2) шикі газдан тауарлық газды өндіруге арналған шығыстарды;
3) тауарлық газды ұлттық операторға өткізетін жерге дейін тасымалдауға арналған шығыстарды;
4) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.
5. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі немесе тауарлық газдың бағасы сараптауға және уәкілетті органның бекітуіне жатады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізуге ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органға мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың шекті бағасының құжатпен расталған есеп-қисаптарын алдағы жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмейтін мерзімде сараптамаға жібереді.
7. Мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың есептелген бағасын сараптау нәтижелері бойынша уәкілетті орган материалдарды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жер қойнауын пайдаланушыға мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың есептелген бағасын бекіту туралы хабарлама не оны өзгерту қажеттігі туралы дәлелді қорытындыны жібереді.
8. Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың уәкілетті орган бекіткен бағасынан асырмауға міндетті.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізуге ниеті бар жер қойнауын пайдаланушылар жоспарланған кезең басталғанға дейін бес айдан кешіктірілмейтін мерзімде, ұлттық операторға:
1) иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың көлемін;
2) иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың бағасын;
3) шикі және (немесе) тауарлық газдың жеткізілу пунктін көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
10. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс алынған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және осы мерзімде коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
11. Егер ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асырудан жазбаша түрде бас тартқан не оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарламаны бір ай мерзімде жібермеген жағдайда, тауарлық газдың меншік иесі, жер қойнауын пайдаланушы осы Заңның талаптарына сәйкес өзге тұлғаларға шикі және (немесе) тауарлық газды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
12. Ұлттық оператор мемлекеттің артықшылықты құқығын іске асырған кезде жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық оператор арасында жасалатын шарттар күнтізбелік бір жылдан асатын мерзімге жасалуы мүмкін.
13. Тараптардың келісімі бойынша көрсетілген шарттарға иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газдың көлемін ұлғайтуды және (немесе) осы баптың 5 - 7, 9 және 10-тармақтарында көзделген рәсімдерді сақтамай, шарттардың қолданылу мерзімдерін ұзартуды көздейтін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 13-1-тармақпен толықтырылды
13-1. Егер келесі жылы мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және (немесе) тауарлық газдың бағасы тараптардың келісімі бойынша өзгермесе, онда шарттар осы баптың 5 - 7, 9 және 10-тармақтарында көзделген рәсімдер сақталмай жасалуы мүмкін.
14. Осы баптың ережелері мыналарды:
1) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газды;
2) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газдан өндірілген тауарлық газды;
3) сұйытылған табиғи газды және оны қайтадан газға айналдыру процесінде алынған тауарлық газды;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өткізілетін шикі газды;
5) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газды;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газды;
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде өндірілген тауарлық газды;
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие болатын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндіріп алған (өндірген) шикі және (немесе) тауарлық газды иелiктен шығару жағдайларына қолданылмайды.
16-бап. Ілеспе газбен байланысты қатынастарды реттеу
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасына тиесілі;
2) өндірілген ілеспе газға жер қойнауын пайдаланушының меншігі көзделген, жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мемлекет меншігіне берген ілеспе газ мемлекеттің меншігінде болады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ілеспе газ уәкілетті орган айқындаған көлемде оның шешімімен уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен және талаптармен газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде тартылатын инвестордың меншігіне беріледі.
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газдан тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органның шешімі бойынша тараптар келіскен бағамен газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде одан әрі пайдалану үшін тауарлық газды ұлттық операторға немесе тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын тартылатын инвесторға береді.
4. Газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде инвестор уәкілетті органмен жасасқан шарт, оның ішінде мынадай талаптарды:
1) ілеспе газды тауарлық, сұйытылған мұнай газы және (немесе) сұйытылған табиғи газ етіп өңдеуді;
2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын ескере отырып, өндірілген тауарлық, сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың белгілі бір көлемін бірінші кезекте Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беруді қамтуға тиіс.
17-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өткізудің жалпы шарттары
1. Қоршаған ортаны және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау мақсатында шикізат ретінде пайдалану үшін өнеркәсіптік тұтынушыларға шикі газды өткізуді қоспағанда, тұтынушыларға тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газы ғана беріледі.
17-баптың 2-тармағы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
2. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, тауарлық газды тек қана:
1) ұлттық оператордың;
2) тауарлық газды өндірушілердің;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің;
6) газ тарату ұйымдарының;
7) автогаз толтыру компрессорлық станциялары иелерінің өткізуіне жол беріледі.
3. Сұйытылған табиғи газды өткізуді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығын ескере отырып жүзеге асырады.
17-баптың 4-тармағы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
4. Осы Заңның талаптары ескеріле отырып, сұйытылған мұнай газын тек қана:
1) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің;
2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің;
4) газ желісі ұйымдарының;
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары иелерінің;
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге өткізілген жағдайда - Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарынан тыс заңды негіздерде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газы меншік иелерінің өткізуіне жол беріледі.
5. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өткізу осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды есепке алудың бақылау аспаптары арқылы міндетті түрде өткізе отырып жүзеге асырылады.
6. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шарттары үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.
Осы тармақтың ережесі:
1) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушыларға;
2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы иелері тауарлық газды;
3) автогаз толтыру станцияларының иелері сұйытылған мұнай газын;
4) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу жағдайларына қолданылмайды.
7. Тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын пайдаланудың артықшылықты құқығына тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ие болады.
8. Газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы осы Заңда белгіленген шарттарда осындай ұйымның газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғысына қосылған тұтынушыларды тауарлық немесе сұйытылған мұнай газымен іркіліссіз жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.
9. Мынадай:
1) тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларын бұзған;
2) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері техникалық жарамсыз болған;
3) тұтынушы газ жабдығын өз бетінше қосқан;
4) газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдері газ құбырларына, газ жабдығына және есепке алу аспаптарына жіберілмеген;
5) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес жеткізіліп берілген тауарлық немесе сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешек болған жағдайларда, газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.
18-бап. Газ желісі ұйымдарын аккредиттеу
1. Газ желісі ұйымдары газ желісі ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес уәкілетті органда аккредиттеуге жатады.
2. Аккредиттеу аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады және аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
3. Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды, мерзімі белгіленбеген, иеліктен шығарылмайтын болып табылады және оны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге болмайды.
4. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтату мынадай:
1) аккредиттеу туралы куәлікті өз еркімен қайтарған;
2) газ толтыру станциясын және (немесе) топтық резервуарлық қондырғыларды меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде иелену тоқтатылған;
3) заңды тұлға таратылған немесе ол бөлiну нысанында қайта ұйымдастырылған;
4) аккредиттеу туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.
5. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданысын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
19-бап. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану
1. Газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Өнеркәсіптік тұтынушылар өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсететін білікті персонал, сондай-ақ газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіз жұмысы үшін жауапты адам ұстауға не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
3. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
4. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын пайдаланатын коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын газ жүйесі ұйымымен немесе газ толтыру пунктінің иесімен өздеріне тиесілі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті.
5. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады.
6. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне, газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым олардың техникалық жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 20-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізу бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының бағаларын мемлекеттік реттеу
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізу бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары (бұдан әрі - өнім беру жоспары) шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының бағаларын мемлекеттік реттеу жүзеге асырылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағалары Қазақстан Республикасының өңiрлерiн газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтiк жағдайлары ескерiле отырып, әрбiр облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жыл сайын бірінші шілдеде жеке белгiленедi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Уәкiлеттi орган табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша 15 мамырдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тауарлық газды iшкi нарықта көтерме саудада өткiзудiң алдағы жылға арналған шектi бағаларын бекiтедi.
4. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасы тоқсан сайын белгіленеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Уәкілетті орган табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша жоспарланып отырған кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларын бекітеді.
7. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізуді немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар белгіленген шекті бағаларды асырып жібермеуге міндетті.
9. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің осы бапта белгіленген шекті бағалары:
1) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық операторға;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің ұлттық операторға;
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесінде алынған;
2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) ережелері иеліктен шығарылатын шикі және (немесе) тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын көздейтін, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие болатын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндіріп алған (өндірген) тауарлық газды өткiзу жөнiндегi қатынастарға қолданылмайды.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізудің осы бапқа сәйкес белгіленген шекті бағасы газ желісі ұйымдарының өнім беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс сатып алынған сұйытылған мұнай газын кейіннен өткізуі жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 21-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингі
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті орган:
1) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру көлемдерінің мониторингін;
2) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды тасымалдау (тасу) және сақтау көлемдерінің мониторингін;
3) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өткізу, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге әкету және Қазақстан Республикасының аумағына әкелу көлемдерінің мониторингін;
4) Қазақстан Республикасында өткізілетін тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың көтерме және бөлшек сауда бағаларының мониторингін;
5) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды Қазақстан Республикасының өңірлеріне және межелі елдер бойынша Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге тиеп-жөнелту көлемдерінің мониторингін;
6) Қазақстан Республикасының тауарлық газға және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерінің мониторингін қамтитын тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингін жүзеге асырады.
2. Тауарлық газды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті органға тауарлық, оның ішінде тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей ұсынады.
3. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары ұлттық операторға тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
4. Ұлттық оператор уәкілетті органға:
1) тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және оны тауарлық газ қоймаларында сақтау көлемдері туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей;
2) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде сатып алынған шикі және тауарлық газдың көлемдері туралы мәліметтерді жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші ақпанынан кешіктірмей;
3) Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
5. Өндірушілер уәкілетті органға:
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) тауарлық және сұйытылған табиғи газды өндіру жөніндегі мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей;
2) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндірудің алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Сұйытылған мұнай газын өндірушілер уәкілетті органға:
1) меншікті сұйытылған мұнай газын өндіру көлемдері туралы мәліметтерді;
2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде басқа тұлғаларға тиесілі көмірсутек шикізатынан сұйытылған мұнай газын өндіру көлемдері туралы мәліметтерді;
3) өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту және (немесе) өткізу жөніндегі мәліметтерді;
4) өнім беру жоспарынан тыс сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту және (немесе) өткізу жөніндегі мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей ай сайын ұсынады.
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды
5-2. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері уәкілетті органға өнім беру жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелту және (немесе) өткізу жөніндегі мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей ай сайын ұсынады.
6. Сұйытылған мұнай газын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар аумақтарында осындай өткізу жүзеге асырылатын облыстардың, республикалық маңызды қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына сұйытылған мұнай газын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газын өткізу туралы мәліметтерді ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей ұсынады.
7. Облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға:
2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)