1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде біржолғы өтем төленедi.
11. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпаған ауыр мертiгу (жарақат, жаралану, контузия) жағдайында, оған оның Сыртқы iстер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша есептелетiн - үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бір айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде біржолғы өтем төленедi.
12. Егер дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (мертігуі), ауыруы қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысы жоқ жағдайларда болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, аталған сома төленбейдi.
2010.27.12. № 366-IV ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26-бап. Жерлеу шығыстарын өтеу
1. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызметтің қызметкерін немесе жұмыскерін жерлеу үшін оның отбасы мүшесіне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшесін жерлеу үшін дипломатиялық қызметтің қызметкеріне немесе жұмыскеріне оның Сыртқы істер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша үш орташа жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
2. Шетелде қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің не отбасы мүшесінің мәйітін Қазақстан Республикасына оның тұрақты тұратын жеріне немесе қайтыс болған (қаза тапқан) дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе жұмыскерінің отбасы мүшелерімен не дипломатиялық қызметтің қызметкерімен немесе жұмыскерімен келісім бойынша кез келген басқа жерге жеткізу және онымен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.23.11. № 417-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 27-бап жаңа редакцияда
27-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастарын реттеу
Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастары, осы Заңда көзделген ерекшеліктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық қызмет персоналының шет елдегі еңбек жағдайлары ескеріліп, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасымен реттеледі.
28-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу
Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн еңбекке ақы төлеудiң бірыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi.
Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу болатын елiнiң саяси, әлеуметтiк-экономикалық және материалдық-тұрмыстық жағдайлары ескерiле отырып айқындалады.
29-бап. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне ақшалай төлемдер жасау
Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежесi үшiн, шет тiлдерiн бiлгенi үшiн, мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтермен жұмыс істегені үшiн ақшалай төлем алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген өкiлдiк керек-жарағы құнының мөлшерiнде жыл сайынғы ақшалай өтем алуға құқығы бар. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң өкiлдiк керек-жарағы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
30-бап. Жыл сайынғы демалыстар
1. Дипломатиялық қызметтiң персоналына ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
2. Дипломатиялық қызметтiң шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн қызметкерiне немесе жұмыскерiне кезектi еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру үшiн оның Сыртқы iстер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының екi еселенген мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.
31-бап. Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау
Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
32-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2010.27.12. № 366-IV ҚР Заңымен 32-1-баппен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
32-1-бап. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдар осы Заңның 25-бабы 2, 3, 5, 7-12-тармақтарының, 29-бабының өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай өтемақысын төлеу бөлігінде көзделген ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнеткерлік және медициналық қамтамасыз ету мәселелерінде тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына теңестіріледі.
2. Егер Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдардың халықаралық ұйымда ақшалай қаражатпен, әлеуметтік, зейнеткерлік және медициналық қамтамасыз етілуі тиісті шет мемлекеттегі мекемелердің персоналына қарағанда аз болса, теңестірілген лауазым бойынша айырма Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды тиісті шет мемлекеттегі мекеменің персоналына теңестіру Сыртқы істер министрлігінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
7-тарау. Қорытынды ережелер
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Дипломатиялық қызмет туралы» 1997 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 21, 275-құжат; 1999 ж., № 23, 916-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2002 жылғы наурыздың 7-і.
№ 299-II