басшының гонорарлары және (немесе) басқару органы (директорлар кеңесі немесе өзге де орган) мүшелерінің аталған адамдардың осындай міндеттерді іс жүзінде орындаған жеріне қарамастан, өздеріне жүктелген резидентке қатысты басқарушылық міндеттерін орындауымен байланысты алатын өзге де төлемдері;
жұмыс беруші болып табылатын резиденттің немесе бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұруына байланысты оған төленетін үстемеақылары;
резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
4. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды салық агенті, осы баптың 7-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, бейрезидент-жеке тұлғаға кірістерін төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.
Салық агенті төлем көзінен жеке табыс салығын бейрезидент-жеке тұлғаға кіріс төлеуді жүзеге асыру нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
5. Бейрезидент-жеке тұлғаның төлем көзінен салық салуға жататын кірістерінен жеке табыс салығын салық агенті тұрған жеріндегі бюджетке аударуды салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
6. Кіріс шетел валютасымен төленген кезде төлем көзінен салық салынатын кіріс мөлшері кірісті төлеу күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
7. Қызметі осы Кодекстің 220-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің шетелдік персоналды ұсынуы кезінде мұндай персоналдың Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған кірісіне төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның кірістері, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы қызметке байланысты мұндай тұлға алатын өзге де материалдық пайда жеке табыс салығын салу объектісі болып табылады.
Егер ұсынылған персоналға кірісті бейрезидент төлеген жағдайда, жеке табыс салығын есептеу мақсатында салық базасын осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағына сәйкес бейрезидент ұсынатын құжаттар негізінде салық агенті айқындайды.
Шетелдік персонал кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаға шетелдік персоналды ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін кірісті төлеу кезінде жүргізеді.
Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдер жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, шетелдік персоналдың осы тармаққа сәйкес айқындалған кірістерінің сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Салық агенті салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін төлем көзінен ұстап қалған жеке табыс салығының сомасын тұрған жері бойынша аударуға міндетті.
8. Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кірісті төлейтін және салық агенті деп танылған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасының салық органдарында оның құрылымдық бөлімшесі тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
3) заңды тұлғаға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға құрылымдық бөлімше ашпай, оның тұрақты мекемесі Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) резидент-заңды тұлғаға, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитентіне жүктеледі.
Осы тараудың мақсаттары үшін резидент-заңды тұлға өз шешімімен осы Кодекстің 353-бабында айқындалған тәртіппен мұндай құрылымдық бөлімше төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша өзінің құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы;
5) заңды тұлғаға, оның ішінде осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезидент оған шетелдік персоналды берген, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке;
6) осы Кодекстің 654-бабының 7) тармақшасында белгіленген талаптар орындалмаған кезде осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген мүлікті сатып алатын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
9. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенті өз қаражаты есебінен оны ұстап қалмай төлеген кезде, салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалған болып саналады.
656-бап. Қызметі тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кірістеріне салық салу тәртібі
1. Осы бапта белгіленген салық салу тәртібі қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың осы Кодекстің 322-бабында айқындалған кірістерін, мыналарды:
жұмыс беруші болып табылатын осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (келісімшарт) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
Қазақстан Республикасындағы қызметпен байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлғадан алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған (алуға жататын) кірістерін;
Қазақстан Республикасында тұруына байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлға төлейтін үстемеақыларын қоса алғанда, кірістеріне қолданылады.
Осы баптың ережелері, егер осы Кодекстің 655-бабының 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістеріне бір мезгілде мынадай:
1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері немесе мердігері болып табылуы;
2) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екі айлық кезеңде кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күн (келу және кету күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болуы талаптары орындалған кезде қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидент-заңды тұлға пайдасына жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететін тұлғаға (оның ішінде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке) жүктеледі. Мұндай тұлға салық агенті деп танылады.
3. Салық агенті жеке табыс салығын есептеуді осы тармаққа сәйкес бейрезидент ұсынған құжатта көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша салықтық шегерімдерді жүзеге асырмай жүргізеді. Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға салық агентіне:
Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ адаммен жасасқан еңбек шартының (келісімшартының) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың нотариат куәландырған көшірмелерін;
осындай бейрезидентпен жасасқан еңбек шартының және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың шеңберінде жалдау бойынша жеке тұлғаның жұмыстан алынатын кірістері туралы мәліметті қамтитын басқа да құжатты ұсынуға міндетті.
Салық агентіне осы тармақта көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда бейрезидент-заңды тұлғаға орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын кірістің 80 пайызы мөлшеріндегі кірісі төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатады.
4. Салық агентi кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаға кіріс төлеу күнінен кешіктірмей төлем көзiнен жеке табыс салығын есептейді және ұстайды.
5. Бюджетке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістерінен жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің тұрған жері бойынша осы баптың 4-тармағына сәйкес салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
657-бап. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны тапсыру
Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тоқсан сайын, есепті салықтық кезеңдер кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей салық төлеу орны бойынша салық органына тапсырады.
658-бап. Жекелеген жағдайларда бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен жеке табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі
1. Осы баптың ережелерi бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістеріне қолданылады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен жеке табыс салығын есептеу салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, кірістің есептелген сомасына осы Кодекстiң 646-бабында белгiленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргiзiледi.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент-жеке тұлға салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.
4. Бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен жеке табыс салығын есептеу және ұстап қалу осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 2 еселенген мөлшерiнде бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алуға (ұзартуға) өтінішінде көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептеледі.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.
Осы тармақта көрсетілген кірістер бойынша салықтық кезең аяқталғаннан кейін бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жеке табыс салығының сомасын есептеуді жүргізеді.
Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған (алынуға жататын) кірістердің республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептелген сомасына азайтылған сомасы ретінде айқындалады.
Салықтық кезең ішінде бюджетке бейрезидент-еңбекші көшіп келуші төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.
Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан асып кетсе, онда мұндай асып кету сомасы артық төленген жеке табыс салығының сомасы болып табылмайды және кері қайтарылмайды немесе есепке жатқызылмайды.
Егер салықтық кезең ішінде төленген жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі және салықтық кезеңнің қорытындысымен декларация бойынша жеке табыс салығын төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші осы Кодекстің 659-бабында көзделген жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырылған мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.
659-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекске сәйкес жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерді Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын бейрезидент-жеке тұлға салық төлеушінің болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
Ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету жағдайында бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға және ағымдағы салықтық кезең ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салықтық кезеңнің басынан бастап Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге осындай тұлға кеткен күнге дейінгі кезең үшін тапсырылады.
Жеке табыс салығы бойынша декларацияны есепті салықтық кезеңге есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алатын бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер болатын жеріндегі салық органына есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.
Бұл ретте салықтық кезең ішінде осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алған бейрезидент-еңбекші көшіп келуші Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шыққан жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация (декларациялар) осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығатын күніне дейін тапсырылады.
75-тарау. ҚОСАРЛАНҒАН САЛЫҚ САЛУДЫ БОЛҒЫЗБАУ ЖӘНЕ САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІН РЕТТЕЙТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАР БОЙЫНША АРНАЙЫ ЕРЕЖЕЛЕР
660-бап. Халықаралық шартты қолдану жағдайлары
1. Тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, қосарланған салық салуды болғызбау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың (бұдан әрі - халықаралық шарт) ережелері осындай шарт жасасқан мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің де резиденті болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2. Егер халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті осы халықаралық шарттың ережелерін халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылмайтын басқа тұлғаның мүддесі үшін пайдаланса, ондай резидентке осы баптың 1-тармағының ережелері қолданылмайды.
661-бап. Халықаралық шартты қолдану тәртібі
Халықаралық шарттың ережелерін қолдану осы Кодексте және тиісті халықаралық шартта айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
662-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерге салық салу мақсатында бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі
1. Егер тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен бейрезидент-заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау кезінде халықаралық шарттың ережелерінде бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын (бұдан әрі - бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары) шегеруге жол берілген болса, онда мұндай шығыстардың сомасы өз таңдауы бойынша осындай бейрезидент-заңды тұлғамен мынадай:
1) шығыстарды пропорционалды бөлу әдісінің;
2) шығыстарды шегерімге тікелей (тура) жатқызу әдісінің бірі бойынша айқындалады.
Осы Кодекстің осы бабының және 663, 664 және 665-баптарының мақсаттары үшін бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де іс жүзінде шеккен басқару және жалпы әкімшілік шығыстары деп танылады.
Бұл ретте:
қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келген бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі немесе бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекемесі тікелей шеккен, осы Кодекстің 242 - 273-баптарына сәйкес шегерімге жататын басқару және жалпы әкімшілік шығыстары (бұдан әрі - Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің басқару және жалпы әкімшілік шығыстары);
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері немесе тұрақты мекемелері басқа елдерде тікелей шеккен, Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары (бұдан әрі - басқа елдердегі тұрақты мекемелердің басқару және жалпы әкімшілік шығыстары);
бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарына енгізуге жатпайды.
2. Басқару және жалпы әкімшілік шығыстар - ұйымды басқаруға, басқарушы персоналдың өндірістік процеске байланысты емес еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстар.
3. Бейрезидент-заңды тұлға өз таңдауы бойынша есепті салықтық кезең ішінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызу әдістерінің біреуін ғана қолданады.
Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызудың қолданылатын әдісі бейрезидент-заңды тұлғаның шегерімге жатқызылатын басқару және жалпы әкімшілік шығыстары жөніндегі ақпаратты қамтитын корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияға қосымшада көрсетіледі.
4. Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме:
1) халықаралық шарттың талаптары сақталған;
2) осы Кодекстің 663-бабының 3-тармағында немесе 665-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар болған;
3) бейрезидент-заңды тұлғаның резиденттігін растайтын құжат болған кезде шегерімге жатқызады.
5. Осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, мұндай құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен нотариус куәландырған қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасының болуы міндетті.
6. Бейрезидент-заңды тұлға резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны беру үшін белгіленген мерзімдерде тиісті салық органына тапсырады.
663-бап. Шығыстарды пропорционалды бөлу әдісі
1. Пропорционалды бөлу әдісін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме шегерімге жатқызатын
бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарының сомасы
бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары мен есептік көрсеткіш сомаларының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Есептік көрсеткіш бейрезидент-заңды тұлғаның таңдауы бойынша мына тәсілдердің біреуі:
1) бейрезидент-заңды тұлғаның есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған, осы Кодекстің 651-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірісі сомасының бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кірісінің жалпы сомасына арақатынасы;
2) орташа шаманы (ОШ) үш көрсеткіш бойынша анықтау:
бейрезидент-заңды тұлғаның есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған, осы Кодекстің 651-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірісі сомасының бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кірісінің жалпы сомасына арақатынасы (К);
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің есепті салықтық кезеңнің соңындағы жай-күйі бойынша қаржылық есептілігінде ескерілген негізгі құралдарының бастапқы (ағымдағы) құнының бейрезидент-заңды тұлғаның осындай салықтық кезеңдегі негізгі құралдарының жалпы бастапқы (ағымдағы) құнына арақатынасы (НҚ);
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеде жұмыс істейтін персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі есепті салықтық кезеңнің соңындағы жай-күйі бойынша шығыстар сомасының бейрезидент-заңды тұлға тұтас алғанда осындай салықтық кезеңдегі персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстардың жалпы сомасына арақатынасы бойынша есептеп шығарылады (ЕТ).
Орташа шама мынадай формула бойынша айқындалады:
ОШ = (К + НҚ + ЕТ)/3.
3. Пропорционалды бөлу әдісін пайдалану кезінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарының сомасы Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме халықаралық шарттың талаптары сақталған жағдайда және онда мынадай растайтын құжаттар:
1) Қазақстан Республикасындағы бейрезиденттің тұрақты мекемесінің қаржылық есептілігінің көшірмелері;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның өзі құрылған және (немесе) осындай заңды тұлға резиденті болып табылатын мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған, бейрезидент-заңды тұлғаның атауы жазылған, мөрімен (ол болған кезде), сондай-ақ басшының қолтаңбасымен куәландырылған қаржылық есептілігінің көшірмелері болған кезде ғана шегерімге жатқызады.
Бұл ретте осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қаржылық есептілікте:
басқару және жалпы әкімшілік шығыстар сомасы;
жиынтық жылдық кіріс сомасы;
персоналдың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар сомасы;
негізгі құралдардың бастапқы (ағымдағы) және баланстық құны жеке жолмен бөлек көрсетілуге тиіс;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген қаржылық есептілікте көрсетілген басқару және жалпы әкімшілік шығыстарының сомасын:
шығыстардың түрлері бойынша бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын;
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын бөлек көрсете отырып таратып жазу;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің аудиті бойынша аудиторлық есептің көшірмесі (осындай қаржылық есептіліктің аудиті жүзеге асырылған кезде) болған кезде ғана шегерімге жатқызылады.
664-бап. Жекелеген жағдайларда шығыстарды пропорционалды бөлу әдісін қолдану кезінде бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің деректерін түзету тәртібі
1. Бейрезидент-заңды тұлға тұрақты мекемеге шегерімге жатқызуға тиіс басқару және жалпы әкімшілік шығыстарының сомасын есептеу кезінде пайдаланылатын қаржылық есептілік деректерін мынадай жағдайларда:
Қазақстан Республикасында және осындай бейрезиденттің резиденттік елінде салықтық кезеңдердің ұзақтығына сәйкес болмаған;
көрсетілген салықтық кезеңдердің тең ұзақтығы кезінде Қазақстан Республикасында және осындай бейрезиденттің резиденттік елінде салықтық кезеңдердің басталу және аяқталу күндері сәйкес болмаған жағдайларда түзетуге міндетті.
Бейрезиденттің қаржылық есептілігінің деректерін түзету үшін түзеу коэффициенті (К) қолданылады, ол мұндай бейрезиденттің резиденттік еліндегі салықтық кезеңді Қазақстан Республикасындағы салықтық кезеңмен сәйкес келтіреді.