізу шығыстарының болжамды мөлшері көрсетіледі.
Өтінішхаттың жіберілгендігі туралы қорғаушыға (ол қатысқан кезде), жәбірленушіге, оның өкіліне хабарланады.
Өтінішхатқа сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде адамның тегі, аты, әкесінің аты, оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері көрсетіледі.
7. Өтінішхатпен сотқа жүгінуге негіздер болмаған жағдайда, прокурор қосымша дәлелдемелер жинау қажеттігі немесе тәркілеу туралы іс жүргізуді тоқтату туралы көрсете отырып, қорытынды мен материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға қайтарады.
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді прокурор он тәулік ішінде жүзеге асырады.
669-бап. Соттың тәркілеу туралы өтінішхатты қарауы
1. Судья тәркілеуді қолдану туралы мәселені жеке-дара шешеді.
2. Сот талқылауы осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріліп, осы Кодекстің ережелері сақтала отырып жүргізіледі.
Судья қосымша материалдарды зерттеу қажет болған кезде қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы.
3. Сот отырысына өтінішхатпен жүгінген прокурор қатысады.
4. Сот отырысына қаралып отырған өтінішхатқа қатысты айғақтар беру үшін күдіктінің, айыпталушының қорғаушысы қатысып отырған кезде - оның өтінішхаты бойынша басқа адамдар да шақырылуы мүмкін.
670-бап. Тәркілеу туралы іс жүргізуде соттың кеңесу бөлмесінде шешетін мәселелері
1. Тәркілеу туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот қаулы шығарады.
2. Сот қаулы шығарған кезде мынадай:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабында көзделген жағдайларда, күдікті, айыпталушы мүлкінің тәркілеуге негіз болып табылатын қылмыспен байланысты-байланыссыз екені;
2) үшінші адам мүлкінің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабында көзделген тәсілмен сатып алынған-алынбағаны;
3) тәркілеудің қолданылуға жататын-жатпайтыны және ол мүліктің қай бөлігіне қолданылуға тиіс екені;
4) тыйым салынған немесе алып қойылған, оған қатысты тәркілеу қолданылмайтын мүлікпен не істеу керектігі;
5) тәркілеу туралы іс жүргізу шығыстарының мөлшері қандай және оның кімге жүктелетіні туралы мәселелерді шешеді.
671-бап. Тәркілеу туралы іс жүргізудегі сот шешімі
1. Кеңесу бөлмесінде сот:
1) өтінішхатты қанағаттандыру және мүлікті тәркілеу;