319. Екі кезеңдік тендер аукцион өткізу кезінде бір әлеуетті өнім берушінің қалуы себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютордың бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мұндай әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
320. Өтпеген екі кезеңдік тендерлер бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор шақырған екі кезеңдік тендерге қатысушы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу үшін, егер ол аукционға қатысуға жіберілген немесе осы Қағидаларға сәйкес оған қолдау көрсетілген болса, осы екі кезеңдік тендерге қатысушының осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды қайта ұсынбайды. Бұл ретте шақыруда қамтылған мәліметтер өтпеген екі кезеңдік тендердің шарттарына сәйкес келуге тиіс. Өткізілмеді деп танылған екі кезеңдік тендердің хабарламасында көзделген тауарларды беру мерзімдерін ағымдағы қаржы жылы шегінде, бірақ бір көзден сатып алу тәсілін өткізуге жұмсалған мерзімнен аспайтын мерзімге асыруға рұқсат етіледі, бұл өнім беру шартында көрсетіледі.
321. Өтпеген екі кезеңдік тендерлер бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім беруші бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу үшін ұсынатын баға ұсынысы әлеуетті өнім берушінің аукционды өткізу кезінде берген түпкілікті баға ұсынысынан, ал ол болмаған жағдайда бастапқы баға ұсынысынан аспайды. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қайталама өткізілген кезде бірыңғай дистрибьютор тауарларды тиісті лот бойынша сатып алуға бөлінген бағадан және халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайтын бағамен сатып алады.
4-параграф. Тапсырыс берушілерден дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемін ұлғайту жағына қарай қосымша өтінім түскен кезде, сондай-ақ сол қаржы жылы төмендемейтін қорды қалыптастыру немесе толықтыру үшін сатып алу кезінде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу тәртібі
322. Тапсырыс берушілерден дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемін ұлғайту жағына қарай қосымша өтінімдер түскен кезде, сондай-ақ сол қаржы жылы төмендемейтін қорды қалыптастыру немесе толықтыру үшін сатып алу кезінде бірыңғай дистрибьютор қолда бар шартқа қосымша келісім жасау жолымен өнім беру шартының талаптарына сәйкес тіркелген бағалар бойынша сол бір өнім берушіден бір көзден сатып алуды жүзеге асырады. Осы Қағидалардың 324-тармағына сәйкес сатып алу кезінде осы Қағидалардың 315-тармағының 2), 5), 6), 7) тармақшаларында көзделген іс-шаралар жүзеге асырылмайды.
323. Өнім беруші сол қаржы жылы қосымша көлемді беруден толық бас тартқан жағдайда бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады. Өнім беруші сол қаржы жылы қосымша көлемді беруден ішінара бас тартқан кезде бірыңғай дистрибьютор осы өнім берушіден сатып алуды жүзеге асырудан бас тартады не одан берудің бұрын жасалған шартында тіркелген баға бойынша ұсынылған ішінара көлемді сатып алуды жүзеге асырады, ал қосымша көлемнің қалған бөлігіне бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады. Бұл ретте бір көзден сатып алу тәсілімен қайта сатып алған кездегі тауардың бағасы берудің бұрын жасалған шартының тіркелген бағасынан асырылмауға тиіс.
5-параграф. Екі кезеңдік тендердің жеңімпазы және (немесе) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өнім беру шартына немесе берудің ұзақ мерзімді шартына белгіленген мерзімде қол қоймағанда немесе қол қоюдан жалтарғанда бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу тәртібі
324. Екі кезеңдік тендердің жеңімпазы және (немесе) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде өнім беру шартына қол қоймағанда немесе қол қоюдан жалтарғанда бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жеңімпаздан және екінші орын алған өнім берушіден кейін аукционда ең төмен баға ұсынысын берген екі кезеңдік тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушіге (бар болса) шақыру жібереді. Бұл ретте шақырылған әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы аукционға ұсынған оның түпкілікті баға ұсынысынан аспауға тиіс. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда бір көзден сатып алу тәсілімен қайталама сатып алуды өткізу кезінде бірыңғай дистрибьютор тиісті лот бойынша сатып алуға бөлінген бағадан және халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайтын бағалар бойынша тауарларды сатып алады.
325. Осы Қағидалардың 324-тармағына сәйкес бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысуға бірыңғай дистрибьютор шақырған әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарына екі кезеңдік тендердің осы қатысушысының сәйкестігін растайтын құжаттарды қайта ұсынбайды. Бұл ретте шақыруда қамтылған мәліметтер екі кезеңдік тендердің талаптарына сәйкес келуге тиіс. Тауарды ағымдағы қаржы жылының шегінде екі кезеңдік тендердің хабарландыруында көзделген беру мерзімдерінен, бірақ бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізуге жұмсалған мерзімнен аспайтын мерзімге ұзартуға рұқсат етіледі, бұл өнім беру шартында көрсетіледі.
326. Егер лот бойынша аукционға өнім беру шартына қол қоймаған немесе қол қоюдан жалтарған тек екі әлеуетті өнім беруші жіберілген жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен тауарларды сатып алу туралы хабарландыруды бірыңғай дистрибьютордың веб-порталына орналастырады. Бұл ретте бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 325-тармағында көзделген тәртіппен рәсімдерді жүзеге асырады.
6-параграф. Өнім берушінің өнім беру шарты немесе берудің ұзақ мерзімді шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамауына, тиісінше орындамауына байланысты өнім беру шарты бұзылған кезде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу тәртібі
327. Өнім берушінің өнім беру шарты немесе берудің ұзақ мерзімді шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамауына, тиісінше орындамауына байланысты өнім беру шарты бұзылған кезде бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бір көзден сатып алу тәсілімен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы хабарландыру бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына орналастырады.
Бұл ретте бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға осы Қағидалардың 14-тармағының біліктілік талаптарына сәйкес келетін екі кезеңдік тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушілер жіберіледі.
Бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 315-тармағында көзделген тәртіппен рәсімдерді жүзеге асырады.
328. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы берудің бұзылған шартының тіркелген бағасынан, сондай-ақ халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан асырылмайды.
Бұл ретте бірыңғай дистрибьютор өнім беру шартының бағасын төмендету тұрғысында шақырылған әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізеді.
Әлеуетті өнім беруші мұндай ұсыныстан бас тарта алады, бұл бірыңғай дистрибьютордың өнім беру шартына қол қоюдан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.
7-параграф. Әлеуетті өнім берушіден - шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыттан) немесе отандық өндірушіден халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогы жоқ дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу тәртібі
329. Әлеуетті өнім беруші-шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыттан) немесе отандық тауар өндірушіден аналогтары жоқ тауарларды бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды ұйымдастыру және өткізу мынадай жүйелі іс-шаралардың орындалуын көздейді:
1) бірыңғай дистрибьютор аналогтары жоқ тауарлар тізбесін растау үшін сараптама ұйымына сұрау салуды бірыңғай дистрибьютордың тізімін алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде жібереді;
2) сараптама ұйымы сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасында аналогтары жоқ тауарлардың тізбесін жібереді;
3) бірыңғай дистрибьютор электрондық пошта арқылы екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасындағы әлеуетті өнім берушілерге - шетелдік өндірушінің (дайындаушы зауыттың) өкілдеріне немесе отандық өндірушілерге беру шарттарын жасау мүмкіндігін растау мақсатында келіссөздер жүргізуге арналған шақыру хаттарын жібереді;
4) әлеуетті өнім беруші - шетелдік өндіруші (дайындаушы зауыт) немесе отандық өндіруші он жұмыс күні ішінде беру шарттарын жасау бойынша келіссөздерге қатысатыны туралы растауды не себептері көрсетілген қатысудан бас тарту туралы хатты жібереді. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушінің негізделген өтініші бойынша растауды ұсыну мерзімін он бес жұмыс күніне дейін ұзартуға құқылы. Бұл ретте осы тармақшада белгіленген мерзімде жауаптың болмауы беру шарттарын жасау бойынша келіссөздерге қатысудан бас тарту ретінде бағаланады;
5) әлеуетті өнім берушілерден-шетелдік өндірушілерден (дайындаушы зауыттан) немесе отандық өндірушілерден түскен хаттардың негізінде бірыңғай дистрибьютор беру шарттарын немесе қолданыстағы өнім беру шарты болған жағдайда жоспарланып отырған қаржы жылына арналған қосымша келісім жасау мүмкіндігі тұрғысында келіссөздер жүргізеді;
6) шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауытпен) беру шарттарын жасау жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілген жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыруды әлеуетті өнім берушіге жібереді. Өнім беру шартын жасасудан бас тартқан жағдайда бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушімен жүргізілген келіссөздер хаттамасы негізінде осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес екі кезеңдік тендер өткізеді;
7) әлеуетті өнім беруші - шетелдік өндіруші (дайындаушы зауыт) немесе отандық өндіруші 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 331, 332-тармақтарына сәйкес құжаттар тізбесін ұсынады;
8) бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру және өткізу үшін комиссия құрады;
9) әлеуетті өнім берушіден - шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыттан) немесе отандық тауар өндірушіден аналогтары жоқ тауарларды бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу туралы шешім шетелдік валютада шарт жасалған жағдайда бос ақша қаражаты қорының болуы ескеріліп қабылданады;
10) бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың негізінде (әлеуетті өнім берушімен - шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауытпен) немесе отандық тауар өндірушімен қолданыстағы өнім беру шарты - жоспарланған қаржы жылына арналған қосымша келісім болған жағдайда) бірыңғай дистрибьютор өнім беру шартын жасайды.
330. Осы параграфқа сәйкес сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп туындайтын жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалардың 20-тармағының талаптарына сәйкес келеді.
331. Әлеуетті өнім берушіден - шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыттан) аналогтары жоқ тауарларды сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор:
1) баға ұсынысын;
2) тіркелгенін растайтын қолданыстағы құжаттың көшірмесін немесе сараптама ұйымының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталған Мемлекеттік тізілімнің ақпараттық ресурсынан үзінді не электрондық үкімет веб-порталы арқылы алынған уәкілетті органның Қазақстан Республикасының аумағына тауарды әкелуге және қолдануға нотариат куәландырған рұқсатының көшірмесін;
3) беру кезінде жарамдылық мерзімі көрсетілген тіркеу куәлігіне сәйкес өндіруші немесе дайындаушы зауыт растаған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру кестесін;
4) шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасы бар шетелдік өндіруші (дайындаушы зауыт) құжатының заңдастырылған немесе апостиль қойылған не, егер шетелдік өндірушінің (дайындаушы зауыттың) Қазақстан Республикасының аумағында өкілдігі (филиалы) болса, онда өкілдікті (филиал) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы (куәлікті) және өкілдік (филиал) туралы ережені;
5) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге және (немесе) көтерме, бөлшек саудада өткізуге шетелдік өндірушінің (дайындаушы зауыттың) құқығын растайтын құжаттардың заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмелерін нотариат куәландырған мемлекеттік және орыс тілдеріне аудармасымен (бар болса);
6) GMP және GDP талаптарына сәйкестік сертификатының көшірмесін (бар болса);
7) уәкілетті адамның қол қою құқығын растайтын құжаттың көшірмесін сұратады.
Егер алдағы жылы шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауытпен) шарт әрекет еткен жағдайда бірыңғай дистрибьютор осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды талап етпеуі мүмкін.
332. Әлеуетті өнім берушіден - шетелдік заңды тұлғаның филиалынан не Қазақстан Республикасында шетелдік өндірушінің заңды тұлғасы ретінде тіркелген еншілес компаниядан немесе фармацевтикалық компанияның тобына кірген және Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды экспорттауға уәкілетті адамнан сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор шетелдік заңды тұлғаның филиалынан дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың шетелдік өндірушісінің мекемесін растайтын құжаттарды қосымша сұратады.
Әлеуетті өнім берушіден - отандық өндірушіден аналогтары жоқ дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор 4) және 5) тармақшаларды қоспағанда, 331-тармақта аталған құжаттарды сұратады.
333. Отандық тауар өндірушіден немесе шетелдік өндірушіден аналогтары жоқ тауарларды бір көзден сатып алуды жүзеге асыру кезінде отандық өндірушімен немесе шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауытпен), шетелдік заңды тұлғаның филиалымен не заңды тұлға ретінде Қазақстан Республикасында тіркелген еншілес компаниямен немесе фармацевтикалық компанияның тобына кірген заңды тұлғамен немесе Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды экспорттауға уәкілетті тұлғамен үш жылға дейінгі мерзімде өнім берудің азаматтық-құқықтық шарты жасалады.
334. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша аналогтары жоқ тауарларды берудің үш жылдық шарты сатып алынатын тауарлардың жыл сайынғы ең төменгі саны және сатып алу бағасы үш жылдық кезеңге бекіте отырып, тауарлардың қажеттілігі мен сұранысының болжамы ескеріле отырып, мөлшері келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалатын, әлеуетті өнім беруші жыл сайынғы қосымша жеңілдікті ұсынған жағдайда жасалуы мүмкін. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган осындай тауарларға үш жылдық кезеңге арналған жыл сайынғы ең төмен қажеттілікті айқындайды және оны бірыңғай дистрибьюторға ұсынады. Бірыңғай дистрибьютор ең төмен қажеттілік туралы уәкілетті органның ақпараты негізінде аналогтары жоқ тауарлардың әлеуетті өнім берушісімен жыл сайынғы қосымша жеңілдіктің мөлшерін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді. Келіссөздердің нәтижелері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган сатып алынатын тауарлардың жыл сайынғы ең төменгі санын және сатып алу бағасын үш жылдық кезеңге бекіте отырып өнім берудің үш жылдық шартын жасау және үш жылға шекті бағаны тіркеу туралы шешім қабылдайды. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушімен өнім беру шартын жасасады.
335. Шетелдік өндірушімен (дайындаушы зауытпен) шетелдік валютада аналогтары жоқ тауарларды өнім беру шартын жасаған жағдайда өнім беру шартының бағасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша жоспарланатын қаржы жылы осы валютамен бекітіледі.
Бұл ретте шарттың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша есептелген ұлттық валютадағы бағасы тиісті лот бойынша сатып алуға бөлінген сомадан және халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайды.
Тапсырыс берушінің қосымша өтінімдері бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өнім беру шартында көрсетілген валютамен тіркелген баға бойынша әлеуетті өнім берушіден - шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыттан) жүзеге асырылады. Бұл ретте тапсырыс берушілер үшін прайс-парақтың бағасы валюта бағамына қарамастан тиісті қаржы жылына арналған сатып алу шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін өзгеріссіз қалады.
336. Аналогтары жоқ тауарлардың өнім беру шарты:
1) халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және сипаттамасы бойынша тиісті қаржы жылы міндеттемелерді орындағаннан кейін дәрілік заттардың немесе медициналық мақсаттағы бұйымдардың аналогтары Қазақстан Республикасында тіркелген;
2) бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тізімінен дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар алынып тасталған;
3) Қазақстан Республикасында дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тіркеудің қолданылу мерзімі тоқтатылған жағдайларда бұзылуға жатады.
8-параграф. Бір көзден сатып алу тәсілімен немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың (келісімдердің), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттардың негізінде, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйымдардан немесе олар арқылы сатып алу тәртібі
337. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісілген дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйымдар арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асырады.
338. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйымдар арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде ол тауардың бағасы осы халықаралық ұйымның сатып алуды ұйымдастыру және (немесе) тауарларды беру бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынуымен байланысты барлық шығыстарды жабу үшін қажетті қосымша алымдарға шығындарды қамтитын, бірақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайтын баға ұсынысын береді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйым арқылы сатып алынған тауарды беруді жүзеге асыру кезінде тауарларға осы Қағидалардың 4-тарауының 20-тармағында белгіленген талаптар қойылмайды.
339. Тауарды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйым арқылы сатып алу кезінде Тауарды беру туралы келісімде көрсетілетін соманың мөлшерінде алдын ала төлем жасауға жол беріледі.
340. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйым арқылы сатып алынған тауарды беру кезінде тауарларды берумен байланысты қосымша қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тартуға жол беріледі.
ҚР Үкіметінің 2017.13.12. № 829 Қаулысымен 8-1-параграфпен толықтырылды
8-1-параграф. Екі кезеңдік тендер қорытындысын шығару 2018 жылға өткен жағдайда дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің олардың жалпы жылдық көлемінен тоқсан күнге дейінгі қажеттілігін бір көзден сатып алу тәсілінің тәртібі.
340-1. Осы Қағидаларда белгіленген тәртіпке сәйкес екі кезеңдік тендер қорытындысын шығару 2018 жылға өткен жағдайда бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің олардың жалпы жылдық көлемінен тоқсан күнге дейінгі қажеттілігін бір көзден сатып алу тәртібімен сатып алуға құқылы.
340-2. Хабарландыру берілетін екі кезеңдік тендердің дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың және (немесе) фармацевтикалық қызметтердің жалпы жылдық көлемі бір көзден сатып алу тәртібімен сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің тиісті көлеміне азаяды.
9-параграф. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды өткізілмеді деп тану кезіндегі шешімдер
341. Егер бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылса, бірыңғай дистрибьютор медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды қайталама өткізу туралы;
2) екі кезеңдік тендер және екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды қайталама өткізу шарттарын өзгерту туралы;
3) екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім берушілердің қатарынан бірыңғай дистрибьютор айқындаған әлеуетті өнім берушіден бір көзден сатып алу тәсілімен қайталама сатып алуды жүзеге асыру туралы (бұл ретте бір көзден сатып алу тәсілімен қайталама сатып алуға осы Қағидалардың 14-тармағының біліктілік талаптарына сәйкес келетін, екі кезеңдік тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушілер жіберіледі);
4) тапсырыс берушілердің қажеттілігі болмаған жағдайда сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту туралы.
Медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру кезінде осындай шешімді лизинг беруші не денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
17-тарау. Сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу
1-параграф. Сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру негіздемелері
342. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды осы Қағидалардың 316, 317, 318 және 319-тармақтарында көзделген жағдайларда сатып алу веб-порталы арқылы бірыңғай дистрибьютор жүзеге асырады.
2-параграф. Сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
343. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды ұйымдастыру және өткізу (осы Қағидалардың 314-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес сатып алуды қоспағанда) мынадай жүйелі іс-шаралардың орындалуын көздейді:
1) осы тәсілді қолдану негіздемесімен сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды өткізу туралы бірыңғай дистрибьютордың шешім қабылдауы;
2) сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру және өткізу үшін комиссия, комиссия хатшысын құру;
3) әлеуетті өнім берушіге веб-портал арқылы сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыруды жіберу;
4) шақыруда көзделген құжаттарды қоса бере отырып, сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы келісімін әлеуетті өнім берушінің сатып алу веб-порталы арқылы жіберу;
5) тендерлік комиссияның әлеуетті өнім беруші ұсынған құжаттарды сатып алу веб-порталы арқылы қарауы;
6) бағаны төмендету тұрғысында әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізу;
7) сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы сатып алу веб-порталына орналастыру.
344. Әлеуетті өнім берушіні сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыру тәртібі, шарттары мен мазмұны осы Қағидалардың 16-тарауының 3-5-параграфтарына сәйкес айқындалады.
345. Әлеуетті өнім беруші сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыруды алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға сатып алу веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды:
1) сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы келісімді немесе себептері көрсетілген қатысудан бас тарту туралы хатты;
2) тиісті лот бойынша сатып алуға бөлінген бағадан және халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайтын баға ұсынысын;
3) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелерін жібереді.
Құжаттар сатып алу веб-порталы арқылы электрондық көшірмелер түрінде, қажет болған кезде әлеуетті өнім берушінің бірінші басшысының немесе уәкілетті адамының электрондық-цифрлық қолтаңбасы қойылған нотариат куәландырған құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде ұсынылады.