Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскер үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтілін есептеуге және осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген еңбек саласындағы басқа да құқықтарға шек қоюға алып келмейді.
69-бап. Жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы
1. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін:
1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін - аптасына 24 сағаттан аспайтын;
2) он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін - аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
Осы тармақта белгіленген жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ауыр, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы еңбегі өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған жұмыскерлерге қолданылады.
Жұмыс беруші өндірістік объктілерді еңбек жағдайлары бойынша, сондай-ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттауды өткізбеген жағдайда, жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес толық көлемде беріледі.
Жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы қабылдаушы тараптың өндірістік объектілерін еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерінің негізінде беріледі.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
4. Жұмыскерлерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленген кезде олардың еңбегіне ақы төлеу осы Кодекске сәйкес жүргізіледі.
70-бап. Толық емес жұмыс уақыты
1. Еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.
Осы Кодексте белгіленген қалыпты ұзақтықтан аз уақыт, оның ішінде:
1) толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту;
2) толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту;
3) күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын бір мезгілде азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледі.
2. Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуінің (бала асырап алушының), сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.
71-бап. Жұмыс уақыты режимі
1. Жұмыскерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелігі ескеріле және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
2. Өндірістердің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу орынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс беруші еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарына немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын белгілейді.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі.
4. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды.
5. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптар сақтала отырып айқындалады.
6. Өнер және мәдени демалыс кәсіптік ұйымдарының шығармашылық жұмыскерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыскерлері, спортшылар, жаттықтырушылар үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шарттарына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.
72-бап. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу
1. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлуге:
1) жұмыс қарқындылығы әртүрлі болатын жұмыстарда;
2) егер бұл жұмыскердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерімен байланысты болса, оның бастамасы бойынша жол беріледі.
2. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлген кезде жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) белгіленген ұзақтығынан аспауға тиіс.
3. Күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) бөліктерге бөлінетін жұмыс түрлері, жұмыстағы үзілістердің саны мен ұзақтығы, сондай-ақ осындай жағдайлары бар жұмыс үшін жұмыскерлерге төленетін өтемақылардың түрлері мен мөлшерлері еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады.
Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлумен байланысты үзілістер жұмыскерлердің тынығуы үшін беріледі және жұмыс уақытына жатпайды.
73-бап. Ауысымдық жұмыс
1. Өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың жол берілетін ұзақтығынан асатын жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.
2. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту ауысым кестелерімен белгіленеді.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс беруші ауысым кестелерін осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын жұмыскерлердің назарына жеткізеді.
Ауысымдық кестемен танысу мерзімі жұмыскерді жұмысқа қабылдаған немесе ауысымдық жұмыс кезінде жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстырған жағдайда қысқартылуы мүмкін.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы Кодекстің 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскерді қатарынан екі жұмыс ауысымы бойы жұмысқа тартуға тыйым салынады.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 73-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
73-1-бап. Жылжымалы жұмыс кестесі
1. Жұмыстың ерекшелігін ескере отырып, жұмыс беруші еңбек тәртіптемесінің қағидаларында жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, жұмыс кестесінің күн сайынғы ұзақтығының 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің ұзақтығы әртүрлі аптаның әртүрлі күндеріндегі жұмыстың жылжымалы кестесін белгілеуге құқылы.
2. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген, бірақ тоқсаннан аспайтын жұмыс уақытының орташа ұзақтығының күнделікті және (немесе) апта сайынғы нормасы сақталуға тиіс кезең жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең деп танылады.
3. Жылжымалы жұмыс кестесі бар режимде жұмыс істеген кезде жұмыс күнінің (ауысымның) басталуы, аяқталуы немесе жалпы ұзақтығы еңбек тәртіптемесінің қағидаларында, еңбек шартында не ауысымдық кестесінде айқындалады.
74-бап. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жұмыскерлер, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін олардың әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
2. Икемді жұмыс уақыты режимі кезінде:
1) белгіленген жұмыс уақыты;
2) жұмыскер сол уақыт ішінде еңбек міндеттерін өз қалауы бойынша атқаруға құқылы икемді (ауыспалы) жұмыс уақыты;
3) есептік кезең белгіленеді.
3. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін орташа белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы сақталуға тиіс кезең икемді жұмыс уақыты кезіндегі есептік кезең деп танылады.
4. Икемді жұмыс уақыты кезіндегі есептік кезең алты айдан аспайды.
5. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақытының ұзақтығы күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасынан көп немесе аз болуы мүмкін.
6. Белгіленген жұмыс уақытының, икемді (ауыспалы) жұмыс уақытының ұзақтығы, икемді жұмыс уақыты режиміндегі есептік кезең жұмыс берушінің актісінде, еңбек немесе ұжымдық шарттарда белгіленеді.
75-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебі
1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.
Толық емес жұмыс күні (ауысым) және (немесе) толық емес жұмыс аптасында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін не бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолданған кезде есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының қалыпты саны тиісінше азаяды.
3. Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы мүмкін.
4. Жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы жұмыскердің демалыс ұзақтығының сақталуы міндетті болып табылады.
5. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс істеу тәртібі, жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленетін жұмыскерлердің санаттары ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылатын жұмысқа он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді тартуға жол берілмейді.
7. Егер жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса, жүкті әйелдерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Бірінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
Егер екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге сараптамалық кәсіптік-патологиялық комиссияның қорытындысы негізінде жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеуге тыйым салынған болса, оларға мұндай режим белгіленбейді.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
9. Еңбек шарты есептік кезең аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде жұмыскердің есептік кезең басталғаннан бастап еңбек шарты тоқтатылған күнге дейін жұмыс істеген уақыты үшін сондай талаптармен үстеме сағаттарға ақы алуға құқығы бар.
76-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс
1. Сағат 22-ден 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.
2. Түнгі уақыттағы жұмысқа:
он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер;
жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер жіберілмейді.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мүгедектігі бар жұмыскерлерді түнгі уақытта жұмысқа тартуға, оларға мұндай жұмысқа медициналық қорытындыға сәйкес денсаулық жағдайына байланысты тыйым салынбаған жағдайда, олардың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
4. Жұмыс беруші:
1) жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді және жеті жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды;
2021.12.10. № 67-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) мүгедектігі бар он сегіз жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған жұмыскерлерді жазбаша келісімінсіз түнгі уақыттағы жұмысқа тартуға құқылы емес.
77-бап. Үстеме жұмыс
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
2. Жұмыскердің келісімінсіз мынадай жағдайларда:
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) елдің қорғанысы, төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу, төтенше жағдайды жариялау үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезінде;
2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа да жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
3) егер жұмыста үзіліс жасауға болмаса, ауыстыратын жұмыскер келмей қалғанда, басқа жұмыскермен ауыстыру шараларын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін;
4) денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету үшін үстеме жұмыстарға жол беріледі.
3. Үстеме жұмысқа мынадай жұмыскерлер:
1) жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер;
2) он сегіз жасқа толмағандар;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) мүгедектігі бар адамдар жіберілмейді.
78-бап. Үстеме жұмыстардың шекті саны
1. Үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде - екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы жұмыс уақытын жиынтық есепке алуды белгілеу кезінде төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.
3. Үстеме жұмыстардың шекті санын шектеу осы Кодекстің 77-бабы 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.
79-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу тәртібі
1. Жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті.
2. Жұмыскер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізудің нысаны мен тәртібі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
4. Жұмыскердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты уақытпен тіркей алмайтын кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.
7-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
80-бап. Тынығу уақытының түрлері
Тынығу уақытының түрлері:
1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер:
- тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс;
- ауысымішілік және арнайы үзілістер;
2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндері (вахтааралық тынығу);
4) мереке күндері;
5) демалыстар болып табылады.
81-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс
1. Жұмыскерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және тамақтануға арналған, ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге тиіс.
2. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленеді.
3. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін болмайтын жұмыстарда жұмыс беруші жұмыскерді жұмыс уақытында арнайы жабдықталған орында тынығу және тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі, тынығудың және тамақтанудың тәртібі мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актілерінде белгіленеді.
82-бап. Ауысымішілік және арнайы үзілістер
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жекелеген жұмыс түрлерінде жұмыскерлерге өндіріс пен еңбек технологиясына және оларды ұйымдастыруға байланысты ауысымішілік үзілістер беріледі, бұлар жұмыс уақытына қосылады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бұл жұмыс түрлері, мұндай үзілістердің ұзақтығы мен оларды беру тәртібі ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актілерінде айқындалады.
2. Жылдың суық немесе ыстық мезгілінде ашық ауада, жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін жұмыскерлерге жылыну не салқындау және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнайы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші жұмыскерлердің жылынуына, салқындауына және тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Бір жарым жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, бір жарым жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге (бала асырап алушыларға) баланы (балаларды) тамақтандыру үшін жұмыстың әрбір үш сағатынан сиретпей ұзақтығы мынадай:
1) бір баласы барларға - әрбір үзіліс кемінде отыз минут;
2) екі немесе одан көп баласы барларға - әрбір үзіліс кемінде бір сағат болатын қосымша үзілістер беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жұмыскердің өтініші бойынша баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер тынығуға және тамақтануға арналған үзілістерге қосылады не жиынтық үзілістер жұмыс күнінің (ауысымның) басында немесе аяғында беріледі.
5. Баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына қосылады. Үзілістер уақытында әйелдердің, әкелердің, бала асырап алушылардың орташа жалақысы сақталады.
83-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы
Жұмыскердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмайды.
84-бап. Демалыс күндері
1. Жұмыскерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.
2. Бес күндік жұмыс аптасында жұмыскерлерге аптасына екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында - бір демалыс күні беріледі.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып табылады. Бес күндік және (немесе) төрт күндік жұмыс аптасы кезіндегі екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленеді.
4. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Жылжымалы жұмыс кестесі бар жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) еңбек шартының ережелеріне немесе ауысымдық кестелерге сәйкес аптаның әртүрлі күндерінде жылжымалы кесте бойынша демалыс күндерін бере отырып, жұмыс аптасы белгіленеді.
5. Қолданылатын жұмыс режимдеріне және ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) қарамастан, мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар - православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.
6. Іссапарда жүрген жұмыскер демалыс күндерін өзі жіберілген жұмыс берушінің еңбек тәртіптемесі қағидаларына сәйкес пайдаланады.
85-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ауысымдық кесте немесе вахталық кесте бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді мереке күндерінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмысқа тарту үшін жұмыскерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді.
Осы Кодекстің 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
2. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін жұмыскердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 109-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мереке күндері кезеңінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында еңбек жөніндегі уәкілетті орган демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
2017 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы; 2018 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы; 2019 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы; 2020 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы; 2022 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы қараңыз
4. Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.
86-бап. Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың айрықша жағдайлары
Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:
1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін;
3) тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.
87-бап. Демалыс түрлері
1. Жұмыскерлерге демалыстардың мынадай түрлері беріледі:
1) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары;
2) әлеуметтік демалыстар.
2. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.
3. Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:
1) жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы;