3. Іссапарға жіберілген жұмыскердің іссапарға жіберуді жүзеге асыратын жұмыс берушідегі жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
4. Іссапарға жіберу кезеңіне жұмыстың орындалу орны көрсетіле отырып, еңбек шартына қосымша келісімге қол қою арқылы еңбек шарты тараптарының жазбаша келісімімен ғана іссапарға жіберуге жол беріледі. Іссапарға жіберу мерзімі аяқталған соң, еңбек шартының қолданысы жалғастырылған жағдайда, жұмыс беруші жұмыскерге іссапарға жіберілгенге дейін жұмыскер атқарған жұмыс орнын (лауазымын) беруге міндеттенеді.
5. Іссапарға жіберу кезеңіне жұмыскерге, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы мен оны беру тәртібін қоспағанда, қабылдаушы тараптың жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимі қолданылады.
6. Іссапарға жіберілген жұмыскер еңбек тәртібін бұзған жағдайда, қабылдаушы тарап аталған факт анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде іссапарға жіберілген жұмыскердің жұмыс берушісін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес оны тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылдау үшін растайтын құжаттарды ұсына отырып, хабардар етеді.
7. Іссапарға жіберілген жұмыскер ұшыраған жазатайым оқиға кезінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруді ұйымдастыру жұмыс беруші өкілінің қатысуымен қабылдаушы тарапқа жүктеледі.
8. Іссапарға жіберуге:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жұмысты орындаудан бас тартқан қабылдаушы тарап жұмыскерлерін ауыстыру;
2) бос тұрып қалған (қабылдаушы тарап жұмыстарды уақытша тоқтата тұрған), қабылдаушы тарап банкроттық рәсімін жүзеге асырған, қабылдаушы тарап жұмыскерлерді жұмыстан шығару қатері төнген кезде жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында толық емес жұмыс уақыты режимін енгізген жағдайда жұмыстарды орындау мақсатында жол берілмейді.
41-бап. Өндірістік қажеттілік жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Өндірістік қажеттілік болған, оның ішінде жоқ жұмыскерді уақытша алмастырған жағдайда, жұмыс берушінің жұмыскерді оның келісімінсіз күнтізбелік жыл ішінде үш айға дейінгі мерзімге, орындалатын жұмыс бойынша еңбегіне ақы төлей отырып, бірақ бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысынан кем емес жалақымен, еңбек шартында келісілмеген және денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілімі жоқ, сол ұйымдағы, сол жердегі басқа жұмысқа не жұмыс берушінің басқа жерде орналасқан құрылымдық бөлімшесіне ауыстыруға құқығы бар.
Жұмыс берушінің басқа жерде орналасқан құрылымдық бөлімшесіне уақытша ауыстырған кезде жұмыскерге осы Кодекстің 127-бабында көзделген мөлшерлерде өтемақы төленеді.
42-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
1. Бос тұрып қалу жағдайында жұмыс берушінің жұмыскерді денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа оның келісімінсіз, бос тұрып қалудың барлық кезеңіне ауыстыруға құқығы бар.
2. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру кезінде жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша жүргізіледі.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 43-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
43-бап. Денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
1. Еңбек міндеттерін орындауға байланысты алған өндірістік жарақатына, кәсіптік ауруға шалдығуына немесе денсаулығына өзге де зақым келуіне немесе денсаулығына өндіріспен байланысты емес өзге де зақым келуіне байланысты медициналық қорытынды негізінде жұмыс беруші еңбекке жарамдылығы қалпына келгенге немесе мүгедектік белгіленгенге не кәсіптік еңбекке жарамдылығынан айырылуы белгіленгенге дейін жұмыскерді денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа уақытша ауыстыруға не еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актісінде жазылған шарттармен оны жұмыстан босатуға міндетті.
2. Жұмыскер денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа уақытша ауысудан жазбаша бас тартқан жағдайда не жұмыскердің осындай негіздер бойынша уақытша ауысудан жазбаша бас тартуды беруден бас тартуын куәландыратын акт болған кезде жұмыскермен еңбек шарты осы Кодекстің 58-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 44-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
44-бап. Жүкті әйелдерді басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Жұмыс беруші медициналық қорытынды негізінде жүкті әйелді орындайтын жұмысы бойынша, бірақ бұрынғы жұмысы бойынша орташа жалақысынан төмен емес ақы төлей отырып, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті.
Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін жүкті әйелді мерзімі он екі және одан көп апта жүктілігі туралы анықтама негізінде, орындайтын жұмысы бойынша, бірақ бұрынғы жұмысы бойынша орташа жалақысынан төмен емес ақы төлей отырып, бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасына уақытша ауыстыруға міндетті.
Жүкті әйелге басқа жұмыс берілгенге дейін, ол орташа жалақысы сақтала отырып, жұмысты орындаудан босатылуға жатады.
Жүкті әйел жұмыс беруші ұсынған басқа жұмысқа ауысудан бас тартқан жағдайда, ол жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілгенге дейін жалақысы сақталмай, қарсы көрсетілімі бар жұмысты орындаудан босатылуға жатады.
45-бап. Жұмыскерді басқа жұмыс орнына ауыстыру. Лауазым (жұмыс) атауының өзгеруі
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жұмыскерді еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде және еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттары сақтала отырып, басқа жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға не оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс істеуді тапсыруға жұмыскердің келісімі талап етілмейді.
2. Жұмыскер үшін еңбек жағдайларын өзгертуге әкеп соқпайтын жұмыскер лауазымының (жұмысының), құрылымдық бөлімшенің атауын өзгертуді, басқару құрылымын өзгертуді жұмыс беруші жұмыскердің келісімінсіз жүзеге асыра алады.
46-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруі
1. Қайта ұйымдастыруға немесе экономикалық, технологиялық жағдайлардың, еңбекті ұйымдастыру жағдайларының өзгеруіне және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге орай, жұмыскер өз мамандығына немесе кәсібіне, тиісті біліктілігіне сәйкес жұмысын жалғастырған кезде, еңбек жағдайларын өзгертуге жол беріледі. Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыскерді еңбек жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша орын алған өзгеруі туралы күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жұмыскер еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмысты жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда не жұмыскердің еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмысты жалғастырудан жазбаша бас тартуды беруден бас тартуын куәландыратын акт болған кезде жұмыскермен еңбек шарты осы Кодекстің 58-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар жұмыскерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін болған жағдайда, жұмыс берушінің жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында толық емес жұмыс уақыты режимін енгізуге құқығы бар.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 47-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
47-бап. Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілілігі өзгерген, заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) меншік иесі ауысқан, жұмыс беруші заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кездегі еңбек қатынастары
Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілілігі өзгерген, заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) меншік иесі ауысқан, жұмыс беруші заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайларда жұмыскерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді.
48-бап. Жұмыстан шеттету
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттетуге міндетті.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа:
1) жұмыста алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған немесе жұмыс күні ішінде осындай масаңдық туғызатын заттарды пайдаланған;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөнінде білімін тексеру бойынша емтихандар тапсырмаған;
3) жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап берген жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарын пайдаланбаған;
4) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болып табылатын болса, медициналық қарап-тексеруден не ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтпеген;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін еңбек шартында келісілген жұмысты орындау үшін қажетті көлік құралын басқару құқығынан немесе басқа да рұқсаттардан айырған жағдайда;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) егер әрекеттері немесе әрекетсіздігі өзінің, оның ішінде басқа да жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға, өндірістік жарақаттар мен аварияларға, еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі не көліктегі жол жүрісі қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттетуге міндетті.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Толық материалдық жауаптылықты өзіне алғаны туралы жазбаша шарттың негізінде жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеген жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың жұмыстан шеттетуге құқығы бар.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Жұмыстан шеттету кезеңінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің жалақысы сақталмайды және еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың қаражаты есебінен төленбейді.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттету оны шеттету үшін негіз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейінгі мерзімге жұмыс берушінің актісімен немесе қабылдаушы тараптың актісімен жүзеге асырылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан заңсыз шеттеткен жағдайда, олардың жалақысы, еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақысы және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде немесе қабылдаушы тараптың актісінде көзделген өзге де төлемдері сақталады.
49-бап. Еңбек шартын тоқтату негіздері
Еңбек шартын тоқтату үшін негіздер:
1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу;
2) еңбек шарты мерзімінің аяқталуы;
3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;
4) жұмыскердің басқа жұмыс берушіге ауысуына байланысты;
5) жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;
6) тараптардың еркінен тыс мән-жайлар;
7) жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, жұмыскердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын лауазымға тағайындалуы;
9) еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы болып табылады.
50-бап. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзу тәртібі
1. Еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін.
2. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзуға ниет білдірген, еңбек шартының бір тарапы еңбек шартының екінші тарапына хабарлама жібереді.
Хабарламаны алған тарап үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартының бұзылу күні жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.
3. 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
51-бап. Еңбек шартын мерзiмi өткеннен кейін тоқтату тәртібі
1. Белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер жүкті әйел бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталған күні мерзімі он екі және одан көп апта жүктілігі туралы анықтама ұсынса, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баласы бар, бала асырап алған және бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалысқа өз құқығын пайдалануға ниет білдірген жұмыскер уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру жағдайынан басқа, еңбек шартының мерзімін ұзарту туралы жазбаша өтініш берсе, онда жұмыс беруші еңбек шартының мерзімін бала күтімі бойынша демалыс аяқталған күнді қоса алып ұзартуға міндетті.
3. Белгiлi бiр жұмыстың орындалу уақытына жасалған еңбек шартының мерзiмi өткен күн жұмыстың аяқталған күні болып табылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Уақытша болмаған жұмыскердi алмастыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскердiң жұмысқа шығатын күнi не жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскермен еңбек шарты тоқтатылған күн болып табылады.
52-бап. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері
1. Жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша:
1) жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған;
2) жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған;
3) жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі төмендеген;
4) аттестаттау нәтижелерімен расталған біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан жұмыскер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;
2021.02.01. № 405-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) жұмыскер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, кәсіптік қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) жұмыскер, басшы мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адам еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша білімін тексеруден қайтадан өтпеген;
2018.10.01. № 134-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
5-1) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айырылған;
6) жұмысты жалғастыруына кедергі келтіретін және оны жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын денсаулық жағдайының салдарынан жұмыскер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;
7) сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі теріс болған;
8) жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған;
9) жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланған;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық жағдайын туғызатын заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) өндірістік жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын жұмыскер бұзған;
12) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған, жұмыскер жұмыс орнында бөтен мүлікті ұрлаған (оның ішінде ұсақ ұрлық), оны қасақана жойған немесе бүлдірген;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса;
14) тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған;
15) жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткен;
16) тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған;
17) егер төлнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын болса, еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтіруге әкеп соққан, жұмыс берушінің атқарушы органының басшысы, оның орынбасары не жұмыс берушінің актісінде айқындалған жұмыс беруші филиалының, өкілдігінің және (немесе) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесінің басшысы еңбек міндеттерін бұзған;
19) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда жұмыскердің мемлекеттік құпияларға берілген рұқсаты тоқтатылған;
20) жұмыскер жүктілігіне және босануға байланысты демалыста болған, сондай-ақ егер ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Өндірістік жарақаттануына немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айырылған жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенге немесе мүгедектік белгіленгенге дейін сақталады;
21) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
22) соттың ереуілді заңсыз деп тану туралы не ереуілді тоқтата тұру туралы шешімі жұмыскердің назарына жеткізілгеннен кейін ол ереуілге қатысуды жалғастырған;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 23) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23) заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының, алқалы атқарушы органы мүшелерінің өкілеттіктері немесе заңды тұлға атқарушы органының жекелеген мүшесінің, сондай-ақ «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі аудит қызметі жұмыскерлерінің және корпоративтік хатшының өкілеттіктері заңды тұлға құрылтайшысының, мүлкі меншік иесінің не құрылтайшы, меншік иесі уәкілеттік берген тұлғаның (органның) немесе заңды тұлға уәкілетті органының шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылған;
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 24) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 24) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24) тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығы бар жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
25) жұмыскер жұмыс берушіге белгісіз себептер бойынша бір айдан астам жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жұмыскермен еңбек шарты:
1) Қазақстан Республикасы азаматының - квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысының, оның орынбасарының, алқалы басқару органы мүшесінің шет мемлекеттің азаматтығы болған;
2) квазимемлекеттік сектор субъектісінің жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен бұзуға жатады.
2. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты осы жұмыс ол үшін негізгі болып табылатын жұмыскермен еңбек шартын жасасқан жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
53-бап. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу тәртібі
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.15.02. № 199-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 18 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу кезінде еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерді кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. Еңбек шартын жұмыскердің келісімімен бұзу хабардар ету мерзімі өткенге дейін жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына екі жылдан аз қалған жұмыскерлермен еңбек шартын жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссиясының оң шешімінсіз осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзуға жол берілмейді.
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Еңбек шарты осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша бұзылған кезде, егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші он бес жұмыс күні бұрын еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерлерді хабардар етуге міндетті. Хабардар ету мерзімі тараптардың келісімі бойынша жұмыс істелмеген уақытқа пропорционалды түрде жалақы төлеумен ауыстырылуы мүмкін. Хабарламада жұмыс беруші еңбек шартын бұзу үшін негіз болған себептерді көрсетуге міндетті.
Мынадай:
1) құрылымдық бөлімшенің (цехтың, учаскенің) жабылуы;
2) жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмауы;
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) жұмыскерлердің өкілдерін еңбек шартын бұзу үшін негіз болған себептерді (жұмыс берушідегі экономикалық өзгерістер мен еңбек шартын бұзу қажеттілігі арасында тікелей байланыстың болуын) көрсете отырып, кемінде бір ай бұрын хабардар ету шарттары бір мезгілде сақталған кезде осы негіз бойынша еңбек шартын бұзуға болады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу құрамына жұмыскерлердің өкілі қатысуға тиіс аттестаттау комиссиясының шешіміне негізделуге тиіс.
Жұмыскерлерді аттестаттауды жүргізу тәртібі, талаптары мен кезеңділігі ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
4. Осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылатын емтихан комиссиясының шешіміне негізделуге тиіс.