4) қылмысты оның жасалған уақытын, орнын, сондай-ақ осы Кодекстің ережелеріне сәйкес дәлелденуге жататын басқа да мән-жайларды көрсете отырып сипаттау;
5) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тармағы, бөлігі, бабы;
6) процестік келісімде көрсетілген шарттарды сақтаған және міндеттемелерді орындаған кезде күдіктіге, айыпталушыға қатысты қолданылуы мүмкін, қылмыстық жауаптылық пен жазалауды жеңілдететін мән-жайлар және қылмыстық заңның нормалары;
7) процестік келісім жасасқаннан кейін күдікті, айыпталушы жасауға міндеттенетін әрекеттер;
8) прокурор сот алдында ол туралы өтінішхат беретін жазаның түрі мен мөлшері;
9) процестік келісім жасасудың осы Кодекстің 614-бабында көзделген салдары;
10) жәбірленушінің процестік келісім жасасуға келісетіні туралы көрсетілуге тиіс.
2. Процестік келісімге прокурор, күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы қол қояды. Процестік келісімге қол қойылғанға дейін күдіктінің, айыпталушының өз қорғаушысымен бірге оның ережелерін оңаша және құпия талқылауға құқығы бар.
617-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасқаннан кейін қылмыстық іс бойынша прокурордың, тергеушінің, анықтаушының әрекеттері
1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісімге қол қойғаннан кейін прокурор күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды. Іс бойынша тергеу және процестік әрекеттер жүргізу қажет болған кезде прокурор істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жібереді.
2. Тергеуші, анықтаушы күдіктінің, айыпталушының кінәсін растауға жеткілікті көлемде дәлелдемелер жинауды жүзеге асырады.
3. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыс жасаудың процестік келісімде көзделмеген өзге мән-жайлары белгілі болған жағдайда, осы келісім осы Кодекстің 615 және 616-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайта қаралуға жатады не өзінің қолданысын тоқтатады.
4. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалғаннан кейін тергеу және процестік әрекеттерді жүргізу қажеттігі болмаған жағдайда, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды деп есептеледі және прокурор оны айыптау актісінсіз дереу сотқа жібереді, бұл туралы жәбірленушіге хабарланады.
618-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісім
1. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының және сотталған адамның қылмыстық процесті жүргізетін органға немесе прокурорға осы Кодекстің 612-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына және 619-бабына сәйкес ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
2. Күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен ынтымақтастық туралы процестік келісімді тиісінше облыстың прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адаммен - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары бекітеді.
3. Ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап және үкімді орындау сатысын қоса алғанға дейін мәлімделуі мүмкін.
619-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімді жасасу тәртібі
1. Ынтымақтастық туралы процестік келісімді жасасу туралы өтінішхатты күдікті, айыпталушы, сотталушы және сотталған адам жазбаша түрде береді және ол міндетті түрде қорғаушының қойған қолымен бекемделеді.
2. Егер қорғаушыны күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе сотталған адам, оның заңды өкілі немесе күдіктінің, айыпталушының, сотталушының немесе сотталған адамның тапсырмасы бойынша басқа адамдар шақырмаса, онда қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган не жазаны орындайтын мекеме немесе орган қамтамасыз етеді.
3. Іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан тергеуші, анықтаушы, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның басшысы ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты алған кезде оны бір тәулік ішінде прокурорға жібереді.
4. Сотталушының ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатын сот ол келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурорға жібереді.
5. Сотталған адам өзі аумағында жазасын өтеп жүрген облыс прокурорының атына процестік келісім жасасу туралы өз өтінішхатын жазаны орындайтын орган арқылы беруге құқылы.
6. Ынтымақтастық туралы процестік келісім осы Кодекстің 615-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында, 616-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақтарында, екінші бөлігінде көзделген талаптар сақтала отырып, қажет болған кезде 47-бабының қағидалары бойынша оның құпиялығын сақтай отырып және 12-тарауына сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, прокурор мен күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның арасында жасалады және бекіту үшін тиісінше облыстың прокурорына немесе оған теңестірілген прокурорға, олардың орынбасарларына, ал сотталған адаммен келісім - Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына не оның орынбасарына жіберіледі.
620-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіту тәртібі
Бекітуге келіп түскен процестік келісім бойынша күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты - облыстың прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адамға қатысты - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары:
1) қылмыстық істі және ұсынылған (талап етіліп алдырылған) қосымша материалдарды зерделейді, ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасудың заңдық және нақты негіздерін тексереді, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның келісім нысанасы болып табылған әрекеттерді орындау жөніндегі ниетінің сипатын бағалайды;
2) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ынтымақтастық туралы процестік келісіммен байланысты барлық шарттармен және талаптарымен танысқанын, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне ұшырағанын-ұшырамағанын, ынтымақтастық туралы процестік келісімді өз еркімен жасасқанын-жасаспағанын, оның құқықтық салдарын білетінін-білмейтінін анықтайды;
3) ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіту не бекітуден бас тарту туралы қаулы шығарады.
621-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімнің шарттарын орындау бойынша прокурордың әрекеттері
1. Облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адамға қатысты - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіткеннен кейін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған прокурор жасалған келісімнің нысанасы болып табылатын қылмыстардың ашылуын ұйымдастыруға және кінәлі адамдардың әшкереленуіне дереу шаралар қолданады, сондай-ақ осы Кодекстің 153-бабында көзделген тәртіппен күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды.
2. Егер ынтымақтастық туралы процестік келісімнің нысанасына қатысты қылмыстарға жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ықпал етуімен аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топ құрамында қылмыстар, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстар жасаған адамдар әшкереленсе және кінәлі адамдарға қатысты айыптау үкімі шығарылса, онда прокурор ынтымақтастық туралы процестік келісімнің талаптарын орындауға шаралар қолданады.
3. Прокурор ынтымақтастық туралы келісім жасасқан және оның шарттарын орындаған сотталған адамға қатысты осы Кодекстің 476 - 478-баптарына сәйкес өтінішхатпен сотқа жүгінеді.
64-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ СОТТА КЕЛІСІМДІК ІС ЖҮРГІЗУДЕ ҚАРАУ
622-бап. Келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер
Сот, егер:
1) сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалса;
2) кінәні мойындау туралы процестік келісім сот талқылауы барысында жасалса, істі келісімдік іс жүргізуде шешеді.
Егер сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісімге келіспеушілік білдірілсе, келісімдік іс жүргізуге жол берілмейді.
623-бап. Сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жасалған, кінәні мойындау туралы процестік келісіммен бірге келіп түскен іс бойынша судьяның әрекеттері
1. Судья кінәні мойындау туралы процестік келісіммен және істі келісімдік іс жүргізуде қарау туралы өтінішхатпен бірге қылмыстық істі алып, жасалған процестік келісімнің заң талаптарына сәйкестігін тексереді, содан кейін:
1) келісімдік іс жүргізуде талқылауды тағайындау;
2) егер келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер болмаса, қылмыстық істі прокурорға қайтару;
3) егер сот қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен, жазаның түрімен және (немесе) мөлшерімен келіспесе, жаңа келісім жасасу мүмкіндігін ұсына отырып, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Тараптар соттың қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері, жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі қаулысына сәйкес кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор қылмыстық істі жаңа процестік келісіммен бірге оны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін сотқа жібереді.
3. Судья кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде ол істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және іс бойынша жалпы тәртіппен іс жүргізуді жүзеге асыру үшін оны прокурорға жібереді.
4. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша шешім қабылдау үшін осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен істі алдын ала тыңдауды жүргізеді.
624-бап. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау кезінде сот отырысына қатысатын адамдар
Келісімдік іс жүргізу кезіндегі сот отырысына прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қатысады. Жәбірленуші, азаматтық талапкер және олардың өкілдері сот отырысына шақырылмайды.
Сот қажет болған кезде олардың келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауына қатысуын, оның ішінде коммуникацияның ғылыми-техникалық құралдарының көмегімен қатысуын ұйымдастыра алады.
625-бап. Келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімдері
1. Төрағалық етуші сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешкеннен кейін кінәні мойындау туралы процестік келісімді қараудың басталғаны туралы жариялайды және прокурорға оның мәнін баяндауды ұсынады.
2. Прокурордың сөзінен кейін төрағалық етуші сотталушыдан оның процестік келісімнің мәнін түсінгенін-түсінбегенін және онымен келісетінін-келіспейтінін сұрайды. Қажет болған кезде төрағалық етуші сотталушыға процестік келісімнің мәнін түсіндіреді, содан кейін оған келісім жасасудың мән-жайын сотқа хабарлауды ұсынады және процестік келісімнің оның ерік білдіруіне сәйкестігін-сәйкес еместігін және ол оны қолдайтын-қолдамайтынын және осы іс бойынша сотқа бірдеңе хабарлағысы келетін-келмейтінін анықтайды.
3. Төрағалық етуші сотталушының ұстанымын анықтай отырып, кінәні мойындау туралы процестік келісімге қатысты қорғаушыға және прокурорға өз пікірлерін хабарлауын ұсынады, сондай-ақ олардың процестік келісімді қолдайтынын-қолдамайтынын анықтайды.
4. Төрағалық етуші сот отырысында қажет болған кезде кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасасудың заңда көзделген тәртібін сақтау мәселесі бойынша прокурордан, сотталушыдан және оның қорғаушысынан жауап алады.
5. Процестік келісімді қарау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сотталушыдан келісімде көзделген мүліктік өндіріп алулар бөлігінде сот актісін өз еркімен орындау үшін оған қандай мерзім қажет екенін анықтайды, бұл ретте оның отбасылық және материалдық жағдайын анықтайды. Сотталушыға да сотқа қосымша бірдеңе хабарлау құқығы берілуге тиіс. Сотталушыны тыңдап болған соң төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетеді және сот шешімін жария ету уақытын хабарлайды.
6. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдерде аяқталуға тиіс.
626-бап. Соттың келісімдік іс жүргізудегі шешімдері
1. Сот процестік келісімді келісімдік іс жүргізуде қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) егер келісімдік іс жүргізуді қолдануға негіздер болмаса, прокурорға қылмыстық істі қайтару туралы қаулы;
2) егер сот процестік келісімде көрсетілген қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен не жазаның түрімен немесе мөлшерімен келіспесе, жаңа процестік келісім жасасу үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер сотта сотталушының кінәлілігіне күмән туындаса, істі келісімдік іс жүргізу тәртібімен қараудан бас тарту туралы және қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
4) егер осы Кодекстің 35-бабында санамаланған мән-жайлар анықталса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
5) процестік келісімге сәйкес сотталушыға жаза тағайындап, азаматтық талап қою және басқа да өндіріп алулар жөнінде шешімі бар айыптау үкімін шығарады.
2. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көрсетілген қаулыны шығарған жағдайда, қылмыстық іс жалпы тәртіппен тергеп-тексеру жүргізу үшін прокурорға қайтарылады.
3. Тараптар қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері не жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі сот қаулысына сәйкес жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор сотқа келісімдік іс жүргізуде қарау үшін жаңа процестік келісіммен бірге қылмыстық істі жібереді.
4. Судья жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және қылмыстық істі жалпы тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін прокурорға жібереді.
627-бап. Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша айыптау үкімінің құрылымы және мазмұны
1. Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша шығарылған үкімнің кіріспе бөлігі осы Кодекстің 396-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Келісімдік іс жүргізуде шығарылған айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде процестік келісімге сілтеме қамтылуға тиіс және мыналар:
1) жасалуына сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық іс-әрекеттің сипаты;
2) жасалған әрекеттің саралануы;
3) жаза тағайындаудың уәждері;
4) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері, оны орындаудың тәртібі мен мерзімі;
5) заттай дәлелдемелердің тағдыры және процестік шығындарды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Үкімнің қарар бөлігінде:
1) сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті тармағы, бөлігі және бабы бойынша кінәлі деп тану;
2) жазалау шарасы;
3) азаматтық талап қою және процестік шығындар туралы мәселе бойынша шешім;
4) келтірілген залалды процестік келісімнің талаптарына сәйкес өтеу мерзімі;
5) үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі көрсетіледі.
4. Сот үкімді шығарумен бір мезгілде осы Кодекстің 401-бабында санамаланған мәселелерді шешуге тиіс.
Үкімнің көшірмесі шығарылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей сотталған адамға, оның қорғаушысына және прокурорға табыс етіледі.
Сотталған адам мен оның қорғаушысы үкімнің көшірмесін алған күннен бастап он бес тәулік ішінде оған жалпы тәртіппен шағым жасауға құқылы.
628-бап. Басты сот талқылауы барысында келісімдік іс жүргізуді қозғау
1. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді.
2. Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалғаннан кейін ол судьяға беріледі, ол істі келісімдік іс жүргізуде қарауды жалғастыру туралы қаулы етеді. Тараптар процестік келісімнің талаптары бойынша келісімге қол жеткізбеген кезде соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.
629-бап. Сотта жасалатын процестік келісімнің құрылымы мен мазмұны
1. Сотта жасалатын процестік келісім нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақтарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Егер сотталушы қылмыстар жиынтығын жасады деп айыпталып отырса, онда келісімде әрбір қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері көрсетіледі.
3. Егер сотталушыға үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалса, онда келісімде түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері де көрсетіледі.
4. Келісім оған прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
5. Прокурор қол қойылған келісімді сотқа береді және істі келісімдік іс жүргізу шеңберінде шешу туралы өтінішхат береді.
14-БӨЛIМ. ІСТЕР БОЙЫНША АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН IС ЖҮРГIЗУ
65-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
630-бап. Істер бойынша алқабилердiң қатысуымен iс жүргiзу тәртiбi
Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жүргiзiледi.
631-бап. Істердің алқабилер қатысатын сотқа соттылығы
1. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесінші бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы iстердi алқабилердiң қатысуымен қарайды.
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бiрнеше бабында көзделген қылмыстар жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесiншi бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстардың ең болмағанда бiреуi кiрсе, айыпталушының өз iсiн сотқа алқабилердiң қатысуымен қаратуға құқығы бар.
3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхат мәлімдесе, соттың оны алқабилердiң қатысуымен қарауы барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
632-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилер қатысатын сот бiр судьяның және он алқабидiң құрамында әрекет етедi.
633-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилер қатысатын бүкiл сот талқылауы барысында мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнің, сотталушының және оның қорғаушысының, сондай-ақ процестiң басқа да қатысушыларының осы iстi қарауға қатысатын алқабилермен белгiленген тәртiптен бөлек қарым-қатынас жасауына тыйым салынады.
634-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi осы бөлiмде көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын, сондай-ақ алқабилер қатысқан соттың үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса алғанда, осындай өтiнiшхатты қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
3. Істiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде, сондай-ақ келесi кезеңде, оның iшiнде сотта iстi алдын ала тыңдауда, бiрақ сот басты сот талқылауын тағайындағанға дейiн күдіктінің, айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат мәлiмдеуге құқығы бар.
4. Күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы не өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарату құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтiнiшхаты күдіктіге тергеу әрекеттерiнің аяқталғанын хабарлау және оның құқықтарын түсiндiру туралы хаттамада көрсетіледі. Кейiннен мәлiмделген өтiнiшхатты күдікті, айыпталушы жазбаша түрде баяндайды және ол осы іс соттылығы бойынша сотқа дереу жiберiледi. Істі алдын ала тыңдау барысында мәлімделген өтінішхат жазбаша және ауызша болуы мүмкін.
5. Сот басты сот талқылауын тағайындағаннан кейiн айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайды.
66-тарау. СОТ ОТЫРЫСЫН ТАҒАЙЫНДАУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
635-бап. Алдын ала тыңдауды өткізу
Осы Кодекстің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу күдіктінің, айыпталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының болуына немесе болмауына қарамастан міндетті.
636-бап. Алдын ала тыңдау өткiзудің ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, оның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.
2. Судья сот отырысының басында қай iстiң қаралуға жататынын хабарлайды, отырысқа қатысатын адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттiк айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылық білдірулерді шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісін жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi-түсініксіз екенін анықтайды, қажет болған жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы берген өтiнiшхатын растайтын-растамайтынын сұрайды. Егер істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.
3. Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi.
4. Қажет болған жағдайда, алдын ала тыңдауда дәлелдемелер ретiнде жол берілетінін тексеру үшiн iс материалдары жария етiлуi мүмкiн.
5. Егер сотталушы өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растамаса, судья осы Кодекстiң 321-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген басқа негiздер болмаған кезде алдын ала тыңдау аяқталды деп хабарлайды. Iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 42-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
6. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
637-бап. Алқабилер қатысатын сот отырысын тағайындау кезiнде алдын ала тыңдау тәртiбiмен шығарылатын шешiмдердiң ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша осы Кодекстiң 322 - 327-баптарында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
2. Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 112-бабына сәйкес iс материалдарынан дәлелдемелер ретiнде жарамсыз деп танылған нақты деректердi алып тастайды.
638-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау тәртiбi
1. Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.