4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға немесе кеңейтуге арналған резервте қалдырылатын учаскелердегі шаруашылық қызметті шектеуге байланысты орын алған залалдарды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
5. Қалалар шекараларының шегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе кеңейту кезінде жерлерді резервте қалдыру белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларды ескере отырып, не қолданыстағы бас жоспарларға, қала салу регламенттеріне және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала салу кадастрына қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
25-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты
1. Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдар әрбір осындай аумақ бойынша белгіленген үлгідегі паспортты толтырады және оны уәкілетті органда тіркейді.
Тіркелген паспорттың әрбір данасы түпнұсқа болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында:
1) түрі мен санаты көрсетілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтың атауы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөніндегі мемлекеттік орган актісінің атауы, нөмірі және қабылданған күні;
3) қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттік органның атауы;
4) заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жүктелген ұйымның атауы;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың туристік инфрақұрылымы, географиялық координаттары, шекарасының сипаттамасы, аумағының көлемі және күзет аймағы көрсетілген карта-схемасымен бірге орналасқан жері;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасымен бірге олардың тізбесі;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтары және олардың күзет режимі түрлері, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар, олардың күзет аймағындағы табиғат пайдалану жөніндегі міндеттемелері мен ауыртпалықтары туралы мәліметтер;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызметтің рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлеріне қойылған шектеулер;
9) келіп көру ережесі, жұмыс режимі, рекреациялық жүктеме көрсетіледі.
3. Табиғат қорғау ұйымының паспорты табиғат қорғау ұйымында, өзінің қарауында осы табиғат қорғау ұйымы болатын мемлекеттік органда және уәкілетті органда болады.
Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік қорық аймақтарының паспорты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аталған түрлерін қорғау бекітіліп берілген ұйымда, өзінің қарауында осы ұйым болатын мемлекеттік органда және уәкілетті органда сақталады.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың нысаналы мақсаты өзгерген, ол қайта ұйымдастырылған, кеңейтілген жағдайларда оның паспорты қайта тіркеуден өткізіледі.
26-бап. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары
1. Табиғат қорғау ұйымдары өз қызметін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, олар қарауында болатын мемлекеттік орган бекітетін басқару жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес бесжылдық кезеңге жасалады.
2. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары:
1) табиғи және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың осының алдындағы кезеңдегі өзгерістеріне жасалған талдауды;
2) табиғат қорғау ұйымының осының алдындағы кезеңдегі қызметіне берілген бағаны;
3) табиғат қорғау ұйымының осыдан кейінгі кезеңдегі табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызметінің әрбір түрі бойынша іс-шараларды;
4) мемлекеттік орман қоры жерлерінде құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін - өткен кезеңдегі орман шаруашылығын жүргізудің және орман пайдаланудың кешенді бағасы берілетін және алдағы кезеңге арналған осы орман учаскелерін күзету, қорғау, молықтыру және оларға күтім жасау жөніндегі іс-шаралар әзірленетін бөлімді;
5) басқару құрылымын, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, кадрлармен қамтамасыз ету және олардың біліктілігін арттыру, жергілікті халықпен және жергілікті өкілетті және атқарушы органдармен бірлесіп іс-қимыл жасау арқылы басқару жоспарын іске асыру тетіктерін қамтиды.
3. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарын әзірлеуді ол қарауында болатын мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.
27-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры осындай аумақтардың құқықтық мәртебесі, олардың орналасқан жері, көлемі мен шекарасы, географиялық координаттары, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасы, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы, күзет режимінің түрлері, нысаналы пайдаланылуы және рұқсат етілген қызмет түрлері туралы мәліметтер жүйесін қамтиды.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрының деректерi экологиялық желiнi қалыптастыруға негiз болып табылады және биологиялық саналуандылықты, бiрегей табиғи ландшафтарды сақтауды ескере отырып, жердi ұтымды пайдалануды және өңiрлердiң өндiргiш күштерiн орналастыруды жоспарлау кезiнде пайдаланылады.
5-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды күзету
және қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет қызметі мемлекеттік
инспекторларының құқықтық мәртебесi
28-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды күзету режимінің түрлерi
Түріне және функционалдық аймақтарға бөлінуіне байланысты бүкіл ерекше қорғалатын табиғи аумақта немесе оның арнайы бөлінген аймақтары мен учаскелерінде мынадай күзет режимінің түрлері енгізіледі:
1) кез келген шаруашылық қызметке, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерінің табиғи жай-күйін бұзатын өзге де қызметке тыйым салуды көздейтін қорық режимі;
2) шаруашылық және өзге қызметтің жекелеген түрлеріне белгілі бір мерзімге немесе онсыз маусымдар бойынша толық тыйым салуды немесе шектеуді көздейтін қаумалдық режим;
3) табиғи кешендерді шектеулі пайдалануды, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметтің дәстүрлі түрлерін мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілеріне зиянды әсер етпейтін тәсілдермен және әдістермен жүргізуін көздейтін шаруашылық қызметтің реттелмелі режимі.
29-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды күзету және қорғау
1. Қоршаған ортаға зиянды әсерлердің алдын алу және оларды жою мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда күзету мен қорғау жүргізілуі мүмкін.
2. Күзету:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтың жолын кесу мақсатында аумақты қарауылдауды, оның ішінде жер және әуе көлігін қолданып қарауылдауды;
2) өрттердің алдын алуды, оларды байқауды және сөндіруді;
3) суды ластанудан, былғанудан және сарқылудан күзетуді қамтиды.
3. Қорғау:
1) судың зиянды әсерінің алдын алуды және жоюды;
2) өсімдіктерді қорғауды, зиянды жәндіктер мен орман аурулары ошақтарын дер кезінде анықтауды және оларға қарсы күресуді, санитарлық және басқа мақсаттарда ағаш кесуді (жолдар салуға байланысты орман жолдарын тарту, өртке қарсы жыралар қазу кезінде орманды тазарту);
3) індеттер мен эпизоотиялардың алдын алу мақсатында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мен ветеринариялық мониторингті қамтамасыз етуді, жануарлар санын реттеуді;
4) жерді эрозиядан қорғауды қамтиды.
4. Өрттердің алдын алу, оларды байқау және сөндіру Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
5. Қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды күзету режимінің түрлерін ескере отырып, ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негізінде және қарауында осы аумақтар бар орталық атқарушы органдардың рұқсаты бойынша жүргізіледі.
30-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қорын қалпына келтіру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қорын қалпына келтіру мақсатында мынадай іс-шаралар:
1) бұдан бұрын бүлінген жерлерді рекультивациялау;
2) су айдындарының қолайлы режимін сақтау;
3) эрозиялық процестердің алдын алу және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ормандарды молықтыру және орман өсіру;
4) өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін табиғи ортада көбейту, өсіру және қалпына келтіру жүргізілуі мүмкін.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қалпына келтіру іс-шаралары күзету режимінің түрлерін ескере отырып, тиісті ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негізінде уәкілетті органмен келісім бойынша жүргізіледі.
31-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғау
1. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғауды олардың штатына кіретін күзет қызметінің мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
2. Табиғат қорғау мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымы бойынша бір мезгілде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлар және бас мемлекеттік инспекторлардың орынбасарлары болып табылады.
Табиғат қорғау мекемелерінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша аға мемлекеттік инспекторлар болып табылады, осы бөлімшелердің мамандары, ғылыми қызметкерлерді қоса алғанда, лауазымы бойынша табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
Осы бапта көрсетілген лауазымды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-бап. Мемлекеттiк табиғи-қорық қорының, мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және мемлекеттiк қорық аймақтарының табиғи кешендерi мен объектiлерiн қорғау
1. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының, мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың және мемлекеттік қорық аймақтарының мемлекеттік орман қоры жерінде және оларға іргелес жатқан жерде орналасқан табиғи кешендері мен объектілерін қорғауды Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман күзетінің қызметтері, басқа санаттардағы жерде табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың инспекторлары жүзеге асырады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік табиғат ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи қаумалдарды және мемлекеттік қорық аймақтарын қорғау мақсатында оларды мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелеріне, табиғат қорғау мекемелеріне және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға бекітіп беру уәкілетті орган ведомствосының және өздерінің құзыреті шегінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен жүргізіледі.
Жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы, мемлекеттік орман қоры жерінде орналасқан республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды бекітіп беру облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган ведомствосының шешімімен жүргізіледі.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 32-1-тармақпен толықтырылды
32-1-бап. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы
1. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы Қазақстан Республикасының аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің жай-күйі, оларды зерттеу, қорғау, өсімін молайту және орнықты пайдалану жөніндегі қажетті шаралар туралы мәліметтер жиынтығын қамтитын, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлері тізбелерінің суреттермен безендірілген басылымы болып табылады. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы сонымен бір мезгілде өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастрының құрамдас бөлігі болып табылады.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына үйреншікті мекендеу ортасында жойылып кеткендерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында құрлықта, суда, атмосферада және топырақта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттік қайраңы мен айрықша экономикалық аймағында табиғи еркіндік жағдайында тұрақты немесе уақытша мекендейтін өсімдіктердің (биік және аласа) және жануарлардың (омыртқалылар және омыртқасыздар) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлері (кіші түрлері, популяциялары) енгізіледі.
3. Саны және орнықты тіршілік ету жағдайлары табиғи еркіндік жағдайында олардың өсімін молайтуға және генетикалық қорын сақтауға қатер төнуді болдырмайтын шекке дейін қалпына келтірілген өсімдіктер мен жануарлар түрлері (кіші түрлері, таралымдары) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Қызыл кітабынан шығарылуға жатады.
4. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізуді бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлардың суреттермен безендірілген тізбелері ресми жарияланады, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
5. Мыналар:
1) арнайы жасалған жағдайларда көбейту;
2) ғылыми зерттеулер;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) селекция үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою жүзеге асырылады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Өсімдіктер дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасына әкелу және (немесе) оның шегінен тыс жерге әкету Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес берілген рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
7. Өсімдіктер мен жануарлар түрлерін Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізу және одан шығару жөнінде ұсынымдар тұжырымдау үшін құрамы мен ережесін уәкілетті орган бекітетін ведомствоаралық ботаникалық және зоологиялық комиссиялар құрылады.
33-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары
1. Табиғат қорғау мекемелері мемлекеттік инспекторларының өз аумағы мен күзет аймақтарының шекарасында:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүрген адамдардан осында болу құқығына берілген рұқсатты тексеруге;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу мақсатында табиғат қорғау мекемесінің және оның күзет аймағының аумағындағы жеке және заңды тұлғалардың объектілеріне баруға;
3) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке немесе заңды тұлғалардың қызметін тоқтату немесе оған тыйым салу туралы сотқа талап арыз беруге;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынның мөлшерін анықтауға және осының негізінде кінәлі тұлғаларға осы шығынды ерікті түрде өтеу туралы талап қоюға не сотқа талап арыз беруге;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайларда мемлекеттік инспекторлардың актілер жасауға және материалдарды шаралар қолдану үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберуге;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақта, оның күзет аймағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзған адамдарды ұстауға және оларды құқық қорғау органдарына жеткізуге;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың, оның күзет аймағында көлік және суда жүзу құралдарын тоқтатуға, оларға тексеру жүргізуге;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен атыс қаруын, заңсыз олжалаған өнімді және оны олжалау құралын, көлік және суда жүзу құралдарын алып қоюға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы құралдар мен қызмет қаруын сақтауға, алып жүруге және қолдануға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 11) тармақша өзгертілді
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айырым белгілері бар нысанды киім (погонсыз) киіп жүруге;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды
12) Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын, Қазақстан Республикасы орман заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде жеке және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Табиғат қорғау мекемелері мемлекеттік инспекторларының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және олардың шешімдеріне жоғары тұрған мемлекеттік органдарға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айырым белгілері бар нысанды киіммен (погонсыз), арнайы құралдармен және қызметтік қарумен қамтамасыз етіледі.
4. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары өз құзыретіне сәйкес мынадай актілер:
1) тексеру өткізу нәтижелері бойынша акт;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы, Қазақстан Республикасының орман заңнамасы талаптарының бұзылуын жою туралы ұйғарым;
4) мынадай:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы, Қазақстан Республикасының орман заңнамасы бұзылған жағдайда кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы;
сот шешімі шығарылғанға дейін уақытша сақтау үшін атыс қаруын, олжалау құралдарын, заңсыз олжаланған өнімді, көлік және суда жүзу құралдарын алып қою туралы қаулылар жасайды.
6-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру жүйесi
34-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру көздерi
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру:
1) бюджет қаражаты;
2) табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) гранттар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту қорларының қаражаты;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) жеке және заңды тұлғалардың қайырмалдықтары, ерiктi жарналары, оның ішінде өздері шаруашылық және өзге де қызметті жүргізу кезінде мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне келтірілетін және (немесе) болмай қоймайтын зиян үшін жасайтын қайырмалдықтары, ерiктi жарналары есебiнен жүргiзiледi.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
35-бап. Табиғат қорғау мекемелерін дамыту және күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Iс-шараларды қаржыландыру табиғат қорғау мекемелерiн басқару жоспарларына сәйкес табиғат қорғау мекемелерiн дамыту мен күтіп-ұстауға олардың санатына қарай бөлiнетiн бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады және мыналарға:
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту кезінде, сондай-ақ осы аумақтарды құру және кеңейту үшін жерлерді резервте қалдыру кезінде жер учаскесін алып қоюға байланысты жер учаскелерінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға келтірілген залалдарды жабуға және ысыраптарды өтеуге;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметін шектеу жөніндегі залалдарды жабуға және ысыраптарды өтеуге;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбелерін жүргізуге;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақ пен оның күзет аймағының жер бөлудің жерге орналастыру жобасын жасау және шекарасын нақтылы жерінде бөлу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге;
6) әкімшілік-шаруашылық, ғылыми, ақпараттық-ағартушылық, туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілер мен құрылыстарды салуға және қайта жаңартуға;
7) штат санын ұстауға;
8) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін күзетуге, қорғауға және қалпына келтіруге;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) экологиялық-ағартушылық, ғылыми, оқу, туристік және рекреациялық қызмет жүргiзуге;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік ұлттық табиғи парктің туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында және мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймағында инфрақұрылымды дамыту объектілерін (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) салуға жұмсалады.
36-бап. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарын дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарын дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
37-бап. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін күзету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи-қорық қоры объектілерін күзету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды оларға бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері өздеріне осы мақсаттарға бөлінетін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.