Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі.
Орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі.
7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердің мемлекеттік лауазымдарын сыныптау
1. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қалыптастырылады.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленеді. Мемлекеттік саяси қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленбейді.
3. Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
8-бап. Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі және олардың құқықтық кепілдіктері
Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап одан айрылады.
9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негізгі құқықтары
Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;
3) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына;
4) әлеуметтік және құқықтық қорғалуға;
5) өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
6) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға;
7) басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттік лауазымға сәйкес мiндеттерді және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап беруді талап етуге;
8) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қарым-қатынас жасалуына;
9) өзi атқаратын мемлекеттік лауазымға, жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбекақы төленуiне;
10) тиiстi бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен даярлануға, қайта даярлануға және бiлiктiлiгiн арттыруға;
11) мемлекеттік орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жіберген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыс орнының (мемлекеттік лауазымының) сақталуына;
12) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер беруге;
13) бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілетілуге;
14) мемлекеттік қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тергеп-тексеруді талап етуге;
15) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша шығарылуға;
16) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;
17) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
18) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
Мемлекеттік қызметшінің өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленуі мүмкін.
10-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi
Мемлекеттiк қызметшiлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын қабылдауға;
3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарауға және олар бойынша қажеттi шаралар қабылдауға;
4) функцияларын өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес жүзеге асыруға;
5) лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардың, қоғамдық және діни бірлестіктердің қызметінен бейтарап және тәуелсіз болуға;
6) қызметтік тәртiпті сақтауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi сақтауға;
8) қызметтік әдепті сақтауға;
9) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерi, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен нұсқаулары олардың лауазымдық өкілеттіктері шегiнде шығарылған болса, оларды орындауға;
10) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға, ол жөнiнде қолхат беруге;
11) лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезiнде алатын, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi жария етпеуге және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
12) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалануға;
13) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздері жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткізуге;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға;
14) лауазымдық міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 15) тармақша жаңа редакцияда
15) мемлекеттік органның жолдамасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға, өздерін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға жіберген мемлекеттік органда тікелей оқу аяқталғаннан кейін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге міндетті. Осы міндеттемелерді орындамау мемлекеттік қызметшінің мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды өтеуіне алып келеді.
Мемлекеттік қызметшілердің осы тармақшада көзделген міндеттемелері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жағдайларда, бюджет қаражаты өтелместен, мерзімінен бұрын тоқтатылады;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның ақпараттық ресурстарымен жұмыс процесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің өзге де міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленуі мүмкін.
11-бап. Мемлекеттік органдардың басшылары болып табылатын мемлекеттік саяси қызметшілердің және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің негізгі функциялары
1. Мемлекеттік саяси қызметшілердің функционалдық міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде, тиісті мемлекеттік орган туралы ережеде және міндеттердің бөлінуінде айқындалады.
2. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары болып табылатын мемлекеттік саяси қызметшілердің және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің негізгі функциялары мыналар болып табылады:
1) мемлекеттік органның мақсаттарын, тиісті аумақты дамыту мақсаттарын айқындау;
2) мемлекеттік саясатты тұжырымдауға, айқындауға және іске асыруға ықпал ететін шешімдерді қабылдау;
3) сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен өзара іс-қимыл жасау;
4) Қазақстан Республикасының Парламентінде және басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік орган атынан өкілдік ету;
5) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалардың және өзге де жобалардың орындалу барысын реттеу және бағалау;
6) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функциялар.
12-бап. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларының, аппарат басшыларының және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттары басшыларының өкілеттіктері
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Министрліктердің жауапты хатшыларының мәртебесі мен өкілеттігін Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.
2. Орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшыларының өкілеттіктеріне:
1) мемлекеттік органға жүктелген мақсаттарды іске асыруды ұйымдастыру;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау;
3) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік органның «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындау және мемлекеттік лауазымдардан босату;
5) мемлекеттік органның тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыру;
6) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мәселелерін шешу;
8) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешу;
9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
10) мемлекеттік органның мемлекеттік саяси қызметшілері қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылау;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде жүктелген өзге өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттары басшыларының өкілеттіктері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленеді.
4. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларына, аппарат басшыларына, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшыларына орталық мемлекеттік органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының) бірінші басшыларының міндеттерін жүктеуге, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларының, аппарат басшыларының, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттары басшыларының міндеттерін орталық мемлекеттік органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының) бірінші басшыларына және олардың орынбасарларына жүктеуге жол берілмейді.
5. Құқық қорғау органдарының аппараттары басшыларының өкілеттіктерін олардың бірінші басшылары айқындайды.
6. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары осы бапта көзделген лауазымдық өкілеттіктердің орындалуына дербес жауапты болады.
7. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары мен аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары функциялары мен өкілеттіктерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аталған адамдардың мемлекеттік лауазымды одан әрі атқаруы туралы мәселеге Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен бастамашы болуға құқылы.
13-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер
1. Мемлекеттiк қызметшi:
1) өкiлдi органның депутаты болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады, болашақ редакцияны қараңыз) (бұр.ред.қара)
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын және оның орынбасарларын қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, облигацияларды, бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды) сатып алуға және (немесе) өткізуге құқылы.
4) өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
6) ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетiн қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға кірген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариатта куәландырылуға жатады. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн мемлекеттiк қызметшi нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін, осы баптың 6-тармағында аталған тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің өздеріне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуіне болады.
4. Мемлекеттік қызметшінің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер тұрғынжайларын мүліктік жалдауға беруге құқылы.
5. Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өздеріне тиесілі инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге және сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кадр қызметіне ұсынуға міндетті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жекжаттары (жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды.
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ
14-бап. Мемлекеттік саяси қызметке кіру
1. Азаматтардың мемлекеттік саяси қызметке кiруi тағайындалу не сайлану негiзiнде, сондай-ақ басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өткен және арнайы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік саяси қызметке кіру үшін қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындауы мүмкін.
4. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды қоса атқаруына жол берілмейді.
15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін мемлекеттік лауазымға алдыңғы лауазымнан шаққаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешікпей орналасқан жағдайда, мемлекеттік қызметке қайтадан кірді деп есептелмейді.
Бұл жағдайда мемлекеттік қызметшіге міндетті арнайы тексеруден өту, сынақ мерзімін белгілеу және кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны тапсыру туралы талаптар қолданылмайды.
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.20.12. № 33-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, қызметтегі судьялар, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттiк саяси қызметшiлер, халықаралық қызметшілер, судьялар «А» және «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес, кадр резервіне іріктеу және конкурс өткізілместен, уәкілетті комиссияның шешімі бойынша орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Президенті осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарды кадр резервіне іріктеу жүргізбестен және уәкілетті комиссияның шешімінсіз, оларға тағайындау өзімен жүзеге асырылатын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындауға құқылы.
Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті комиссияның шешімімен мына адамдар «А» және «Б» корпустарының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналаса алады:
1) уәкілетті комиссия айқындайтын халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар;
2) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған адамдар;
3) квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшы немесе басшының орынбасары лауазымын атқаратын адамдар.
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі уәкілетті органда және оның аумақтық бөлімшелерінде «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Ескертпе.
Осы бапта халықаралық қызметшілер деп қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болып мойындалатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтары танылады.