2. Қоршаған ортаға эмиссиялардың лимиттері - белгілі бір аумақ (акватория) шегінде күнтізбелік жылға белгіленетін қоршаған ортаға эмиссиялардың жиынтық нормативтік көлемі, оны сақтаған кезде сапаның экологиялық нормативтерін бұзу орын алмайды.
3. Қоршаған ортаға эмиссияларға арналған квота - нақты тұлғаға күнтізбелік бір жылға ақылы немесе тегін негізде бөлінетін қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттің бір бөлігі.
129-бап. Экологиялық сақтандыру
1. Экологиялық сақтандырудың мақсаты тұлғаның авариямен келтірілген экологиялық залалды өтеу бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілігін қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен экологиялық жағынан қауіпті шаруашылық және өзге қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген объектілерді оператор жасасқан міндетті экологиялық сақтандыру шартынсыз пайдалануға жол берілмейді.
Міндетті экологиялық сақтандыру «Міндетті экологиялық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Ерікті экологиялық сақтандыруды жеке және заңды тұлғалар өздерінің ерік білдіруіне байланысты жүзеге асырады. Ерікті экологиялық сақтандырудың түрлері, шарттары мен тәртібі сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы шарттарда айқындалады.
130-бап. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметті экономикалық ынталандыру
1. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметті экономикалық ынталандыру:
1) кешенді экологиялық рұқсат алынған күннен бастап қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемелеріне Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес 0 коэффициентін қолдану;
2) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясының жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының кепілдендірілген сатып алуы;
3) «жасыл» технологиялардың трансфері мен бейімделуін, сондай-ақ «жасыл» инвестицияларды тартуға жәрдемдесуді ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шарттарда және тәртіппен «жасыл» қаржыландыру шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
2. «Жасыл» технологиялар деп қазіргі заманғы ғылым жетістіктерінің негізінде жасалған, орнықты дамудың экологиялық, экономикалық, әлеуметтік аспектілерін ескеретін, өндірістің экологиялық қауіпсіз технологиялары түсініледі, олар мынадай салаларды қамтиды және:
1) «өндіріс - кәдеге жарату - жаңа өндіріс» тұйық циклі бойынша уытты емес өнімдер өндірісіне;
2) технологиялардағы және тұтыну құрылымындағы инновациялар есебінен қалдықтарды барынша қысқартуға;
3) жаңартылмайтын табиғи ресурстарды баламалы жаңартылатын шикізат пен энергия көздеріне ауыстыруға;
4) егіншілікте, мал шаруашылығында және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде биотехнологияларды ендіруге, ауыл шаруашылығы үшін биологиялық препараттар өндіруге;
5) жаңартылатын энергия көздерінен (күн энергиясынан, жел энергиясынан, гидро-, геотермальдық энергиядан, биомассадан, сутегінен) энергия өндіруге, атмосфераға зиянды шығарындыларды төмендетуге, ғимараттар мен тұрмыстық аспаптардың отынды пайдалану тиімділігін, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыруға;
6) климаттың өзгеру салдарларын бәсеңдетуге бағытталған, қоршаған ортадан парниктік газдарды жоғары сіңіргіш әсері бар орнықты жасыл желектерді шығаруға;
7) өндірістік және тұтыну қалдықтарын пайдалана отырып, құрамында уытты және канцерогендік заттары жоқ құрылыс материалдарын өндіруге бағытталады.
«Жасыл» технологиялардың сервистік операторы - «жасыл» технологиялар мен жобалардың тізілімін жүргізу, «жасыл» технологияларды коммерцияландыру және технологиялық бизнес-инкубациялау, «жасыл» жобаларды іске асыру үшін «жасыл» қаржыландыруды, оның ішінде инвестициялар мен гранттарды тартуға жәрдемдесу, «жасыл экономика» мәселелері бойынша ақпараттық-талдамалық, құқықтық, әдіснамалық, консультациялық және сараптамалық-талдамалық қолдауды жүзеге асыру, «Жасыл көпір» серіктестігі бағдарламасы бойынша халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды ұйымдастыру бойынша кешенді қызметтер көрсететін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы.
«Жасыл» технологиялардың жобаларын ендіру мен іске асыру үшін «жасыл» инвестициялар, оның ішінде ұлттық даму институттарының гранттары және (немесе) инвестициялары, жергілікті бюджеттердің қаражаты және басқа да ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздері есебінен тартылады.
Технологияларды «жасыл» технологиялар ретінде тану қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. «Жасыл» қаржыландыру деп «жасыл» жобаларды іске асыруға бағытталған және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған «жасыл» облигациялар, «жасыл» кредиттер және басқа да қаржы құралдары сияқты құралдардың көмегімен тартылатын инвестициялар түсініледі.
«Жасыл» жобаларға бекітілген сыныптама (таксономия) негізінде айқындалған, қазіргі бар табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарларын бәсеңдетуге және климаттың өзгеруіне бейімдеуге бағытталған жобалар жатады.
«Жасыл» облигациялар мен «жасыл» кредиттер арқылы қаржыландыруға жататын «жасыл» жобалардың сыныптамасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
«Жасыл» жобалардың іске асырылуын қаржыландыру мақсатында ақша тарту үшін тіркелген кірісі бар борыш құралы «жасыл» облигациялар деп танылады.
«Жасыл» жобалардың іске асырылуын қаржыландыруға бағытталған нысаналы қарыздар «жасыл» кредиттер деп танылады.
5-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗАЛАЛ
131-бап. Экологиялық залал
1. Осы Кодекстің 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген табиғи орта құрамдастарына келтірілген залал, егер ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде оларды ремедиация жөніндегі шараларды қолданбай, базалық жай-күйге дейін табиғи қалпына келтіру мүмкіндігі болмаса, экологиялық залал деп танылады.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін табиғи ортаның құрамдастарына келтірілген залал деп табиғи орта құрамдастарының жай-күйіндегі туындайтын, тікелей немесе жанама түрде өлшенетін жағымсыз өзгеріс немесе олардың тұтыну қасиеттерінің немесе пайдалы сапаларының өлшенетін нашарлауы түсініледі.
Базалық жай-күй деп, егер табиғи орта құрамдасына экологиялық залал келтірілмесе, ол болатын жай-күйі түсініледі.
2. Осы Кодекстің 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген табиғи орта құрамдастарына келтірілген залал да осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағымсыз салдарлар атмосфералық ауаның ластануы немесе ластағыш заттардың бір ортадан басқасына ауысуы салдарынан болған жағдайларда экологиялық залал деп танылады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің шегінде болатын, осы Кодекстің 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген табиғи орта құрамдастарына келтірілген залал көрсетілген табиғи орта құрамдастарына келтірілген залалдың сипаты мен ауқымына қарамастан, экологиялық залал деп танылады.
4. Мемлекет меншігіндегі табиғи ресурстарға (топырақты қоса алғанда жер, су, орман ресурстарына, жер қойнауы ресурстарына, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі ресурстарына), оның ішінде оларды заңсыз пайдалану, алып қою, бүлдіру немесе жою арқылы келтірілген және осы Кодекстің 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген белгілері жоқ залал экологиялық залал ұғымына жатпайтын мүліктік залал болып табылады және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстардың тиісті түрлері туралы заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
132-бап. Адамның өміріне және (немесе) денсаулығына экологиялық зиян
1. Жеке тұлғалардың өміріне және (немесе) денсаулығына жағымсыз экологиялық салдарлардың әсер етуі салдарынан келтірілген зиян адамның өміріне және (немесе) денсаулығына экологиялық зиян деп танылады.
2. Адамның өміріне және (немесе) денсаулығына экологиялық зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
133-бап. Жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне экологиялық залал
1. Табиғи ортаның құрамдастарына келтірілген, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі түрлерінің және табиғи ареалдардың қолайлы жай-күйіне қол жеткізуге немесе оны сақтауға елеулі жағымсыз әсер ететін кез келген залал жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне экологиялық залал деп танылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген әсер етудің елеулілігі табиғи орта құрамдастарының базалық жай-күйі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өлшемшарттар ескеріле отырып бағаланады.
2. Жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне залал бұрын анықталған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар тікелей рұқсат еткен антропогендік қызмет нәтижесінде туындаған жағымсыз әсер етуді қамтымайды.
3. Табиғи ареал деп жануарлар дүниесінің немесе өсімдіктер әлемінің белгілі бір түрінің мекендеу (өсу) және даму аймағы түсініледі.
4. Табиғи ареалдардың жай-күйі деп табиғи ареал және әдетте оның шекаралары шегінде мекендейтін (өсетін) жануарлар мен өсімдіктердің түрлері ұшырайтын және ұзақ мерзімді перспективада олардың табиғи таралуына, құрылымы мен функционалдығына ықпал етуі мүмкін әсер ету жиынтығы, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің типтік түрлерінің Қазақстан Республикасының аумағында немесе олардың табиғи ареалдарының шекараларында ұзақ мерзімді өмір сүруі түсініледі.
Табиғи ареалдың жай-күйі, егер:
1) оның табиғи шекаралары және осындай шекаралар шегінде қамтылатын аумақтары тұрақты болып табылса немесе кеңейтілсе;
2) табиғи ареалды ұзақ мерзімде сақтауға қажетті нақты құрылым мен функциялар бар болса және олардың сақталуы болжамды болашақта күтілетін болса;
3) табиғи ареал шегінде жануарлар мен өсімдіктердің әдеттегі түрлерінің табиғи жай-күйі осы баптың 5-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес қолайлы болып табылса, қолайлы деп есептелетін болады.
5. Жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі түрінің жай-күйі деп тиісті түр ұшырайтын және популяциялардың Қазақстан Республикасының аумағында немесе осы түрдің табиғи ареалы шекараларының шегінде ұзақ мерзімді көбеюіне және санына ықпал етуі мүмкін әсер ету жиынтығы түсініледі.
Жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі түрінің жай-күйі, егер:
1) тиісті түр санының динамикасы мұндай түр өзінің табиғи ареалдың өміршең құрамдасы ретіндегі ұзақ мерзімді мәртебесін сақтайтынын көрсетсе;
2) түрлердің табиғи саны төмендемесе және болжамды болашақта олардың төмендеуі күтілмесе;
3) популяцияларды ұстап тұру үшін жеткілікті түрде үлкен табиғи ареал бар болса және оның сақталуы ұзақ мерзімді перспективада күтілетін болса, қолайлы деп есептеледі.
134-бап. Суға экологиялық залал
Қазақстан Республикасының экологиялық және (немесе) су заңнамасында айқындалған жерүсті және (немесе) жерасты суларының экологиялық, химиялық немесе сандық жай-күйіне немесе экологиялық әлеуетіне елеулі жағымсыз әсер ететін кез келген залал суға экологиялық залал деп танылады.
135-бап. Жерге экологиялық залал
1. Халықтың денсаулығына зиян келтірудің елеулі тәуекелін туғызатын ластағыш заттардың, организмдердің немесе микроорганизмдердің жер бетіне немесе жердің құрамына немесе топыраққа тікелей немесе жанама түсуі нәтижесінде жердің ластануы жерге экологиялық залал деп танылады.
2. Топырақты жою немесе Қазақстан Республикасы жер заңнамасының ережелеріне сәйкес олардың тозуына немесе құнарсыздануына алып келетін өзге де салдарлар түрінде келтірілген залал да жерге келтірілген экологиялық залал деп танылады.
136-бап. Экологиялық залалды жою жөніндегі міндет
1. «Ластағыш төлейді» қағидатына сәйкес әрекеті немесе қызметі экологиялық залал келтірген тұлға экологиялық залал келтірілген табиғи орта құрамдастарын толық көлемде және өз есебінен ремедиациялауды жүзеге асыруға міндетті.
Экологиялық залал келтірген тұлғаны әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту мұндай тұлғаны осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатпайды.
2. Осы Кодекстің 137-бабының 4-тармағына сәйкес қалпына келтіру немесе ремедиациялау жөніндегі шараларды іске асыруға мемлекет атынан қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган шеккен шығындарды өтеуді қоспағанда, келтірілген экологиялық залал үшін ақшалай өтемақы талап етуге немесе алуға ешкім де құқылы емес.
3. Жеке немесе заңды тұлғаны осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген жауаптылыққа тарту үшін бір мезгілде мынадай шарттардың болуы қажет:
1) әрекеттері немесе қызметі экологиялық залал келтірген нақты тұлғаны немесе тұлғаларды анықтау мүмкіндігі;
2) экологиялық залал мен осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген тұлғалардың әрекеттері немесе қызметі арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау мүмкіндігі;
3) экологиялық залал анық айқындалған және өлшенетін болуға тиіс.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы бапқа сәйкес жауаптылыққа тартылуы мүмкін жеке және заңды тұлғаларға экологиялық залалды жою туралы талап қойып сотқа жүгінеді.
5. Егер салдарынан экологиялық залал келтірілген қызметті жүзеге асыратын немесе жүзеге асырған тұлға тіршілік етуін тоқтатқан жағдайда, экологиялық залал келтіргені үшін жауаптылық аталған тұлғаның құқық мирасқорына жүктеледі.
6. І немесе ІІ санаттағы объектілерге жататын мүліктік кешендерді жекешелендіру кезінде жекешелендіруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік орган экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. I немесе II санаттағы объектілерге жататын мүліктік кешендерді жекешелендіру осындай І немесе ІІ санаттағы объектінің ықтимал әсер ету саласында орналасқан табиғи орта құрамдастарының жай-күйін жекешелендіру жоспарында көзделуге және мамандандырылған ұйымдарды (аккредиттелген зертханаларды) тарта отырып және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қатысуымен жүзеге асырылуға тиіс экологиялық залалдың болуы тұрғысынан міндетті тексеру нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Жекешелендіру алдындағы әрекет немесе қызмет салдарынан келтірілген экологиялық залал үшін жауаптылықты жекешелендіру объектісінің бұрынғы меншік иесі - мемлекет көтереді. Мұндай жағдайларда осындай экологиялық залалды жою жөніндегі міндетті жекешелендірілген мүліктің (объектінің) жаңа меншік иесіне бөліп беру немесе ауыстыру оның келісімімен ғана мүмкін болады.
7. Егер құқықтық мирасқорды анықтау мүмкін болмаған не ол тіршілік етуін тоқтатқан жағдайда, экологиялық залалды жою жөніндегі міндет экологиялық залал келтірілген кезде немесе, егер мұндай залал келтіру ұзақ сипатқа ие болса, экологиялық залал келтірген әрекет немесе қызмет аяқталған кезде, экологиялық залал келтірген тұлға тиісті әрекеттерді немесе қызметті жүзеге асырған жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушысы болған тұлғаға жүктеледі.
8. Егер осы баптың 5 және 7-тармақтарында көрсетілген тұлғаларды анықтау мүмкін болмаған немесе олар жұмысын тоқтатқан жағдайда, егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сотта мұндай меншік иесі немесе жер пайдаланушы көрсетілген жер учаскесіне құқықтарды алған кезде оған осы жер учаскесінде бұрын жүзеге асырылған әрекеттермен немесе қызметпен келтірілген экологиялық залалдың бар екені белгілі болғанын дәлелдесе, экологиялық залалды жою жөніндегі міндетті залал келтірген тұлға өз қызметін жүзеге асырған жер учаскесінің қазіргі меншік иесі немесе жер пайдаланушысы көтереді.
9. Экологиялық залал келтірілу фактісі анықталған кезден бастап үш жыл ішінде осы баптың 5, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген тұлғаларды анықтау мүмкін болмаған немесе олар болмаған кезде, экологиялық залалды жою жөніндегі міндет мемлекетке жүктеледі. Экологиялық залалды жою бойынша қажетті іс-шаралар жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша облыстың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тиісті жергілікті атқарушы органы ұйымдастырады.
137-бап. Экологиялық залал фактісін және экологиялық залал келтірген тұлғаны анықтау
1. Экологиялық залал келтірген тұлға мұндай залалды анықтаған жағдайда, мұндай тұлға:
1) анықталған кезден бастап екі сағат ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға экологиялық залал келтірудің әлеуетті фактісі, оның сипаты мен ауқымын алдын ала бағалау туралы хабарлауға;
2) экологиялық залал келтіру фактісі анықталғаннан кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей, үлкен экологиялық залалды немесе халықтың денсаулығына және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуді болғызбау мақсатында, оны туындатқан факторларды жоюға (олардың жолын кесуге), сондай-ақ экологиялық залалды бақылауға, оқшаулауға және қысқартуға бағытталған барлық қажетті шараны қабылдауға кірісуге;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның экологиялық залал келтіруді туындатқан факторларды жою (олардың жолын кесу) жөніндегі талаптарын орындауға міндетті.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган экологиялық залал фактісін анықтаған жағдайда:
1) осы Кодекстің 136-бабына сәйкес экологиялық залалды жою жөніндегі міндет жүктелетін тұлғаны анықтау бойынша шаралар қабылдайды;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген тұлға анықталғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оның атына осы Кодекстің 139-бабына сәйкес ремедиация бағдарламасын әзірлеу және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
3. Экологиялық залалды жою жөніндегі міндет жүктелетін тұлға осындай экологиялық залалды жоюдан жалтарған жағдайда, тиісті міндет мұндай тұлғаға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүктеледі.
4. Егер экологиялық залалды жою үшін жауапты тұлға соттың ремедиация жөніндегі іс-шараларға қатысты заңды күшіне енген шешімін сот шешімінде белгіленген мерзім ішінде орындамаса немесе егер мұндай тұлға салдарларды жою немесе ремедиация жөніндегі шараларды уақтылы қабылдамаса және мұндай кідіріс одан әрі елеулі экологиялық залалға немесе адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына елеулі зиянға алып келсе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ремедиация жөніндегі іс-шараларды дербес өзі жүзеге асыруға және кейіннен тиісті іс-шараларды жүзеге асыруға жұмсалған шығыстарды өтеуді талап етуге құқылы.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган экологиялық залалды жою жөніндегі талап қою талаптарын айқындау мақсатында табиғи ресурстардың тиісті түрлерін пайдалану саласында реттеуді жүзеге асыратын басқа мемлекеттік органдардың сарапшыларын, сондай-ақ келтірілген экологиялық залалды зерделеу, оның сипатын, ауқымын, сондай-ақ ремедиация жөніндегі ықтимал шараларды әзірлеу үшін аккредиттелген зертханаларды және сыртқы тәуелсіз сарапшыларды шарттық негізде тартуға құқылы. Сыртқы тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын, оның ішінде оларға қойылатын біліктілік өлшемшарттарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
138-бап. Ремедиация
1. Экологиялық залал келтірілген табиғи орта құрамдасын қалпына келтіру, қайта жаңғырту арқылы немесе егер экологиялық залал толық немесе ішінара жөнделмейтін болса, табиғи ортаның осындай құрамдасын ауыстыру арқылы экологиялық залалды жою жөніндегі іс-шаралар кешені ремедиация деп танылады.
2. Табиғи ортаның бұзылған құрамдасын базалық жай-күйіне жеткізу қоршаған ортаның құрамдасын қалпына келтіру деп танылады.
3. Осы бапта табиғи ортаның құрамдасын ауыстыру деп экологиялық залалға ұшыраған учаске шегінде немесе осы баптың 5 және 6-тармақтарына сәйкес балама аумақ шегінде жануарлар дүниесінің қорғалатын түрлері мен олардың ареалдары үшін немесе табиғи ортаның баламалы немесе ұқсас экожүйелік жағдайлары бар өзге құрамдасы үшін жасалатын қосымша жақсартулар түсініледі.
4. Экологиялық залалды жою жөніндегі міндет жүктелген тұлға келтірілген экологиялық залалды тікелей ремедиациялауды жүзеге асырады, ол экологиялық залал келтірілген табиғи орта құрамдастарын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар деп түсініледі не оларды ақылға қонымды мерзімдерде базалық жай-күйіне дейін табиғи түрде қалпына келтіру үшін жағдай жасайды.
5. Тікелей ремедиация мақсаттарына толық қол жеткізу объективті мүмкін болмаған жағдайда, тікелей ремедиация мүмкін болмайтын бөлігінде экологиялық залалды жою жөніндегі міндет жүктелген тұлға қосымша балама ремедиацияны жүзеге асырады, ол экологиялық залал келтірілген табиғи ортаның құрамдастары болатын аумақта қоршаған ортаны қорғау және жақсарту жөніндегі іс-шаралар деп түсініледі немесе табиғи ортаның ұқсас құрамдастарын қалпына келтіру үшін жағдай жасайды немесе экологиялық залал келтіру орнына мүмкіндігінше жақын орналасқан аумақта қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өзге де іс-шараларды орындайды.
6. Экологиялық залалды жою жөніндегі міндет жүктелген тұлға тікелей және балама ремедиация жөніндегі шаралардың қабылдануына қарамастан, экологиялық залал келтірілген кезден бастап табиғи ортаның бұзылған құрамдастары толық қалпына келгенге дейінгі кезеңде келтірілген экологиялық залалдың салдарынан уақытша қолжетімді болмайтын экожүйелік көрсетілетін қызметтерді ауыстыру мақсатында экологиялық залал келтірілген табиғи орта құрамдастары орналасқан аумақты не осындай аумаққа мүмкіндігінше жақын орналасқан аумақты жақсарту жөнінде қосымша іс-шаралар (өтемдік ремедиация) жүргізеді.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өзі осы Кодекстің 137-бабының 4-тармағына сәйкес экологиялық залалды ремедиациялау жөніндегі шараларды жүзеге асырған жағдайда, мұндай экологиялық залал келтірген тұлғадан қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ремедиациялау жөніндегі тиісті шараларға жұмсаған барлық шығысты өндіріп алуға құқылы.
Экологиялық залал келтірген тұлға мемлекетке осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ремедиацияға арналған шығыстарға қосымша, экологиялық залалға байланысты туындайтын ақылға қонымды шығыстарды, оның ішінде экологиялық залалдың сипаты мен ауқымын зерделеуге және бағалауға, ремедиация жөніндегі қажетті шараларды айқындауға арналған шығыстарды, осыған байланысты әкімшілік шығыстарды, заң көмегіне, атқарушылық іс жүргізуге, деректер жинауға, ремедиация жөніндегі шаралардың орындалуына мониторинг пен бақылауға арналған шығыстарды өтеуге тиіс.
139-бап. Ремедиация бағдарламасы
1. Ремедиация бағдарламасы келтірілген экологиялық залалды жою жөніндегі іс-шаралардың тізбесін білдіреді. Экологиялық залалдың сипатына, сондай-ақ экологиялық залал келтірілген табиғи ортаның құрамдасына қарай ремедиация жөніндегі іс-шаралардың мазмұны, мерзімдері, оларды айқындау тәртібі жөніндегі ұсынымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нұсқаулық-әдістемелік құжаттарда келтіріледі.
2. Келтірілген экологиялық залалды жою міндеті жүктелген тұлға осы Кодекстің 137-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаны алған кезден бастап бір ай ішінде осындай залалды жою бойынша қажетті шараларды айқындайды және ремедиация бағдарламасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға келісуге ұсынады. Келтірілген экологиялық залалдың сипаты мен ауқымын ескере отырып, ремедиация бағдарламасын әзірлеуге қажетті егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізу үшін неғұрлым ұзақ мерзім қажет болған кезде жоғарыда көрсетілген мерзім қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша үш айға дейін ұзартылуы мүмкін.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұсынылған ремедиация бағдарламасын он жұмыс күні ішінде қарайды, онымен келіседі немесе тиісті түзетулер енгізеді және келісілген ремедиация бағдарламасын экологиялық залалды жоюға жауапты тұлғаға жібереді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен ремедиация бағдарламасы келісілген немесе келтірілген экологиялық залалды жоюға жауапты тұлға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның түзетулерімен келіскен жағдайда, тараптар көрсетілген ремедиация бағдарламасын бекітеді.