1. Ғимараттар мен құрылыстардың иелерi ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларына, Қазақстан Республикасының азаматтық әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғыларды өз есебiнен орнатуға мiндеттi.
Әуеайлақтарды айырып-тану үшін қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгiлер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орнатуға жол берiлмейдi.
2. Әуеайлақ ауданындағы объектiлерге таңба салудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға жүктеледi.
12-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР МЕН ИНЦИДЕНТТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТЕКСЕРУ
92-бап. Авиациялық оқиғалар мен инциденттер
1. Әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты әуе кемесінің бортындағы адамдардың мерт болуына (дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болуына) және (немесе) осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкеп соқтырған оқиға мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиға деп танылады.
2. Азаматтық әуе кемесін ұшу мақсатында пайдаланумен байланысты, ұшқыш басқаратын әуе кемесі жағдайында қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған немесе ұшқышсыз әуе кемесінде әуе кемесі ұшу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшуды аяқтап тоқтағанға және негізгі күш қондырғысын ажыратқанға дейін орын алған және оның барысында:
1) дене жарақатын табиғи себептер нәтижесінде алған, өзін-өзі жарақаттаған не басқа адамдар жарақаттаған немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің кіруіне болатын аймақтан тыс жерде жасырынып қалған билетсіз жолаушы дене жарақатын салған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір адамның осы әуе кемесінде болуы нәтижесінде дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болған (дене жарақатын алуына байланысты оқиға болғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қайтыс болған жағдайды қоса алғанда);
2) мыналарды:
бір ғана қозғалтқыш, оның капоттары немесе оның қосалқы агрегаттары бүлінген кездегі қозғалтқыштың істен шыққан немесе зақымданған;
тек қана әуе бұрандалары, күш түсетін бұрандалардың қалақтары, соңғы жағындағы бұранданың қалақтары, планердің күш түспейтін элементтері, ағыстатқыштар, қанатының ұштары, антенналар, датчиктер, қалақтар, пневматикалар, тежегіш құрылғылар, алдыңғы әйнектері, доңғалақтары зақымданған немесе шассилері, шассилердің ашылатын панельдері болымсыз зақымданған не қаптамада аздаған майысқан жерлер немесе ойықтар болған, оның ішінде бұршақтың немесе құстармен соқтығысудың салдарынан (радиолакатор антеннасының ағыстатқышындағы ойықтарды қоса алғанда) аздаған зақымданған;
конструкцияның жалпы беріктігін бұзбайтын басқа да элементтер зақымданған;
егер бұл жағдайлар фюзеляждың (арқалықтардың) күш түсетін элементтерінің зақымдануына немесе бүлінуіне әкеп соқпаған болса, тірек және рульдік бұрандалар элементтерінің, тірек немесе рульдік бұранда төлкесінің, трансмиссияның зақымданған, желдеткіш қондырғының немесе редуктордың зақымданған, күш түсетін элементтерді зақымдамай фюзеляждың қаптамасының (арқалықтарының) зақымданған жағдайларын қоспағанда, әуе кемесі зақымданған немесе оның конструкциялары сынған, соның салдарынан әуе кемесі конструкциясының беріктігі бұзылатын, әуе кемесінің техникалық немесе ұшу сипаттамалары нашарлайтын, ірі жөндеу немесе зақымданған элементті ауыстыру қажет болатын;
3) әуе кемесі хабарсыз жоғалып кеткен немесе оған бару мүлдем мүмкін болмайтын жерде болған авиациялық оқиға азаматтық (эксперименттік) авиациядағы оқиға деп танылады.
3. Мемлекеттік авиациядағы авиациялық инцидент деп әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты, әуе кемесінің тұтастығына және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қатер туғызуы мүмкін немесе қатер туғызған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
4. Азаматтық (эксперименттік) авиациядағы авиациялық инцидент деп азаматтық әуе кемесін пайдаланумен байланысты, қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған және әуе кемесінің, экипаждың, ұшуды басқару және қамтамасыз ету қызметтерінің қалыпты жұмыс істеуден ауытқуына байланысты, ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін сыртқы ортаның әсеріне байланысты болған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 93-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
93-бап. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру
1. Қазақстан Республикасының әуе кемесімен не шет мемлекеттің әуе кемесімен Қазақстан Республикасының аумағында болған авиациялық оқиға немесе инцидент міндетті түрде тексерілуге жатады.
2. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты оқиғаның және (немесе) ілеспе факторлардың себептерін анықтау, авиациялық оқиғаны болғызбау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Кімнің болсын кінәсі мен жауапкершілігін анықтау авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты болып табылмайды.
Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеруді мүдделі тараптардың уәкілетті өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен комиссия жүзеге асырады. Азаматтық және эксперименттік авиацияда комиссияны - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган, мемлекеттік авиацияда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құрады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi, сондай-ақ авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргiзу тәртібі уәкілетті орган бекіткен Авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.
Тергеуді ұйымдастыру кезінде авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссияның қызметіне, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, басқа да мемлекеттік органдардың тарапынан араласуға жол берілмейді.
Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиғаға немесе инцидентке қатысты оқиға болған жерлерді, объектілерді және сынықтарды тексеруге, жұмыстарға сарапшыларды тартуға, көрген адамдардан сұрауға, авиациялық оқиғаның немесе инциденттің және (немесе) ілеспе факторлардың себептерін анықтап белгілеу үшін қажетті зерттеулер мен сынақтар жүргізуді тағайындауға, осындай авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді болдырмау немесе олардың салдарын азайту мақсатында ұсынымдар беруге құқылы.
4. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік әуе кемесімен болған авиациялық оқиға немесе инцидент авиация саласындағы уәкілетті органдар комиссияларының тексеруіне жатады немесе оны өзара келісім бойынша әуе кемесі тіркелген елдің (пайдаланушының) шет мемлекеті тексереді.
5. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен инциденттерге шет мемлекеттердің тексерулер жүргізуіне Қазақстан Республикасы өкілдерінің қатысу шарттары мен тәртібі Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларында айқындалады.
6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру барысында шет мемлекет ұсынған ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарды алған кезде оқиға болған жердегі мемлекетті қолданған шаралар немесе шаралар қолданбаудың себептері туралы хабардар етеді.
94-бап. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптау және есепке алу
1. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптауды және есепке алуды азаматтық, эксперименттік немесе мемлекеттік авиацияда осы өкілеттіктер жүктелген уәкілетті органдар жүзеге асырады.
2. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптау және есепке алу Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларында айқындалады.
3. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы екі мың екі жүз елу килограмнан асатын әуе кемелерімен және (немесе) турбореактивті қозғалтқышы бар ұшақтармен болған авиациялық оқиғалар туралы ақпараттық есептер Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ИКАО) жіберіледі.
4. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар авиациялық оқиғалардың немесе инциденттердің есебін жүргізу үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты немесе ықтимал кемшіліктер туралы ақпарат жинауға жәрдемдесу мақсатында авиациялық оқиғалар немесе инциденттер туралы деректер ұсыну жүйесін құрады.
Осы жүйені құру тәртібі Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларында және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін, әуежайлардағы, әуе қозғалысына қызмет көрсету кезіндегі, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезіндегі қауіпсіздікті басқару жөніндегі нұсқаулықтарда айқындалады.
95-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау
Осы Заңның 101-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар әуе кемесiн, оның құрамдас бөліктерiн, бортындағы және жер үстіндегі объективтiк бақылау құралдарын, әуе кемесіндегі барлық заттарды, сондай-ақ авиациялық оқиға немесе инцидент әсерін тигізген аумақ пен ондағы заттарды, әуе кемесiн жасауға, жөндеуге және пайдалануға және оның ұшуын қамтамасыз етуге қатысты бүкiл құжаттаманы авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияның мүшелерi келгенге дейін ешкімге қол сұқтырмай сақтауға тиiс.
96-бап. Авиациялық оқиға болған жердегi жұмыс
Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексеру дүлей зiлзала зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарға теңестiрiлетiн ерекше жағдайдағы жұмыстар санатына жатқызылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, заңды және жеке тұлғалар авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияға жан-жақты жәрдем көрсетуге мiндеттi.
97-бап. Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты жұмыстарды қаржыландыру және шығыстарды өтеу тәртібі
Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты барлық жұмысты пайдаланушы қаржыландырады.
Авиациялық оқиғаны тексерумен байланысты ғылыми-зерттеу, конструкторлық, жөндеу және өнеркәсiптiк ұйымдар жүргiзетiн зерттеулер мен сынақтарды осы ұйымдар қаржыландырып, пайдаланушы кейiннен шығындардың орнын толтырады.
13-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІН, ОЛАРДЫҢ ЖОЛАУШЫЛАРЫ МЕН ЭКИПАЖ МҮШЕЛЕРІН ІЗДЕСТІРУ ЖӘНЕ ҚҰТҚАРУ
98-бап. Әуе кемелерін, олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды ұйымдастыру
1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін iздестiру мен құтқаруды ұйымдастыру Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының аумағында ұшурды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидалары:
1) авариялық хабар беру тәртібін, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру схемасын;
2) персоналға және әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарын, іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларды қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруға қойылатын талаптарды;
3) іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының аумағында іздестіру-құтқару қызметін бірлесіп құратын барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе кемесін басқару органдарының, іздестіру-құтқару командаларының, мемлекеттік органдардың іздестіру-құтқару қызметтерінің, әуе кемесін пайдаланушылардың және әуежайлардың арасында жауапкершілікті бөлуді және іс-шараларды ұйымдастыруды;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) азаматтық авиация ұйымдары іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүзеге асырған және оны қамтамасыз етуге қатысқан кезінде олардың шығынын өтеу тәртібін қамтуға тиіс.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Азаматтық авиацияда әуе кемелерінің іздестіру-құтқару кезекшілігін қамтамасыз ету аэронавигациялық қызмет көрсету үшін алынатын алымдар есебінен жүзеге асырылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының аумағында кез келген мемлекеттің әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаж мүшелерін іздестіру және құтқару жөніндегі жұмыстар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Әуе кемелерiнің жолаушыларын, экипаж мүшелерiн апат болған жерден эвакуациялау апатқа ұшыраған әуе кемесiн пайдаланушының күшiмен және құралдарымен немесе пайдаланушының шығыстарын кейiннен өтейтіндей етіп өзге де күштермен және құралдармен жүзеге асырылады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, ұйымдар әуе кемесiн iздестiруді және құтқаруды жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келгенге дейін адамдарды құтқару, оларға медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ әуе кемесiн және оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi күзету жөнінде қажеттi шараларды қолданады.
5. Авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде өздерінің құзыретіне және жарғысына сәйкес мемлекеттік органдардың (кәсіпорындардың) күштері мен құралдары, сондай-ақ іздестіру және құтқару ауданындағы әуе кемелерінің экипажы тартылады және пайдаланылады.
6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiне қажеттi көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына кіруге:
1) басқа мемлекеттердiң iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарына;
2) сол әуе кемелерiнiң иелерi мен пайдаланушыларына;
3) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi тiркелген мемлекеттің билігіне рұқсат етiледi.
Мұндай рұқсаттың шарттары Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына және Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес айқындалады.
99-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi экипажының iс-әрекеттері
1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнің экипажы Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi қағидаларына сәйкес шаралар қабылдауға және адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға және мүлiктi, оның ішінде әуе кемесiн сақтауға мүмкiн болатын өзге де шараларды қолдануға міндетті.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң экипажы өз өкiлеттiктерiн азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдеріне тапсырғанға дейiн борттағы адамдарды, мүлiктi құтқару мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, әуе кемесiнiң өзiн сақтау жөнiнде барлық мүмкiн болатын шараларды қолдануға мiндеттi. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi адамдарды, мүлiктi және әуе кемесiн құтқаруға қатысуға мiндеттi.
3. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң командирi азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдері келгенге дейін осы әуе кемесiнiң бортындағы адамдардың iс-әрекеттеріне басшылық жасайды.
100-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы хабарлау
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары, аэроклубтар апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы ақпаратты, сондай-ақ қауiптi жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi қағидаларында айқындалатын тәртiппен қажеттi көмек көрсету жөнінде мүмкiн болатын барлық шараларды қолдануға және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарына сәйкес іздестіру-құтқару командаларына, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтеріне, әуе кемелерін пайдаланушыларға дереу хабарлауға, сондай-ақ өз құзыреті шегінде авариялық оқиғаға немесе инцидентке тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарды хабардар етуге міндетті.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, жеке және заңды тұлғалар әуе кемелерiнiң апатқа ұшырауы жөнінде өздерiне белгiлi болған барлық жағдайлар туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабарлауға мiндеттi.
101-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары
1. Әуеайлақта және әуеайлақ маңындағы аумақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу әуе кемесi апатқа ұшыраған пайдаланушының есебiнен меншiк иелерiнiң немесе әуеайлақтар иелерiнiң күштерiмен және құралдарымен Қазақстан Республикасының әуежайларында ұшуды авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Егер апатқа ұшыраған әуе кемесi немесе оның бөліктерi теміржол, автомобиль, су көлiгiнiң қозғалысына немесе әуе кемелерiнiң ұшуына кедергi келтiрсе, құтқару жұмыстарының басшысы көлiк құралдары қозғалысын немесе ұшуды қалпына келтiру мақсатында әуе кемесiнің (оның бөліктерiнің) орналасқан жерiн және жалпы жай-күйiн алдын ала белгiлеп алып, оларды басқа орынға көшіру жөнінде шаралар қолдануға мiндеттi.
102-бап. Әуе кемесiн, оның жолаушылары мен экипажын iздестiрудi тоқтату
1. Iздестiру шаралары нәтиже бермеген жағдайда, апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiрудi тоқтату туралы шешiмдi әуе кемесiнiң иесiмен және іздестiру-құтқару командасының басшысымен келiсім бойынша тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы қабылдайды.
Апатқа ұшыраған әуе кемесін іздестіруді тоқтату туралы шешім қолда бар iздестiру-құтқару күштерiмен және құралдарымен бұдан әрi iздестiру әуе кемесiн табуға және тiрi қалған адамдарды құтқаруға қол жеткiзбейді деп пайымдауға жеткiлiктi негіздер болғанда ғана қабылдануы мүмкiн.
2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiруді тоқтату туралы шешiмге осы әуе кемесiнiң иесi сот тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
3. Осы бапқа сәйкес iздестiрiлуi тоқтатылған әуе кемесi хабарсыз жоғалып кеткен болып есептеледi.
Хабарсыз жоғалып кеткен әуе кемесi экипажының мүшелері мен жолаушыларын хабарсыз жоқ болып кеткендер деп тану немесе оларды қайтыс болды деп жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
103-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi әуе кемелерін iздестiру және құтқару
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған Қазақстан Республикасының әуе кемелерiн iздестiру және құтқару осы Заңның және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптары ескеріле отырып, аумағында осы жұмыстар жүргiзiлетiн мемлекеттің iздестiру-құтқару жұмыстарын орындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
104-бап. Апат жағдайларына әуе кемелерiн жабдықтау және экипажды даярлау
1. Әуе кемелерi іздестіру мен құтқаруға арналған борттық авариялық-құтқару құралдарымен және авариялық жетекті таратқыштармен жабдықталады, олардың тiзбесi әуе кемесiнiң үлгiсi мен ұшатын ауданына қарай азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкес айқындалады, ал мемлекеттік авиацияның әуе кемелерi үшiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi авариялық-құтқару даярлығы және әуе кемесiнiң бортында авариялық жағдай туындаған кезде жолаушыларға көмек көрсету бағдарламасы бойынша арнайы оқытудан өтуге мiндеттi.
3. Экипаж осындай жағдайда жасалатын iс-әрекеттер туралы және жеке және борттық авариялық-құтқару құралдарын пайдалану қағидалары туралы жолаушыларға мiндеттi түрде нұсқау беруге тиiс.
Жолаушыларға арналған ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Бейнеақпаратты қолдануға рұқсат етіледі.
14-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 105-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
105-бап. Авиациялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету
1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, әуе кемелерiн пайдаланушылар Авиациялық қауiпсiздiк қағидаларына сәйкес азаматтық авиацияны оның қызметіне заңсыз араласу актілерінен қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
1-1. Әуежайлар мен авиакомпаниялар пайдаланушыларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік қару мен оның оқ-дәрілерін сатып алуға, сақтауға және пайдалануға құқығы бар.
2. Азаматтық авиацияны оның қызметiне заңсыз араласу актілерінен қорғау:
1) әуежайдың бақыланатын аймағына бөгде адамдар мен көлiк құралдарының кіруiне жол бермеу;
2) бөгде адамдардың әуе кемелерiне кiрiп кету мүмкiндiгiн болғызбайтындай тұрақтардағы әуе кемелерiн күзету;
3) әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қаруларды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш, радиоактивтi, уландырғыш, тез тұтанғыш және басқа да қауiптi заттар мен құралдарды заңсыз алып жүру мүмкiндiгiн болғызбау;
4) қару-жарақ пен оқ-дәрiлердi тасымалдау кезiнде олардың әуе кемелерiнің жолаушылардан оқшауланған бөлiктерiнде оқтары алынған күйде багажбен тасымалдануын қамтамасыз ететiн айрықша сақтық шараларын енгізу;
5) ерекше жағдайларда әуе кемелерiн арнайы қарап тексеру;
6) ұшу кезiнде экипаждың қауiпсiз жұмысын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ әуе кемесiн заңға қайшы пайдалануға жол бермейтiн техникалық құрылғылармен әуе кемелерiн жабдықтау;
7) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган мен мемлекеттік органдар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз құзыреті шегінде арнайы әзiрлеген авиация қызметiне заңсыз араласуға қарсы іс-әрекет жасау шаралары, сондай-ақ авиациялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ететiн басқа да шаралар арқылы қамтамасыз етiледi.
2-1. Егер әуе кемесі заңсыз араласу актісіне ұшыраса, әуе кемесінің командирі, егер әуе кемесінің бортындағы жағдай өзгені талап етпесе, Авиациялық қауiпсiздiк қағидаларына сәйкес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған қолайлы әуеайлаққа аса қысқа мерзімде қону әрекетін жүзеге асырады.
3. Әуе кемелерін пайдаланушылар әуе кемесінің бортында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер бойынша азаматтық әуе кемелерінің экипаждарына арналған нұсқаулықтың болуын қамтамасыз етеді.