39) экстремистік қылмыстар - осы Кодекстің 174, 179, 180, 181, 182, 184, 258, 259, 260, 267, 404 (екінші және үшінші бөліктерінде) және 405-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
40) экстремистік топ - бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 41) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
41) электрондық жеткізгіш - ақпаратты электрондық нысанда сақтауға, сондай-ақ оны техникалық құралдардың көмегімен жазуға немесе тыңдатып-көрсетуге арналған материалдық жеткізгіш;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 42) тармақшамен толықтырылды; 2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.15.04. № 72-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 42) тармақша өзгертілді
42) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс - осы Кодекстің 120 (зорлау), 121 (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер), 122 (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 123 (жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету), 124 (он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру), 134 (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 144 (кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді жасауға тарту) - баптарында, 312-баптың (кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысу үшін тарту) екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, жас балаларға және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекеттер.
4-бап. Қылмыстық жауаптылықтың негiзi
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни осы Кодексте көзделген қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады. Дәл сол бiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн ешкiмді де қылмыстық жауаптылыққа қайталап тартуға болмайды. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi.
5-бап. Қылмыстық заңның уақыт бойынша қолданылуы
Іс-әрекеттiң қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қоғамға қауiптi әрекет (әрекетсiздiк) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады.
6-бап. Қылмыстық заңның керi күшi
1. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылады.
2. Егер жаңа қылмыстық заң адамның жазасын өтеп жүрген іс-әрекеті үшін жазаланушылықты жеңiлдетсе, онда тағайындалған жаза жаңадан шығарылған қылмыстық заң санкциясының шегiнде қысқартылуға жатады.
3. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.
7-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам осы Кодекс бойынша жауаптылыққа жатады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғастырылған не аяқталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының портына тiркелген және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық су немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Қазақстан Республикасының әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам да, өзінің қай жерде болғанына қарамастан, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
4. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерiнiң және иммунитеттi пайдаланатын өзге де азаматтардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе осы адамдар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
8-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер олар жасаған іс-әрекет аумағында сол іс-әрекет жасалған мемлекетте қылмыстық жазаланады деп танылса және егер осы адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Аталған адамдарды соттаған кезде жазаны аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңында көзделген санкцияның жоғары шегiнен асыруға болмайды. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшін шет мемлекетке беруге болмайтын жағдайларда, олар да осы негіздерде жауаптылықта болады.
Осы Кодекстің ережелері, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, террористік немесе экстремистік қылмыс не бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасалған жағдайларда, не Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстың жасалған жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылады.
2. Адамның басқа мемлекеттiң аумағында сотталғандығының және қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасауының өзге де қылмыстық-құқықтық салдарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе немесе егер басқа мемлекеттiң аумағында жасалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекет Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қозғамаса, осы адамның Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы мәселенi шешу үшiн қылмыстық-құқықтық мәнi болмайды.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан оның әскери бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi шет мемлекеттiң аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде қылмыс жасаған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетелдіктер, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар, егер осы іс-әрекет Қазақстан Республикасының мүдделеріне қарсы бағытталған, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе экономикалық қызмет саласында қылмыс жасалған жағдайларда және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда, егер олар басқа мемлекетте сотталмаған болса және Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады.
9-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап беру
1. Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгiленбесе, ұстап беруге жатпайды.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшiн шет мемлекетке ұстап берiлуi мүмкiн.
3. Ешкімді де шет мемлекетке, егер сол мемлекетте оған азаптау, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету немесе жазалау қатері бар деп пайымдауға айтарлықтай негіздер болса, сондай-ақ өлім жазасын қолдану қаупі жағдайында, егер Қазақстан Республикасының шарттарында өзгеше көзделмесе, ұстап беруге болмайды.
2-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
10-бап. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық ұғымдары
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Осы Кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.
4. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде көзделген, формальды түрде, қандай да бiр іс-әрекеттiң белгiлерi бар, бірақ маңызы жағынан болмашы болғандықтан, қоғамға қауiп төндірмейтін әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
11-бап. Қылмыс санаттары
1. Қылмыстар сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар деп бөлiнедi.
2. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар деп танылады.
3. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар деп танылады.
4. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер ауыр қылмыстар деп танылады.
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
12-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы
1. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң дәл сол бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
2. Егер адам бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталған не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
3. Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, яғни бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұратын қылмыстық құқық бұзушылық бiрнеше рет жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайды.
4. Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.
5. Қылмыстық теріс қылықтардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстық теріс қылықтары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстық теріс қылықтарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.
13-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы
1. Осы Кодекстiң түрлi баптарында немесе баптарының бөлiктерiнде көзделген, адам солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы кезінде адам, егер осы іс-әрекеттердiң белгiлерi осы Кодекстiң бiр бабының немесе бабының бiр бөлiгiнiң неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң тиiстi бабы немесе бабының бөлiгi бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Осы Кодекстiң екi немесе одан да көп бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгiлерi бар бiр әрекет (әрекетсiздiк) те қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстардың мұндай жиынтығы кезінде адам, егер бiр іс-әрекеттiң белгiлерi осы Кодекс бабының басқа іс-әрекет үшiн неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстің тиiстi баптары бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
3. Егер дәл сол бір іс-әрекет осы Кодекстiң тиiстi баптарының жалпы және арнайы нормаларының белгiлерiне сәйкес келсе, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң арнайы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды.
14-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы
1. Егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.
2. Қылмыстардың қауіпті қайталануы деп адамның:
1) егер осы адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса, ауыр қылмыс жасағаны;
2) егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, аса ауыр қылмыс жасағаны танылады.
3. Он сегiз жасқа дейінгі адамның жасаған қылмыстары үшін сотталғандық, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен алып тасталған немесе жойылған сотталғандық қылмыстардың қайталануын және қылмыстардың қауіпті қайталануын тану кезінде есепке алынбайды.
4. Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы осы Кодексте көзделген негiздер мен шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғады.
15-бап. Қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың адам өлтiргенi (99-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi (106-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiргенi (107-баптыңекiншi бөлiгі), зорлағаны (120-бап), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерi (121-бап), адам ұрлағаны (125-бап), халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны (173-бап), әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны (174-бап), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының өміріне қолсұғушылық (177-бап), Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қолсұғушылық (178-бап), диверсия (184-бап), ұрлық (188-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), мал ұрлау (188-1-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), тонау (191-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), қарақшылық (192-бап), қорқытып алушылық (194-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлар кезiнде автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алғаны (200-баптыңекiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерi), ауырлататын мән-жайлар кезiнде бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдiргенi (202-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi), терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (256-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны (257-баптың бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (258-бап), адамды кепiлге алғаны (261-бап), ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасағаны немесе оларды басып алғаны (269-бап), терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағаны (273-бап), қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқырғаны не қорқытып алғаны (291-бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде бұзақылық жасағаны (293-баптың екінші және үшiншi бөлiктері), есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқырғаны не қорқытып алғаны (298-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлағаны (314-баптың екiншi бөлiгi) және көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз еткені (350-бап) үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген жасқа толған болса, бiрақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаса не оларға ие бола алмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, сенiміне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына, тұрғылықты жерiне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында тең.
16-бап. Есi дұрыс еместiк
1. Осы Кодексте көзделген қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн.
17-бап. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта психикасының бұзылуы салдарынан өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаған не оларға ие бола алмаған есi дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жай ретiнде есепке алады және ол осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшiн негiз бола алады.
18-бап. Масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
Алкогольдi, есiрткi, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалану салдарынан мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
19-бап. Кiнә
1. Адам өзінің кiнәсi анықталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттері (әрекеттері немесе әрекетсіздігі) және оның қоғамға қауіпті зардаптарының туындауы үшiн ғана қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Объективтi айып тағуға, яғни кiнәсiз зиян келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылыққа жол берiлмейдi.
3. Іс-әрекетті қасақана немесе абайсызда жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылық үшін кiнәлi деп танылады.
4. Абайсызда жасалған іс-әрекет осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
20-бап. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Тiкелей немесе жанама пиғылмен жасалған іс-әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжап білген болса және осы зардаптардың туындауын қалаған болса, қылмыстық құқық бұзушылық тiкелей пиғылмен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн алдын ала болжап білген болса, осы зардаптардың орын алуын қаламаса да, оларға саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама пиғылмен жасалған деп танылады.
21-бап. Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Менмендiкпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiпті зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білмеген болса, дегенмен тиістi ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болғанда, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайлылықпен жасалған деп танылады.