5. Кез келген алқаби осы Кодекстiң 647-бабының төртiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулердi сақтамаған жағдайда, iстi қараудың кез келген кезеңiнде iске одан әрi қатысудан шеттетiлуi мүмкiн.
6. Алқабидi шеттетудi төрағалық етушi тараптардың қатысуымен жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.
646-бап. Алқабилердiң ант қабылдауы
1. Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейiн сот отырысының төрағалық етушiсі немесе хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етушi алқабилерге ант қабылдауды ұсынып, өтiнiш жасайды.
2. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқаби ретiнде қатысу үшiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен iрiктелiп алынған адам мынадай мазмұндағы мәтінін айтып, ант қабылдайды: «Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған істің барлық дәлелдемелерін, дәлелдерін, мән-жайларын назарға алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн».
Алқаби «Ант етемін» деген сөздерді айтып, ант қабылдағанын растайды.
3. Алқабилердiң ант қабылдағаны туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.
68-тарау. АЛҚАБИЛЕР ҚАТЫСАТЫН СОТТЫҢ IСТI ТАЛҚЫЛАУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
647-бап. Алқабидiң құқықтары, мiндеттерi және оның әрекеттеріне iстi қарауға байланысты қойылатын шектеулер
1. Төрағалық етушi алқабилерге олардың құқықтарын, мiндеттерiн және олардың әрекеттеріне iстi қарауға байланысты қойылатын шектеулерді түсiндiредi, сондай-ақ мiндеттердi бұзу мен шектеулердi сақтамаудың салдарлары туралы ескертедi.
2. Алқабидің:
1) iстiң мән-жайларын өзiнiң iшкi нанымы бойынша өз бетiнше бағалау және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкiндiгін алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жергілікті жердi және үй-жайларды тексерiп-қарауды жүргізуге, сот тергеуiндегi барлық басқа да әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты өзiне түсiнiксiз басқа мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқығы бар.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ сот отырысында үзiлiс жарияланса немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылса, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала құлағдар етуге мiндеттi.
4. Алқаби:
1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;
2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;
3) iстi талқылау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнiң алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.
648-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi
1. Алқабилер қатысатын сот iстi талқылаған кезде осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8) және 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешiледi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Судья алқабилердi дәлелдемелер ретiнде жарамсыз нақты деректермен таныстыруға тиiс емес. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстiң 112-бабына сәйкес дәлелдемелер ретiнде жарамсыз нақты деректер табылса, төрағалық етушi оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселенi алқабилер бар кезде шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда, олардың заңдық күшi жоқ деп, ал оларға жасалған зерттеудi жарамсыз деп тануға және алқабилерге шешімдер қабылдау кезінде оларды ескермеуін түсіндіруге мiндеттi.
3. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
649-бап. Алқабилер қатысатын сотта iстiң тоқтатылуы
Төрағалық етушi, егер сот талқылауы кезiнде осы Кодекстiң 35-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы осы Кодекстiң 337-бабының жетiншi бөлiгiне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде iстi алқабилер қатысатын сотта талқылаудың кез келген кезеңiнде тоқтатады.
Алқабилерді сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейін төрағалық етуші іс бойынша тиісті қаулыны жеке-дара шығарады.
650-бап. Алқабилер қатысатын соттағы сот тергеуiнiң ерекшелiктерi
1. Алқабилер қатысатын соттағы сот тергеуi осы Кодекстiң 364 - 378, 381-баптарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісінің қарар бөлiмiн жария еткен кезде сотталушының сотталғандық фактiлерi туралы еске салуға құқылы емес.
3. Алқабилер төрағалық етушi арқылы сотталушыға, жәбiрленушiге, куәларға және сарапшыларға осы адамдардан тараптар жауап алғаннан кейiн сұрақтар қоюы мүмкін. Алқабилер сұрақтарды жазбаша түрде жазып, төрағалық етушiге бередi.
4. Төрағалық етушi сұрақ қойған алқабиге өзiнiң бас тарту уәжiн хабарлай отырып, өзі iске қатысы жоқ, сондай-ақ жетелеуші немесе тiл тигiзу сипатында деп есептейтін сұрақтарды қабылдамауға құқылы.
5. Тараптар алқабилер алқасының қатысуынсыз, судья бұрын iс талқылауынан алып тастаған дәлелдемелердi, бұл ретте олардың мәнiн баяндамай-ақ зерттеу туралы өтiнiшхат беруi мүмкiн. Судья осындай өтiнiшхатқа байланысты iс бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрiн тыңдауды алқабилер жоқ кезде жүргiзедi.
Төрағалық етуші қабылдайтын, көрсетілген шаралар туралы сот отырысының хаттамасына тиісті жазба жасалады.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Сотталушының бұрынғы сотталғандығымен байланысты, оны психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердiң сотталушыға қатысты терiс түсiнiгiн туғызуға ықпал ететін өзге де мән-жайлар алқабилердің қатысуымен зерттеуге жатпайды.
7. Осы бапта көзделген тәртіп бұзылған кезде төрағалық етуші процеске тиісті қатысушыға мұндай мінез-құлыққа жол берілмейтіндігі туралы ескертпе жасауға және алқабилерге процеске қатысушылардың айтқанына мән бермеуді түсіндіруге міндетті. Төрағалық етушінің өкіміне бағынбаған кезде процеске қатысушыға осы Кодексте көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
651-бап. Алқабилер қатысатын соттағы тараптардың жарыссөзi
1. Сот тергеуi аяқталғаннан кейiн алқабилер қатысатын сот тараптардың жарыссөзiн тыңдауға көшедi. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiктен тұрады.
2. Жарыссөздiң бiрiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай, оның кiнәсiнiң дәлелденгенi немесе дәлелденбегенi жөнiндегi өз ұстанымдарын баяндайды.
3. Тараптар алқабилер қатысатын соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасамауға тиiс. Төрағалық етушi мұндай сөздердi үзiп тастайды және алқабилердiң үкiм шығару кезiнде осы мән-жайларды есепке алмауға тиiс екендiгiн оларға түсiндiредi. Төрағалық етушінің өкіміне бағынбаған кезде процеске қатысушыға осы Кодексте көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
4. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, оларда сотталушының әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi.
652-бап. Алқабилер қатысатын соттағы репликалар және сотталушының соңғы сөзi
1. Жарыссөздiң әрбiр бөлiгiнде сөз сөйленiп болысымен жарыссөзге қатысушылардың бәрiнiң реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесiлi. Сот жарыссөздерінің екінші бөлігінде репликалар алқабилер жоқ кезде айтылады.
2. Сотталушыға осы Кодекстiң 384-бабына сәйкес соңғы сөз берiледi.
653-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтардың қойылуы
1. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.
2. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерiнiң ескертулерiн айтуға және жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар енгiзуге құқылы.
3. Төрағалық етушi сот тергеуiнiң нәтижелерiн, тараптардың жарыссөзiн ескере отырып, судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінде шешуiне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi.
4. Төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнде алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды тараптардың ескертулерi мен ұсыныстарын ескере отырып, түпкiлiктi қалыптастырады, оларды сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды.
5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде жария етіледі. Содан кейін сұрақтардың тұжырымдалуын өзгертуге, сұрақ парағынан сұрақтарды алып тастауға, оған жаңа сұрақтар енгізуге жол берілмейді.
654-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтардың мазмұны
1. Сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс-әрекеттердiң әрқайсысы бойынша мынадай:
1) іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
3) бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме, - деген үш негiзгi сұрақ қойылады.
2. Сотталушының кiнәлiлiгi туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын осындай мән-жайлар туралы жекеше сұрақтар қойылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттiң жүзеге асырылу дәрежесi, іс-әрекеттiң соңына дейiн жеткiзiлмеуiне түрткі болған себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмысты жасауға сыбайласа қатысу дәрежесi мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер бұл сотталушының қорғалу құқығын бұзбаса, оның неғұрлым жеңіл қылмыс жасаудағы кiнәсiн анықтауға мүмкiндiк беретiн сұрақтар қоюға жол берiледi.
3. Шешілуге жататын сұрақтар әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.
655-бап. Алқабилер кеңесiнiң құпиясы
1. Жарыссөз аяқталғаннан және сұрақтар тұжырымдалғаннан кейiн судья және негiзгi алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
2. Кеңесу бөлмесiнде судья мен алқабилерден басқа, өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Төрағалық етуші алқабилердің кеңесу бөлмесінен шығуына болатын, сондай-ақ жұмыс уақыты аяқталған соң келесі күні ол басталғанға дейін демалыс үшін үзіліс жариялауға құқылы. Демалыс және мереке күндеріне байланысты үзіліс жасауға жол берілмейді.
656-бап. Кеңесу бөлмесiнде кеңесу мен дауыс берудi жүргiзу тәртiбi
1. Төрағалық етушi алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын сұрақтарды рет-ретімен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Төрағалық етуші айыптаудың мазмұнын келтіреді; қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды; мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының ұстанымдарын баяндайды; бюллетеньдерді толтыру тәртібін, сондай-ақ жазалауды тағайындауға арналған дауыс беру тәртібін түсіндіреді.
2. Алқабилер қойылған сұрақтарға байланысты өздерiнде туындаған түсiнбеушiлiктер бойынша төрағалық етушiден кеңесу бөлмесiнде түсiндірме алуға құқылы.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Негiзгi және қосымша сұрақтар бойынша дауыс беру жасырын және жазбаша жүргiзiледi. Судья мен алқабилердiң дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқығы жоқ. Судья мен алқабилердiң дауыстары тең.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Судья мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша және олар жауап беруге тиіс сұрақтардың саны бойынша соттың мөртабаны басылған, дауыс беруге арналған таза бюллетеньдi алады, олардың әрқайсысында мынадай: «Өзiмнiң абыройым, ар-ожданым бойынша және iшкi нанымым бойынша менiң түйінім…» деген сөздер болады. Олардың әрқайсысы дауыс беру құпиясын қамтамасыз ете отырып, сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын әрбір сұраққа бюллетеньге жауап жазады. Жауап міндетті түрде жауаптың мәнiн ашатын («ия, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ», «ия, кiнәлi», «жоқ, кінәсiз») түсiндiрме сөзі немесе сөз тiркестерi болатын мақұлдаған «ия» немесе құптамаған «жоқ» дегенді білдіруге тиiс. Судья мен алқабилер өз бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Қойылған сұрақтардың ішінен біріншісі бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегi дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесiн сұрақ парағында көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың біріншісінің тұсына дереу жазады.
Алқабилер мен судьялар сұрақ парағында қойылған сұрақтардың әрқайсысы бойынша негізгі, одан кейін қосымша сұрақтарға сол тәртіппен рет-ретімен дауыс береді.
6. Алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi.
7. Егер алдыңғы сұраққа берiлген жауап кейiнгi сұраққа жауап берудiң қажеттiгiн жойса, төрағалық етушi алқабилердiң көпшiлiгiнiң келiсуiмен сол сұрақтан кейін «жауабы жоқ» деген сөздердi жазады.
8. Егер осы Кодекстiң 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушiлердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау кесімі қабылданған болып есептеледi.
9. Егер қойылған негiзгi сұрақтардың кез келгенiне берiлген құпталмаған жауапқа дауыс берушiлердiң алтауы және одан да көбi дауыс берсе, ақтау кесімi қабылданған болып есептеледi.
10. Егер сотталушының кiнәсi туралы мәселе оң шешiлсе, онда судья бұл іс-әрекеттің қылмыс болып табылатын-табылмайтыны туралы және оның дәл қандай қылмыстық заңда көзделгенi (бабы, бөлiгi, тармағы) туралы мәселенi шешедi, сондай-ақ осы іс-әрекеттер үшiн қандай жазалау шаралары көзделгенiн алқабилерге түсiндiредi.
Егер судья осы Кодекстің 654-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сұрақтарға алқабилер мақұлдап жауап берген кезде іс-әрекетте қылмыс құрамы белгілерінің жоқтығы, осыған байланысты оның қылмыс болып табылмайтыны туралы түйінге келген, сол сияқты осы Кодекстің 36-бабында көзделген өзге де мән-жайларды анықтаған болса, ол осы Кодекстің 657-бабының 1) тармағына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады.
11. Судья сотталушының іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша саралауды алқабилердің қатысуынсыз айқындайды. Одан әрі судья осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5), 6), 7), 8) және 14) тармақтарында көзделген, олар бойынша шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелерді алқабилердiң қатысуымен үзiлiс жасамай шешедi. Егер шешімге дауыс берушiлердiң көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледi.
Осы Кодекстің 390-бабы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 15), 16), 17) және 18) тармақтарында және бесінші бөлігінде көзделген мәселелерді судья дербес қарайды.
12. Он бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза, егер осындай шешiмге дауыс берушiлердiң сегiзi және одан да көбi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 13-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 13-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
13. Өмір бойына бас бостандығынан айыру судья мен алқабилердің бiрауызды шешiмі болған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
14. Судья мен алқабилердiң жауаптары бар сұрақ парағына судья мен алқабилер қол қояды және ол iс материалдарына қоса тiгiледi.
657-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын шешiмдердің түрлерi
Алқабилер қатысатын сотта қылмыстық iстi талқылау мынадай шешiмдердiң бiрiн:
1) осы Кодекстiң 327-бабында көзделген жағдайларда, iстi тоқтату туралы қаулыны;
2) алқабилер қатысатын сот осы Кодекстiң 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың ең болмағанда бiреуiне терiс жауап берген жағдайларда, ақтау үкiмiн;
3) осы Кодекстiң 393-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес айыптау үкiмiн қабылдаумен аяқталады.
658-бап. Үкiм шығару
1. Үкiмді төрағалық етушi осы Кодекстiң 46-тарауында белгiленген тәртiппен, мынадай ерекшелiктерді ескере отырып шығарады:
1) үкiмнiң кiрiспе бөлiгiнде алқабилердiң тегi көрсетiлмейдi;
2) ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде алқабилер қатысатын сот ақтау кесімін шығарған айыптаудың мәнi жазылады және кесімге сiлтеме болады;
3) айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде жасалуына сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық іс-әрекеттiң сипаттамасы, жасалған іс-әрекеттiң саралануы, жаза тағайындаудың уәждері және соттың азаматтық талап қоюға қатысты шешiмiнiң негiздемесi болуға тиiс;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) үкiмнiң қарар бөлiгiнде үкiмге шағым жасау және оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау тәртiбi туралы түсiндіру қамтылуға тиiс.
2. Yкiмге iс бойынша төрағалық етушi қол қояды.
659-бап. Қылмыстық iстi қарауды сотталушының есi дұрыс емес екендiгiнiң анықталуына байланысты тоқтату
1. Егер алқабилер қатысатын соттың iстi талқылауы барысында сотталушы өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес не оны өзінің әрекеттерiне есеп беру немесе оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиiстi қорытындысымен расталған, жүйке ауруымен ауырды деп есептеуге негiз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етушi қылмыстық iстi осы Кодекстің 657-бабының 1) тармағына сәйкес тоқтату туралы қаулы шығарады және есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені осы Кодекстiң 11-бөлімінде көзделген тәртiппен жеке-дара қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық істі сотталушының есі дұрыс еместігін анықтауға байланысты тоқтату және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану не қолданбау туралы қаулыға осы Кодексте көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
660-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргiзу ерекшелiктерi
1. Сот отырысының хаттамасы осы бапта көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, осы Кодекстiң 347-бабының талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын қалыптастыру барысы мiндеттi түрде көрсетiледi.
3. 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сот отырысының хаттамасында сот талқылауының бүкiл барысы оның өтуiнiң дұрыстығын куәландыратындай етiп көрсетілуге тиiс. Атап айтқанда, сот отырысының хаттамасында алқабилерді шеттету немесе алмастыру туралы; осы Кодексте көзделген жағдайларда алқабилерді сот залынан шығару туралы; процеске қатысушылардың заңда алқабилердің қатысуымен мәселелерді талқылауына жол берілмейтіні туралы белгіленген талаптарды сақтамауына байланысты төрағалық етушінің оларға қатысты қабылдайтын шаралары туралы; айыптаушы тараптың дәлелдемелерді беру және оларды зерттеу туралы өтінішхаты немесе мұндай өтінішхаттарының жоқтығы туралы; сұрақ парағына енгізуге жататын сұрақтарды тұжырымдау барысы туралы; алқабиді алмастыру үшін немесе сот тергеуін қайта бастау үшін судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінен шығуы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
69-тарау. АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛҒАН IСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШIНЕ ЕНБЕГЕН ҮКIМДЕРДI, ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНIНДЕГI IС ЖҮРГIЗУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 661-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
661-бап. Алқабилер қатысатын сот шығарған, заңды күшiне енбеген үкiмдер мен қаулыларға шағым жасау және оларды прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау
Алқабилер қатысатын соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерi мен қаулыларына шағым жасау, оларды прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау тәртiбi осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескеріліп, осы Кодексте көзделген қағидалармен айқындалады.
662-бап. Алқабилер қатысатын сот қараған iстерді апелляциялық сатыда жүргiзу ерекшелiктерi
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық сатыдағы сот алқабилер қатысатын соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған кезде үкім, қаулы шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын тексереді және осының негізінде үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
2. Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiнiң күшiн жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн, жол берілетін дәлелдемелердi талқылаудан негiзсiз алып тастау;
2) тарапқа iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартуды білдіру;
3) сот отырысында дәлелдемелер ретiнде жарамсыз, iстiң нәтижесіне ықпал еткен нақты деректердi зерттеу;
4) осы Кодексте көзделген қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) мыналар:
алқабилер алқасын қалыптастыру;
алқабилердiң қатысуымен талқылануға жатпайтын мәселелердi талқылау;
алқабилердiң шешуiне жататын сұрақтарды тұжырымдау;
сот жарыссөздерін жүргізу кезінде жол берілген, сот төрелігі үкімінің шығарылуына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар негіз болып табылады.
3. Апелляциялық саты сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған іс-әрекеттiң өзгертiлген саралануына сәйкес не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты жазаны азайтуға құқылы. Бұл ретте апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны күшейтуге құқылы емес.
4. Қылмыстық-процестік заңды бұзу прокурордың, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң дәлелдемелердi ұсыну құқығын шектеген, сондай-ақ осы баптың екiншi бөлiгiнiң 5) тармағында көзделген, оның iшiнде жол берілетін дәлелдемелер негiзсiз алып тасталған жағдайлардан басқа, алқабилер қатысатын соттың ақтау үкiмiнің күшiн апелляциялық сатыда жоюға болмайды.
5. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
663-бап. Істі жаңа сот талқылауына жібере отырып алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жою
1. Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күші осы Кодекстің 662-бабында көрсетілген негіздер бойынша істі үкім шығарған сотқа, бірақ өзге құрамда жаңа сот талқылауына жібере отырып, толық немесе бір бөлігінде жойылуға жатады.
2. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, сол немесе өзге де дәлелдеменің анықтығы немесе анық еместігі, бір дәлелдемелердің екіншісінің алдында артықшылығы, бірінші сатыдағы соттың сол немесе өзге де қылмыстық заңды және жазалау шарасын қолдануы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасай алатын түйінді алдын ала шешуге құқылы емес.