4) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
5) борышкер жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iсті өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
6) кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығын борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтап қалады немесе уәкілетті органға оңалтуды басқарушыны тағайындауды тапсырады;
7) оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
68-бап. Оңалту рәсімін қолданудың салдарлары
1. Сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім шығарған кезден бастап мынадай салдарлар басталады:
1) мүлікпен кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді, оларды уақытша әкімшімен келіспей жасасуға тыйым салынады;
2) борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды), сондай-ақ алынған кредиттер бойынша сыйақыларды есепке жазу тоқтатылады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, төлеу мерзімі оңалту рәсімін қолданғаннан кейін басталған, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, борышкер мүлкіне қатысты қабылдаған соттардың шешімдерін, төреліктің шешімдерін, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер мүлкінің меншік иелерінің (олар уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) оңалту рәсімі қолданылған салық кезеңінен кейінгі салық кезеңдері үшін салық есептілігіне сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есебіне жазған салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленеді.
2. Оңалту жоспары бекітілгеннен кейін:
1) оңалту жоспарында көзделгендерді қоспағанда, мүлікпен кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелер кредиторлар жиналысының келісуімен жасалады;
2) кредиторлық берешекті өтеу кестесі оңалту жоспарына сәйкес орындалмаған жағдайда, кредиторлық берешекті өтеудің оңалту жоспарында көрсетілген күнінен немесе кезеңінен кейінгі күннен бастап осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында белгіленген шектеулер алынады.
69-бап. Оңалту рәсiмi кезінде борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Борышкер мүлкi меншiк иесiнiң (ол уәкiлеттiк берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың) өтiнiшi бойынша, кредиторлар жиналысының шешімі негізінде сот оңалту жоспары бекiтiлген кезден бастап борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығын борышкер мүлкiнiң меншiк иесiнде, ол уәкілеттік берген органда, құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтап қалады.
Борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығын сақтап қалу туралы өтiнiш кредиторлар жиналысының шешiмiмен қоса бiр мезгiлде оңалту жоспары ұсыныла отырып сотқа жiберiледi.
Кредиторлар жиналысы борышкер мүлкi меншiк иесiнiң, құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің мүлкi мен iстерiн басқару құқығының күшiн жою туралы шешiм қабылдаған жағдайда, кредиторлар жиналысы хабарламасы әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламалары тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушыға өздерiнiң кандидатурасын ұсынуға мiндеттi. Кредиторлар жиналысының борышкер мүлкi мен iстерiн басқару құқығының күшiн жою туралы шешiмi бiр мезгiлде оңалту жоспары ұсыныла отырып сотқа жiберiледi.
Борышкер мүлкiнiң меншiк иесi, құрылтайшылар (қатысушылар) борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттетiлген жағдайда да кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушыға кандидатура ұсынуға мiндеттi.
Кредиторлар жиналысы кандидатқа оның кандидатурасын уәкілетті органға ұсынғанға дейін ол оңалтуды басқарушы ретінде таңдалғаны туралы хабарлауға міндетті.
Кредитор (кредиторлар) борышкердiң басқару органының осы Заңда көзделген мiндеттердi бұзғанын анықтаған жағдайда, борышкер мүлкiнiң меншiк иесi (ол уәкiлеттiк берген орган), құрылтайшылар (қатысушылар) кредиторлар жиналысының шешiмi бойынша басқару органдарының мүшелерiн ауыстыруды жүргізуге мiндеттi.
2. Оңалтуды басқарушыға кандидатураны таңдау кезінде кредиторлар жиналысы уәкiлеттi органда есепте тұрған тұлғаларға қатысты ұсынымдарды дәрменсiз борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын тұлғалардың кәсiптiк бiрлестiктерiнен алуы мүмкін.
3. Сот ұйғарымында мыналар:
1) уәкiлеттi органға ұйғарым заңды күшiне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оңалтуды басқарушыны тағайындауды тапсыру;
2) борышкердiң құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруi туралы нұсқаулар қамтылуға тиiс.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Уәкілетті орган оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарым немесе борышкер мүлкiнiң меншiк иесiн, құрылтайшыларды (қатысушыларды) борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттету туралы ұйғарым заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалтуды басқарушы етiп тағайындауға мiндеттi.
Уәкілетті орган кандидатураны осы Заңның 12-бабы 3-тармағының негізінде оңалтуды басқарушы етіп тағайындауға кедергі болатын мән-жайларды анықтаған жағдайда, анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оңалтуды басқарушының кандидатурасын тағайындаудан уәжді бас тартуды не осы Заңның 12-бабының 8-тармағы бірінші бөлігі 10) тармақшасының негізінде әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламалары тізілімінен оңалтуды басқарушының хабарламасын алып тастау туралы хабарды кредиторлар жиналысына жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган ұсынылған кандидатураны тағайындаудан бас тартқан жағдайда, кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушы етiп тағайындау үшін басқа кандидатура ұсынуға міндетті.
5. Кредиторлық берешектi өтеу кестесi үш айдан астам мерзiм бойы орындалмаған және (немесе) уәкiлеттi орган анықтағандарды қоса алғанда, осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайларда, борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығы сақталған борышкер мүлкiнiң меншiк иесiн, құрылтайшыларды (қатысушыларды) сот кредиторлар жиналысы уәкiлеттiк берген тұлғаның өтiнiшi бойынша өтiнiш келiп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн iшiнде басқарудан шеттетедi.
70-бап. Уақытша әкімшінің өкілеттіктері
1. Уақытша әкімші:
1) оңалту жоспарымен танысуға;
2) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға құқылы.
2. Уақытша әкімші:
1) борышкердiң кәдiмгi коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс мәмілені келісу туралы өтінішін бес жұмыс күні ішінде қарауға;
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) осы Заңда көзделген жағдайда сотқа оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытындыны уәкілетті орган белгілеген нысанда ұсынуға;
3) кредиторлар талаптары мәлімделген кезден бастап он жұмыс күні ішінде оларды қарауға және танылған талаптарды тізілімге енгізуге;
4) кредитордың талаптарын қарау нәтижелері туралы (толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) шешім қабылдаған күннен кейінгі күні оны жазбаша (танымау себептерін көрсете отырып) хабардар етуге;
5) осы Заңның 82-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда негіздердің бірі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
6) осы Заңның 75-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде өтетін кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілу орны мен күні туралы барлық кредиторларға хабарлауға;
7) оңалту рәсімі қолданылған кезден бастап екі айдан аспайтын мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін оны уәкілетті органға және борышкерге ұсынуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.
71-бап. Оңалтуды басқарушының өкiлеттiктерi
1. Оңалтуды басқарушы:
1) осы Заңда белгіленген өкілеттіктер шегінде борышкердің мүлкіне иелік етуге;
2) ұйымдардан, мемлекеттік органдардан және олардың лауазымды адамдарынан борышкер туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
3) ақпараттық жүйені қолдана отырып, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасымен реттелетін қатынастарға қатысуға;
4) оңалту жоспарында көзделген мәмілелерді қоспағанда, кредиторлар жиналысының шешімі бойынша кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелер жасасуға;
5) кредиторлар жиналысының келісуімен тұтынуға, оның iшiнде борышкердің қызметкерлерiне еңбекақы төлеуге жұмсалған борышкер шығыстарын ұлғайтуға әкеп соғатын шешiмдер қабылдауға;
6) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға құқылы.
2. Оңалтуды басқарушы:
1) борышкердiң мүлкiн басқаруға қабылдауға және борышкердің мүлкін қорғау мен бақылауды қамтамасыз етуге;
2) тағайындалған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кредиторлар комитетімен шарт жасасуға;
3) оңалту жоспарын орындауды ұйымдастыруға;
4) кредиторлар жиналысында келісілгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішхатты сотқа жіберуге;
5) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;
6) кредиторлар комитетінің мүшелеріне осы Заңның 27-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде хабарлама жіберуге;
7) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген іс-әрекеттерді жасауға;
8) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген мән-жайлар кезiнде борышкер жасаған мәмiлелердi анықтауға және сот тәртібімен, оның ішінде мұндай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша оларды жарамсыз деп тану не мүлiктi қайтару туралы талаптар қоюға;
9) осы Заңда көзделген жағдайларда оңалту рәсімін тоқтата тұру туралы сотқа жүгінуге;
10) кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті өтінішпен сотқа жүгінуге;
11) осы Заңда белгіленген жағдайларда оңалту рәсімін тоқтату және борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
12) әр айдың он бесінен кешіктірмей алдыңғы айдағы қаржылық жағдай, кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жасалған мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитеті мүшелерінің назарына жеткізуге, кредиторлар комитетінің талабы бойынша кез келген ақпаратты ұсынуға;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) борышкердің кез келген кредиторына оның жазбаша сұрау салуы негізінде оны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей өз қызметінің жүзеге асырылу барысы, борышкердің қаржылық жағдайы туралы толық ақпарат ұсынуға;
14) оңалтуды басқарушы шеттетілген (босатылған) жағдайда шеттету (босату) туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жаңадан тағайындалған оңалтуды басқарушыға құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, борышкердің мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, борышкерге тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
Егер борышкердiң оңалту рәсiмi қолданылғаннан кейiн туындаған ақшалай мiндеттемелерінiң жалпы сомасы оңалту рәсiмi енгізілген кездегi кредиторлық берешектiң жалпы сомасының жиырма пайызынан асып түссе, борышкердiң жаңа ақшалай мiндеттемелерiн туғызатын мәмiлелердi оңалтуды басқарушы кредиторлар комитетiнiң келiсуiмен ғана жасайды.
72-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
1. Уақытша әкімші өзі тағайындалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оңалту рәсiмiн қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкерде интернет-ресурс бар болған кезде, аталған интернет-ресурста борышкерге оңалту рәсiмiн қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарламаны жариялау міндетті болып табылады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кредиторлардың борышкерге қоятын талаптары кредиторлар талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабар жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей мәлімденуге тиіс.
Кредиторлардың талаптарында:
1) талаптың сомасы туралы (негізгі борыштың, сыйақының (мүддесінің), тұрақсыздық айыбының сомасы және өзге де айыппұл санкциялары, залалдар туралы жеке-жеке) мәліметтер;
2) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында көзделген, кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама тәсілдерінің бірін көрсету қамтылуға тиіс.
Салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсыныла отырып, талаптың негізділігі мен сомасын растайтын құжаттардың (заңды күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышын мойындауы) көшірмелері талапқа қоса беріледі.
Кредиторлар талаптың негізділігі мен сомасын растайтын өзге құжаттарды да ұсынуға құқылы.
Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары соттың оңалту рәсімін енгізу туралы шешімі қабылданған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша теңгемен ескеріледі.
3. Кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп мәлімделген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімінде мәлімделген кредиторлар талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
4. Кредиторлардың мерзімінде мәлімделген, осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарын уақытша әкімші оларды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі.
Кредиторлардың бұрын сотқа мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай келсе, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
Кредиторлар талаптарының тізіліміне осы Заңның 90-бабының 6-тармағында көзделген талаптар енгізілмейді.
5. Кредиторлар борышкерге берешек сомасын және осы сомаға тиесілі сыйақыны (мүддені), борышкер тарапынан міндеттемелердің орындалмауынан немесе тиісінше орындалмауынан келтірілген залалдарды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) қамтитын талаптарды қоюға құқылы.
Сыйақының (мүдденің), залалдардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдардың) сомасы сот оңалту рәсімін енгізу туралы шешім қабылдаған кезге айқындалады.
Кредиторлардың банкроттық рәсiміне қатысуға байланысты шығыстарының орны толтыруға жатпайды.
6. Кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (танымау себептерін көрсете отырып, талаптарды толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) уақытша әкімші шешім қабылданған күннен кейінгі күні әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.
Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігінде) тану туралы хабарламада уақытша әкімші кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілу күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
Уақытша әкімшінің шешімімен келіспеген жағдайда кредитор, құрылтайшы (қатысушы), борышкер оңалту туралы істі қарайтын сотта он жұмыс күні ішінде оған шағым жасауға құқылы.
7. Уақытша әкімші соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Кредитор талаптар тізілімі жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде басқа кредиторлар талаптарының мөлшері мен негіздеріне шағымдануға құқылы.
73-бап. Оңалту жоспары және оны бекіту тәртібі
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Оңалту жоспарында борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөнінде нақты іс-шаралар (оңалту шаралары) және осы Заңның 77-бабының 2-тармағында көрсетілген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу кестесі қамтылуға тиіс.
Табиғи монополиялар субъектілері болып табылатын не Қазақстан Республикасының экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар - тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісті жергілікті атқарушы органымен келісілуге тиіс.
Оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келісуімен енгізіледі және оны сот бекітеді.
2. Оңалту жоспарын борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде кредиторлармен бірлесіп әзірлеуге тиіс.
3. Оңалту жоспарын іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Оңалту шаралары санацияны, электрондық аукцион өткізу жолымен мүлікті (активтерді) сатуды, қаржы лизингін, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруді, факторингті, реверсивті факторингті, борыштың бір бөлігін кешіруді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға алмастыруды, бітімгершілік келісімін жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген ұйымдастырушылық-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де іс-шараларды қамтуы мүмкін.
Осы Заңның мақсаттары үшін қаржы лизингі деп өзіне қатысты оңалту рәсімі қолданылған борышкер, лизинг беруші және лизинг нысанасын сатушы арасында жасалған үшжақты шарт түсініледі, мұнда лизинг беруші сатушыдан меншікке сатып алынған және шартта келісілген лизинг нысанасын борышкерге белгілі бір төлемақыға және белгілі бір шарттарда кемінде үш жыл мерзімге уақытша иеленуге және пайдалануға беруге міндеттенеді.
5. Егер оңалту жоспарында ақшалай қаражат көзі ретінде кредиттер (микрокредиттер) алу қамтылса, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алуға шарт қоса беріледі.
6. Оңалту жоспары кредиторлар талаптарының тізілімі бекітілгеннен кейін кредиторлар жиналысына келісу үшін ұсынылуға тиіс.
7. Борышкер уақытша әкімшіге әзірленген оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында ол қаралғаннан кейінгі күннен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Уақытша әкімші сотқа оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытынды ұсынуға міндетті.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Табиғи монополиялар субъектiлерi болып табылатын не Қазақстан Республикасының экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспары - тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тиiстi аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиiстi жергілікті атқарушы органымен келiсiлуге тиiс.
Ұсынылған оңалту жоспары он жұмыс күні ішінде қаралады.
9. Борышкер оңалту жоспарын кредиторлар жиналысы мақұлдағаннан кейін осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті.
10. Кредиторлар жиналысымен келісілген оңалту жоспары ұсынылған күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде сот ұйғарымымен бекітіледі.
11. Сот осы Заңда белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайларда, сондай-ақ уақытша әкімшінің оңалту жоспарының тиімсіздігі туралы қорытынды ұсынуына байланысты оңалту жоспарын бекітуден бас тартуға құқылы.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 11-1-тармақпен толықтырылды
11-1. Егер оңалту жоспарына қарсы дауыс берген кредитор сотқа оңалту жоспары шараларының іске асырылуы осындай кредитор талаптарының банкроттық рәсімінің қолданылуы жағдайына қарағанда аз мөлшерде қанағаттандырылуына алып келеді деген негіздемені сотқа ұсынса, сот:
1) оңалту жоспарын бекітуден бас тартуға;
2) борышкерден қосымша мәліметтер және (немесе) осындай кредитор талаптарының банкроттық рәсімінің қолданылуы жағдайына қарағанда аз емес мөлшерде қанағаттандырылуын қамтамасыз ететін оңалту жоспары шараларын сұратуға құқылы.
12. Оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымында:
1) оңалту жоспарын бекіту туралы;
2) оңалту рәсімін аяқтау және қорытынды есеп ұсыну мерзімдері туралы;
3) уақытша әкімшіні шеттету туралы;
4) уәкілетті органның оңалтуды басқарушыны тағайындауы туралы немесе басқару құқығының борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақталуы туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
74-бап. Борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруі
Оңалту жоспарында борышкердің талап ету құқықтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін электрондық аукционда сату арқылы осы талаптарды басқаға беруі көзделуі мүмкін.
75-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсіміндегі ерекшеліктері
1. Оңалту рәсімі кезінде борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізеді.
2. Кредиторлар жиналысының құзыретіне:
1) оңалту жоспары бекітілген кезден бастап борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығын борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтау немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдау;
2) кредиторлар комитетін құру туралы шешім қабылдау;
3) кредиторлар комитеті құрамының санын айқындау және құрамын бекіту;
4) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер енгізу;
5) оңалту жоспарын келісу;
6) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды келісу;
7) оңалту рәсімінің мерзімін ұзартуға келісім беру;
8) кредиторлар комитеті мүшелерінің оңалту рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты кредиторлардың назарына жеткізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындау;
9) өзге де мәмілелерді кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс жасалатын мәмілелер санатына жатқызу;
10) оңалту жоспарында көзделмеген, кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді келісу;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) қаржы лизингі шартын жасасуға келісім беру;
11) борышкердің өндiрiп алынуы мүмкiн емес дебиторлық берешегiнiң сомасын бекiту;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламалары тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдау;
13) уақытша әкімшіге және оңалтуды басқарушыға негізгі сыйақы төлемінің мөлшерін айқындау;
14) оңалтуды басқарушыға қосымша сыйақы мөлшерін айқындау;
15) борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақталған жағдайларда борышкердің басқару органдары мүшелерінің ақшалай сыйақысының сомасын айқындау;
16) оңалтуды басқарушының (борышкердің) қорытынды есебін келісу;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды
16-1) кредитордың кредиторлар жиналысына қатыспауының себебін дәлелді себеп ретінде тану туралы шешім қабылдау;
17) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Кредитор оңалту рәсімін жүргізу барысында борышкердің қаржылық жағдайы туралы ақпаратты оңалтуды басқарушыдан сұратуға құқылы.