1. Осы Кодекстің 115-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген жағдайда, егер қатысы бар шет мемлекет өтініш бойынша кешенді экологиялық рұқсат беруге қатысты өз ұстанымын ұсынса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ережелерін ескере отырып Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жәрдемімен консультация жүргізуге тиіс.
2. Кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтінішті қарау мерзімі қатысы бар мемлекетпен консультациялар аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
117-бап. Кешенді экологиялық рұқсатты беру
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтініш берушінің жауабы немесе осы Кодекстің 115-бабының 6-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес келіспеушіліктерді қарау нәтижелері алынғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде кешенді экологиялық рұқсатты беру туралы немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кешенді экологиялық рұқсатты беруден мынадай:
1) өтініш беруші кешенді экологиялық рұқсат алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған мәліметтердің анық емес екені анықталған;
2) өтініш беруші кешенді экологиялық рұқсат алу үшін ұсынған құжаттар және (немесе) оларда қамтылған мәліметтер Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына және (немесе) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыға не қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізудің қажеттілігі жоқтығы туралы тұжырымды қамтитын белгіленіп отырған қызметтің әсер ету скринингінің нәтижелері туралы қорытындыға сәйкес келмеген;
3) өтініш беруші осы Кодекстің 115-бабында көзделген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған кешенді экологиялық рұқсаттың шарттарымен келіспеген жағдайларда бас тартады.
3. Егер бас тарту үшін негіздер болмаса, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тиісті шешім қабылданғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге кешенді экологиялық рұқсатты береді.
4. Берілген кешенді экологиялық рұқсаттың көшірмесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
5. Объектілердің операторлары кешенді экологиялық рұқсатта көзделген экологиялық шарттарды орындауға міндетті және оларды сақтамағаны немесе қызметті кешенді экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
118-бап. Кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарау
1. Кешенді экологиялық рұқсат:
1) белгіленіп отырған немесе жүзеге асырылатын қызметке оператор осы Кодекстің 65-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу талап етілетін елеулі өзгерістер енгізген;
2) өзіне қатысты кешенді экологиялық рұқсат берілген объект тиісті қолданылу салалары бойынша белгілейтін талабына сәйкес келмейтін, жаңа ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың қабылдануына байланысты жаңа ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытынды бекітілген;
3) осы Кодекске сәйкес экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасына өзгерістер енгізілген жағдайларда ішінара немесе толықтай қайта қаралуға жатады.
2. Оператор осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарауға арналған өтінішті:
1) оператор жүзеге асырылатын қызметке елеулі өзгерістерді іске асыруды бастайтын болжамды күнге дейін алты ай бұрын;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес тиісті қолданылу салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар бойынша жаңа қорытынды бекітілген күннен бастап үш ай ішінде беруге міндетті.
3. Кешенді экологиялық рұқсатты ішінара қайта қарау қажетті өзгерістер жекелеген экологиялық шарттарды және (немесе) қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін қозғайтын жағдайда, кешенді экологиялық рұқсаттың өзге де әсер етпейтін шарттарын қайта қарау қажеттілігінсіз жүзеге асырылады. Кешенді экологиялық рұқсатты ішінара қайта қарау кешенді экологиялық рұқсатқа талап етілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар қамтылған қосымшаны ресімдеу арқылы жүзеге асырылады.
Кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қараудың (толық немесе ішінара) тәртібі мен мерзімдері экологиялық рұқсаттарды беру қағидаларында айқындалады.
4. Кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарау және оған өзгерістер енгізу оператордың бастамасы бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Кешенді экологиялық рұқсатқа енгізілетін және онда қамтылған экологиялық шарттарды қозғамайтын өзгерістер кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарауды талап етпейді және оны қайта ресімдеу арқылы жүзеге асырылады.
119-бап. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы
1. Эмиссиялар нормативтерін (мемлекет қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін енгізген кезде) және (немесе) технологиялық нормативтерді I санаттағы жұмыс істеп тұрған объектілер операторларының сақтауы мүмкін болмаған жағдайда, осындай нормативтерге қол жеткізу кезеңінде міндетті түрде кешенді экологиялық рұқсатқа қосымша ретінде экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы әзірленеді.
2. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында мыналар қамтылады:
1) технологиялық нормативтерге қол жеткізілуге тиіс мерзімдер;
2) эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізілуге тиіс мерзімдер (мемлекет қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін енгізген кезде);
3) технологиялық нормативтерге, эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізуге бағытталған I санаттағы объектіні реконструкциялау, қайта жарақтандыру, жаңғырту жөніндегі жоспарланатын іс-шаралар графигі (бұдан әрі - жоспарланатын іс-шаралар графигі);
4) жобалық шешімдерге сәйкес технологиялық нормативтерге, эмиссиялар нормативтеріне кезең-кезеңмен қол жеткізу мүмкіндігі болған кезде - объектіні реконструкциялау, қайта жарақтандыру, жаңғырту жөніндегі тиісті іс-шаралар кешендерінің аяқталу мерзімдеріне байланыстырыла айқындалатын қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткіштеріне қол жеткізу графигі.
Жоспарланған іс-шаралар графигі экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындаудың күнтізбелік әрбір жылы бойынша бөлініп айқындалады.
Егер экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көзделсе, жоспарланатын іс-шаралар графигі қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендетудің әрбір тиісті көрсеткішіне қол жеткізуді қамтамасыз ететін әрбір іс-шаралар кешені бойынша жеке-жеке айқындалады.
Жоспарланатын іс-шаралар графигінде, ал осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайда - әрбір іс-шаралар кешеніне қатысты негізгі іс-шараларды аяқтау мерзімдері де жеке-жеке қосымша айқындалады. Негізгі іс-шаралар объектіге негізгі технологиялық жабдықты жеткізуді, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, іске қосу-баптау жұмыстарын және пайдалануға беруді қамтиды. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында қосымша негізгі іс-шаралар айқындалуы мүмкін.
3. Объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға, егер бұл эмиссиялар нормативтеріне, технологиялық нормативтерге қол жеткізудің белгіленген мерзімдеріне әсер етпесе, ал осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда - қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткіштеріне қол жеткізу мерзімдеріне жоспарланатын іс-шаралар графигі бөлігінде кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы.
Жекелеген іс-шараларды орындау мерзімдерін ауыстыру тиісті іс-шаралар кешенін орындау кезеңі шегінде бір рет, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады. Бұл ретте экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының жалпы мерзімін ұзартуға жол берілмейді.
4. Кешенді экологиялық рұқсат алуға өтініш берілген күнге объект сәйкес келуге тиіс экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге қажетті ғимараттарды, құрылысжайларды, жабдықты, табиғат қорғау маңызы бар құрылғыларды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасына енгізілуге жатпайды.
5. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау мерзімі төрт жылдан аспайды және ұзартылуға жатпайды.
6. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы экологиялық рұқсаттар беру қағидаларына сәйкес әзірленеді. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының жобасы бойынша, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бұрын келісілген мұндай бағдарлама толық немесе ішінара қайта қаралған жағдайда қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті болып табылады.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган экологиялық рұқсаттар беру қағидаларына сәйкес экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының орындалуына жыл сайынғы мониторингті жүзеге асырады.
Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау шартымен кешенді экологиялық рұқсаттар алған объектілердің операторлары жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленген нысан бойынша мұндай бағдарламаның орындалуы туралы есеп береді.
Оператор әрбір негізгі іс-шара басталғаннан және аяқталғаннан кейін екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жазбаша хабарлайды.
Жоспарланатын іс-шаралар графигін орындаудың күнтізбелік жылында қандай да бір іс-шара орындалмаған немесе толық орындалмаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган операторға оператордың орындалмаған міндеттемелерінің көлемін көрсете отырып, ақпараттық хат жібереді. Оператор жоспарланатын іс-шаралар графигі бөлігінде кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарау туралы өтініш беруге міндетті.
Жоспарланатын іс-шаралар графигінде көзделген негізгі іс-шараны орындау мерзімі бұзылған жағдайда, мұндай кезеңді орындау мерзімі осы Кодекстің 118-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген тәртіппен бір рет, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
8. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау шартымен берілген кешенді экологиялық рұқсаттың қолданысы мынадай жағдайларда:
1) осы баптың 7-тармағының бесінші бөлігінде көзделген ұзарту мерзімі шегінде негізгі іс-шара аяқталмаған жағдайда;
2) экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында белгіленген мерзімдерде технологиялық нормативтердің қандай да бірінің отыз пайыздан астамына қол жеткізілмеген жағдайда тоқтатылады. Егер тиісті мерзімге белгіленген технологиялық норматив отыз немесе одан аз пайызға жетпесе, онда мұндай технологиялық нормативке қол жеткізу мерзімі бір рет бір жылға ұзартылады;
3) осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда - қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткіштеріне қол жеткізу графигінде белгіленген мерзімге осындай көрсеткіштердің қандай да бірінің отыз пайыздан астамына қол жеткізілмеген кезде тоқтатылады. Егер тиісті мерзімге қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендетудің белгіленген көрсеткіші отыз немесе одан аз пайызға жетпесе, онда мұндай көрсеткішке қол жеткізу мерзімі бір рет бір жылға ұзартылады;
4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген ұзартудың тиісті мерзімдері шегінде технологиялық нормативке немесе қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткішіне қол жеткізілмеген жағдайда тоқтатылады.
I санаттағы объектінің операторы технологиялық нормативке, қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткішіне қол жеткізгеннен кейін бұл туралы екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жазбаша хабарлайды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес I санаттағы объект операторының жазбаша хабарын алуы немесе технологиялық нормативке, қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткішіне қол жеткізу үшін белгіленген мерзімдерде мұндай хабарды алмауы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру кезінде экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
2-параграф. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсат
120-бап. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсат туралы жалпы ережелер
1. II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 418-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда I санаттағы объектілерді пайдалану үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың болуы міндетті.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жер салығын төлеушілер болып табылатын тұлғалар шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнайы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын объектілер бойынша әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алмайды және осы Кодекстің 110-бабының 1-тармағында көзделген қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынбайды.
3. І санаттағы объектілер үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 418-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда береді.
II санаттағы объектілер үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары береді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелері арасында әсер етуге арналған экологиялық рұқсат берілетін I санаттағы объектілерді бөлуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Жекелеген стационарлық көздері әртүрлі облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) аумақтарында орналасқан ІІ санаттағы объектіге қатысты әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтініш тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің кез келген жергілікті атқарушы органына берілуі мүмкін, бұл ретте өзге де облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты беру рәсіміне мүдделі мемлекеттік органдар ретінде тартылуға тиіс.
5. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттар қолданыстағы экологиялық рұқсатта көрсетілген экологиялық шарттардың өзгертілуін талап ететін қолданылатын технологиялар өзгергенге дейінгі, бірақ он жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
121-бап. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың мазмұны
1. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсат белгіленген үлгідегі құжатты білдіреді, онда мыналар қамтылады:
1) оның иесі (оператор), объект және онда жүзеге асырылатын қызмет түрлері туралы мәліметтер;
2) әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың қолданылу мерзімі;
3) қызметті жүзеге асырудың экологиялық шарттары, оның ішінде:
қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтері;
қалдықтардың жинақталу лимиттері, қалдықтарды көму лимиттері (өз полигоны болған кезде);
қалдықтарды басқару бағдарламасы;
өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы, оның ішінде топырақ пен жерасты сулары жай-күйінің мониторингін қоса алғанда, өндірістік мониторинг жүргізу жөніндегі талаптар;
әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың қолданылу кезеңіне арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары;
қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы қорытындыда көрсетілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өзге де талаптар (болған кезде).
2. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсат бланкілерінің нысандарын және оларды толтыру тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
122-бап. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтініш
1. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтініш осы Кодекстің 120-бабының 3-тармағына сәйкес әсер етуге арналған экологиялық рұқсат беруді жүзеге асыратын органға белгіленген нысан бойынша электрондық түрде беріледі.
2. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) белгіленіп отырған қызметке қатысты - І немесе II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда, қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері жөніндегі қорытынды не қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізудің қажеттілігі жоқтығы туралы тұжырымды қамтитын, белгіленіп отырған қызметтің әсер етуіне жүргізілген скринингтің нәтижелері туралы қорытынды;
3) қоршаған ортаға әсер етуді міндетті бағалауға жатпайтын қызмет түрлері бойынша - оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау материалдары;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) эмиссиялар нормативтерінің жобасы (объектіні пайдалану үшін);
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасы (объектіні пайдалану үшін);
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасы (объектіні пайдалану үшін);
7) әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың қолданылу кезеңіне арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы;
8) күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру нормативтерінің жобасы (көмірсутектерді барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде).
3. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтініштің нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
123-бап. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты қарау және беру мерзімдері
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал жергілікті атқарушы орган әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты беруге өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылған құжаттарды олардың толық және жиынтықты болуы тұрғысынан зерделейді. Көрсетілген мерзім ішінде өтініш қарауға қабылданады не ұсынылған құжаттардың толық және (немесе) жиынтықты болмауы салдарынан қабылданбайды.
Ұсынылған құжаттардың толық және (немесе) жиынтықты болмауы себебі бойынша өтініш қабылданбаған кезде өтініш берушіге қабылданбау себептері уәжді түрде негізделе отырып, бас тарту жіберіледі.
2. Қарауға қабылданған өтініштер осы Кодекстің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қаралады және қарау қорытындылары бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтініш тіркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал жергілікті атқарушы орган отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты немесе оны беруден уәжді түрде бас тартуды береді.
3. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты алуға өтініш және (немесе) оған қоса берілетін құжаттар бойынша ескертулер болған кезде, әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттар беруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мұндай ескертулерді өтініш берушіге:
I санаттағы объектілер бойынша - өтініш қарауға қабылданған күннен бастап жиырма бес жұмыс күні ішінде;
II санаттағы объектілер бойынша - өтініш қарауға қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жібереді.
Жіберілген ескертулерді өтініш беруші:
I санаттағы объектілер бойынша - ескертулер жіберілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде;
II санаттағы объектілер бойынша - ескертулер жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жоюға тиіс.
4. Ескертулер осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде айқындалған мерзімдерде жойылмаған жағдайда, өтініш берушіге әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты беруден уәжді бас тарту беріледі.
Ескертулер осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде айқындалған мерзімдерде жойылған жағдайда, өтініш берушіге әсер етуге арналған экологиялық рұқсат беріледі.
124-бап. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты беруден бас тарту
1. Мынадай:
1) өтініште және (немесе) оған қоса берілетін құжаттарда қамтылған мәліметтер анық емес болып табылған;
2) өтініш және (немесе) оған қоса берілетін құжаттар Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына және (немесе) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері жөніндегі қорытындыға не қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізудің қажеттілігі жоқтығы туралы тұжырымды қамтитын, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыға сәйкес келмеген жағдайлар әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттарды беруден бас тартуға негіз болып табылады.
2. Әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты беруден бас тартуға байланысты даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
125-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әсер етуге арналған экологиялық рұқсатқа қосымша болып табылады және эмиссиялардың белгіленген нормативтерінің, қалдықтардың жинақталуы мен оларды көму лимиттерінің, күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттерінің (көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде) сақталуын қамтамасыз етуге қажетті, қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді төмендетуге бағытталған іс-шаралар тізбесін қамтуға тиіс.
2. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары экологиялық рұқсаттар беру қағидаларына сәйкес әзірленеді.
3. Оператор экологиялық рұқсатты берген тиісті органға жыл сайын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есеп береді.
4-БӨЛІМ. ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУДЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕТТЕУ
126-бап. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу тетіктерінің түрлері
Мыналар қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу тетіктерінің түрлері болып табылады:
1) қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы;
2) қоршаған ортаға эмиссияларды басқарудың нарықтық тетіктері;
3) экологиялық сақтандыру;
4) қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметті экономикалық ынталандыру;
5) парниктік газдардың шығарылуын қысқарту мен сіңірілуінің нарықтық тетіктері;
6) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері.
127-бап. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы
1. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер етудің мынадай түрлері:
1) атмосфералық ауаға ластағыш заттарды шығарғаны;
2) ластағыш заттарды төккені;
3) қалдықтарды көмгені;
4) күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастырғаны үшін төлемақы алынады.
2. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы енгізуді қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектінің операторы жүзеге асырады.
3. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
4. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін экологиялық рұқсатта белгіленген нормативтер немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда эмиссиялар мен көмілген қалдықтардың ІІІ санаттағы объект декларациялаған саны шегіндегі төлемақы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алынады.
5. Коммуналдық қатты қалдықтарды көмгені үшін ақы төлеуге арналған шығыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен тарифтерді белгілеу кезінде ескеріледі.
128-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларды басқарудың нарықтық тетіктері
1. Қоршаған ортаға эмиссияларды қысқарту мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға эмиссиялардың лимиттерін белгілеу, қоршаған ортаға эмиссияларға арналған квоталарды бөлу және қоршаған ортаға эмиссияларды қысқарту бойынша квоталар мен міндеттемелердің саудасы тәртібін бекіту арқылы нарықтық тетіктерді енгізуі мүмкін.