4. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Инвестор қатысатын құқықтық қатынастардан туындайтын, инвестициялық қызметке байланысты емес өзге де даулар, сондай-ақ оңайлатылған іс жүргізумен қарауға жататын инвестор қатысатын даулар осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылыққа сәйкес аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың соттылығына жатады.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 27-1-баптармен толықтырылды
27-1-бап. Азаматтық істердің облыстық және оған теңестірілген соттың соттылығына жатқызылуы
Облыстық және оған теңестірілген сот тараптардың келісуімен осы облыстың аудандық (қалалық) соттары мен оларға теңестірілген соттарының іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін талап ете алады, өз іс жүргізуіне қабылдай алады, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарай алады және шеше алады.
28-бап. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 28-1-баптармен толықтырылды
28-1-бап. Азаматтық істердің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына жатқызылуы
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тараптардың келісуімен аудандық (қалалық), облыстық және оларға теңестірілген соттардың іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін талап ете алады, өз іс жүргізуіне қабылдай алады, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарай алады және шеше алады.
29-бап. Жауапкердің орналасқан жері бойынша талап қоюды беру
1. Талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
Жеке тұлғаның, оның ішінде заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның тұрғылықты жері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген қағидалар бойынша айқындалады.
2. Заңды тұлғаға талап қою құрылтай құжаттарына сәйкес және (немесе) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайға сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Заңды тұлға құрмайтын ұйымға талап қою оның орналасқан жері бойынша беріледі.
30-бап. Талап қоюшының таңдауы бойынша соттылық
1. Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап қою оның жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша берілуі мүмкін.
2. Заңды тұлғаға талап қою оның мүлкінің орналасқан жері бойынша да берілуі мүмкін.
3. Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап қою филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша да берілуі мүмкін.
4. Талап қоюшы әке болуды анықтау туралы және алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларды өзінің тұрғылықты жері бойынша беруі мүмкін.
5. Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талап қоюларды талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша бере алады. Өмірге және (немесе) денсаулыққа келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда талап қоюлар тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісінің орналасқан жері бойынша беріледі.
6. Орындалатын орны көрсетілген шарттардан туындайтын талап қоюлар шарттың орындалатын орны бойынша да берілуі мүмкін.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жататын істер бойынша талап қоюларды қоспағанда, некені бұзу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша онымен кәмелетке толмаған балалары бірге тұрған кезде берілуі мүмкін.
8. Қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартудан, процестік мәжбүрлеу шараларын не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан бұзылған мүліктік және мүліктік емес құқықтарды қалпына келтіру туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
9. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.
10. Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы өндіріп алу туралы талап қоюлар жауапкердің немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
11. Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша не жауапкердің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
12. Бірнеше жауапкерге талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
13. Осы Кодекстің 31-бабында белгіленген соттылықты қоспағанда, осы бапқа сәйкес іс соттылығына жататын бірнеше соттың арасынан таңдау жасау талап қоюшыға тиесілі.
31-бап. Айрықша соттылық
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен тығыз байланысты басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, жылжымайтын мүлікті тыйым салудан босату туралы, кепілге салынған жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдану, жылжымайтын мүлік кепілінің шартын тоқтату не жарамсыз деп тану туралы талап қоюлар осы объектілердің орналасқан жері бойынша беріледі. Егер жылжымайтын мүлік объектілері әртүрлі елді мекендерде орналасқан болса, талап қою объектілерінің бірінің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Егер жылжымайтын мүлік объектілері бір елді мекеннің аумағында орналасқан болса, талап қою объектілерінің бірінің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
2. Мұра қалдырушының кредиторларының мұрагерлерге, өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) талап қоюлары баптың бірінші бөлігінде белгіленген қағидаларға сәйкес мұраға қалдырылған мүлік орналасқан жердегі соттың қарауына жатады.
3. Мұрагерді лайықсыз мұрагер деп тану, мұраны иесіз деп тану, мұраны қабылдау, мұрадан бас тарту үшін мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы талап қоюлар мұраның ашылған жері бойынша беріледі.
4. Жүктерді, жолаушыларды немесе багажды тасымалдау шарттарынан туындайтын тасымалдаушыларға талап қоюлар тасымалдаушының (көлік ұйымының, жеке кәсіпкердің) орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
5. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетiн және оның меншiгiн шет мемлекеттiң бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, сотқа талап қоюшының орналасқан жерi бойынша беріледі.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (2022 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
32-бап. Шарттық соттылық
Тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Осы Кодекстің 31-бабында белгіленген соттылықты тараптардың келісімімен өзгертуге болмайды.
33-бап. Өзара байланысты бірнеше істердің соттылығы
1. Дербес талапты мәлімдеуші үшінші тұлғаның талап қоюы және қарсы талап қою, бұлардың соттылығына қарамастан, бастапқы талап қою қаралатын жердегі сотқа беріледі.
2. Бір жауапкерге бірнеше талап қою берілген кезде, егер даудың нысанасы немесе негізі соттың іс жүргізуінде жатқан істегі даудың нысанасына немесе негізіне байланысты болса, ал мұндай талап қоюлардың соттылығы соттың іс жүргізуінде жатқан істің соттылығын бұзбаса, сот оларды бір іс жүргізуге біріктіруге құқылы.
3. Қылмыстық істен туындайтын талап қоюды, егер ол қылмыстық іс бойынша жүргізілген кезде азаматтық талап қою ретінде мәлімделмеген немесе шешілмеген болса немесе, осы Кодекстің 23-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот қараусыз қалдырса, бас бостандығынан айыруға сотталған адамға оның сотталғанға дейінгі тұрғылықты жері бойынша не талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарау үшін беріледі.
Есі дұрыс емес адамның қоғамға қауiптi іс-әрекетi туралы қылмыстық істен туындайтын талап қою, егер ол іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қою ретінде мәлімделмеген немесе шешілмеген болса немесе сот іс бойынша іс жүргізу кезінде оны қараусыз қалдырса, есі дұрыс емес адамның әрекетіне материалдық жауапты адамның тұрғылықты жері бойынша не талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарау үшін беріледі.
34-бап. Істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру
1. Соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған іс кейіннен ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, сот оны мәні бойынша шешуге тиіс.
2. Егер:
1) тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беру туралы өтінішхат берсе;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін істі осы сотта қарау мүмкін болмаса;
3) істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса;
4) осы Кодекстің 27-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) осы Кодекстің 32-бабында көзделген негіздер туындаса;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) осы Кодекстің 27-1 және 28-1-баптарында көзделген негіздер болса, сот істі басқа соттың қарауына береді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Тараптардың істің осы соттың соттылығына жатпайтыны туралы арыздарын осы сот шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы мәселе бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 27-1 және 28-1-баптарында көзделген жағдайларда ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды.
4. Осы баптың екінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда істі оның соттылығын анықтау үшін жоғары тұрған сотқа беру туралы ұйғарым шығарылады. Істі басқа сотқа беру туралы мәселені жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысатын адамдарға хабарламастан және сот отырысын өткізбестен жеке-дара қарайды. Қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарылады, ол түпкілікті болып табылады және оған шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Істі бір соттан екінші сотқа беру - осы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берілген жағдайда - шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
Екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екінші сотқа беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Әртүрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасындағы дауды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың ұсынуы бойынша шешеді.
4-тарау. СОТТЫҢ ҚҰРАМЫ, ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРУЛЕР
35-бап. Соттың құрамы
1. Соттың атынан әрекет ететін судья бірінші сатыдағы сотта азаматтық істерді жеке-дара қарайды және шешеді.
2. 2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Осы Кодекстің 27-1-бабында көзделген азаматтық істерді судья бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша облыстық және оған теңестірілген сотта жеке-дара қарайды және шешеді.
Осы Кодекстің 28-1-бабында көзделген азаматтық істерді судья бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында жеке-дара қарайды және шешеді.
4. Істерді апелляциялық сатыдағы сотта қарауды соттың алқалы құрамы облыстық және оған теңестірілген сот судьяларының тақ санында (кемінде үш) жүргізеді, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады не судья осы Кодекстің 402-бабына сәйкес жеке-дара жүргізеді.
5. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының тақ санында (кемінде үш) сот алқасы төрағасының не оның тапсыруы бойынша судьялардың біреуінің төрағалық етуімен соттың алқалы құрамы жүргізеді.
6. Кассациялық саты сотының қаулыларын қайта қарау бойынша істерді қарауды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының немесе оның тапсыруы бойынша судьялардың біреуінің төрағалық етуімен тақ санды (кемінде жеті) судьялар алқалы құрамда жүргізеді.
7. Нақты істі қарау үшін соттың құрамы оны қалыптастыруға сот талқылауының нәтижесіне мүдделі тұлғалардың ықпалын болдырмайтын тәртіппен судьялардың жүктемесі мен мамандануы ескеріле отырып, оның ішінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе пайдаланыла отырып қалыптастырылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 8-бөлік өзгертілді
8. Бір судья немесе сот құрамы қарауды бастаған істі сол судья немесе сот құрамы қарауға тиіс.
Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сот арқылы банкроттық рәсімін, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту рәсімін және олардың банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешім шығарған судья, соттылығы осы Кодекстің 31-бабында белгіленген даулар бойынша істерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, сот арқылы банкроттық рәсімі, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту рәсімі және олардың банкроттығы рәсімі шеңберінде туындайтын даулар бойынша, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, қаржы басқарушысының, оңалтуды немесе банкроттықты басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істерді қарайды.
9. Судьяны немесе судьялардың біреуін ауыстыру:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен мәлімделген және қанағаттандырылған судья өздігінен бас тартқан немесе қарсылық білдірген;
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) ауруына, демалысына, оқуда болуына, қызметтік іссапарда болуына орай судья ұзақ уақыт болмаған;
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды
3) егер тараптар арасында медиация өткізу кезінде келісімге қол жеткізілмесе және тараптардың істі осы судьяның қарауына келісімі болмаған жағдайда мүмкін болады.
10. Судьяны ауыстыру оның өкілеттіктері заңда белгіленген негіздер бойынша тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған жағдайларда да жүргізіледі.
11. Судья істі қарау процесінде ауыстырылған жағдайда сот талқылауы басынан бастап жүргізілуге тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда процестік әрекеттерді өзара алмасу тәртібімен бір судьяның орнына басқа судьяның жасауы, оның ішінде талап қоюды немесе арызды қабылдауы және іс бойынша іс жүргізуді қозғауы, талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарауы, сот талқылауын кейінге қалдыруы судьяны ауыстыру болып табылмайды.
36-бап. Соттың алқалы құрамының мәселелерді шешу тәртібі
1. Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде туындайтын барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.
2. Төрағалық етуші ұсыныстар енгізеді, өз пікірін айтады және соңғы болып дауыс береді.
3. Көпшіліктің шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол мөр басылып жабылған конвертте іске қоса тіркеледі. Кассациялық сатыдағы сот осы істі қарау кезінде ерекше пікірмен танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысатын адамдарға хабарланбайды, ерекше пікір сот отырысы залында жария етілмейді.
37-бап. Судьяның істі қарауға және шешуге қайта қатысуына жол берілмейтіндігі
1. Бірінші сатыдағы сотта азаматтық істі қарауға және шешуге қатысқан судья осы істі бірінші сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда қайта қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған шешімнің күші жойылған жағдайда, істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, кассациялық сатылардағы соттарда қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған сот актісінің күші жойылған жағдайда істі апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
3. Кассациялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья дәл осы істі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған сот актісінің күші жойылған жағдайда істі кассациялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
38-бап. Судьяға қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін негіздер
1. Судья, егер ол:
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) осы істі осының алдында қараған кезде медиацияны жүргізген судья, прокурор, куә, сарапшы, маман, аудармашы, консультант, тараптың немесе үшінші тұлғаның өкілі, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы ретінде қатысқан болса;
2) іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің бірінің туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болса;
3) істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не, егер оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болса, істі қарауға және шешуге қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге (өздігінен бас тартуға) тиіс.
2. Істі қарайтын соттың алқалы құрамына өзара туыс, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар болып табылатын судьялар кіре алмайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 39-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
39-бап. Прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, консультантқа, сот отырысының хатшысына қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін негіздер
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік өзгертілді
1. Осы Кодекстің 38-бабы бірінші бөлігінің 2), 3) тармақшаларында көрсетілген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін негіздер істі қарауға және шешуге қатысатын прокурорға, сот отырысының хатшысына, маманға, аудармашыға, консультантқа, сарапшыға да қолданылады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сарапшы, маман, аудармашы бұдан басқа, егер:
1) ол іске қатысатын адамдарға немесе олардың өкілдеріне қызмет бабымен немесе өзгедей тәуелді болса немесе тәуелділікте болып келсе;
2) ол ревизия немесе тексеру жүргізіп, оның нәтижелері сотқа жүгіну үшін негіз болса не осы азаматтық істі қарау кезінде пайдаланылса;
3) оның құзыретіне жатпайтындығы анықталса, оның ішінде іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау оның арнайы білімдерінің шегінен шықса, соттың істі қарауына және шешуіне қатыса алмайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Прокурордың, маманның, аудармашының, консультанттың, сот отырысы хатшысының істі мұның алдында қараған және сот шешкен кезде тиісінше прокурор, маман, аудармашы, консультант, сот отырысының хатшысы ретінде қатысуы оларға қарсылық білдіру үшін негіз болып табылмайды. Адамның іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін сараптама қайта тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, іс бойынша қосымша сараптама жүргізуді оған тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.
40-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 38, 39-баптарында көрсетілген мән-жайлар болған кезде судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, консультант, сот отырысының хатшысы өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті. Іске қатысатын адамдар сол негіздер бойынша қарсылық білдіруге тиіс.
2. Қарсылық білдірудің (өздігінен бас тартудың) уәжі көрсетілуге және ол істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін жазбаша түрде мәлімделуге тиіс. Істі қарау барысында қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) негізі сотқа немесе қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) мәлімдеген адамға істі қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда, қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз берілуі мүмкін.
3. Бұрын мәлімделген негіздер бойынша судьяға қарсылық білдіруге қайтадан арыз беруге жол берілмейді.
4. Судьяның осы Кодекстің 38-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мәлімдеген өздігінен бас тартуы оны қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылады.
41-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау тәртібі
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот отырысында прокурорға, сот отырысының хатшысына, маманға, сарапшыға, аудармашыға, консультантқа мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) сот сол сот отырысында қарайды және шешеді.
Сот отырысынан тыс мәлімделген жазбаша қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) судья тараптарға хабарламастан, ол түскен күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей ал қосымша мән-жайларды анықтау қажет болған кезде - келесі сот отырысында қарайды.
2. Бірінші сатыдағы соттың судьясына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) осы соттың төрағасы немесе басқа судьясы тараптарға хабарламастан, мәлімделген күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, ал олар болмаған жағдайда - тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы келіп түскен күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды және шешеді.
3. Апелляциялық сатыдағы соттың судьясына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) апелляциялық саты сотының төрағасы тараптарға хабарламастан жеке-дара, мәлімделген күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде, ал ол болмаған кезде - осы апелляциялық сатының басқа судьясы қарайды және шешеді.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Істі соттың алқалы құрамы қараған кезде судьялардың біріне мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) соттың алқалы құрамының басқа судьялары қарайды. Сот мәлімделген қарсылық білдіру бойынша іске қатысатын адамдардың пікірін, егер қарсылық білдірілген судьяның түсініктеме бергісі келсе, оның пікірін тыңдайды. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген судьяның қатысуынсыз шешіледі. Қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) жақтаған және оған қарсы берілген дауыстар саны тең болған жағдайда қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қанағаттандырылды деп есептеледі.
5. Істі сот отырысында қарайтын соттың алқалы құрамының екі және одан да көп судьясына немесе барлық судьяларына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) нақ сол сот толық құрамда қарапайым көпшілік дауыспен шешеді.
6. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз қабылданбаған кезде істі қарауды және шешуді сол сот отырысында соттың сол құрамы жалғастырады.
7. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда істі қарау кейінге қалдырылады. Істің жаңа сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдеріне хабарланады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау нәтижелері бойынша соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың апелляциялық өтінішхатына, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатқа немесе кассациялық наразылыққа енгізілуі мүмкін.