6-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
35-бап. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың жалпы қағидаттары
1. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болу заңдылығын растау саласында, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану, қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тиісті халықаралық шарт болмаған жағдайда, халықаралық-құқықтық ынтымақтастық өзаралық қағидат негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасында көзделген тәртіппен, мыналар:
1) құқықтық көмек туралы сұрау салу жіберу, шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келген құқықтық көмек туралы сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу;
2) заңсыз иемденілген активтерге қатысты, сондай-ақ активтерді заңсыз шығаруға қатысы бар жеке тұлғаларға, ұйымдарға және бенефициар меншік иелеріне, басқа да байланысты құқық бұзушылықтарға, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларға қатысты ақпарат, мәліметтер мен құжаттар беру туралы сұрау салу жіберу, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келген осындай сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу;
3) шет мемлекеттердің құзыретті органдары мен ұйымдарына немесе халықаралық ұйымдарға активтерге тыйым салу, өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау немесе активтерді тәркілеу және дәлелдемелер алу туралы сұрау салу жіберу, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзы ретті органдарынан келген осындай сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу;
4) активтердің құқықтық мәртебесін немесе оларға меншік құқығын анықтау туралы талап қоюмен (арыздармен) шетелдік соттарға жүгіну;
5) шетелдік және халықаралық соттарда, аралық соттарда (төрелік органдарда), сондай-ақ шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда активтерді іздеу және қайтару мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру;
6) активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болу заңдылығын растауға, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдануға, сақталуын қамтамасыз етуге, басқа руға, өткізуге және қайтаруға қатысты шет мемлекеттердің соттарының немесе өзге де құзыретті органдарының шешімдерін тану және орындау;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де әрекеттерді іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
3. Сыртқы саяси қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган дипломатиялық құралдар мен әдістер арқылы Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтаруға жәрдемдесуді қамтамасыз етеді.
4. Осы Заңда көзделген негіздер бойынша не халықаралық шарттарда немесе тиісті шет мемлекеттің заңнамасында көзделген ұқсас негіздер бойынша активтерді тәркілеу не өзге де алып қою туралы шетелдік сот шешімдері, сол сияқты шет мемлекеттің соты осындай мүлікке қатысты қабылдаған алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары Қазақстан Республикасының аумағында танылады және орындалады.
Шет мемлекеттердің сот актілерін тану және орындау тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасында айқындалады.
5. Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, шет мемлекеттің құзыретті органдары активтерді қайтаруға не осындай активтерді заңсыз иемденуге байланысты шығынды өтеуге бағытталған азаматтық талап қоюмен, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыздармен, өзге де арыздармен Қазақстан Республикасының соттарына өз бетінше жүгінуге құқылы.
6. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттің құзыретті органдарының тергеп-тексеру нысанасы болып табылатын активтерге қатысты шет мемлекеттің құзыретті органдары тәркілеу туралы шешім қабылдайды деп пайымдауға қисынды негіздер болған кезде осындай активтерге қатысты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызбен Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқылы. Мұндай арыз шет мемлекеттің құзыретті органының өтінуі болмаған кезде де өзаралық қағидаттарында берілуі мүмкін.
7. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының аумағында болатын және шет мемлекеттің аумағында жасалған қылмыстың не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттің нысанасы, құралы болып табылатын, сол сияқты осындай қылмыс не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекет жасау арқылы алынған нәтиже, өнім немесе кіріс болып табылатын активтерге қатысты азаматтық талап қоюмен, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыздармен, өзге де арыздармен Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқылы. Мұндай арыз шет мемлекеттің құзыретті органының өтінуі бойынша да, өтінуі болмаған кезде де берілуі мүмкін. Бұл ретте, шет мемлекеттің аумағында қылмыс не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекет жасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту талап етілмейді.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен, 4 және 5-тармақтарда және осы тармақтың бірінші абзацында көзделген азаматтық талап қою, арыздар бойынша өндіріп алу қолданылған активтер аумағында тиісті қылмыс не өзге де құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған шет мемлекетке не осындай активтердің меншік иелеріне беріледі. Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары және шет мемлекеттің құзыретті органдары немесе ұйымдары немесе халықаралық ұйымдар өзгеше уағдаласпаса, активтерді іздестіру, тыйым салу, тәркілеу және қайтару барысында Қазақстан Республиканың мемлекеттік органдары мен жеке кәсіпкерлік субъектілері шеккен шығыстар өтелуге жатады.
8. Қылмыстық процесс шеңберінде активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасында көзделген тәртіппен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 559-бабының ережелеріне сәйкес орталық органдар арқылы құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу жіберу жолымен жүзеге асырылады.
36-бап. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде ақпарат алмасу ерекшеліктері
1. Активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау мәселелері, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану, қайтару мәселелері бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ақпарат, мәліметтер мен құжаттар алмасу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады, бұл ретте шет мемлекет немесе халықаралық ұйым Қазақстан Республикасында қолданылатынмен бірдей оны қорғаудың ұлттық режимін қамтамасыз етуі, тек сот ісін жүргізу мақсаттары немесе сұрау салуда айқындалған өзге де мақсаттар үшін ғана пайдалануы, сондай-ақ ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының алдын ала келісімінсіз үшінші тұлғаларға ұсынбауы шарт.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы немесе Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органы шет мемлекеттің құзыретті органына немесе ұйымына немесе халықаралық ұйымға берілетін ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды пайдаланудың қосымша шарттары мен шектеулерін белгілеуге құқылы.
2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттен немесе халықаралық ұйымнан алынған мәліметтер немесе құжаттар тиісті мәліметтерді немесе құжаттарды ұсынған шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның келісімі болған кезде басқа шет мемлекетке немесе халықаралық ұйымға олардың сұрау салуы бойынша ұсынылуы мүмкін.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
37-бап. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдарының жауаптылығы
Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдары активтерді қайтару процесінде өздерінің қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер жасаған (әрекетсіздік танытқан) жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 7, 12 - 31-баптарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 12 шілде
№ 21-VІІІ ҚРЗ