3) өз туындысына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге және оның атауын қоса алғанда, туынды жарық көргенде, көпшiлiк алдында орындалғанда немесе өзге түрде пайдаланылғанда автордың келісімiнсiз кiмнiң болса да өзгерістер мен толықтырулар енгізуiнен туындыны қорғау құқығы (туындыға қол сұқпаушылық құқығы).
Автордың келісімiнсiз оның туындысын шығарғанда безендiрулер, алғысөздер, соңғысөздер, түсiнiктемелер немесе қандай да болсын түсiндiрмелер беруге тыйым салынады.
Автор қайтыс болғаннан кейiн оның туындысын қол сұғушылықтан қорғауды өсиетте көрсетiлген адам, ал мұндай нұсқау болмаған жағдайда автордың мұрагерлерi, сондай-ақ заң актілеріне сәйкес авторлық құқықтарды қорғау жүктелген тұлғалар жүзеге асырады.
4) қызметтік міндеттерін немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған, туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).
2. Автор туындыны халыққа тарату туралы бұрын қабылдаған шешiмiнен бас тартуға құқылы (керi қайтарып алу құқығы), бұл жағдайда жоғалтылған пайдасын қоса алғанда, пайдаланушыға осындай шешiм арқылы келтiрiлген залал өтелуi керек. Егер туынды халыққа жария болып кетсе, автор оны керi қайтарып алатыны туралы көпшiлiкке хабарлауға мiндеттi. Бұл орайда ол туындының бұрын әзiрленген даналарын өз есебiнен айналыстан алып тастауға құқылы.
Осы тармақтың ережелерi қызметтiк туындыларға қолданылмайды.
3. Автордың бiреумен келісімi немесе автордың жеке мүлiктiк емес құқықтарын жүзеге асырудан бас тартуы туралы арызы жарамсыз болады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 978-бап өзгертілді
978-бап. Автордың мүлiктiк құқықтары
1. Авторға туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға айрықша құқықтар берiледi.
2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары мынадай әрекеттердi жүзеге асыру, жүзеге асыруға рұқсат беру немесе тыйым салу құқығын білдіреді:
1) туындыны қайта жаңғыртуына (қайта жаңғырту құқығы);
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде операциялар жасауына (тарату құқығы);
3) туындыны көпшiлiк алдында көрсетуiне (көпшiлiкке көрсету құқығы);
4) туындыны көпшiлiк алдында орындауына (көпшiлiк алдында атқару құқығы);
5) жалпыға бiрдей мәлiмдеу үшiн эфирге немесе кабель арқылы хабарлауды қоса алғанда туындыны көпшiлiкке хабарлауына (көпшiлiкке хабарлау құқығы);
6) туындыны эфирге беруiне (радио және теледидар арқылы тарату), оның iшiнде туындыны кабель немесе спутниктiк байланыс арқылы таратуына (эфирге хабарлау құқығы);
7) туындыны аударуына (аудару құқығы);
8) туындыны қайтадан жасауына, аранжировкалауына немесе басқаша түрде өңдеуiне (өңдеу құқығы);
9) қала құрылысы, сәулет, безендiру жобасын iс жүзiне асыруына;
10) заңнамалық актiлерге қайшы келмейтiн өзге де әрекеттерді жүзеге асыруына.
3. 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Егер заңды түрде жарияланған туындының даналары оларды сату арқылы азаматтық айналымға енгізілсе, онда Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды одан әрі таратуға автордың келісімінсіз және авторлық сыйақы төленбестен жол беріледі.
5. Туынды кiрiс келтiру мақсатымен сатылғандығына не оны сату бұған бағытталмағандығына қарамастан, пайдаланылған деп саналады.
6. Туындының (өнертабыстардың, өзге де техникалық, экономикалық, ұйымдастырушылық және т.б. шешiмдердiң) мазмұнын құрайтын ережелердi iс жүзiнде қолдану туындыны авторлық құқық мағынасында пайдалану болмайды.
979-бап. Туындыны сақтауға беру
1. Туындылардың қолжазбаларын, материалдық негiздегi басқа туындыларды, оның ішінде машинкаға басылғандарын сақтауға беру, егер осылайша сақтауға беру әркiмнiң кiруiне ашық қоймада (депозитарийде) жүргiзiлсе және депозитариймен жасалған шарт бойынша кез келген адамның туынды данасын алуына жол берiлсе, туындыны пайдалану деп танылады.
2. Туындыны сақтауға беру құқық иесiнiң депозитариймен туындыны пайдалану талаптарын белгiлейтiн шарты негiзiнде жүзеге асырылады. Мұндай шарт және депозитарийдiң пайдаланушымен шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
980-бап. Қазақстан Республикасының аумағында авторлық құқықтың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет жарияланған немесе жарияланбаған, бiрақ түпнұсқасы қандай болса да объективтi нысанда оның аумағында болған туындыға авторлық құқық Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады. Бұл жағдайда автор және (немесе) оның мұрагерлерi, сондай-ақ автордың басқа да құқықтық мирасқорлары өздерiнiң азаматтығына қарамастан авторлық құқық иесi болып танылады.
2. Туындысы шет мемлекет аумағында алғаш рет жарияланған немесе қандай болса да объективті нысанда болған Қазақстан Республикасы азаматтарының да, сондай-ақ олардың құқықтық мирасқорларының да авторлық құқығы танылады.
3. Халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқықты қорғау құқық иесіне берiлген жағдайда туындының шет мемлекет аумағында жариялану фактiсi тиiстi халықаралық шарттардың ережелерiне сай анықталады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында туындыны қорғау мақсатында туындының авторы туынды алғаш рет аумағында қорғауға алынған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
981-бап. Авторлық құқықтың қолданыла бастауы
Туындыға авторлық құқық оның жариялануына қарамастан туындыға үшiншi тұлғалардың қабылдауына қолайлы объективтi нысан берiлген кезден бастап қолданыла бастайды. Ауызша туындыға авторлық құқық оны үшiншi тұлғаға хабарлаған кезден бастап қолданылады.
Егер туынды осы Кодекстiң 980-бабының қолдануына келмейтiн болса, мұндай туындыға авторлық құқық, егер ол Қазақстан Республикасында жүзеге асырылса, туынды алғаш рет жарияланған кезден бастап қорғалады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 982 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
982-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Авторлық құқық автордың бүкiл өмiрi бойына және ол қайтыс болғаннан кейiн, автор қайтыс болғаннан кейiнгі келесi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде, жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
2. Бiрлесiп шығарылған туындыға авторлық құқық серiктес авторлардың бүкiл өмiрi бойына және басқа да серiктес авторлардың ең соңғысы қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшінде болады.
3. Бүркеншiк атпен немесе жасырын атпен алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
Егер көрсетiлген мерзім iшiнде жасырын немесе бүркеншiк ат ашылса, осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм қолданылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде авторлық құқық автордың мұрагерлерiне тиесiлi болады және мұрагерлiк бойынша ауысады, автормен, оның мұрагерлерiмен және одан кейiнгi құқықтық мирасқорларымен шарт бойынша құқық алған құқықтық мирасқорларына тиесiлi болады.
5. Автор қайтыс болғаннан кейін отыз жылдың ішінде алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiнгi жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
6. Авторлық, автордың есiмi және туындыға қол сұқпаушылық мерзiмсiз қорғалады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 983 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
983-бап. Туындының қоғам игiлiгiне ауысуы
1. Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi бiткеннен кейiн ол қоғамның игiлiгiне айналады.
2. Қоғамның игiлiгi болып табылатын туындыларды кез келген тұлға авторлық сыйақы төлеместен еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiне құқық және туындыға қол сұқпаушылық құқығы сақталуға тиiс.
984-бап. Авторлық құқықтарды басқару
1. Құқық иеленушi өзiне тиiстi құқықтарды өз қалауы бойынша жеке жүйеге асыруға құқылы. Өзге адамдар авторлық құқықтарды тек құқық иеленушiнiң келісімi бойынша және, өкiлдiктi заңды өкiл жүзеге асыратын осы Кодекстiң 977-бабында көзделген құқықтарды қоспағанда, оларға берiлген өкiлеттiк шегiнде ғана басқара алады.
2. Авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушiлер заң актілерінде белгiленген тәртiппен авторлық және сабақтас құқықтарды басқару жүктелетiн ұйымдар құра алады.
51-тарау. Сабақтас құқықтар
985-бап. Сабақтас құқықтардың объектiлерi
Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылыққа, фонограммаларға, эфирлiк және кабельдiк хабар таратушы ұйымдардың хабарларына, олардың мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ олардың көрсетiлу әдiстерi мен нысандарына қарамастан қолданылады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 986-бап өзгертілді
986-бап. Сабақтас құқықтардың субъектiлерi
1. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар мен эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары сабақтас құқық субъектiлерi болып табылады.
2. Фонограмма жасаушы, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары осы тарауда көзделген құқықтарды фонограмма жазылған не эфирге немесе кабель арқылы берiлетiн туындының орындаушысымен және оның авторымен жасалған шарт бойынша алынған құқықтар шегінде жүзеге асырады.
3. Орындалатын туынды авторларының құқықтары сақталған кезде, орындаушы осы тарауда көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтарды жүзеге асырады.
4. Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу немесе қандай да бiр басқа формалды талаптарды сақтау талап етiлмейдi.
5. Фонограмма шығарушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы жариялау үшiн орындау жазбасының, фонограмманың әрбiр данасында және (немесе) ол сақталатын әрбiр қорапта орналасатын және үш элементтен:
1) қоршауға алынған латынша «Р» әрпiнен;
2) айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмiнен (атауынан);
3) орындау жазбасының, фонограмманың бiрiншi жарияланған жылынан тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгісін пайдалануға құқылы.
6. Егер өзгеше дәлелденбесе, фонограммада және (немесе) оның қорабында есімі немесе атауы көрсетілген жеке немесе заңды тұлға фонограмма шығарушы болып танылады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 987-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
987-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет орын алған орындаушының орындауға құқығы Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады. Бұл жағдайда орындаушының және оның мұрагерлерiнiң, сондай-ақ азаматтығына қарамастан орындаушының өзге де құқықтық мирасқорларының құқықтары танылады.
Орындау алғаш рет шет мемлекеттiң аумағында жүзеге асырылған жағдайда да орындаушының, сондай-ақ оның құқықтық мирасқорларының құқығы танылады.
2. Егер фонограмма жазбасы алғаш рет Қазақстан Республикасында көпшiлiк алдында қайта жаңғыртылса немесе оның даналары көпшілікке таратылса, бұл фонограмма шығарушының құқықтары Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жерi немесе тұратын орны бар заңды тұлғалардың да фонограмма шығару құқықтары танылады.
3. Егер ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында ресми орналасқан жері болса және хабарларды Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, оның эфирлiк немесе кабельдiк хабар таратуды ұйымдастыру құқығы танылады.
4. Өзге де шетелдік орындаушылардың, фонограммалар шығарушылардың, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының құқықтары Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес қорғалады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 988 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
988-бап. Сабақтас құқықтар субъектiлерiнiң құқықтарын реттеу
Орындаушының, фонограмма шығарушының, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының айрықша және өзге де құқықтарының көлемi мен мазмұнын, сондай-ақ аталған субъектiлердiң айрықша құқықтарын шектеу жағдайлары мен шектерi және оларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк заң актілерімен реттеледi.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 989 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
989-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Орындаушыға қатысты сабақтас құқықтар алғаш рет орындалғаннан кейiн немесе қойылғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады. Орындаушының өз аты-жөнiне және орындауды немесе қойылымды бұрмалаудан қорғауға құқықтары мерзiмсiз қорғалады.
2. Фонограмма шығарушыға қатысты сабақтас құқықтар фонограмма алғаш рет жарияланғаннан кейiн жетпіс жыл бойы не, фонограмма бұл мерзiм iшiнде жарияланбаса, ол алғаш рет жазылғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
3. Эфирлiк хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым эфирге алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
4. Кабельдік хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым кабель бойынша алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
5. Осы баптың 1-4-тармақтарында көзделген мерзiмдердi есептеу мерзiмi өтуiнiң басталуына негiз болатын заңды факт орын алған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 990 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
990-бап. Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, фонограммалар шығарушылардың , эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдарының құқықтары
Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, фонограммалар шығарушылардың , эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары, егер олар өздерiнiң алғашқы қойылымын, орындауын, жазбасын немесе эфирге хабар таратуын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүзеге асырса, оның аумағында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қолданылады.
52-тарау. Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге құқық
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 991-бап өзгертілді
991-бап. Өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау талаптары
1. Өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар патентпен қорғалады.
2. Жаңа, өнертапқыштық деңгейi бар және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешiм құқықтық қорғау берiлетiн өнертабыс болып танылады.
3. Жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешім құқықтық қорғау берiлетiн пайдалы модель болып танылады.
4. Бұйымның сыртқы түрiн белгiлейтiн, жаңа, түпнұсқалық болатын көркемдiк-конструкторлық шешім құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі болып танылады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Патент алу құқығы туындайтын өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге қойылатын талаптар, мемлекеттік уәкiлеттi органның (бұдан әрi - патенттiк органның (ұйымның) оны беру тәртiбi заңнамалық актiде белгiленедi.
6. Патентке қабiлетi жоқ техникалық шешiмдердiң, бұйымдардың көркемдiк-конструкторлық шешiмдерiнiң тiзбесi заң актілерімен белгiленедi.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 992-бап өзгертілді
992-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалану құқығы
1. Патент иеленушінің өнiмдi қорғалған шешiмдердi қолдану арқылы өндiру, патентпен қорғалған технологиялық процестердi өз өндiрiсiнде қолдану, қорғанған шешiмi бар бұйымдарды сату немесе сатуға ұсыну, тиiстi бұйымдарды импорттау құқықтарын қоса алғанда, патентпен қорғалған өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
2. Осы Кодекске немесе басқа заң актілеріне сәйкес патент иеленушінің құқықтарын бұзу болып табылмайтын пайдалану жағдайларын қоспағанда, басқа адамдардың өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi патент иеленушінің рұқсатынсыз пайдалануға құқығы жоқ.
3. Патенттелген өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi қолданып жасалған бұйымдарды рұқсатсыз жасау, қолдану, импорттау, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзгедей енгізу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ өнертабысқа патентпен қорғалатын әдiстi қолдану немесе тiкелей өнертабысқа берiлген патентпен қорғалатын әдiс арқылы дайындалған бұйымды азаматтық айналымға енгізу не осы мақсатпен сақтау патент иеленушінің айрықша құқығын бұзу болып танылады.
Өзгеше дәлелденбейiнше бұйым патенттелген әдiспен жасалған болып саналады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 993-бап өзгертілді
993-бап. Патентке берiлетiн құқыққа билiк ету
Патентті алуға құқық, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, патенттi иеленуге құқық және патенттен туындайтын құқықтар басқа тұлғаға толығымен немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 994-бап өзгертілді
994-бап. Авторлық құқық
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторына авторлық құқық тиесілі болады.
2. Авторлық құқық және өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге басқа да жеке құқықтар қорғау құжатына негiзделген құқықтардың туындаған кезiнен бастап пайда болады.
3. Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi авторына заң актілері арнайы құқықтарды, әлеуметтiк сипаттағы жеңiлдiктер мен артықшылықтарды бекітіп бере алады.
4. Өтiнiмде автор ретiнде көрсетiлген тұлға өзгеше дәлелденгенше автор болып есептеледi. Дәлелдемелер ретiнде құқық пайда болғанға дейiн орын алған фактiлер мен мән-жайлар ғана тартылуы мүмкiн.
995-бап. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторлары
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторларының өзара қатынасы олардың арасындағы келісіммен белгiленедi.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi жасауға шығармашылық емес жәрдем (техникалық, ұйымдастырушылық немесе өзге де көмек, құқықтарды ресiмдеуге жәрдемдесу және т.б.) тең авторлыққа әкеп соқпайды.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 996-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 996-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
996-бап. Қызметтік өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер
Қызметкер өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындаған кезде жасаған өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге (қызметтік өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге) патентке берiлетiн құқық, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс берушiге тиесілі болады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 997-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
997-бап. Автордың қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн сыйақы алуға құқығы
Авторға қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн сыйақы мөлшерi, оны төлеу талаптары және тәртiбi өзі мен жұмыс берушi арасындағы келiсiмде айқындалады. Келiсiмге қол жеткізілмеген жағдайда шешiмдi сот қабылдайды. Егер қызметтiк өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi жасаудағы автор мен жұмыс берушiнiң үлесiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, жұмыс берушi алған немесе алуға тиіс болған пайданың жартысына автордың құқығы танылады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 998-бап өзгертілді
998-бап. Патенттің Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті орган берген өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге патенттер қолданылады.
2. Шет мемлекет немесе халықаралық ұйым берген патенттер, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда қолданылады.
3. Егер белгiленген тәртiпте мәлiмденген шешiм тиiсiнше өнертабыстарға, пайдалы модельдерге немесе өнеркәсiптiк үлгiлерге Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қойылатын талаптарға сай келсе, шетелдіктер мен шетелдiк заңды тұлғалар немесе олардың құқықтық мирасқорлары Қазақстан Республикасында өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгіге патент алуға құқылы.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 999-бап өзгертілді; 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 999-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
999-бап. Патенттiң қолданылу мерзiмi
1. Патент патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм берілген күннен бастап қолданылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптар сақталған кезде:
1) өнертабысқа патент - жиырма жыл бойы күшiн сақтайды.
Қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке (улы химикатқа) жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушінің өтінішхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкін.
Көрсетілген мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтінім берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғашқы рұқсат алынған күнге дейін өткен уақытқа ұзартылады;
2) пайдалы модельге патент - бес жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін патенттік орган (ұйым) патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ үш жылдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн;
3) өнеркәсiптiк үлгiге патент - он бес жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін патенттік орган (ұйым) патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi қорғау патенттік органға (ұйымға) өтiнiм берілген күннен бастап қолданылады. Құқықтарды қорғау патент берiлгеннен кейiн жүзеге асырылуы мүмкiн. Патент беруден бас тартылған жағдайда, қорғауға алынбаған деп есептеледі.
3. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен айқындалады.
4. Айрықша құқықтың қолданылу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, өнертабыс, пайдалы модель немесе өнеркәсіптік үлгі қоғамдық игілікке өтеді.
5. Қоғамдық игілікке өткен өнертабысты, пайдалы модельді немесе өнеркәсіптік үлгіні кез келген адам ешкімнің келісімінсіз немесе рұқсатынсыз және пайдаланғаны үшін сыйақы төлемінсіз еркін пайдалана алады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1000-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1000-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)