ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Ғылым және технологиялық саясат туралы
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 16 шілдедегі № 98-ө Өкімін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары
4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҒЫЛЫМ, ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
7-бап. Салалық уәкілетті органның құзыреті
8-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті
3-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СУБЪЕКТІЛЕРІ
9-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері
10-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар
11-бап. Ғылыми ұйымдар
12-бап. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметі
13-бап. Зерттеу университеті
14-бап. Ғылым саласындағы өзге де ұйымдар
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ, ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ӘЗІРЛІК ДЕҢГЕЙІ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КЕҢЕСТЕР
15-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы
16-бап. Технологиялардың әзірлік деңгейі
17-бап. Ғылыми-техникалық кеңестер
5-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ
18-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқару
19-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқару қағидаттары
20-бап. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия
21-бап. Апелляциялық комиссия
22-бап. Ұлттық ғылыми кеңестер
23-бап. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы
24-бап. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау
25-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
26-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы есептерді мемлекеттік есепке алу
27-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу
28-бап. Ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеу
29-бап. Ғылыми қызметкерлердің демалысы
30-бап. Ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары
31-бап. Ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғалымдарын, ғылыми қызметкерлерін көтермелеу шаралары
32-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу
33-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне құқықтар
6-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
34-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру
35-бап. Базалық қаржыландыру
36-бап. Гранттық қаржыландыру
37-бап. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру
38-бап. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру
39-бап. Ғылымды дамытуды ынталандырудың мемлекеттік шаралары
7-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕЛЕРІН КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ
40-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру
41-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылар
42-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктері
8-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕЛЕРІН КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ МЕН ҚОЛДАУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШАРАЛАРЫ
43-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандырудың мемлекеттік шаралары
44-бап. Мемлекеттік қолдау нысандары
45-бап. Ғылым қоры
46-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттар беру
47-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылардың құқықтары
48-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мониторингі
49-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері авторларының құқықтары
50-бап. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың құқықтары
51-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтары (офистері)
9-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
52-бап. Халықаралық ынтымақтастық
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
53-бап. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
54-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми жүйесінің жұмыс істеуі мен оны дамытудың негізгі қағидаттарын және тетіктерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келуін уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
2) ғалым - ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке тұлға;
3) ғылым - функциялары табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы;
4) ғылыми әдеп - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұстанатын әдеп қағидаттарының, қағидалары мен нормаларының жиынтығы;
5) ғылыми бағыттар сыныптауышы - ғылым бағыттарын сыныптауды және кодтауды белгілейтін құжат;
6) ғылыми-білім беру консорциумы - ғылыми ұйымдар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары және басқа да заңды тұлғалар, оның ішінде өндіріс саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу, технологиялық инновацияларды әзірлеу және біліктілігі жоғары мамандарды даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіретін ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті теңқұқықты уақытша бірлестік;
7) ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарлама - болжанатын ғылыми-техникалық жұмыстың мазмұнын қамтитын, жоспарланған жұмыстарды жүргізудің мақсаттары мен міндеттері, олардың өзектілігі, жаңалығы, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен орындылығы негізделген ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулерді білдіретін құжат;
8) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ендіру (пайдалану) - жаңа өнімді немесе жаңа технологияны меңгерудің ғылыми-өндірістік циклінің қорытынды сатысын іске асыруға бағытталған қызмет;
9) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру - жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында зияткерлік қызмет нәтижелерін қоса алғанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолданумен байланысты, кіріс алуға бағытталған қызмет;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған грант - экономиканың басым секторлары шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін қаражат;
11) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталығы (офисі) - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дербес немесе өзге де білім беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлімшесі;
12) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы зияткерлік қызмет нәтижесі (бұдан әрі -зияткерлік қызмет нәтижесі) - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің немесе өзге де қызметтің нәтижесінде алынған өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер, интегралдық микросхемалардың топологиялары, бағдарламалық қамтылымдар және зияткерлік қызметтің басқа да нәтижелері;
13) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы есеп - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасын іске асыру нәтижелері мен тиімділігі туралы ақпаратты қамтитын құжат;
14) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру барысында тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен алынған және кез келген ақпарат жеткізгіште тіркеліп-белгіленген жаңа білім немесе шешімдер, сондай-ақ өндіріске ендірілген ғылыми әзірлемелер мен технологиялар, жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдері, макеттері, үлгілері;
15) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат - ғалымдар мен ұйымдардың ғылым және техника, ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыру, жаңа технологиялар жасауды ынталандыру саласындағы қызметінің негізгі басымдықтарын, мақсаттарын, бағыттарын, қағидаттары мен тәртібін айқындайтын әлеуметтік-экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі;
16) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есеп - ғылыми-техникалық жұмыстың іске асырылуы туралы ақпаратты, ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулерді, сондай-ақ жоспарланған жұмыстарды әрі қарай жүргізудің орындылығы не аяқталған ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарламаның нәтижесі туралы ақпаратты қамтитын құжат;
17) ғылыми-зерттеу жұмысы - бар білімді кеңейту және жаңа білім алу, ғылыми гипотезаларды тексеру, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын анықтау, жобаларды ғылыми жинақтау, ғылыми негіздеу мақсатында ғылыми ізденуге, зерттеулер, эксперименттер жүргізуге байланысты жұмыс;
18) ғылыми зерттеулер - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;
19) ғылыми инфрақұрылым - ғылыми зертханалық және инженерлік жабдық, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс, бірегей объектілер, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруға арналған өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
20) ғылыми қызмет - зерделенетін объектілерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшеліктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімді практикада пайдалануға бағытталған қызмет;
21) ғылыми қызметкер - ғылыми ұйымда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын жеке тұлға;
22) ғылыми тағылымдама - ғалымдардың «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберіндегі тағылымдаманы қоспағанда, ғылыми зерттеулердің таңдап алынған бағыты бойынша кәсіптік құзыреттерін дамыту мақсатында шетелдік және (немесе) отандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі жетекші білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда тағылымдамадан өтуі;
23) ғылыми-техникалық ақпарат - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық және өндірістік қызмет барысында алынатын, зерттеулердің ұлттық және шетелдік нәтижелері және ғылымның, техниканың, технологиялардың жетістіктері туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат;
24) ғылыми-техникалық қызмет - технологиялық, конструкторлық, экономикалық және әлеуметтік-саяси және өзге де міндеттерді шешу үшін ғылым, техника және өндіріс салаларында жаңа білім алуға және оны қолдануға, осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеуді қоса алғанда, ғылымның, технология мен өндірістің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;
25) ғылыми-технологиялық саясат - ғылымды дамытудың негізгі мақсаттарын, бағыттарын, қағидаттарын және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдау тетіктерін айқындайтын мемлекеттік технологиялық саясаттың бір бөлігі;
26) ғылым кандидаты, ғылым докторы - ізденушілердің диссертациялар қорғауы негізінде берілген ғылыми дәрежелер;
27) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіру мен басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
28) жетекші ғалым - уәкілетті органның тиісті талабында айқындалған ғылыми жетістіктері мен көрсеткіштері бар, ғылым докторы немесе кандидаты дәрежесі, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар ғалым;
29) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің эндаумент-қоры - инвестициялық кірісі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық, инновациялық және (немесе) білім беру қызметін қаржыландыруға, сондай-ақ стартаптарды венчурлік қаржыландыруға бағытталатын, қайырымдылық көмек, өтеусіз аударымдар, қайырмалдықтар, гранттар, білім беру ұйымдарының құрылтайшылары (қатысушылары) мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің салымдары есебінен қалыптастырылатын нысаналы капитал қоры;
30) индустриялық-ғылыми технологиялық консорциум - бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін ғылыми ұйымдар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары және кәсіпкерлік субъектілері қалыптастырған, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті теңқұқықты уақытша бірлестік;
31) инженерлік-техникалық жұмыскер - ғылыми ұйымда немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында не кәсіпорында жұмыс істейтін, кәсіптік орта немесе жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізуге және оны іске асыруға жәрдемдесетін жеке тұлға;
32) «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет процестерін, ғылымды қаржыландыру нысандары бойынша конкурстық рәсімдерді, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы, ғылыми-техникалық ақпаратты талдауды, жинауды, өңдеуді, ғылыми-техникалық электрондық кітапхана мен цифрлық архивті, Қазақстан ғалымдарының бірыңғай дерекқорын және қазақстандық ғалымдардың ғылыми дәйексөздерін келтіру жүйесін цифрландыруды қамтамасыз етуге арналған ақпараттандыру объектісі;
33) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі - ғылым саласында аса зор жетістіктері бар, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы сайлайтын ғалым;
34) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор - уәкілетті орган беретін ғылыми атақтар;
35) қолданбалы ғылыми зерттеу - практикалық мақсаттарға қол жеткізу және нақты міндеттерді шешу үшін жаңа білім алуға және оны қолдануға бағытталған зерттеу;
36) мемлекеттік тапсырыс - уәкілетті органның және (немесе) салалық уәкілетті органдардың базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру, ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыру нысанында бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған шарт негізінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне тапсырысы;
1-баптың 37) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
37) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған шарт негізінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне тапсырысы;
38) салалық уәкілетті орган - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
39) сервистік компания - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін қажетті консалтингтік, инжинирингтік, сертификаттау, патенттеу жөніндегі және басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсынатын заңды тұлға;
40) стартап-компания - инновацияларды әзірлейтін дара кәсіпкер немесе Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын, қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың қатысуымен құрылған заңды тұлға;
41) стратегиялық ғылыми зерттеулер - стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер;
42) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар - өнімді жасау немесе жаңғырту, тәжірибелік үлгілерге арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзірлеу, тәжірибелік үлгілер мен пайдалы модельдерді дайындау және сынау кезінде орындалатын жұмыстар кешені;
43) тәжірибелік өндіріс - заңды тұлғаның тәжірибелік үлгілер мен пайдалы модельдерді, жаңа өнімдерді, әдістерді, процестер мен жүйелерді тестілеуге, дайындауға және сынақтан өткізуге арналған өндірістік алаңы;
44) технологиялар трансфері - өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін, білімді, технологияларды және зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды ендіргенге дейінгі оларды беру процесі;
45) толық ғылыми цикл жобасы - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері іске асыратын, ғылымды қамтитын өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жасауға бағытталған үйлестірілген ғылыми, ғылыми-техникалық жұмыстар кешені;
46) Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» - бірыңғай портал арқылы инновациялық қызмет пен инновацияларды дамытуды қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
47) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор - ғылыми-педагогикалық бағыт немесе кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тысқары жерлерде диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәрежелер;
48) іргелі ғылыми зерттеу - табиғат, қоғам, адам дамуының негізгі заңдылықтары мен олардың өзара байланысы туралы жаңа ғылыми білім алуға бағытталған теориялық және (немесе) эксперименттік зерттеу.
2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру мен орындау кезінде ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары ескеріле отырып реттеледі.
3-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары
1. Ғылымды дамыту, елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктер нәтижелерін ендіру бойынша ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті салааралық үйлестіру осы Заңның негізгі мақсаттары болып табылады.
2. Осы Заң мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) процеске барлық қатысушының өзара іс-қимылы кезіндегі транспаренттілік;
2) ғылым саласындағы мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуге, кіріс алуға тартылған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беру;
4) экономиканың басым секторларында ғылымды, ғылыми-техникалық қызметті экономикалық тұрғыдан ынталандыру;
5) білім беру, ғылым, өндіріс және даму институттарының күш-жігерін интеграциялау.
3. Осы Заңның мақсаттарына қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады:
1) мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыру және ғылым мен техника саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу;
2) ғылымның тиімді жұмыс істеуі және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру;
3) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту;
4) ғылыми қызметкерлер мен ғылыми ұйымдардың мәртебесін арттыру;
5) ғылымды өндіріспен интеграциялау;
6) ғылымды кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету.
4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті және (немесе) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Заңда реттелген құқықтық қатынастарға гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қаражатынан, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттардан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулерді жүргізу бөлігіндегі құқықтық қатынастарға сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының күші қолданылмайды.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҒЫЛЫМ, ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласында:
1) ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың, сондай-ақ ғылым саласындағы ғылыми-технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;