Бұл жағдайларда осы адамға міндетті арнайы тексеруден өту және бұрынғы жұмыс орны бойынша кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларация тапсырған жағдайда, оны тапсыру туралы талаптар қолданылмайды.
Бұл ретте, осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсқа осы мемлекеттік органнан шығарылған адам ғана қатысуға құқылы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өтпейді.
Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен осы баптың 8-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдар уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
28-бап. Жалпы конкурс
2016.20.12. № 33-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жалпы конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 2-1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
2. «Б» корпусының төменгі болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкілетті органмен келісу бойынша, ал орталық мемлекеттік органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлімшесінде не жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өткізіледі.
Осы Заңның 29-бабында көзделген ішкі конкурс өткізу жөніндегі талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткізуден бас тартуға негіз болып табылады. Келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсімдерінен алдын ала өткен және уәкілетті орган белгілеген мәндерден төмен емес нәтижелері бар азаматтар жіберіледі.
Тест нәтижелеріне шағым жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметке кіру кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғанын ескереді.
4. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізеді. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін конкурстық комиссия шешім қабылдау кезінде ескереді.
29-бап. Ішкі конкурс
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді, оған аумақтық бөлімшелердің, ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнің құқықтық негіздерін, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібiн белгілейтін заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға орталық мемлекеттік органның, сондай-ақ осы орталық мемлекеттік органның өзге де аумақтық бөлімшелерінің, оның ведомствосының және осы ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Орталық мемлекеттік органның ведомствосы өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға осы орталық мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің, сондай-ақ ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-3-тармақпен толықтырылды
1-3. Орталық мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға осы орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, ведомствоның және осы ведомствоның басқа да аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-4-тармақпен толықтырылды
1-4. Жергілікті атқарушы орган және (немесе) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсқа осы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың барлық жергілікті атқарушы органдарының және (немесе) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
2. Конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
«Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
2016.20.12. № 33-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-1. Егер осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізген кезде конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушы болмаса, уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда мемлекеттік орган барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізбестен, жалпы конкурс өткізе алады.
3. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткізіледі.
4. 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2016.20.12. № 33-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Мемлекеттік орган құрылған кезде осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізілмейді.
5. 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
30-бап. Мемлекеттік лауазымға тағайындау
1. Азаматтарды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік лауазымдардан босатуды лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді толтырады. Қызметтік тізім нысанын уәкілетті орган бекітеді.
4. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымы мен лауазымдық өкілеттіктерін растайтын құжат болып табылатын қызметтік куәлік беріледі.
Қызметтік куәлікті беру тәртібін, оның сипаттамасын мемлекеттік орган бекітеді.
6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ
31-бап. Лауазымдық нұсқаулықтар
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгіленгендерден туындайтын лауазымдық өкілеттіктері және жауаптылығы біліктілік талаптары негізінде айқындалады және лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетіледі.
Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам бекітеді және олардың орындалуы мемлекеттік лауазымға жүктелетін нақты функциялар тізбесін қамтиды.
Лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу мен бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
32-бап. Жұмыс уақыты
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады.
2. Мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
3. Мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртіптемесі қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимін белгілейді.
4. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн.
Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.
33-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау
1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті адам (орган) жүргізеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі хатшысының - Жоғары Сот Кеңесі аппараты басшысының қызметін бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.
4. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалауды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргізеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз бағасы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.
Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.
7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.
34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау - жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау - қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру - олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге де білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайды.
35-бап. Көтермелеу
1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін.
Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.
36-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы
Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткізіледі. Тағылымдамадан өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
37-бап. Мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету
1. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді.
Басқа мемлекеттік органдардағы жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар болып оларға неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын, ал біліктілік талаптары тең болған кезде - неғұрлым жоғары жалақы белгіленген мемлекеттік лауазымдар түсініледі.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік қызметшіге оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде ауысу тәртібімен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша мемлекеттік лауазымға орналасуына жол берілмейді.
38-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.
Орталық мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелері басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, облыстық атқарушы органдар, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық атқарушы органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының міндеттерін үш айдан аспайтын кезеңге уақытша жүктеуге жол беріледі.
Бұл ретте, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшылық мемлекеттік лауазым міндеттері жүктелмейді.
2. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттік қызметшінің міндеттерін атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді.
39-бап. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет елдердегі мекемелеріне, халықаралық және өзге де ұйымдарға олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша іссапарға жіберілуі мүмкін.
2. Іссапарға барған мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.
40-бап. Мемлекеттік қызметшілердің әскери қызметке шақырылуы
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда оларға мерзімді әскери қызмет кезеңінде жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
41-бап. Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау
1. Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуеттің неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылады.
Мемлекеттік саяси қызметшілерді және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп оларды тиісінше бос немесе уақытша бос мемлекеттік саяси лауазымдарға және «А» корпусының мемлекеттік лауазымдарына не мемлекеттік саяси қызметшілер мен «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.
Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.
2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Басқа жерге ротациялау кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін өңіраралық ротациялауды үйлестіруді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедек, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана болып табылатын немесе асырауында қарт ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілерді басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жол беріледі.
Аталған мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
42-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде азаматтарды жұмысқа қабылдау
1. Мемлекеттік органды құру туралы акт қабылданған күннен бастап, қызметтік қажеттілік жағдайында, бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін азаматтарды үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі.
Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде көрсетілген мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс.
«А» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылады.
2. Міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын адамдар саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын осындай адамдар мен оларды жұмысқа уақытша қабылдаған мемлекеттік орган арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
7-тарау. ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП
43-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы
1. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады
Мемлекеттік қызметші атқару үшін алынған өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде ол жөнінде өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік қызметші оны орындауға міндетті. Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз өкімді орындауының салдарлары үшін осы өкімді растаған басшы жауапты болады.
2. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады.
3. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік орган өздеріне қатысты қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай:
1) бағынысты адам жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінә арасындағы байланыс анықталған;
2) бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы не сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқан жағдайлардың жиынтығы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
44-бап. Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар
1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - теріс қылық) - мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.