7. Мемлекет атынан алушы салық төлеушінің пайдалы қазбалардың тиiстi көлемін өзіне уақтылы әрі толық беруiне бақылауды дербес жүзеге асырады.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығының бюджетке толық әрі уақтылы аударылуына салық төлеуші пайдалы қазбалардың тиісті көлемдерін нақты тиеп жөнелткен күннен бастап мемлекет атынан алушы жауапты болады.
8. Салық төлеуші және мемлекет атынан алушы осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығының мөлшерлері және оларды заттай нысанда төлеу (беру) мерзімдері туралы есептілікті орналасқан жеріндегі салық органдарына осы Кодексте белгіленген мерзімдерде және уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша табыс етеді.»;
2-тармақтың 81) тармақшасы 2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
81) 357-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Шағын бизнес субъектілеріне және ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілерге және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкерлерді, сондай-ақ осы Кодекстің 358-бабының 3-1-тармағында көрсетілген салық төлеушілерге жататын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, осы Кодекстің 355-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған төлеушілер үшін төлеушілердің өздерін қоса алғанда, жұмыскерлер саны әлеуметтік салық салу объектісі болып табылады.»;
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Кодекстің 355-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында және 2-тармағында аталған төлеушілер, ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілерге және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер, сондай-ақ осы Кодекстің 358-бабының 3-1-тармағында аталған салық төлеушілерге жататын дара кәсіпкерлер үшін жұмыс берушінің осы Кодекстің 163-бабының 2-тармағында айқындалған табыстар түрінде резидент жұмыскерлерге, осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 18), 19), 20) және 21) тармақшаларында айқындалған кірістер түрінде бейрезидент жұмыскерлерге төлейтін шығыстары, сондай-ақ егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 191-бабының 7-тармағында көрсетілген шетелдік персоналдың кірістері салық салу объектісі болып табылады.»;
2-тармақтың 82) тармақшасы 2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
82) 358-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «кәсіпкерлерге қолданылмайды.» деген сөздер «кәсіпкерлерге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) осы баптың 3-1-тармағында аталған салық төлеушілерге жататын дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.»;
3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1. Тек қана осы Кодекстің 147-бабының 2-тармағында көзделген қызметті жүзеге асыратын, жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті қолданатын ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер әлеуметтік салықты 6,5 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді.»;
2-тармақтың 83) тармақшасы 2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
83) 359-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«359-бап. Әлеуметтік салықты есептеу тәртібі
1. Осы Кодекстің 358-бабының 3 және 3-1-тармақтарында аталған тұлғаларды қоспағанда, осы Кодекстің 355-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында аталған төлеушілер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер салық кезеңі үшін әлеуметтік салықты есептеуді осы Кодекстің 358-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені осы Кодекстің 357-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес айқындалған салық салу объектісіне қолдану арқылы жүргізеді.
2. Осы Кодекстің 358-бабының 3-тармағында аталған төлеушілер салық кезеңі үшін әлеуметтік салықты есептеуді осы тармақта белгіленген мөлшерлемені осы Кодекстің 357-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес айқындалған салық салу объектісіне қолдану арқылы жүргізеді.
3. Осы Кодекстің 358-бабының 3-1-тармағында аталған төлеушілер салық кезеңі үшін әлеуметтік салықты есептеуді осы тармақта белгіленген мөлшерлемелерді осы Кодекстің 357-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес айқындалған салық салу объектісіне қолдану арқылы жүргізеді.
4. Арнаулы салық режимдерiн қолданатындарды, сондай-ақ осы Кодекстің 358-бабының 3-1-тармағында аталған салық төлеушілерге жататын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер, жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар әлеуметтiк салықты есептеуді осы Кодекстiң 358-бабының 2-тармағында белгiленген мөлшерлемелерді осы Кодекстің 357-бабының 1-тармағында айқындалған әлеуметтік салық салу объектісіне қолдану арқылы жүргізеді.
5. Бюджетке төленуге жататын әлеуметтiк салық сомасы есептелген әлеуметтік салық пен «Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтiк аударымдар сомасы арасындағы айырма ретінде анықталады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есептелген әлеуметтік аударымдар сомасы есептелген әлеуметтік салық сомасынан асып кеткен кезде бюджетке төленуге жататын әлеуметтік салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
6. «Инновациялық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтiк салықты осы Кодекстiң 151-4-бабының 5-тармағында белгiленген ережелердi ескере отырып есептейдi.»;
84) 364-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Төлеушiлер жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны орналасқан жеріндегі салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей тоқсан сайын табыс етеді.»;
1-1-тармақ алып тасталсын;
85) 366-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы «кемелері салық салу объектілері болып табылмайды.» деген сөздер «кемелері;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) мүлік салығын салу объектісі болып табылатын арнайы автомобильдер салық салу объектiлерi болып табылмайды.»;
86) 367-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің кестесіндегі 2-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«
2. | Мүлік салығын салу объектілері болып табылатындарды қоспағанда, жүк көтергiштiгi мынадай жүк, арнайы автомобильдер (тiркемелердi есептемегенде): | |
1 тоннаға дейiн қоса алғанда | 3 |
1 тоннадан жоғары 1,5 тоннаға дейін қоса алғанда | 5 |
1,5 тоннадан жоғары 5 тоннаға дейін қоса алғанда | 7 |
5 тоннадан жоғары | 9 |
»;
87) 396-баптың 2-тармағының 7) тармақшасындағы «объектілері салық салу объектілері болып табылмайды.» деген сөздер «объектілері;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) концессия объектiлерінің құны 50 000 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асып кеткен жағдайда, иелік ету, пайдалану құқықтары тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша қолжетімділік үшін төлемақы қолданыла отырып, концессия шарты бойынша берілген, концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылыстар салық салу объектілері болып табылмайды.»;
2-тармақтың 88) тармақшасы 2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
88) 397-баптың 4-тармағының бесінші бөлігі алып тасталсын;
2-тармақтың 89) тармақшасы 2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
89) 427-баптың 7-тармағы 4) тармақшасының төртінші абзацындағы «шығыстары қаралмайды.» деген сөздер «шығыстары;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептен шығарылған өсімпұлдар мен айыппұлдардың сомасы қарастырылмайды.»;
90) 439-баптың 1-1-тармағының 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«2) осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерін ғана, сондай-ақ көрсетілген қызметте шаруа немесе фермер қожалықтары бұрын пайдаланған активтерін өткізуді жүзеге асырса;
3) осы Кодекстің 228-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмаса, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданады.»;
91) 448-баптың 1-1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы тармақтың талабы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және омарта шаруашылығы өнімін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.»;
2-тармақтың 92) тармақшасы 2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
92) 450-баптың 1-тармағының төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте:
1) жаңадан ашылған (пайда болған, құрылған) салық төлеушілер үшін - әділет органдарында заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе салық органдарында дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу күні;
2) жаңадан ашылғандарды (пайда болғандарды, құрылғандарды) қоспағанда, салық төлеушілер үшiн - қолданылатын салық салу режимi туралы хабарлама табыс етілген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші күні арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күні болып табылады.»;
93) 465-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:
«кеден органдары ұстаған тауарларды өткізу;»;
94) 472-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мынадай:
1) алым төлеген тұлғалар лицензиарға тиісті құжаттарды бергенге дейін лицензия алудан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, төленген алым сомаларын қайтару немесе есепке жатқызу жүргізілмейді.
Бұл ретте төленген алым сомаларын қайтаруды немесе есепке жатқызуды аталған тұлғаның лицензия алуға құжаттарды табыс етпегенін растайтын, лицензиар берген құжатты табыс еткеннен кейін алым төлеушінің салықтық өтініші бойынша олар төленген жердегі салық органы осы Кодекстің 599 және 602-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2) алым осы Кодекстің 471-бабы кестесінің 1.88 және 1.88-1-жолдарында көрсетілген қызметпен айналысу құқығы үшiн қате немесе артық төленген жағдайларды қоспағанда, төленген алым сомаларын қайтару немесе есепке жатқызу жүргізілмейді.
Бұл ретте қате немесе артық төленген алым сомасын қайтаруды немесе есепке жатқызуды төленген жердегі салық органы осы Кодекстің 599, 601 және 602-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізеді.»;
95) 534-баптың 1-тармағында:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдегені үшін;»;
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдағаны және келіскені үшін;»;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына виза бергені, оны қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшін;»;
96) 538 және 544-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«538-бап. Қазақстан Республикасының визаларын берген, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеген, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеген және келіскен, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiрген немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан кездегi мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Қазақстан Республикасының визаларын беруге, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеуге, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеуге және келісуге, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiруге немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға байланысты әрекеттер жасағаны үшiн мынадай мөлшерде мемлекеттік баж алынады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мынадай құқыққа виза бергенi, қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшiн:
Қазақстан Республикасынан кетуге - 50 пайыз;
Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге - 700 пайыз;
көп рет Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге - 3000 пайыз;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдегені үшін - 100 пайыз;
3) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын келіскені үшін - әрбір шақырылатын адам үшін 50 пайыз;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшiн - 100 пайыз.»;
«544-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы құжаттарды ресімдеген кезде мемлекеттiк баж төлеуден босату
1. Мемлекеттік баж төлеуден:
1) жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершілікке жат өзге де саяси акциялар салдарынан Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдар және олардың ұрпақтары - Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы құжаттарды ресімдегені үшін;
2) оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы құжаттарды ресімдегені үшін босатылады.
2. Аталған мемлекеттiк баж төлеуден босату бiр рет берiледi.»;
97) мынадай мазмұндағы 544-1-баппен толықтырылсын:
«544-1-бап. Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын келіскен кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының визаларын берген, қалпына келтірген немесе ұзартқан кезде мемлекеттік баж төлеуден босату
Мемлекеттік баж төлеуден:
1) Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын келіскен кезде:
Қазақстан Республикасымен консулдық алымдарды алудан өзара бас тарту туралы келiсiм бар елдердiң жеке және заңды тұлғалары;
мыналарға:
Қазақстан Республикасына баратын шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, мемлекеттік органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген гуманитарлық көмекпен Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
шетелдік инвесторларға;
этникалық қазақтарға;
өзара түсіністік қағидаты негізінде 16 жасқа дейінгі балаларға Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақыруларды келісу туралы өтінішхат беруші қабылдаушы тұлғалар;
2) мыналарға:
Қазақстан Республикасына келетін шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, мемлекеттік органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетіндерге;
Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген гуманитарлық көмекпен Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдіктерге;
этникалық қазақтарға;
өзара түсіністік қағидаты негізінде 16 жасқа дейінгі балаларға;
шетелде тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасына жақын туыстарының жерлеуіне баратын, бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болған адамдарға;
шетелдік инвесторларға Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға визаларды бергені, қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшін;
3) Қазақстан Республикасы консулдық мекемелерінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жіберген қателері бар бастапқы визалардың орнына қайтадан визалар бергені үшін босатылады.»;
98) 549-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«549-бап. Жалпы ережелер
Консулдық алым - Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі консулдық әрекеттер жасағаны және заңдық маңызы бар құжаттарды бергені үшін шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан, бейрезидент шетелдік заңды тұлғалардан, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларынан алатын төлем.»;
99) 551-баптың 1-1) тармақшасы алып тасталсын;
100) 553-бапта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары мен дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің шақыруын қабылдағаны және келіскені үшін;»;
6) тармақшаның үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдары мен мемлекеттік кәсіпорындары ұйымдастыратын республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шараларға (симпозиумдарға, конференцияларға және өзге де саяси, мәдени, ғылыми және спорттық іс-шараларға) қатысу үшін Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;»;
101) 557-бапта:
3-тармақта:
11) тармақшаның екінші бөлігі алып тасталсын;
Егер тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға шағымдар 2017 ж. 1 шілдеге дейін берілген жағдайда 2-тармақтың 101) тармақшасының төртінші - тоғызыншы абзацтары қолданылмайды
2-тармақтың 101) тармақшасының төртінші - тоғызыншы абзацтары 2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
18) тармақшадағы «Ұлттық Банкіне береді.» деген сөздер «Ұлттық Банкіне;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 19) тармақшамен толықтырылсын:
«19) салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау кезінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Апелляциялық комиссияның мүшелеріне береді.»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Салық құпиясын:
осы бапта белгіленген жағдайларды қоспағанда, салық органдарының лауазымды адамдары;
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес мәліметтерді үшінші тұлғаларға беруге Қазақстан Республикасының заңнамасымен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, осы бапта белгіленген тәртіппен салық органдарынан салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметті алған Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары, Апелляциялық комиссияның мүшелері жария етпеуге тиіс.»;
102) 558-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Салықтық зерттеп-тексеруді жүргізуге қатысу үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен куәгерлер тартылады.»;
2-тармақтың 3) тармақшасындағы «қажеттілік салықтық зерттеу үшін негіз болып табылады.» деген сөздер «қажеттілік;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген хабарламаны орындамаған салық төлеушінің, сондай-ақ осы Кодекстің 579-бабына сәйкес әрекетсіз деп танылған салық төлеушінің іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттілігі салықтық зерттеп-тексеруді жүргізу үшін негіз болып табылады.»;
5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Салықтық зерттеп-тексеру кезінде болмау себептері туралы жазбаша түсіндірмеге осы Кодекстің 568-бабы 7-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері міндетті түрде қоса беріледі.»;
103) 566-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«566-бап. Дара кәсіпкердің, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың тіркеу деректерін өзгерту
1. Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы:
1) дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс еткен хабарлама;
2) жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың тіркеу есебі туралы салықтық өтініш негізінде жүргізеді.
2. Дара кәсіпкер осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламаны тұрған жеріндегі салық органына өзінің тіркеу деректері және (немесе) бірлескен кәсіпкерлікке қатысушылар (мүшелер) туралы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етуге міндетті.
3. Жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтық өтінішті жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың орналасқан жері өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда табыс етуге міндетті.
4. Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы тіркеу деректерін өзгерту үшін табыс етілген хабарламаны алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
5. Жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың орналасқан жері туралы мәліметтерді өзгертуді салық органы тіркеу деректерін өзгерту үшін табыс етілген салықтық өтінішті алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Салық органдары осы Кодекстің 565-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларда, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың орналасқан жері туралы мәліметтерді өзгертуден бас тартады.»;
104) 568-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
568-баптың 5-тармағының қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы Заңның 3-бабының редакциясында қолданылады
«5. Ең төмен айналым республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 15000 еселенген мөлшерін құрайды.»;
105) 569-бапта:
2-тармақтың 105) тармақшасының екінші, үшінші абзацтары 2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Резидент заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін табыс етілген салықтық өтінішке осы Кодекстің 568-бабы 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қоса береді.»;
3-тармақтың 3) және 3-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
2-тармақтың 105) тармақшасының бесінші абзацы 2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
«3) осы Кодекстің 568-бабы 7-тармағының 1) тармақшасында белгіленген құжаттар табыс етілмесе;
3-1) салық төлеуші әрекетсіз не осы Кодекстің 73-74-баптарында белгіленген тәртіппен салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұрған салық төлеуші болып табылса;»;
106) 571-бапта:
4-тармақта:
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
«5-1) соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде заңды тұлғаны қайта тіркеу жарамсыз деп танылған;»;
6) тармақша алып тасталсын;
5-тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасындағы «бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.» деген сөздер «бастап;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) салық органы соттың заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген шешімін алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.»;
6-тармақта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы баптың 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында аталған тұлғалар үшін - осы шешім шығарылған күннен бастап;»;
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) осы баптың 4-тармағының 5-1) тармақшасында аталған тұлға үшін - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді, заңды тұлғалардың қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлімшелерді есептік тіркеуді, қайта тіркеуді, есептік тіркеуден шығаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органында қайта тіркелген күннен бастап;»;
7-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда - осы Кодекстің 37, 37-2, 41 және 42-баптарында көрсетілген құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш не қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап;»;